• Тіл
  • 05 Қаңтар, 2023

Қазақ жазуындағы жалған емле

Жалған емле – тілге жасалған зорлық. Сол зорлықты қазақ тілі 1940 – жылдан бері бойына сіңіріп, ақырында айтылуы да, жазылуы да өзгеріп барады. Ал ғалымдар өз қолымен өз халқының тіліне жасаған зорлығын әлі де қорғаштап, тілден гөрі өз айтқандарын сақтап қалуға тырысуда. Өкінішке қарай, бұл шырғалаңнан шығар жол ғалымдарға емес, тек президентке қатысты болып тұр. Өзі шорқақ ғалымдар қорқақ келеді, олар әлі Кеңес дәуірінің тегеуріні толық арыла алмай жүр. Арылуға алғаш қадам жасаған адамның бірі қазақтың қаһарман ұлы Шерхан Мұртаза ағамыз еді. Бір жиында сол ағамызға тұңғыш президент зірк етіп, «Мына Шерхан Мұртаза теледидарда орыс тілінен қазақ тілінің үлесін көбейтіп жіберді», – деген реніш білдірген болатын. Соны естіген есі бар ғалымдар қазақ тілін жақтап жақ ашудан қалған. Оны айтпағанның өзінде, Кеңес заманынан бері қолданып келе жатқан «сот» сөзін «судьяға», Терминком бекіткен «мұрағат», «мұражай», «пайыз» сөздерін президенттің пәрменімен «архив», «музей», «процент» сөздеріне қайта өзгерттік қой.

Шет сөзді шектеусіз қабылдай берсек, күндердің күнінде өз тіліміздің табиғатын бұзып алатынымызды білген соң аудардық қой ол сөздерді. «Архив» деген сөз, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан заңға мүлдем қайшы. Бірінші «ар» деген буын – жуан, екінші «хив» деген буын – жіңішке. Ал жалғамалы тілде бір сөздің барлық буыны бірдей не жуан, не жіңішке болуға тиіс. Оның үстіне «и» деген әріп – қазақ тілі емлесінде 1940 жылға дейін болмаған әріп. «Музей», «процент» сөздері де солай. Қазақтың бірде-бір сөзі қатар келген екі дауыссыздан ешқашан басталмайды, сондықтан қазақ «пырасент» деп сөйлейді. 1989 жылы тұңғыш президенттің қолдауымен қазақ тілін дамыту заңы қабылданды. Алайда ол заң тұңғыш президенттің астарлы саясатының арқасында бірте-бірте тығырыққа тірелді. Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асса да, әлі мемлекетіміз қазақ тілінде басқарылмай келеді. Қазақ тілі мен орыс тілін жиындарда араластыра сөйлеуді тұңғыш президентіміз үлгі етіп берді. 
Соның бәрін көріп-біліп отырған ғалымдар елдің де, тілдің де тізгіні ғылымда емес, президентте екенін түсінді де, босқа арамтер болмауға бекінді. Шындығында, сөз бен тілдің иесі – халық. Сондықтан халықты халықтың өз тілінде – мемлекеттік тілде – басқару – бүкіл басшыға міндет. «Айтып-айтпай не керек, Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» демекші, тілдің жағдайын айта-айта, жаза-жаза жағымыз да, қолымыз да талатын болды. 
«Жалған емле» дегеніміз не? Ол – тіліміздің табиғатына қайшы жасалған қағида.
Ахмет Байтұрсынұлы тілді зорлап бір ережеге бағындырмау керек, қағида тілдің өз табиғатынан тұжырымдалуы керек дейді. Бұл не деген сөз?
Бұл – ұлттың тілі – қалыптасқан тіл, ғылым оны бұзбай, оның тек ерек­шеліктерін айқындауы керек деген сөз.
Ал біз қайттік? Орыс тілінің ыңғайына бұрамыз деп, тілімізге орыс тілінде бар, қазақ тілінде болып көрмеген «и» әрібін зорлап енгіздік. Сонан соң ол әріпті әбден орнықтыру үшін, өз тіліміздің емлесін соған бейімдеп, қазақ сөздерінің айтылуын да, жазылуын да өз қолымызбен өзгерттік. Тілге жасалған сол зор­лықты тәуелсіздік алғалы бері де жалғас­тырып, «Тілімізді жаңа заманға сай дамытамыз» – деп даурығып жүрміз.
Шынында, дамытып жүрміз бе?
Жалғамалы тіл дегеніміз не?
Дыбысқа дыбыс, буынға буын, сөзге сөз, түбір сөзге жұрнақ пен жалғау жалғануы арқылы ғана сөздері жасалынатын тілді жалғамалы тіл дейміз. Орыс тілі жалғамалы тілге жатпайды. Дыбысқа дыбыс, буынға буын жалғасады, бірақ түбірге қосымшалар (жұрнақ, жалғау) жалғану арқылы емле, оның сөздері «предлог», «оканчание» арқылы түрленеді. Сондықтан ол тілдің қағидалары қазақ тілінің қағидаларына үйлеспейді. Бұл орыс тіліне деген қазақ тілінің де, қазақ халқының да қарсылығы емес, тек тілдің табиғи ерекшелігі. Екі тілдің заңы екі басқа. Салыстырып көрелік.
«Жиналыстан шықтым» дейміз. «Жиналыстан» деген сөздің түбірі – «жи».
Бірінші сыныптың оқыушысы бұл сөзді қалай оқиды: «жій» деп пе, «жый» деп пе? Бәлкім, «жій» деп оқитын болар? Өйткені орыс тіліндегі «и» әріпі қазақ тілінің тек «ій» деген дыбыстарын белгілейді: «ый» деген дыбыс тіркесін ешбір жағдайда да белгілемейді. Мысалы, тихий, синий, сильный, белый т.с.с.
Көрдіңіз бе, орыс тілінде тек жіңішке «ій» буынын білдіретін «и» әріпі қазақ тілінде тек «ій» дыбыстарын емес, «ый» дыбысын да білдіретін емлені өзіміз жасадық: биыл (быйыл), биші (бійші), киін (кійін),қиын (қыйын), т.с.с.
 «Жиналысқа» қайта оралайық. «Жи» – бұйрық райлы етістік, бір нәрсені «жый» дегенді білдіреді. Әрі түбір сөз.
 «Жинал!» деген де бұйрық райлы сөз, «нал» деген жұрнақ тағы жаңа сөз жасап тұр. Ол жұрнақ – жуан буынды. Демек «жи» деп жазғанымыз дұрыс емес, «жый» деп жазуға тиіспіз. Сонда «жый» да, «нал» да жуан буын болады. «Ыс» жұрнағы «жинал» деген етістіктен атау тұлғалы зат есім жасап тұр. Көріп отырмыз, әр жұрнақ түбірге жалғану арқылы одан жаңа сөз жасап тұр. Жалғамалы тілдің негізгі ерекшелігі де осында. Ал енді тіліміздің осы табиғи ерекшелігін ғалымдар неге бұзып отыр?
Орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ «и» әріпін қазақ емлесіне енгізіу үшін ғана. Сөз қазақтікі, емле орыстікі болып тұр. Жалған ілім, жалған қағида дегеніміз – осы. Сиырдан қой, қойдан жылқы қалай ерекшеленсе, тіл де бір-бірінен солай ерекшеленеді. 
Осы емленің кесірінен «биыл», «қиын» «киін», «тиімді», «мия», «оқимыз», «бекиміз», «сия», «қия», «кие», т.с.с. жазып жүрміз. Бұл тектес сөздің бәрінде де буын үндестігі бұзылған. Себебі буынға «бы – йыл», «қы – йын», кі – йін», «ті – йім – ді», «мы – йа», «сы – йа», «қы – йа», «кі – йе» деп бөліудің орнына «би – ыл», «қи – ын», ки – ін», «ти – ім – ді», «ми – йа», «си – я» (й+а), «қи – я» (й+а) деп бөлуге мәжбүр болып жүрміз. Өз тіліміздің қағидасын амалсыздан бұрыс қағидаға бұрып жүрміз. Бұл сөздердің бәрінде де үндестік заңы бұзылып, үндесудің орнына дыбыс-тар кібіртіктесіп тұр. Үндестік заңы сақталған жерде қазақ сөзі ешқашан қате жазылмайтындықтан, бұл заңды Халел Досмұхамедұлы ағамыз қасиетті заң деп бағалаған.
Екі, одан да көп дыбысты бір әріппен белгілеу – жалғамалы тілдің табиғатына жат. Өйткені жоғарыда көріп отырғанымыздай, бір дыбысы алдыңғы, екінші дыбыс келесі буынға бөліп кететіндіктен, дұрыс сөйлеуді, яғный буын үндестігін сақтап сөйлеуді бұзады. Ондай қағиданы жалған қағида демегенде, не дейміз?
Анық естіліп тұрған дыбысты әдейі жазбау – тілді әдейі бұзу. «Жыйын» деген бес дыбыстың орнына «жиын» деп төрт әріп жазып жүрміз. Сол теріс қағиданы теріс дей алмай отырған ғалымдарға қандай баға беруге болады?
 «Оқу», «тоқу», «шоқу», «соғу» деп жазып жүрміз. Ал бұл сөздердің түбірі қайсы? «оқ», «тоқ», «шоқ» па? 
 «Оқу» деген сөздің түбірі – «оқы!». Ал оған тұйық райдың «у» жұрнағы жалғанған кезде, «ы» дыбысы қайда жоғалып кетті? Неге «оқыу» болып жазылмайды? Әлде «қ» – дан кейін «ы» дыбысы естілмей тұр ма? «– у» жұрнағы жалғанған кезде түбірдің соңғы дыбысы жоғалып кететін болса, «қара +у», «сыйла + у» сөздеріндегі түбірдің соңғы дыбысы «а» неге сақталып тұр? 
«Кету», «келу», «бару», «жүру» сөздеріне жалғанып тұрған жұрнақ пен «оқу», «тоқу» сөздеріне жалғанып тұрған қосымша бірдей ме? Екеуіне де «у» жұрнағы жалғанып тұр ма? Әрине, жоқ. «Оқы», «шоқы», «тоқы», «келу», «кету», «бару». т.с.с. сөздерге «іу», «ыу» жұрнақтары жалғануы тиіс: кел + іу, кет + іу, бар + ыу. Ал біздің жазыуымыз бойынша, бәріне тек «у» жұрнағы жалғанады. Естіліп тұрған дыбысты жеке әріппен белгілемеудің кесірінен «ы», «і» дыбыстары белгіленбей, жал­ған емленің дамыуына жол беріп тұр.
Көріп отырғанымыздай, «и» мен «у» әріпі біресе жуан дыбысты (ый, ыу), біресе жіңішке дыбысты (іи, іу) белгілей береді. «Ы» мен «і» – ні бір әріппен белгілейтін араб жазуынан біз сол үшін қашпадық па? Байділдаев деген кісімен айтысқанда, «Латын емлесінің артықшылығы – әр дыбыс жеке әріппен белгіленеді», – деп, Ахаң мойындаған емлені неге біз бейшара күйге түсіріп отырмыз? Екі дыбыстың басын қосып, «бұл – бір дыбыс, бір әріп» деп елді алдаған ілім қандай ілім? Сондықтан айналайын ғалымдар, ата-бабамыз ғасырлар бойы қалыптастырған тілімізді бөтен емлеге бодан етпей, өз заңына ғана бағындырып, тәуелсіз тіл жасау – тек сендердің міндеттерің. Өз міндеттеріңізді қашан орындайсыздар? «Биыл» демей, «быйыл» деп жазыңдар!» – дегенді де президент айтуы керек пе сіздерге?   

Бексұлтан Нұржеке-ұлы

1143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы