• Әдебиет
  • 19 Қаңтар, 2023

ҚОС ҚАРЛЫҒАШ

Есенгелді СҮЙІНОВ,
жазушы, Мәдениет қайраткері

Сол жылы көктемде біздің үйге қос қарлығаш ұшып келді. Қарлығаш дегенің кіп-кішкентай құс, маңдайы, тамағы- қызғылт, денесінің үсті қара, көгілдір, ал асты, омырауы  аппақ, құйрығы айыр, жылдам ұшады. Ерсілі-қарсылы жұптарын жазбай жүріп, үйге жапсарлас тұрған қора ішінде, төбедегі көлденең төселген бөрене үстінен оймақтай етіп ұя салып алды. Сыртынан көз салғанда өрнектеліп құйылған әп-әдемі дөңгелек тостағанға ұқсайды. Қолмен қаласа бір сірә, ауызына балшықты, шөп-шаламды, қауырсынды тістеп алып тасып, жұп-жұмыр етіп мекенін екеуі бірлесіп тұрғызып шықты. Мамандардың айтуынша, ұяны сілекейін араластырып салады екен. Бұлардың осыншама еңбекқорлығына, тапқырлығына, шеберлігіне таңданасың.

 Бұл мамыр айы еді. Күн жылынып, ағаш бүр жара бастаған. Мен 5-сыныпта оқимын. Әкем мен анам бар, екі апам мектепке барады. Бәріміз де қарлығаштың үйіміз­ге келіп, ұя салуын жақсы ырымға балаймыз.

– Қарлығаш бізден үрікпейді, қорықпайды. Жа­тырқамай, еркін жүреді. Шамасы ешкімге қиянат жасамайтынымызды, ұясын бұзбай­тынымызды аңғарған ғой. Құс екеш құс та жақсы адамды сезеді-ау,– деп анам таң қалады.

– Көп ұзамай жұмыртқасын тауып, шешесі оны бауырына басып жылытып, балапанын дүниеге әкеледі. Еркегі соларға тамақ тасып, отбасына қамқорлық жасайды. Құстар әлемінде осылай өмір жалғасады,– деп толғанады әкем.

– Қарлығаш та қасиетті құс, ол да-адамның досы. Кішкентай болса да кісіге көмектесіп, жақсылық тілейді екен. Қарлығаштың сәбиді шағайын деп жатқан жыланға қарсы шүйлігіп, тұмсығымен тістеп, бой бермей, нәрестені құтқарып қалатыны туралы аңызда баяндалады. Қарлығаш қанатымен су сеуіп, өртті сөндіргені жөнінде де ертегі бар емес пе? Ендеше сендер қарлығаштың ұясын ешқашан бұзбаңдар, өздеріне тимеңдер. Қайта оларды бақылап, мысық-иттен қорғап жүріңдер. Түсіндіңдер ме, құлындарым?– деп анам бізге ақыл айтады.

– Әрине, анашым! Қарлығаштар осы үйді бекер таңдап келген жоқ қой. Біз оларға қарап жүреміз,– деймін мен келісіп. Апаларым да солай деп жатыр.

Қос қарлығаш расында да әулетімізге ырыс әкелгендей болды. Екі сиыр бұзаулап, уызға тойдық. Аузымыз аққа тиіп, сүт, айран ішіп, тәп-тәтті қаймақты жейміз. Анам мамыр айының сап-сары майын шайқап, соны ып-ыстық таба нанға жағып жегенде дәмі тіл үйіреді. Балғын балалық кезіміздегі сол дәм әлі аузымнан кетпегендей. Қаймағы алынған сүттен, яғни обраттан сықпа, құрт, ірімшік әзірлейді. Екі бие құлындап, жазға қарай екеуін көлеңкеге, желіге байлады. Анам күні бойы белін бүгіп бие сауып, саумалды күбіге құяды. Үйдегі балалар боп бәріміз жабылып күбіні пісеміз. Қышқыл болса да денсаулыққа пайдалы дегесін қымыз ішеміз. Өстіп тоқшылыққа кенелдік.

Көптен күткен қарлығаштың балапандары да дүниеге келді. Ұядан тіп-титтей бірнеше сарыауыз балапанның басы үрпиіп көрінеді, шиқылдап дыбыс береді. Қос қарлығаш ауызына шыбын-шіркейді, құрт пен масаны тістеп алып ұшып келеді де балапанының аузына салады. Олар бұрын да тыным таппайтын, енді тіпті мазасыз болып кеткендей. Күні бойы екеуіне де дамыл жоқ, сондағы бар қамы – жаңа туған балаларын аш қалдырмай, қоректендіру.

Жаз бойы екеуі балапанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірді. Сөйтіп, қорада бес қарлығаш мекендейтін болды. Арасындағы үшеуі –есейген балапандары. Барлығы қосылып шиқ-шиқ етіп дыбыс шығарады. Түсініксіз болса да құлаққа жағымды естіледі. Тамылжытып әсем ән салып жатқандай. Кәдімгі құс базарында жүргендей күй кешесің. «Қарлығаштар өз тілінде сөйлеп жатқан шығар» деп күлімдейді анам.

Бір сәт әп-әдемі, сүйкімді қарлығашты ұстап алып, арқасынан сипап сөйлескім келеді. «Сендер қайдан келдіңдер, біздің жақ ұнай ма, күні бойы ұшқанда қанаттарың талмай ма?» деп сұрасам деймін. Оған шіркін, тіл бітсе не дер еді? «Бұл жер ұнайды, ауасы таза, даласы кең, қауіп төндіретін жыртқыш құстар жоқ. Мұнда алаңсыз өмір сүруге болады» деп жауап беретін шығар деп қиялдаймын. Олар өте сақ, бірақ біздің тиіспейтінімізді, қажет жағдайда өздерін қорғайтынымызды сезетін сияқты.

 Күзге қарай қос қарлығаш қанаттанған балапанымен бірге жылы жаққа ұшып кетті. Бұған дейін қора ішінде шиқылдап, маңайды жайдары көрініске бөлеген қарлығаштың жоқ болуы, ұясының бос қалуы жанымды құлазытып жібергендей. Қарлығаштың жәудіреген бейкүнә көзіне, сүйкімді сүйір тұмсығына, желпіген қанатына кәдімгідей үйреніп қалыппын, көптен бері араласқан серіктерімнен, достарымнан айырылғандаймын. Олар келер жылы ару көктемде, ақ қайың көктеп, жапырақ жайғанда қайта оралатын болар.

Біздің үйге сол жылы береке әкеліп, қуаныш сыйлаған қос қарлығаш әлі жадымнан шықпайды. Құс екеш құстың да қасиеті бар екенін әрқашан ұмытпағанымыз жөн-ау!

АСТАНА

 

1558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы