• Тұлға
  • 02 Маусым, 2011

Қазағымның Асылы

d0bed181d0bcd0b0d0bdҚолға қаламды ала салып, халықтың ардақты қызы, патриот перзенті Асылы жайлы жаза салу оңай шаруа емес. Сонау мектеп қабырғасынан бастап, қоғамдық жұмысқа ерте араласқан бүлдіршіндей жас қыздың осы уақытқа дейінгі ерен еңбегі халқымызға кеңінен танымал екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Жарық дүниеге шыр етіп келгенде Алланың ризашылығымен атын азан шақыртып: «Асылы!» деудің өзі де тегін болмаса керек. Күні бүгінге дейін сол атына лайықты ғұмыр кеше жүріп, өзі сүйген ел-жұртының ардақты азаматына, аяулы асыл қызына айналды. Сәби кезден қазақтың тілін, ділін бойына сіңіріп өскен Асылы өзі сүйген тілдің тағдыры мен болашағы үшін бар күш-қайратын аянбай-ақ жұмсап келеді. Еліміз егемендік алғалы тілдің тағдыры үшін қаншама айтыс-тартыс, дау-дамай болса да, соның бел ортасында Асылы жүреді. Әсіресе, тілдің мемлекеттік тіл болуына тікелей қарсы шыққан ұлтшыл ұйымдар мен жоғарыда отырған шала тілділермен айқасу оңай болған жоқ. Солармен айтысып жүріп, биліктегі тілдің тізгіні өз қолына тимесе де, қалайда қайсарлық танытып, «Мемлекеттік тілге құрмет» деген қоғамдық ұйым құрды. Әлі де өз дәрежесіне жете алмай келе жатқан тіл аясында атқарар іс бастан асып жатса да, Асылы қоғамдық ұйымдар мен оппозиция жиындарынан бір де қалған емес. Қандай ұйым болмасын, Асылысыз өткізілмейді. Жалғыз тіл мәселесі емес, «Қазағым барда мен бармын» дей жүріп, қазақ ұлтының тағдыры үшін де ұлтшыл ұйымдарға қарсы шығып, талай жиындарда оларды өткір сынға алып, ұлт намысын биіктете түседі. Алайда адам өзінде жоқ асылды – ақыл-ойды, көшелілікті, кісілікті қайдан алмақшы? Демек, Асылы соңғы 20-30 жылда халыққа кең мәшһүр болып, қатардағы көп тілші-ғалымның бірі, әзірбайжанның ақылды қызы болып қана қалмай, күллі Қазақ­станға белгілі ойлы да озық ғалым, қажырлы да қарымды қайраткер қыздарымыздың біріне айналса, ол – ең әуелі, әрине, Құдайдың, екіншіден, оның өз қабілет-талантының арқасы. Өйткені ол өз елінде жылдар бойы өгейлік көріп келе жатқан қазақ тілінің басына күн түскенде қаймықпай, оны төл перзенттерінен бетер батылдық танытып, қорғай білді. Егер қазақ тілі қазір мемле­кеттік тіл болса, оның сондай мәртебеге жетуіне Асылы Әлиқызының да қосқан үлесі бар. Егер қазір де қазақ тілінің сөз жүзінде ғана мемлекеттік мәртебе иеленіп қалмай, іс жүзінде шын мәнінде мемлекеттік тілге айналуы жолында үлкен күрес жүріп жатса, соның көш басында келе жатқан санаулы азамат қайраткердің бірі – осы Асылы Әлиқызы. Осындайда ақын Серік Тұрғын­бековтің мына шумағы оның ерен еңбегін растағандай болады: Әзірбайжан нәсілі, Қазағымның Асылы. Өзіңменен өрбіді, Тәуелсіздік ғасыры... Қазақ қызы сен де бір, Жасамаймын айырбас. Сен де бірі батырдың, От пен судан тайынбас. Таянышым, тірегім, Аямаған жүрегін. Қазақ үшін қашанда, Жұлып берер жүрегін. Бойындағы бар арман, Тамыр болып тараған. Ер Түріктің бір қызы, Қазақ үшін жаралған. Әзірбайжан елінен, Орын берген төрінен. Ешқашан да кетпейді, Қазақстан жерінен. Құдіретті қиялдан, Ел-халықтан сый алған. Білмей жатса өз тілін, Қазақ үшін ұялған. Арыстарын қазақтың, Арасынан азаптың. Алып шыққан қайраткер, Еңбегі бар – ғажап тым. Елге арнаған әр күні, Жарасымды жарқын үн. Жүрегімде сақталған, Алаш қызы – алтыным! Осындай үлкен биікке көтері­ліп, қалың қазақтың ардақты аз қызының біріне айналған, аны­ғырақ айтқанда, Алаштың асыл қызы деңгейіне көтерілген Асылы Әлиқызы әлі де аянбай еңбек етіп келеді. Намысын қолдан бермейтін Асылының кейбір ісіне, қылығына жай уақыттарда да куә болған кезім болды. Үйіміздің арасы жақын болғандықтан жиі кездесеміз. Бірде үйіміздің қасындағы дүкенде сатушы жас қызға айтқан ақылын естіген едім. – Сіңлім, мен сізбен қазақша сөйлесіп тұрмын ғой, неге маған бөтен тілде жауап бересіз. Ана тілін сыйлау әр перзенттің парызы емес пе? – деп жас қызға ақыл айтқаны есімде. Содан бері сатушы қыздың ұяты оянған болуы керек, дүкенге қашан келсек те қазақша жауап беретін болды. Асылы көшеге шыққанда да аялдамадағы жарнамалардың қателерін көрсе болды, әдейі барып сөмкесінен қаламын алып түзетеді немесе жыртып тастайды. Осындай қылықтарын көре жүріп: – Апырмай, қазағым, елім деп жүрген Асылының намысшыл мінезі де ерекше екен-ау, – деп қайран боламын. «Қазағым барда мен бармын» дей жүріп, Асекеңнің елі үшін атқарған қыруар еңбегі бұл күнде өз жемісін берген сияқты. Олай дейтін себебім, жұмыс бабымен ел аралап жүргенде, кітабымдағы Асекеңнің суретін көрген жұрт көптен сағынған туысын көргендей: – Оу, мынау өзіміздің Асылы ғой, барысымен сәлем айтыңыз, – деп жатады. Иә, ел аралап жүріп, өз халқын жан-жүрегімен сүйе білген Асылы Әлиқызының жұртшылық алдындағы беделінің қандай екендігіне әр сапарға шыққан сайын куә болғандаймын. Жүрек қалауымен өзі сүйген халқы бұл күнде Асылы Әлиқызын ардақты азаматындай көріп, Асекең деп те, әрі аяулы қызын Асылы деп те атаумен келеді. Ақиқаты, бүгінгі таңда Асылы Әлиқызы – елімізге көп еңбек сіңірген, кемелдік биігіне көтеріліп отырған, алдағы уақытта да заманның еңісінен емес, өрінен таныла берер халкымыздың Асыл Қызы. Тұрсынбек ТОКИН

3603 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы