• Тұлға
  • 15 Маусым, 2011

Жәмила ҚАРАТАЕВА: Атам мені тоты деуші еді

d0bad0b0d180d0b0d182d0b0d0b5d0b2d0b0Өткен жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, аса көрнекті әдебиет сыншысы, энциклопедист-ғалым, ұстаз, публицист Мұхамеджан Қожасбайұлы Қаратаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай қазақтың асыл сөзін бүгінгі күнге жеткізуге аса зор үлес қосқан алып тұлғаның елге сіңірген еңбегі мен есімін өшірмей, алдағы жарқын болашаққа апару мақсатында ғалымның келіні бір кісідей тер төккен екен. Батыр Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның келіні Зейнеп апа Ахметова, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ке­ліні Бақытгүл Айдаровалар сияқты әдебиет сыншысы М.Қаратаевтың да келіні Жәмила Құланбайқызы ата мұрасының сақталуы үшін көп жылдардан бері еңбек етіп келеді. Осы орайда Жәмила апаймен дидарласып, әңгімелескен едік. – 2002 жылы жарық көрген «Ұрпақтар сабақтастығы» атты Сіз жазған кітапта Қаратаевтар әулетінің барлық тіршілігі, отбасының сақтайтын жарасымды дәстүрі, ұстанатын қағидасы жан-жақты қамтыл­ғанын көріп, қайран қалмасқа шарам қалмады. Үлкен жанұя­ның ұйытқысы болып отырсыз, ендеше, өткен шаққа аз-кем саяхат жасасақ қайтеді? – Атаның өз ұлдарына қойған аттары болушы еді. Мысалы, Қайсарды – Нәркес, Мирасты – Қоқай, Мирланды – Тапал, ал мені Тоты деуші еді. Жәмила апай артта қалған өмірді аса зор сағынышпен еске алып, тебірене отырып әңгімесін бастады. – Атаның көзі тірісінде қағаз­дарына, басқа да жұмыстарына еш араласқан емеспін. Ал көзі кеткен соң қалған нәрселеріне ие болу керек болды, мұрасының бейберекет шашылып кетпеуін қадағаладым. Ата қайтыс болған кезде енемнің қасында сүйеніш, сырлас бола білген ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың күйеубаласы Оразай Батырбекұлы болды. Ол кісінің мәдениеттілігіне, білімдарлығына сөз жоқ. Өмірде кездесетін сын сағаттарда осындай жаны ізгі, ниеті түзу адамдардың бар екенін білу өте маңызды деп санаймын. Өйткені Оразай аға атаның балаларына қазіргі күнге дейін қолынан келгенше ақыл-кеңесін, қамқорлығын көрсетіп келеді. Менің қайын атам, яғни Мұхамеджан Қаратаев 1934-36 жылдары Ленинградтың мемлекеттік тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқып, «Пушкин және Абай» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазуға кіріскелі жүргенінде, небәрі өндірдей 27 жасында Алматыға, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшылығы қызметіне шақырылады. Атаның өмірбая­нында 1938 жылдан бастап 1955 жылға дейін үзіліс бар. Яғни сол кездегі мемлекеттік саясаттың қазақтың өсіп келе жатқан зиялыларына жасаған жауыздығы мен қиянаты орасан зор. Ағайынды жеті ұлдың үлкені болған Мұхамеджан атамыздың балалық шағы да, есею, ержету кезеңдері де қиындықтарға толы. Мәселен, анасынан он жасында, әкесінен он үш жасында айырылғаны аздай, Мұхамеджан Қаратаевтың өмірбаяндық деректерінде кеңестік жүйедегі зұлмат саясаттың тепкісін көп көргендігі баяндалады. Ол алдымен 8 жыл Краснояр өлкесінде (1938-1946), 5 жыл Жамбыл облысында (1946-1951), 4 жыл қайтадан Краснояр өлкесінде (1951-1955) айдауда болған. Осы қиын-қыстау кезеңде Мархума енем Сібірге жан-жарын іздеп барып, қияметтің қыл көпірінен қол ұстасып бірге өткендігі – қазақ әйелінің адал махаббатының, қайсарлығының үлгісі деуге болады. Қазақтың бетке шыққан қаймақтарын қалқып алып, қудалау, түрмеге қамау, жәбір көрсету, жұмыстан шеттету, жер аудару сияқты сол кездегі үкімет жасаған сұрқия істердің бәрін ол кісі осылайша бастан кешірді. Екі рет ұсталып, он жеті жыл бойы қырғын қияметтің зардабын кешкен адамның бар жазығы – туған халқын бар жан-тәнімен сүйгендігі, елінің өркендеуі, жерінің көгеруі үшін жанталаса күрескендігі еді ғой. Жалпы, менің әкем Құланбай да, енемнің атасы Жүсіп те кезінде қажылыққа барған жандар болғандықтан, біздердің бәріміз де имандылық жолды берік ұстайтынбыз. Ата қайтыс болардың алдында үлкен баласы Қайсардың әйелі Рима дүние салды. Әлі күнге дейін абысынымды жоқтап, аза тұтамын. Он бір бала көтеріп, солардан қалған жалғыз ұл Медетін аялап өсірген Рима денсаулығына байланысты өте көп азап шеккен болатын. Иә, Қаратаевтар шаңыра­ғын осыдан кейін қайғы бұлты әбден торлапты. Он жылдың ішінде алты адамнан айырылу қандай ауыр десеңізші. – Атам өз ұлдарын әкімші­лік, басшылық жұмыстардан қақпайлап, көбінесе ғылымға, зерттеу жұмыстарына бағыттап тәрбиелеген еді. Сондықтан да үлкен ұлы Қайсар медицина ғылымдарының кандидаты болды. Қазақтың онкология институтында изотоп бөлімінің меңгерушісі болып өмірден озғанша еңбек етіп кетті. Мирас техника ғылымдарының кандидаты, Алматы теміржол институтында, ал Мирлан философия ғылымдарының кандидаты, жоғары оқу орындарында сабақ берді. Еншіміз бөлек болса да, қазан-аяғымыз бөлінбеген тату-тәтті шаңырақта өмір сүрдік. Үшінші ұлы Мирлан мен келіні Ғайни екеуі аталармен он үш жыл бірге тұрды. Өкінішке қарай, атаның балалары дүниеден озды. Ата қайтыс болғанда 1960 жылы жазып кеткен қол­жазба күйіндегі 30-ға жуық күнделіктерін көрдім. Соларды сақтау, бір жүйеге келтіру құрметіне ие болғаным үшін өзімді бақытты сезінетінім бар. Айтса айтқандай, М.Қара­таевтың «Бетбұрыс белестері» атты кітабы қолжазба қалпынан дайындалып, «Алатау» баспасынан 2005 жылы, ал «Ғасырлар үндесуі» таңдамалы шығармалар жинағы 2006 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген екен. Сондай-ақ «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Көргендерім мен көңілдегім» (2009) және «Ана тілі» баспасынан мерейтойлық әдебиет сериясымен таңдамалы шығармалар жинағы 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің алғысөзімен басылып шықты. Мұхамеджан атаның 100 жылдық мерейлі тойы салтанатты түрде өткізілуін өтініп, ресми орындарға отбасы тарапынан хат жазуды ұйымдастырып жүрген де Жәмила Қаратаева екенін айтпасқа шарамыз жоқ. 2010 жылдың қараша айында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Мұхамеджан Қаратаевтың 100 жылдығына арналған мерейтой өз деңгейінде өткені зиялы қауымға, көзіқарақты, көңілі ояу көпшілікке жақсы белгілі болса керек. Бүгінгі таңда М.Қаратаев­тың қарашаңырағында Сәкен, Санжар, Медет, Нағима, Нейла есімді немерелер ержетіп, еңбекке араласты. Сондай-ақ шөберелер өсіп келеді. Кім біледі, алдағы уақытта қазақтың көркем әдебиетінің өкілі солардың арасынан шығуы да әбден мүмкін ғой. Салтанат ҚАЖЫКЕН

3225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы