• Тіл
  • 04 Наурыз, 2009

Аударма жайы назар аудартады

Ғылым мен білім салаларында қазақ тілінің қолданылу аясының кеңейіп келе жатқаны қуантады. Алайда әлі де атқарылатын істің ауқымы аз емес. Мемлекеттік тілдің орнығуы, қолданылуы көбінесе ісқағаздарынан, ресми, ғылыми мәтіндерден айқындалады. Қазіргі кезде мемлекеттік тіл өзіне жүктелген міндеттерді талапқа сай толық атқара алмай отыр. Алайда басты мәселе бұл емес. Қазіргі нарық заманында не нәрсе де сұранысқа сай сапалы жүзеге асуы тиіс. Бұл – аудармаға да байланысты айтылған сөз. Тәржіме деңгейі қанағаттандырарлықтай дәрежеде емес. Бұл мәселені талдау үшін дәрілік нұсқаулықтарды таңдап алдық. Ең алдымен түпнұсқа тілінен орыс тіліне, орыс тілінен мемлекеттік тілге аударылып жатқан нұсқаулықтарда стандартта көрсетілген тәртіптің қалай сақталып келе жатқанына назар аударайық. Нұсқаулық – белгілі бір ережеге негізделген қалыпты мәтін, демек оның құрылымы үлгіге сәйкес болу керек. Мәселенің барысын талқылау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген «Темпалгин», «Пенталгин-П», «Трихопол», «Хилак форте», «Визор» тамшылары дәрілерінің нұсқаулықтары таңдап алынды. Нұсқаулықтардың орысша мәтінінде құрылымдық, бірізділік сақталады, ал қазақша аудармасында бұл тұрақтылық сақтала бермейді. Бұған дәлел дәрілік нұсқаулықтардағы қалыпты көрсеткіштердің әр түрлі берілуі: Саудалық атауына байланысты «Темпалгин», «Пенталгин-П», «Визор» тамшыларында: орысша – Торговое название, қазақша – Саудалық атауы; «Трихопол» дәрісінде: орысша – Торговое название, қазақша – Сауда атауы; «Хилак форте» тамшыларында: орысша – Торговое название, қазақша – Дәрілік заттың сауда атауы. Бұл жерде дәрілік зат екені белгілі, сондықтан қысқа ғана Саудалық атауы деу керек. Дәрінің қолданылу тәсілі мен мөлшеріне байланысты орысша нұсқасы бәрінде Способ применения и дозы болып келеді. Ал қазақшасы әрқилы. «Темпалгин» дәрісі мен «Визор» тамшыларында – Қолданылу тәсілі мен дозалары; «Трихопол» дәрісінде – Қолдану тәсілі мен мөлшерлеу; «Хилак форте» тамшыларында – Қолдану тәсілі мен мөлшерлері. Біріншіден, қолданылу тәсілі де, дозасы да бір болғаннан соң көптік жалғаусыз жазу керек. Екіншіден, мөлшер сөзінің қолданылу аясы көп болғандығына қарамастан осы сөзді қалдырған дұрыс сияқты. Демек, Қолданылу тәсілі мен мөлшері болу керек. Дәрілік заттың көрсететін жанама әсеріне байланысты «Темпалгин» дәрісі мен «Хилак форте» тамшыларында: орысша – Побочные действия, қазақша – Жанама әсерлері; ал «Пенталгин-П», «Визор» тамшыларында – Жағымсыз әсерлері; «Трихопол» дәрісінде – Жанама әсері деп қолданылған. Бұл қалыпты көрсеткіш дәрінің беретін үстемесін, қосалқы әсерін көрсетеді, ал жағымсыз сөзі – сүйкімі жоқ, ұнамсыз мағынасында қолданылады, екіншіден, беретін әсері бірнеше болуы мүмкін, сондықтан Жанама әсерлері деп көрсеткен жөн. Дәрінің сақталу жағдайы «Темпалгин», «Трихопол», «Хилак форте», «Визор» тамшыларында: орысша нұсқаулығында – Условия хранения, қазақшада – Жарамдық мерзімі; «Пенталгин-П» дәрісінде орысша – Условия хранения, қазақша – Сақтау мерзімі, бұл жерде дұрысы – Сақталу жағдайы. Дәрілік затты өндіруші мекеме «Темпалгин», «Пенталгин-П», «Хилак форте» тамшылары, «Визор» тамшылары: орысша – Производитель, қазақша – Өндіруші; «Трихопол» дәрісінде орысша – Производитель, қазақша – Дайындаушы. Жалпы дәрілік затқа жауапты мекеме Өндіруші болады. Екіншіден, тұтынушы арасында жасы да, кәрісі де бар. Демек, нұсқаулықтар сауатты әрі түсінікті етіп құрастырылу керек. Ал қазіргі нұсқаулықтардың мәтіні қуантарлықтай дәрежеде емес. Мәтінде кездесетін орфографиялық, пунктуациялық, стильдік, мағыналық қателер жеткілікті. Мысалы «Обычно препарат хорошо переносится. Крайне редко нарушение сна, возбуждение, гипертензия» деген сөйлемдер қазақша былай аударылған: «Әдетте препаратты жақсы көтереді. Өте сирек – ұйқының бұзылуы, еліру, қан қысымының көтерілу». Немесе «...нарушение физиологической флоры тонкого и толстого кишечника» деген «ашы ішек пен тоқ ішектің физиологиялық флорасының бұзылуы» болып аударылған. Көріп отырғандай жіберілген қателер сауатсыз аудармашылардың қолтаңбасы. Демек, бұл нұсқаулықтар тілдің деңгейін төмендетіп отыр. Сонда бұл өрескелдіктерге кім жауапты? Сауатсыз аудармашы ма, әлде сол аудармшыға тапсырыс берген мекеме ме? Алдағы уақытта бұл мәселеге ерекше мән берілу керек. Екіншіден, кез келген аудармашының құралы – сөздік. Демек, арнайы сөздіктер құрастырылғаны жөн. Сөздіктерге де қатаң талаптар қойылу керек. Үшіншіден, фармацевтика саласындағы терминдерді бекітіп, оларды қолданыс аясына енгізу амалдарын жасау. Осындай жұмыстар талаптағыдай орындалса, аударма мәселесі жолға қойылған болар еді. Венера САЙКЕНОВА, ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистранты

5236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы