• Тұлға
  • 14 Наурыз, 2024

Әуезов жолын жалғаған...

«Ана тілі» газетінің құрметті авторларының бірі, қазақ баспасөзінде терең із қалдырған қаламгер, журналис­тикада бірнеше буынға ұстаз болған жан, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы айтқандай, «прозада Әуезов жолын жалғаған» жазушы Жұмабай Шаштайұлы 74-ке қараған шағында өмірден озды.   
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы 10 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1968 жылы «Жамбыл» атындағы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын көмекші шопан болып бастаған. 1969–1971 жылдары әскер қатарында болған. 1971–1972 жылдары Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінде, 1972–1976 жылдары Жамбыл облысы Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет етті. 1980–1983 жылдары қазіргі «Жас Алаш» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1983–1987 жылдары қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші, 1987–1990 жылдары «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1989 жылы сырттай оқып бітірген. 1992–1994 жылдары Алматы облысы Қазақ тілі қоғамы төрағасының орынбасары, 1994–1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1996–2002 жылдары «Заман-Қазақстан» газетінде, 2002–2006 жылдары Қазақ радиосында, 2008–2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, ке­йінгі жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде кеңесші қызметтерін атқарды.
 «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс» жинақтары, «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық», Таңдамалы 2 томдық жинағы, «Аяз би» романы т.б. кітаптары тасқа басылған.
Ж.Шаштайұлы Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Президент сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Парасат» орденімен марапатталған (2023).
«Ана тілі» газеті және «Қазақ газет­тері» ЖШС марқұмның ту­ған-туысы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.  

 

Жұмабай Шаштайұлы рухына

 

Сүйінбай мен Жамбылдың
Қалған ізін жалғаған.
Солар айтқан ән-жырдың
Қасиетін қорғаған.
Сарыбай би, Наурызбай,
Сұраншы мен Саурықтың 
Аруақтары қолдаған.
Сейдахмет, Балғабек,
Салған жолды таңдаған.
Нұрғиса мен Әлімқұл,
Орысбай мен Есенқұл,
Жазғаны көкті шарлаған.
Бұл Жұмекем өмірін
Асыл сөзге арнаған.

Асыл да туған бекзатым,
Асқан адал жекжатым.
Бәйгеге қосса – тұлпарым,
Сөйлесе – ұшқан сұңқарым.
Әдебиет аулында
Салып кеткен мектебін.
Екі кезек жоқ тағдырда,
Екейден шыққан текті едің.

«Әке!» деген сөзіңді,
Сағынармыз біз енді.
Шуақ төккен көзіңді
Сағынармыз біз енді.
Ешбір жанға, ешқашан,
Батырмадың тізеңді.
Қастерлі талай тұлғамен 
Қағысып өттің үзеңгі.

Тізгін қағып сапарда
Желіп келе жатыр ең.
Соңыңдағы жастарға
Сеніп келе жатыр ең.
Қара сөздің қаймағын
Төгіп келе жатыр ең.
Сезім менен ақыл ең,
Айтар кезде батыр ең.
Айырылып сенен отырмыз,
Жанып тұрған отым ең!

Алматының аспаны 
Жылап шықты түнімен.
Алатаудың дастаны
Төгіп шықты түнімен.
 Жоқтап жатыр Сарыарқа
Қасым ағаң үнімен.
Атырау, Алтай өксіді,
Айырылып сендей іріден.
Айтылмаған сырым ең,
Жазылмаған жырым ең.
Бұғымүйіз, Бесмойнақ 
Жайлауының гүлі ме ең.
Суықтөбе, Майтөбе,
Сарыжазық, Көктөбе,
Үлкенсаз бен Кішісаз,
Аққолтық пен Құлансаз,
Дәл өзіңдей Арыстан
Айырылды ма, шынымен?!

«Аспанқора», «Қызыл қар,
«Құралайдың салқыны»,
«Шал мен жылқы», «Аязби»
Қиялыңда қалқыды.
«Жаңғырық», «Жыр Жолбарыс»
Оқығандар балқыды.
Кішіпейілдіктің күмісі,
Қарапайымдылықтың алтыны,
Жұмекем, сенен айырылдық,
Қанатымыздан қайырылдық.

Барша қазақ еліне
Қайғырып көңіл айтамын.
Көкірегім толы ыстық жас,
Топырақ салып қайтамын!
Көктем келді, не берер,
Жазған хатың көгерер,
Келер күндер керуенін,
Көк жүзінен көре бер!
Ұмытпайды атыңды,
Өшірмейді хатыңды,
Ұрпағыңа сене бер!
Өзіңдей адал перзентін,
Жүрекке көмер өрелі ел.
Қайтпайды енді Жұмекем,
Көзіңнің жасын төге бер!
Біртуар биік тұлғаның 
Өткеніне сене бер!
Рамазан айы көз жұмдың,
Пейішке, аға, ене бер!
Пайғамбардан шапағат,
Алладан иман бере гөр!

Қош, бақұл бол, Жұмекем!

Бауыржан Жақып

 

Сені жоқтар 
соңыңда көп қазағың...

 

«Аспанқора» Атанның кебін киіп,
Орғып-орғып өтті ме өмір-киік?
Өзім қиып тұрсам да, неге екенін,
Кете алмайтын сияқты көңіл қиып.

Қош деуге де бармай тұр, тілім, аға,
Сөнген оттың ізі де шұғылалы, ә?
Биіктігің білініп қалды бүгін,
Бет бұрып ең, сен де енді құбылаға.

Тұр күйдіріп жанымды от па, жалын?
Оразаның күнінде соқты ажалың.
Сені жоқтар артыңда інілерің,
Сені жоқтар соңыңда көп қазағың.


«Әке» деуші ең, айналдым дегендейін,
Болмысыңа жоқта өзің тереңдейін.
Шыққыр көзім көре ме шын биікті,
Асқар таулар кеткен соң сенен кейін.

Көргенім жоқ, өлгеннің тірілгенін,
Табады екен пендесін түбінде өлім.
Өзің кетті дегенде тарылып дем,
Орыныңның қарашы білінгенін.

Қалды екен деп ойлап ем сәл суықтап,
Тау құлады өзіңмен жаншылып бақ.
Бұл дүниеге келмесің белгілі енді,
Қанша жоқтап жатсақ та, қанша ұлықтап.

Роза Сейілхан

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы