• Тұлға
  • 22 Маусым, 2011

Жеңісті де жемісті кезең (Қарымды қаламгер інім Қайсар Әлім хақында)

d0bad0b0d0b9d181d0b0d180-d0b0d0bbd0b8d0bc-2Осы мақаланы жазар алдында тарлан талант – өлең өрнегінің өрен де ерен майталман жүйрігі, ақық жырдың ақиығы Сыр-ағаңның - Сырбай Мәуленовтің «мен газет перзентімін» деген сөзі де есіме оралған еді. Бұл пікірді тегін айтып отырған жоқпын. Қазақ баспасөзі ізашарларының бірі де бірегейі Мұхамеджан Сералин шаңырағын көтерген бір кездегі «Большевиктік жолда» (Қостанайда) сол Сыр-ағаң да соғыстан кейін газеттегі алғашқы қадамын бастап, бас редактордың орынбасары қызметін атқарған еді. Біз де сол киелі шаңырақтың шапағатын көрген ұрпақпыз. Ал, Қайсар, сен сол газеттің «Коммунизм таңы» атанған тұсында табалдырығын аттадың. Одан кейінгі өмір жолыңда қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі болып, енді сол газеттің аппаратында 2000 жылдан бері табан аудармастан тәлім алып, тәжірибе жинақтадың, абырой-атаққа бөлендің. Осы жылдары сен өмір көрдің, республиканың тұс-тұсын, Қостанай мен Торғай даласын шарлай аралап, талай замандастарыңның ерлік ісін, еңбектегі ерен табыс­тарын, айтулы адамдардың өнегелі өмір жолын тірнектей жинап, талай очерктерің мен деректі хикаяттарыңа желі еттің. Журналист-жазушы ре­тін­де сен өз жанрыңды тапқан қаламгерсің. Сенің осы кезеңде жарық көрген 8 томдық шығармалар жинақтарыңда әдебиеттің толып жатқан жанрына қалам тартып, үлкенді-кішілі туындыларыңның оқырмандарға айтар тақырып ауқымы кеңи түсті. Әсіресе, көркем очерктерің мен қызық оқиғалы хикаяттарыңның, әңгіме-новеллаларыңның, соның ішінде әдебиет теориясында эпистолярлық жанр деп аталатын хаттасу немесе мемуарлық-хроника түріндегі шығармаларың мен күнделіктер беттеріндегі тартымды баяндарыңды әрбір оқушы қызыға, құнттап, құныға оқиды. Қайсар! Сенің деректі прозадағы табысың ретінде Сырбай мен Ғафу туралы мемуарлық-хроника хикаяттарың жазу мәнерің мен баян­дау шеберлігіңнің көп жайттарын аңғартады. Бұл екі туынды күнделік түрінде жазылса да, Сыр-ағаңның мүшелтойына келу сапарынан бастай отырып, ақынның өмір жолына, ел мен жерге деген шексіз махаббаты мен мархабатын әдемі штрихтармен бергенің оқырман көкейінде оқылып та, тоқылып та қалады. Соның өзінде ежелгі Торғай тарихы мен ақын өмірбаянындағы елеулі оқиғалардың астасуын атап көрсетер едім. Сол той үстінде талайдан ағалы-інілі болып, қазақ әдебиетінде қол ұстасып, қосарлана ел құрметіне бөленген айтулы ақындардың достығы туралы жүрекжарды әдемі лебізді Ғафудың аузынан есту де ғанибет! * * * Сен менің өз сүйегім, нағашымсың, Қазақсың, қарашаңырақ Алашымсың. Өтейден өрт боп туған бауырым ең, Сол отың жүзге дейін жана тұрсын,– деп өзіңе өлең арнаған арқалы ақын Ғафу туралы жазбаларыңда да ағыл-тегіл төкпе жыр сүлейінің бар болмысын көз алдымызға келтіргеніңе ризашылық білдіремін. Ұлы арыстарымызды Тәуелсіздік алған, сонау бір қытымыр заманның ғадауатынан ақтап алған сәттен бас­тап Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың Сосновецтегі мүрдесін ақынның туған топырағына – Торғай жеріне жеткізу экспедициясына Марат Әпсемет екеуің қатысып, елдің аманатын арқалап, абыроймен атқарған, сөйтіп, Жақаңның туған-туысқандары мен бүкіл қазақ халқының ақ алғысын алған осы кезде сен былай деп жазған едің: «Еңбекші Қазақстанда» істеген М.Дулатұлы нағашымның жолымен тағдыр мені сол кісінің тума газеті «Егеменді Қазақстан» шаңырағына әкеліпті. Енді өзін жоқтап үлкен мақсатпен жолға шығып бара жатырмыз. Бұл оқиға күллі журналистік ғұмырымның, бәлкім, биік белесіне айналар-ау!..» Сол сапарыңның баянды болғанын әрқашан да мақтаныш етеміз. Оның барлық тарихын сен өзіңнің «Міржақыптың оралуы.Возвращения из небытия» деген қазақ-орыс тіліндегі хикаятыңда емен-жарқын баян еттің. Жазушы ретінде әдеби күнделікте Карелия жеріне алғаш табандарың тиген сәттен бастап бір кезде қапаста болып, талай тауқымет тартқан Жақаңның Сосновецтегі өмірінен алғашқы деректерді тірнектей жинап, ұлы бабамыздың сондағы басынан кешкен оқиғаларды көзі тірі куәгерлерді тауып, сұхбаттасудың сәті түскен. Сен Жақаңның көзі тірі ұрпағы Гүлнәр апайдан бастап оның ет-жа­қын тума-туыстары туралы, Ахаң мен Жақаңа байланысты тарихи және деректі дәйектер келтіре отырып, оның Алаш ардақтысы атану жо­лының талай танымдық бел-белестерін келтіргенсің. Бұл орайда сенің 6 бөлімнен тұратын осы хикаят-сапарнама жазбаларыңның, оқырманды өзіне тартар жазушылық машығыңның астарларына зер сала оқу керек. Күнделіктер түрінде жазылған хикаяттың бастауындағы Жақаңды көзі көргендер мен замандастарынан естіп-білген, әсіресе, Жақаңның қызы Гүлнәр апайдың әкесі туралы ойлары осы туындының беташары іспетті әсер қалдырып, оның толғаныстары мен «Міржақып әлемі» эссесінің оқырмандарды тарта түсетін желісіндегі тың деректерге еріксіз ере түсетініміз тағы да бар. Өткен 2010 жыл Міржақыптың туғанына 125 жыл толған айтулы жыл болды. Осыған орай сен «Егеменде» бірқатар толғанысқа толы соны туындыларыңды жарияладың. Солардың бірі – «Қазағын оятып, ойлантқан!» деп аталатын Жақаңның өз халқының мұң-мұқтажын жоқтап, сонау заманда Әлихан мен Ахметпен тізе қосып, әйгілі «Қазақ» газетінің шаңырағын көтеріп, талай уәзипалы да уәжді пікірлерін паш еткен еңбектерін терең танып, талдап, таразылап, зерттеп, зерделеп бердің. Оларда Жақаңның елі мен жері, тілі мен ділі, туған халқының хал-ахуалы туралы өзекжарды ойлары орайын тапқан. Ол патша заманының бұратана халықтарға жасаған қиястығы мен қиямпұрыс саясатының жымысқылық астарларына пайыммен зер салады. Гүлнәр Міржақыпқызының 95 жасқа толуына орай «Тоқсан бесте жасым бар...» деген тақырыпта апаймен сұхбатыңның қалың оқырмандар үшін шоқтығы биік жарияланым болғанын айтуым керек. Автор сұхбат дегенмен де оқушы бұл туындының әдеби деңгейіне зер салар болса, оның көркемдігі мен автордың көкірек көзімен баяндау машығы, ой-орамдары оқырманның есінде жатталып та, хатталып та қалады. Қайсар, сен Жақаңның өмірі мен қоғамдық қызметінің, отбасындағы кісілігі мен азаматтық парасат-пайымын жақсы штрихтар арқылы, Гүлнәр апайдың сырлары арқылы әдемі әдіптегенсің. Соның бәрінде өзің ынта қойып, ықылас танытқан сауалдарыңа жа­уап аласың. Қайсар, сенің Алаш арыстары туралы тұтас сериялы еңбектеріңде көркем көмкерілген уәждер аз ұшыраспайды. Соның бәрінде де олардың өз халқы үшін өмірдің қиямет-қайым қиындықтарынан өткен Аға ұрпақтың аянышты да абыройлы жолдары сайрап жатыр. Сондықтан да сенің сонау Карелияда жерленген Жақаңның мүрдесін туған топыраққа жеткізу экспедициясына қатысуың қазақ халқы алдындағы азаматтық парызың мен қарызыңды өтеу деп кәміл айтуымызға болады. * * * Сенің көптомдық шығармалар жинақ­тарында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушылыққа өзің секілді газеттің ұлағатты мектебінен келген қарымды қаламгер Әзілхан Нұршайықовпен табаны күректей 35 жыл бойы хаттасуларыңа «Махаббат жыршысы» кітабыңның желі болғанын атап өтуім керек. Ең алғашқы рет 1975 жылдың 2 мамырында жазған хатыңнан бастау алған хаттасуларыңыздың, ұзаққа созылған аралас-құраластық, ағалы-інілік іңкәрлікке толы хаттар сырын осы кітапты толық оқып ойға да қаласың. Мұның өзі жай хаттасу емес, одан қаламы төселген талантты жазушының, темірқанат жас қаламгерге деген ағаның ақыл-кеңестері, әдебиет туралы ойлары мен жазушылық өнерге келудің қиын да қызғылықты жайттарына қанығасыз. Кезінде қазақтың талантты жазушысы Мұқан Иман­жановтың (ұлағатты ұстазы туралы Әз-ағаң «Қаламгер және оның дос­тары» деген эпистолярлық роман жазған) шапағатымен үлкен өнердің есігін ашқан қарт қаламгердің Қайсар сияқты талапты жастың өзіне бағыштаған хаттарына алтын уақытын сарп етіп, қанатына қарлығаштай су себуінің өзі оның азаматтық та адами болмысын танытады. Әз-ағаңның жазушылық ғұ­мырынан сабақ алу ниетімен суырт­пақтай қойылған талай сауалдарында Қайсар өзінің қаламгерлік жолында тәлімгер болған жазушының әдеби зертханасына шым-шымдап үңіле отырып оқырманды хабардар етуі, хаттасулардың мазмұны мен сырласулары сөз зергерінің өмір жолымен, тәлім аларлық тәжірибесімен үндесіп жатады. Қайсар, көркем туындының қай жанрында болмасын оның табиғатына сай, әңгіме ме, күнделік пе, сұхбат па, хикаят немесе новелла ма, соның бәрінде шығарманың сюжеттік желісі мен баяндау тәсілін игеріп, ең бастысы, әдеби тілдің ма­йын тамыза жазасың. Көбінде қысқа да нұсқа жазу, соның өзінде айтар ойы мен тілдік ұстынын ретімен қол­дана отырып тастай қалайтының бар! Жалпы, Қайсардың әдеби тілі аса бай. Оның кейіпкерлерінің диалогтары мен монологтарының шұрайлы мақамдары оқырманның мерейін өсіреді. Қайсардың қаламынан туған қай шығармасында да Торғайдың тамаша жазығындағы туған қоныс- Ғафаң Қызкерімен армансыз аралап жырлаған атақты Қызбел тауының, Сарықопаның алтын бунақ қамысы, Тасқұдықтың балды бармақ шәр­баты, Шұбардың жазиралы жайлау жақұты, Қайсар, сенің қиялыңа – азық, қаламыңа – қазық болып, тамыл­жыған табиғат суреттеріне айналған. Оқығанда тіл үйіріп тамсанатын, көкейіңе қона кететін жазушыға тән тамаша тіркестер, көркем көмкерілген көсемсөздер сенің қай шығармаңа да тән, етене шеберлік пен шешендік сипатты болып келеді. Сен «Егемен Қазақстан» газеті­нің тапсырмасымен ресми делегациялар құрамында талай шетелдерге – Францияға, Қытайға, Кореяға сапар шегіп, жол-жөнекей очерктерді де үсті-үстіне жазып, елді де, жатжұрттарды да оқырмандарға таныта білдің. Cен осы газеттің қабырғасында сіңірген еңбектеріңнің елеулі бір кезеңі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Арқа төрінде шаңырақ көтерген жаңа Астананың іргесі қаланған сәттен оның өркен жайып, мәуелі шаңы­рағының әр күні мен айла­рының, жылдарының шежіресін жа­зуыңды ерекше атап өтуім ләзім. Cенің өміріңнің өркенді көші Елің мен Жеріңнің ХХІ ғасырға- – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына аяқ басқан керуен көшіне ілесіп, Алпыстың асқарына қаламыңның жеңісті де жемісті кезеңіне аттады. Осы орайда сен өзіңнің өмірлік серігің, қарашаңырақтың ошағын маздатып, берекесін келтірген, жан-жарыңа өз шығармаларыңның 7-томына арнауыңда: «Күндеріміз де еңкейер... Махаббат, қызық дәурен де басымыздан ақ жамылғыдай сырғып бір түсер... бірақ Сен – бес баламның анасы, Алтын, бұл фәниде көңілімді бір шегермеген, асыл жар, ұрпағыңа Таңшолпан болып жарқырай берерсің...» деген екенсің. Бүгінде бірің – Отағасы болып, бірің – Отанасы болып, бейнеттің зейнетін көрген шақ­тарыңда балаларың мен немере-шөберелеріңнің қызығын көруге жазсын! Мырзабай КЕҢБЕЙІЛ, әдебиетші-журналист, қазақ баспасөзінің ардагері

5352 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы