• Тұлға
  • 01 Маусым, 2011

Тығырықтан шығарған талай көшті...

Сұрапыл сұм соғыс жылдары дүниеге келген азаматтардың арасында ел ағасы атанып, ерен еңбегінің, табандылығы мен ақ пейілінің арқасында көпке танылған жандар көп. Солардың бірі – Өмірзақ Қажымғалиұлы. Өмірзақ Қажымғалиұлы 1941 жылдың 9 сәуірінде Нұржау кеңесіне қарасты Дәшін топырағында дүниеге келді. Ұлы Өмірзақ дүние есігін аша салысымен әкесі Мұқашев Қажымғали майданға аттанып кетеді. Қамкөңіл сәби анасы Сәмиянның бауырында қала береді. Алғашқы жылдары әкесінің ауыр-ауыр ұрыстарды бастан кешіріп жүргендігі жайындағы үшбу хаттары жыл құсындай сағындырып сирек жететін. Ақыры, 1943 жылы «ерен ерліктің үлгісін көрсету сәтінде қаза тапты» деген қара қағаз келеді. Арысының өлгеніне ғұмыр бойы сенбей, қара жолға жанар талдырып, ашылған есікке «отағасы емес пе екен?» деп елегізіп, елеңдеумен бүкіл ғұмырын өткеретін әрбір қазақ әйелі сынды Сәмиян жеңгеміз де елу сегіз жыл бойы қосағын күтумен өмірден озады. Он бес жасында азаматы Қажымғалиға тұрмысқа шығып, жиырмаға толмай жесір атанған Сәмиян ана сұрапыл соғыс жылдары белі майысып, алақаны күлдіреп, таңның атысы, күннің батысы еңбек етті. Бір сүйеніші болған Қажымғалидың інісі Батырғали да 1942 жылы соғысқа аттанады. Қолында қайынсіңлілері Жақұт пен Нұрсұлу және әкеден қалған жалғыз тұяқ Өмірзағы қалады. Көбіне Жақұт апасының арқасынан түспейтін Өмірзақ та бала болғанымен «соғыс» деген ызғарлы сөздің қасіретін, адамдардың жүзіндегі ауыр мұңды, қайғыдан ашылмайтын қалың қабақтарды ерте сезініп, ерте ержетті. Орта мектепті 1957 жылы Ганюш­киндегі үлкен қарашаңырақ – Абайдан бітіріп, сол жылы Гурьев (Атырау) зоотехникалық-малдәрігерлік техникумының малдәрігерлік фельдшерін даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, 1960 жылы оны тәмам­дап шығады. 1962-1969 жылдары еңбек­тен қол үзбестен Алматы малдәрігер­лік институтын сырттай оқып бітіреді. Алғашқы еңбек жолын1960 жылда­ры Сүйіндік кеңшарында малдәрігерлік техник болып бастайды. Онда Нұрымов Баймаш сынды білгір басшының тәлімін алып, ағалық көңілінің жылылығын сезінеді. Оның жүрген ортасында адал жандар аз болмады. Қадірқұлов Құрман деген азамат өзінің бай тәжірибесін үйретіп, ағалық қамқорлық танытады. Басшылық білімі мен білігі келіскен жас маманды «Правда» малдәрігерлік учаскесіне меңгеруші етіп тағайындайды. Екі жыл бойы білек сыбана еңбек еткен азаматтың алғырлығына, жүктелген іске жауапкершілікпен кірісетін табандылығына басқарма төрағасы Мұғал Наурызбаев, тісқаққан мамандар Мардан Ихсанов, Ғаббас Жанғатаевтар тәнті болады. 1962 жылы өмірлік жары Мүслиматпен отау құрғаннан кейін жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы кеңшардың ферма басқарушылығына тағайындалады. Онда да табанды еңбек етеді. Қара басының емес, қара халықтың қамын күйттейді. Ақыры, ол басқарған ұжым биязы жүнді Еділбай қойын өсіруден, ауданды былай қойып, облыста үздіктер қатарынан көрінеді. Арада сегіз жыл өткенде аудан басшылары оны Балқұдық кеңшарының бас мал дәрігері қызметіне ұсынады. Бұл лауазымда да Өмірзақ Қажымғалиұлы өзін қызметіне адалдығымен, қарамағындағыларға жоғары талап қоя отырып, ортақ міндетті абыроймен шешуге болатындығын нақтылы ісімен дәлелдейді. 1974 жылы Калинин атындағы кеңшарға партия комитетінің хатшылығына сайланады. Арада 2 жыл өткенде Өмірзақ Қажымғалиев осы кеңшардың директоры лауазымына жоғарылайды. Міне, біз әңгіме қылып отырған алғыр да алымды, іскер де білікті басшының есімі көпке танылып, «Теңіздің Қажымғалиеві» атанады. Өмекең басқарған Калинин атындағы кеңшарда сол 1976 жылы 9200 бас сиыр, 1500 жылқы мен түйе болды десек, бүгінде екінің бірін иландыра қою екіталай. Онымен қоса әрқайсысында 1800-2000 аралығында мүйізді ірі қара мал бағып күтілетін «Каспий», «Туркин», «Бабий», «Кіші Мальцев» аталатын ірі-ірі мал кешендері де Ө.Қажымғалиев басқаратын аталмыш кеңшардың иелігінде болатын. Білікті басшы мал азығын дайын­дау ісіне аса жоғары мән берді. Оның ұстанымы: «сапалы азықсыз мал өспейді» болатын. Аудан бойынша салынатын сүрлемнің 40 пайызын осы Калинин кеңшары ұстап, бұған қосымша өз күштерімен 30 мың тоннаға дейін пішен дайындады. Нәтижесінде калининдік бірқатар бақташылар үкімет наградаларына ие болып, кеуделеріне орден, медальдар тақты. 1978-1980 жылдар аралығында Өмірзақ Қажымғалиұлы басқаратын Калинин атындағы кеңшардың даңқы республикаға дейін жайылды. Өмірзақ Қажымғалиұлы – ауыл мәдениетіне аса жоғары мән берген бірден-бір басшы. Ауданда, облыс­та мәдени-спорттық тұңғыш кешен осы шаруашылықта салынды. Осы мәдени-спорттық кешендегі семинар-кеңеске келген сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жұмыстары бойынша хатшысы Маркен Шайжүнісов: «Рахмет, Өмірзақ бауырым, мен әзірге республиканың өзге өңірлерінен дәл мұндай кереметті көре қойғаным жоқ», – ағалық ілтипатымен қоса, алғысын да жеткізген еді. Бірде әңгіме үстінде Өмірзақ ағадан халық үшін қалт етпей еткен еңбегі қандай марапатқа лайық болғанын сұраған едім. Ол кісі жанарымен алысты шолып: «Қарағым, ол уақытта марапат дегенің біздің үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Біз еңбеккерлер алсын деп шапқыла­дық», – деп қысқа жауап қайтарды. Өмірзақ Қажымғалиұлы 1987-1992 жылдар аралығында ауданның бүкіл агрокешеніне төрағалық етіп, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Алмас кездіктей жарқырап, қоғамдық шаруаның талай іркілген тұстарында тұйықтан жол, қиыннан оң шешімін таба білетін өндірістің білгір командирі атанды . 1992 жылы «Коммунизм жолы» кеңша­рына директор болып таға­йындалды. Осы тұста көреген басшы қожыраған шаруаның етек-жеңін қымтай жүріп, адамдар санасына оң өзгерістер енгізуді, тәуелсіз елдің қожалары енді өзіміз деген асқақ рухты жүректерге сіңіруді басты нысана тұтты. Ұлы Жеңіс мейрамы күні көк майса жағалауға кең шатыр тігіліп, ақсақалдардың, белсенділердің басын біріктіріп үлкен ас беру үстінде «Коммунизм жолы» деген ұғымның енді құрдымға сіңгенін әңгімелеп, шаруашылыққа жаңа атау беру мәселесін көтерді. Нәтижесінде елдің ардақты перзенті Мақаш Бекмұхамбетовтің есімін беру қажет деген ұсыныс айтылды. Арада аз уақыт өткенде, яғни 1994 жылы «Коммунизм жолы» кеңшары Өмірзақ Қажымғалиұлының басшы­лығымен «Мақаш» ұжымдық шаруа­шылығы болып қайта құрылды. Шаруашылық 1999 жылдан «Мақаш» өндірістік кооперативі болып өз құрылымын жаңартты. Сол 1994 жылы өткен жүйенің біржола құмға сіңген судай жоғалғанын әйгілей түсейін дегендей, кооперативте бұған дейін №1, №2 делініп келген фермалар өңірге даңқы жайылған бабалар «Сәт баба», «Сардар баба» есімдерін иеленді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді санасына сіңірген Өмірзақ Қажымғалиұлы кооператив орталығы – Алға ауылының маңында жатқан Мақаш бабаның 170 жылдығына орай оның мазарына сәулетті кесене тұрғызды. Сынықшылық, әулиелік қасиет­тері атадан балаға мирас болған белгілі халық емшісі Серікбай ата басына кесене тұрғызу да – Өмірзақ Қажымғалиұлының белсенділігі арқасында біткен сауабы мол іс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық қиын кезеңді бас­тан кешірді. Бәрі жекешеленіп, мүліктер талан-таражға түсті. Сол күнде мақаштықтарға да мал өсіру­ден басқа кәсіп көзін таппаса, жағдайдың күннен-күнге ауырлап бара жатқаны анық сезілді. Бұл жолы тағы да Өмірзақ Қажымғалиұлы өзінің көрегендігін танытты. Ақыры, бір нақтылы шешімге келген күні қолынан іс келетін, темірден, ағаш­тан түйін түйетін жігіттерді жинап, олармен ақылдаса келе, орта мектептің көне ғимаратын бірнеше өндірістік цехтарға айналдырды. Жіп иіретін ағаш станоктар пайда болды. Жіптерді түрлі-түсті бояу, кептіру толықтай механикаландырылды. Қазақша айтқанда, тықыр кілем тоқитын агрегат өмірге келді. Сонымен қатар тұрмыстық қажеттіліктерді жасайтын жігіттер де құр қарап отырмады. Олардың жасаған бұйымдары сұранысқа ие болып, жұртшылық өзіне қажетін таңдап алды. Малшылар төрт түлікті өз төлінен өркендету талабын бұлжытпай орындаса, механизаторлар оларға сапалы пішен дайындады. Сөйтіп, Өмірзақ Қажымғалиұлы сияқты тәуекелге белді бекем буудан меселі қайтып көрмеген басшы басқарған мыңға тарта бір қауым ел бір үйдің жандарындай ынтымақ жарастырып, сол қиын шақтардан бір-біріне септесіп аман өтті. Үлкен кеңшардың ізіндегі «Мақаш» өндірістік кооперативі – бұл күндері аудандағы асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін белгілі шаруашылықтардың бірі. «Еңбекші» атты ет кешендері арқылы халал өнімдер шығарып, қырында түйесі өрген, ой мен қырда үйір-үйір жылқысы жүрген облысқа, тіпті республикаға аты мәлім «Мақаш» өндірістік кооперативінің басшысы 70-ке келсе де, егделікті есіне де алып көрмеген ел азаматы – Өмірзақ Қажымғалиұлы. Деректі әңгімелері, оқшау ойлары, естелік-сырлары 20-ның үстіндегі жинақтарға енсе, «Биіктерге бет а­лыс», «Жолдар – жылдар», «Нарын­ның нар ұлдары», «Мүслимат» аталатын жеке кітаптары әр жылдары жарық көрді. Осындай ерен еңбегінің, басынан өткерген бейнетінің бүгінде зейнетін көріп отырған азаматтың еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленді. 1985 жылы «ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алса, одан бергі жылдар ішінде «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Өмекеңнің басқа да салаларға қосқан қоғамдық негіздегі қызметін, алған марапат-мадақтарын түгел атап өту мүмкін емес. Ұлағатты аға жарымен бірге көргенді, тәрбиелі ұрпақ өсірді. Ұл-қызы өмірдің әр саласында өз ырыс-несібесін тауып, ата-ана аманатына адал болып жүр. Бүгінде Өмірзақ Қажымғалиұлы немерелердің қызығына бөленіп, думанды өмірдің қайнаған ортасынан көрінуде. Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Атырау облысы

3664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы