• Тұлға
  • 08 Маусым, 2011

Түгел қазақ, түгенделейік

d181d0bcd0b0d0b3d183d0bbСмағұл Елубай

...Тоқсаныншы жылдар басында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда көшіп бара жатқан бір көршіміз «бұлар ел болмайды» деп тілдеп кеткені есте. Сөйтіп, Қазақ мемлекетінің болашағына сенбегендер көшіп кетті. Ал қазақ элитасы болса сол бір алмағайып тұста ақылға сыймас бір оқыс қимыл жасады. Экономика қирап, постсоветтік кеңістік аласапыран болып жатқанда, Алаш элитасы екі білекті сыбанып жіберіп, нар­тәуе­келмен аңыраған Арқа төсінде жаңа Астана салуға кірісті. Бұл... өзі жас, экономикасы жер бауыр­лап жатқан ел қолға алар жоба емес еді. Алайда тарих Алаш элита­сының сол бір асығыс та асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Бүгін, мінеки, араға 20 жыл салып, ақиқатқа айналған арман қала Астана төрінде отырмыз. Сонда сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ элитасына қанат бітірген қандай құдірет еді?! Құлдық қамытынан кеше ғана шыққан халық қалайша бұндай ғасыр жобасына қол созды?! Ақылға сыймайды! Сөйтсек, осынау тәуелсіздік дүмпуімен бірге көтерілген бұла күш не десек... қазақ болмысында бұрыннан бар пассианарлық қуат екен. Алаш болмысында бар асау арын екен. Қазақ элитасын жаппай жасампаздыққа жұмылдырған сол құдірет екен. Ұлт бойында бұққан, бұғауланған сол бұла күш бостандық алысымен жанартаудай атылыпты. Ұлттық рух күңірене қопарылыпты. Алапат пассианарлық қозғалысқа айналыпты. Кезіккен кедергіні қаңбақ құрлы көрмепті... сол сұ­рапыл көшкін-қозғалыс ба­сында пассианар тұлға Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Жанар­таудай дүмпіген қазақ пассианарлығын Президент осы тұста жаппай жасам­паздыққа бағыттады. Ұлы Дала жиырма жыл ұдайы үздіксіз жаңару, жаңғыру үстінде болды. Аты бар да, заты жоқ кешегі кеңес­тік республика бүгінде тегеуріні темірдей тәуелсіз Қазақстанға айналды. Күні кеше Астанада өткен жарты әлем жетекшілерінің Саммиті – соның айғағы. Дүние­жүзілік бұл даңғайыр дүрмек қазақ пассианарлығының диплома­тиялық дүмпуі болды. Әлем көсем­дері Қазақ елін Орта Азия көш­бас­шысы деп таныды. Тәуелсіз Қазақстан топ жарды!!! Өткен ғасырдың 20-30-жыл­­дары қазақ басына төнген қы­зыл нәубет халқымыздың тең жар­тысын жер жастандырды. Сол нәубет болмағанда бүгінде са­нымыз 40 миллионнан асып, қай­мағымыз бұзылмай, төрт кө­зіміз түгел атажұртта оты­рады екенбіз. Қызылдарды қар­ғай­тынымыз содан. Өйткені олар қазақты аямады. Ит жыртқан те­рідей етті. Бауыры бүтін қазақ сол қиянат салдарынан бүгінде қырық жамау жыртылып, қырық шақты елде жүр.Бүкіл қазақты бір тұлға десек, сол тұлғаның кеудесі – Қазақстанда, аяқ-қолы сыртта. Яғни етек-жеңіміз жи­налмай жатыр. Біз болсақ бір болғымыз келеді!!! Бүтін болғымыз келеді!!! Сол бүтіндіктің жоқтығы, жеріміздің көптігі, Алаштың аздығы жанға батады. Шиқандай батады. Тәуелсіздік тағдырына ті­келей қатысты бұл жағдаят, сөзсіз, Жер бетіндегі әр қазақты ойлантуға тиіс. Сол ойдың тобықтай түйіні: Түгел қазақ түгенделіп, атажұртқа ту тіккенде ғана тәуелсіздік тұғырлы болмақ!! Тәуелсіздік бәй­терегі терең тамырлы бол­мақ!!! Демек, демографиялық жыр­тығымызға жамау болуға тиіс көші-қон – тәуелсіздік ке­пілі. Ендеше, жұмғуриетіміздің осынау жанды жеріне келгенде Қа­зақстан өкіметінің соңғы кез­дегі жайбасарлығын қалай тү­сінуге болады?! Үрімжіде мың­даған қазақтың Қазақстанға кіру визасын ала алмай сабылып жүруін қалай түсінуге болады?! Соңғы келіп түскен хабарға қарағанда, Үрімжідегі Қазақстан консулдығының басшысы да, қосшысы да қызметтен алынған. Бізді қатты алаңдататын нәрсе – енді бір 10-15 жылда Қазақстанға көшкісі келетіндер саны күрт қысқаратыны. Оған себеп: атажұртты аңсайтын үлкендер кетеді. Сол кезде ұлы халықтармен мидай араласып кеткен жас ұрпақ үшін «атамекен», «Қазақстан» деген ұғымдардың бұрынғы жүрек тебірентер мағынасы қала ма екен?!. Күмәніміз бар... Сон­дай... күндер жақындап келеді, ағайын!.. Қатыгез мезгіл... көші-қон мерзімін аяусыз шұнтитып қысқартып келеді!!! Енді бір 15 жылда шетелдегі 5 миллион қазақ ұрпағынан біз, сөйтіп, біржола... айырылып қалу... алдында тұр­мыз!!! Өткен ғасырда біз іштегі осынша халықтан.... өлідей айырылсақ... бұ ғасырда біз бұндай жайбасарлықпен сырттағы сонша халықтан тірідей... айырылып қалуымыз мүмкін... Жаңа заман алға тартқан осынау жаңа апаттан қазақты құтқаруды... абыз тарих... Сіздер мен Біздердің пешенемізге жазыпты. Ол парызды орындай алсақ, ер боламыз. Ел боламыз. Алаш тарихы алдында жүзіміз жарқын болады!!! Бүгінде Қазақстан экономи­касы еңсе көтерді. Аллаға шүкір, Елбасымыздың әлем алдындағы абыройы асқақтап тұр. Әсіресе, қазақтар мол шоғырланған Қытай, Ресей, Өзбекстан алдындағы беделі зор. Қазақстан үшін бұндай қолайлы сәт тарихта бұдан кейін туа ма, тумай ма?! Белгісіз... Ендеше, қазақ мол шоғырланған Ресей облыстарында, Қытайдың Шәуешек, Өзбекстанның Нөкіс қаласында қазақ консулдықтары ашылса дейміз... Және оларға көші-қонмен айналысу құқы берілсе дейміз... Қазақстан үшін осындай өмірлік, стратегиялық маңызы бар көші-қон мәселесімен айналысатын Агенттікті тікелей Қазақстан Президенті құзырына қарататын мезгіл де туды деп білеміз. Өткен ғасыр... 20-шы ғасыр... «қазақты тарыдай шашқан ғасыр» болып еді... енді мына... жаңа ғасыр... «қазақты... қайта қосқан ғасыр» болғай!!!

2626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы