• Тіл
  • 05 Қаңтар, 2023

ТIЛДЕН ТЫС ДАНАЛЫҚ ЖОҚ

Өз тiлiне өзi қожа адамдар көбiне-көп үндемейдi.
***
Ұлттың тiлi – ұлттың дiлi.
***
Ана тiлi – ұлттың бiрден-бiр паспорты.
***
Балық тiлсiз болса да,
Халық тiлсiз болмайды.
***
Өз тiлiң – бiрлiк үшiн,
Өзге тiл – тiрлiк үшiн.
***
Өзге тiлде сайрау қауiптi емес,
Өзге тiлде ойлау қауiптi.
***
Тiлi қатты таяқ жейдi,
Тiлi тәттi жая жейдi.
***
Тiл сабап бередi,
Бас жауап бередi.
***
Ұлының тiлiн кессең де,
Ұлттың тiлiн кесе алмайсың.
***
Байлықта ұлт болмайды,
Ұлтта тiлден асқан байлық болмайды.
***
Пұлсыз базар,
Тiлсiз халық болмайды.
***
Көзге сыймайтын тау
Сөзге сыяды.
***
Тiлi оралымды халықтың
Ойы да оралымды.
***
Ана тiлiн ұқпаған –
Ол жабайы түктi адам.
***
Сөз бостандығы деген –
Көмейге келген сөздi
Қанша жұтамын десең, сонша жұту.
***
Ой iздеп жүргенде сөзге,
Сөз iздеп жүргенде ойға тап боласың.
***
Керемет деген ой
Қарапайым сөздiң қақпанына түседi.
***
Идиоманы идиоттар ғана бұзады.
***
Саясаткерлер өздерiнiң күрделi ойларын
Қат-қабат сөзге орап-орап жеткiзедi.
***
Сөз сиқырынан асқан сиқыр жоқ.
***
Бiр тонна қорғасыннан
Бiр мысқал сөз ауыр.
***
Ой сөздiң алдында кiрiптар,
Әйтсе де сөз ойдың ығына жығылады.
***
Ой – көңiлдiң құлпы,
Орынды сөз – кiлтi.
***
Сұлудың сұлуы – сөз,
Ашуланғанда оның өңi қашады.

***
Тiл қан шығармайды,
Жаныңды шығарады.
***
Тiл өлтiредi,
Не тәубаңа келтiредi.
***
Тiлдiң жүзi жоқ, ұшы бар.
Одан ұшынған
Жаман ұшынар.
***
Тiл дегенiң – сүю, құшу,
Махаббат боп пiсу.
Ең бастысы – түсiнiсу.
***
Тiл – күрделi ойдың кiлтi.
***
Адамды адам қылған – тiл.
***
Үнсiз қалуға болады,
Тiлсiз қалуға болмайды.
***
Тiл иесiнен бұрын өлмеуге тиiс!

***
Тiл – ойдың қазыналы қоймасы.
***
О, Жаратқан!
Сөздiң жақсысын жеткiз,
Жаманын сыныңнан өткiз!
***
Әсiре қызыл – көркемдiктiң соры.
***
Сөз сәбиден жалаңаш,
Және сонысымен сүйкiмдi.
***
Сөздiң бағасын түсiрмей,
Бұлдай бiл!
Айта бiлмедiң екен,
Тыңдай бiл!
***
Сөз үзiлген жерде әңгiме де, достық та,
Қарым-қатынас та – бәрi де үзiледi.
***
Туыстықтың тамырында да тiл жатады.
***
Тiлiн сүймеген, тiлiн сыйламаған азамат –
Туыс емес – жат!
***
Ой мен тiлдiң тұтастығы
Ет пен терiнiң тұтастығындай.
***
Сөз жұту тас жұтудан ауыр.
***
Сөз – сеспей қатыратын қару.

***
Сөздiң бiреу бiлмейтiн ғана емес,
Өзi де бiлмейтiн мағынасы бар.
***
Махаббат көзден,
Ұғыну – сөзден басталады.
***
Сөз! Қайран сөз!
Мұз жүректi ерiтедi.
Тас бауырды жiбiтедi.
***
Берген серт өлмесе,
Басталған iс өлмейдi!
***
Сөз – ойдың жаңғырығы.
***
Қатты сөзден бас жарылып,
Тәттi сөзден тас балқиды.
***
Дос басқа,
Жау басқа.
Сөз айтып қайтесiң
Меңiреу маубасқа.
***
Сөйлеуге – сөз,
Шайнауға – сағыз...
***
Жақсы сөз жауды қайтарады,
Жаман сөз сауды өлтiредi.
***
Аузың қисық болса да,
Тiлiң түзу болсын.
***
Қисық отырсаң да
Тура сөйле!
***
Тура сөз туғаныңа да жақпайды.
***
Сөзi дұрыстың
Өзi дұрыс.
***
Тура сөз темiрдi теседi.
***
Тiлмен түйгендi
Тiсiңмен шеше алмайсың.
***
Алақан қышыса – ақша,
Тiл қышыса – сөз.
***
Сөйлей бiлмеген пендеден,
Үре бiлген ит артық.
***
Сөздiң жүйесiн тапсаң,
Иесiн де табасың.
***
Тиiскенге тiл қатпа.
***
Айта бiлген ауыз
Алласымен де тiл табады.
***
Айта бiлмеген ауыздан
Тыңдай бiлген құлақ артық.
 

1033 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы