• Тұлға
  • 08 Маусым, 2011

Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай!

d0b4d0bed0bad182d0bed180Ақ халаттыларға тән ұқыптылық Берген ағаның әр қимылынан аңғарылады. Шалт қимылды дәрігердің жүзінде де мейірім бар. Алдына келген сырқатты дәрігерлік тексерістен өткізіп жатқан оның әрекетін біз сырттай бақылап қана отырмыз. Көзіндегі әйнегі қалыңдау келген көзілдірік те көп оқып-тоқығаннан хабар беретіндей. Сырқаттың танауына сұйықтық тамызып, әлденелерді түсіндіріп жатты. Иә, бұл кісі – Берген Өткелбаев есімді қарапайым халық «лор» атап кеткен дәрігер, яғни бүгінде ел арасында көп кездесетін мұрын, құлақ, тамақ ауруларын емдейтін оториноларинголог маман. Өзбекстаннан келген дәрігер білім-білігінің арқасында бүгінде халқы сыйлайтын жоғары дәрежелі дәрігер атанып, құрметтен де кенде қалған емес. Балалық шағы түрікмен жерінде өтіп, кейін өзбектердің еліне қарай көшкен, бүгінде атамекенге оралғанына Аллаға шүкіршілік ететін ағаның айтары бар секілді көрінді. Бір жағынан, сырткөз «патриот адам» десетін жанмен әңгімелеспекке, екінші жағынан, жаз айы келіп, түрлі аурулардың асқынатын шағы болған соң дәрігердің кеңесін алмаққа Алматыдағы №6 қалалық ауруханада қызмет ететін Берген ағаға арнайы келдік. – Аға, білуімше, түрікмен жерінде өсіп, кейін өзбек еліне қарай қоныс аударыпсыздар. Ал жастық шағыңыз да Алматыда өтіп, ақыры атамекеннен дәм бұйырған екен. Алладан кейінгі адам өміріне арашашы болар ақ халатты абзал мамандықты бала кезден армандадыңыз ба? – Менің балалық шағым Түрікменстан­ның Көне Үргеніш деген жерінде өтті. Осы жерде түрікменше білім алып, орта мектепті алтын медальмен бітірдім. Алайда «атамекен» деп соққан жүрегім бір орында тұрақтатпай, мен Алматыға асықтым. Арман қуып атамекенге, ару қала – Алматыға келдім. Сөйтіп, 1967 жылы Алла арман-тілегімді қабыл етіп, ҚазМИ-дің студенті атандым. Менің әу бастағы арманым да өзім секілді қазақ қыз-жігіттерінің ортасына барып, солармен бірге білім алу еді. Бір сөзбен айтқанда, қайнаған қазақы ортаға қосылу болатын. Арманым орындалып қана қойған жоқ, мамандық таңдау жолындағы мақсатыма да қол жеткіздім. Мен сол кезде адамның армандай білуі керек екендігін ұқтым. Сонда ғана бір Алла тілегімізді қабыл етпек. Иә, қызым, мені медицинаға әкелген де осындай тағдыр болатын. – Әдетте елден жырақта жүрген азаматтар атамекеннің қадірін басқалардан артық түсінетіндей. Әсіресе, соларда патриоттық сезім басым болып, бойындағы ұлтқа деген жанашырлық та бірден байқалып тұрады. Сізді сыртыңыздан білетіндер «ұлтжанды, патриот адам» деседі... – Алыста жүргендердің атамекенді аңсауы – заңдылық. Жырақта жүргендіктен де олар үшін атамекеннің қадірі қатты сезіледі. Ал мені басқалар «патриот» деп жатса оған тек қуанамын. Мен ғана емес, кез келген Қазақстанда тұратын азамат сол елдің патриоты болу керек деп ойлаймын. Мен кейде өз қаракөздеріміздің ана тілдерін білмей мүдіріп, білсе де кейде өзге тілде шүлдірлеп жататынын көргенде қатты қынжыламын. Өзіңіз білетіндей, мен түрікмен жерінде, кейін өзбек елінде де өмір сүрдім. Ол елдер де посткеңестік мемлекеттер болғанымен, оларда жағдай мүлде бөлек. Өзбектер де өз тілін құрметтейді. Қала берді, түрікмендер де тіліне қатты берік. Сондықтан да оларда тіл мәселесі деген мүлде жоқ. Мен өзге елде өсіп, кейін атамекенге оралсам да, оқуды орысша бітірдім. Өкінішке қарай, әлі күнге медицина саласының мемлекеттік тілді мойындап келе жатқаны мардымсыз ғой. Бірақ бұлай отыра беруге де болмайды. Мен әр кез жиындарда осы саладағы әріптестеріммен, тіпті барлық пациенттеріммен қазақша сөйлесуге ұмтыламын. Осыны көргендер маған жаңағыдай баға беретін болуы керек. Кейде көп жиындарда мемлекеттік тілде сөйлейік деп баз біреулерге жақпай жататыным да бар. – Енді әңгімені кәсібіңізге қарай бұрсақ. Қазір біздің елді айтпағанның өзінде, әлемнің экологиясының күн санап нашарлап бара жатқаны туралы мамандар дабыл қағуда. Бір Алматының өзінің экологиясы сын көтермейді. Мұның бәрі түрлі аллергия секілді аурулардың көбеюіне әсер етпеуі мүмкін емес. Жалпы, қазір құлақ, тамақ, мұрын ауруларымен шағымданып келетіндер көп пе? – Рас, құлақ, тамақ, мұрын аурулары азаяр емес. Міне, жаз да шықты. Енді тіпті көбеймесе азаймайды. Жалпы, бізге жәрдем сұрап келушілердің арасында құлақтың шудан зардап шегіп, есту қабілетін төмендетіп алғандар көптеп кездеседі. Қазір жер шарындағы халықтың әрбір бесіншісі және 33 пайыз қарт адамдар – осы дертке шалдыққан науқастар. Ал енді жаз айлары басталысымен қазан айына дейін тамақ, мұрын ауруларының ішінде жиі кездесетін, науқастарды әбден титықтатып бітіретіні – аллергиялық ринит. Бұл жаз айларында түрлі өсімдіктердің гүлдеп, олардың шаң-тозаңы ауаға желмен ұшып, тарауынан болады. Ол поллиноз, яғни маусымдық аллергия деп аталады. Бұл кезде адамның демалуы қиындап, мұрнынан су ағады, жиі түшкіреді, көзі қызарып, мұрны мен тамағы қышиды. Ауру белгілері байқалған бойда дереу дәрігерге қаралған жөн. Алайда көп адамдар мұны жеңіл-желпі ауру деп қабылдап, өз бетінше емделе бастайды. Сөйтіп, мұрынды тек уақытша ғана ашатын дәрілерді тамызып әуре болады. Кейін сол дәрілерге үйреніп алады да, ауруы айға, кейін тіпті жылға созылады. Ақырында дәрі тамызбаса тұра алмайтын жағдайға жетеді. Бұл кейін мұрын полипінің пайда болуына әкеп соғады. Мұны тек операциялық жолмен емдеуге болады. – Жыл бойы аллергия болып жүретін адамдар да бар. Бұл аллергияның басқа түрі ме, әлде?.. – Иә, жыл бойы жалғасатын аллергияның бұл түрі мұрын жарақатынан, мұрын қалқа­нының қисаюынан болады. Бұл кезде де мұрынмен дем алу қиындап, ауыз құрғайды. Соның салдарынан ми қабаты дұрыс дем алмайды. Науқас үнемі шаршаңқы кейіпте жүреді. Оны емдеудің жалғыз жолы бар. Ол – операция жасау. – Бұлардан бөлек құлақ ауруларының ішінде жиі кездесетін аурулар бар ма? Болса, соларға тоқтала кетсеңіз. – Бар. Құлақтың шулауы: құлақтың есту жүйкесінің зақымдануы, ішкі құлақ аурулары, іріңді ортаңғы құлақ отиті, отосклереоз (құлақ сүйекшелерінің қатаюы), жалпы атеросклероз, омыртқа остеохондрозы, қант диабеті, құлақта құлық пайда болуы – құлақтың есту қабілетінің төмендеуіне әкеп соғады. Құлақ шуына шалдыққан аурулар лор және невропатолог-дәрігерге келіп, тексерілгені жөн. Бұлардан басқа да лор ауруларының ішінде жиі болатын ауру түрлеріне – баспа, яғни тамақ безінің қабынуы және балаларда кездесетін мұрын және таңдай аденоидын жатқызуға болады. Енді мұны емдеу турасында халықтың арасында, дәрігер мамандардың арасында да талас-тартысқа толы пікірлер көп. Медицинада дәлелденгендей, тамақ безі адамның иммунитетін көтеруде маңызды рөл атқарады. Сондықтан тамақ жиі ауырып, мазаңызды алмаса, оны операциялық жолмен емдемей-ақ қойған жөн. Ал, керісінше, тамағыңыз жылына 5-6 рет ауырып және әр ауырған сайын ауыр соқса, жағдай мүлде басқа. Бұл созылмалы тонзиллит түріне дейін асқынып, өз қызметін атқармаса, жүрекке, бүйрекке шабу қаупі болады. Ондайда кардио­лог маманмен ақылдаса отырып, шешім қа­былдап барып операциялық жолмен алып тастаған жөн. Сондай-ақ мұрын аденоиды ке­зінде бала түнде аузын ашып, қорылдап ұйық­тап, мұрнымен дем алуы қиындайды. Тіпті баланың бет сүйегі өзгеріп, құлақтың есту қа­білеті төмендей бастауы мүмкін. Осы кезде де оны операциялық жолмен алып тастау керек.

P.S. Бүгінде асқаралы алпыстың бір биігін бағындырып отырған Берген ағаның қос ұлы да еліміздің білікті дәрігерлері сапында. Мамандығына деген махаббаты балаларын да осы салаға баулуға бастағандай. Еңбек сіңірген жоғары дәрежелі дәрігер атанған Берген аға «Елі сүйген азамат атанғың келсе, ең алдымен, еліңді сүй!» деген қағиданы ұстанады. Сөз соңында патриот аға «Еліміздің басы аман, бауыры бүтін болсын! Халқымыз ауырмай-сырқамай, ата-бабаларымыз секілді ұзақ та баянды ғұмыр кешсе екен!» деген тілегін білдірді. Динара ІЗТІЛЕУ

3962 рет

көрсетілді

293

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы