• Тұлға
  • 22 Маусым, 2011

Рухы күштілер бәрін де жеңеді

d182d0bed180d0b0d185d0b0d0bdТөрехан Құдайбергенов, дәрігер:

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Біз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық» деп атап көрсетті. Бұл елімізді елеңдеткен мерейтойдың кәрі тарихқа «Есігіңді аш, мен келемін» деп тіл қатуы еді. Содан бері осы тарихи сәтті лайықты қарсы алуға отырарлықтар жұмыла жұмыс істеуде. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 игі іс» бағдарламасы қабылданды. Осындай қым-қуыт тірліктердің бел ортасында 40 жылға жуық денсаулық саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, білікті басшы, ұлтжанды азамат Төрехан Маханбетханұлы Құдайбергенов те жүр. Біз жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай ол басқарып отырған аудандық орталық аурухана табалдырығынан аттап, емдеу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымның атқарып отырған ауқымды істері, алдағы жос­парлары төңірегінде ой бөлісуін өтінген едік.

– Төрехан Маханбетханұлы, ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы мерейтойын сөз еткенде өткен жолдарымыз ойға оралатыны рас. Сондықтан да әңгімемізді аурухана тарихынан бастасақ. – «50 жылда – ел жаңа» деген. Ендеше, осыдан 76 жыл бұрынғы дәрігерлік қызметті бүгінгі күнмен салыстыруға мүлдем болмас. Бірақ осы жылдар заманауи талаптарға сай келетін бүгінгі денсаулық саласын қалыптастырды. Әрине, жоқтан бар құрап, бүгінгідей биікке жету оңай емес. Әріден айтсақ, ауданның орталық ауруханасы 1935 жылы аудан орталығынан ашылған. 1936 жылы қазіргі белгілі ғалым Естөре Оразақов аудандық аурухана­ның бас дәрігері болды. Ол бұл қызметті 1939 жылға дейін атқарды. Бүгінде осы аудандық ауруханада алғашқы жұмысын бастаған жас мамандардың біразы – облыс, республикаға белгілі тәжірибелі мамандар, ғалымдар, мекеме басшылары. Атап айтқанда Ермек Бекмұратов, Құланбаев – профессор, Серік Мүсірәлиев, Лескен Жүсіпбаев, Смайыл Үркінбаев, Полат Алтынбеков, Жолдасбек Тұрсынбаев, Рысқұлбек Жаппарқұлов, Ибрагим Ермекбаев, Өмірзақ Медеуов, Жұмат Бапаев, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнар Құрманбекова көпке танымал дәрігерлер, тәжірибелі басшылар, жалпы еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген отырарлық денсаулық саласының қызметкерлері аз емес. – Жаңа бір сөзіңізде ауданымыздың денсаулық саласын өркендетуге «елім, жұртым» дейтін азаматтар, яғни ардагерлеріміз үлкен еңбек сіңірді дедіңіз... – Әлемге әйгілі әл-Фараби шық­қан Отырарда есімдері ел жүрегінен орын ал­ған, аудан, облыс жұршылы­ғы­на белгілі дәрігерлер көп болған. Солардың бірі – Әліхан Көкішев ағамыз. Оның аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықтағы алыс құм ішіндегі шопандар үйін аралап жүріп, бір ауыр науқасты машинаның жарығымен операция жасап, аман алып қалған еңбегін ел әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Сол сияқты өздерінің азаматтық болмысымен, дарын-қабілетімен көптің құрметіне бөленген Жұмахан Әбдешов, Төле Сыздықов, Бегалы Қалымбетов, Тас Мұса, Роза Махатова, Темір Адырбеков, Шакаризада Құрманбекова, Шоқан Маханов, Тұңғыш Қалым­бетовті біз мақтамаймыз, олармен мақтанамыз. Сондай-ақ Сырдарияның арғы бетіндегі Аққұм, Маяқұм ауылдары тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған, кезінде белгілі дәрігер Тас Мұса басқарған Көксарай ауруханасының да терең тарихы бар. Атап айтқанда, сол уақыттағы Қаракөл қой совхозында 1949 жылы алғашқы аурухана салынады. Оның негізін қалаған ауылдық кеңестің төрағасы Мұса Көшмырзаев болатын. Ол кісі халыққа арнап аурухана ашу жөніндегі ұсынысынан тиісті нәтиже шықпаған соң, өзінің жеке қаржысына 50 мың кесек құйдырып, жұмысты бастап жібереді. Сол жылдың күзінде совхозға арнайы ат басын бұрған Алаштың ардақты ұлдары, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Нұртас Оңдасынов пен Жұмабек Тәшеновке жолыққан Мұсекең алыс мал жайылымында отырған шопан әйелдердің бала үстінде қайтыс болып жатқанын, ел дәрігерлік көмекке зәру екендігін айтып, көмек сұрайды. Содан 1949 жылдың аяғында 9 бөлмелі шағын аурухана жайы салынып бітеді. Оның алғашқы меңгерушісі болып Малух Нина Ивановна бекітіледі. Бір қызығы, аталмыш аурухананың кесегін жинасып, алғашқы кірпішін қалаған сол кездегі 8 жасар бала Тас Мұса бертін келе Көксарай ауруханасын 30 жыл басқарып, зейнеткерлікке шығады. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сіз басқарып отырған денсаулық саласының қиын жағдайы жұршылықтың есінде. Сол жылдардан айрықша не есіңізде қалды? – Оны қалай ұмытасыз. Сол жылдарда айлық, тамақ, төсек жетіспеді, қиналдық. Бірақ дәрігерлер шыдады. Ауруханаларға күрделі жөндеу деген болмады. Салқын болды. 2002 жыл – «Денсаулық жылы» деп жарияланды. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен акциялар өткізілді. Содан түскен қаржыға медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алынды. Аудандық аурухананың шатырын жаптық. «Көп түкірсе – көл» деген. Соңғы 5-6 жыл көлемінде 126 млн. теңгеге Қарақоңыр, 52 млн. теңгеге Көксарай ауруханалары жөнделді. 40 млн. теңгеге жаңа рентген және УЗИ аппаратын, 6 көлік алдық. Аудан, облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз, олар бізден жәрдемдерін аямады. Бұндай қамқорлық кешегі кеңестік кезеңде де болмаған. Сондықтан да біздегі барлық ауруханалар заманауи үлгіге келтірілмекші. Қазір ауданда 1 аудандық орталық аурухана, 1 мамандандырылған аудандық емхана, бір туберкулезге қарсы аурухана, 6 ауылдық аурухана, 12 дәрігерлік емхана мен 30 медициналық тіректер халыққа қызмет етеді. Кешегі қиын кезде ауданда небәрі 20-30 дәрігер қызмет етсе, қазір олардың саны 90-нан асып отыр. Бұл орайда «Саламатты Қазақстан» атты денсаулық бағдарламасының алар орны ерекше. Онда негізінде денсаулық саласының сапасына, халық денсаулығының көрсеткішіне көп көңіл бөлінген. Осыған байланысты әрбір мекеменің, әрбір дәрігерлердің өзіндік міндетті қызметінің көрсеткіш дәрежелері айқындалған. Қазір бұрынғыдай емес, әрбір емделуші емдеу мекемелерін, дәрігерлерді өзі таңдай алады. Барлық жерде баға бір. Қай жерде емделем десе де, өз еркі. Әрине, жедел жәрдем кез келген жерде де көмек көрсете алады. – Бүгінде халықтың денсаулық жағдайы үкіметіміз қолға алып отырған бағдарламаларға тікелей байланысты. Бұған қатысты айтарыңыз бар ма? – Ол рас, алысқа бармай-ақ аудан көлемінде айтар болсақ, «Таза су» бағдарламасына орай қазіргі ауызсу проблемаларының біртіндеп шешілуіне байланысты ауданда сары ауру, ішек аурулары азайып келеді. Сондай-ақ жақында аса маңызды меморандумға қол қойылды. Соған байланысты ендігі жерде адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артады. Ал мекемелердің қызметі өздеріндегі жұмыс істейтін адамдардың денсаулық көрсеткішіне орай бағаланатын болады. Сол сияқты дәрігерлердің жұмыс нәтижесі, ауданның көрсеткіші дұрыс болса, дәрігерлерге қосымша жалақы төленіп отырады. Мұның бәрі оларды ынталандырып, жұмыс нәтижелерінің жақсара түсуіне ықпал етеді. Жұмысқа деген ынтасын арттырады. – Ел Президентінің “Қазақстан – 2030” бағдарла­масында салауатты өмір салтына басымдық бергенін білеміз. Оның орындалуы мамандарға ғана емес, ең алдымен, өзімізге, жекелеген азаматтарға байланысты емес пе? – Қазіргі кезде жеткіншектердің денсаулығын сақтау және салауатты өмір сүруін қалыптастыру қажеттілігіне байланыс­ты бүкіл оқу-тәрбие жүйесін валеологизациялау қажеттілігі туындап отыр. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, адам денсаулығының 10%-ы дәрігерлік көмекке, 15%-ы тұқымқуалаушылыққа, 25%-ы қоршаған ортаға, ал 50%-ы адамның өзіне, өмір сүру қалпына байланысты екен. Халықта мына­дай дана сөз бар: «Ақша жоғалтқаның – еш­теңе жоғалтпағаның, Уақыт жоғалтқаның–көп нәрсе жоғалтқаның, Денсаулық жо­ғалтқаның – бәрін жоғалтқаның». Өкінішке қарай, осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін көбіне сезбейтін сыңайлымыз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады, келісеміз. Сонсоң өзіміз еркінсіп жүре береміз. Сөйтіп, күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып, санымызды соғамыз. Осындай жағдайды болдырмас үшін салауатты өмір салтын мекемелер мен қоғамдық ұйымдармен бірлесе насихаттап, туберкулезге, онкологияға қарсы акциялар ұйымдастырып, балаларды қорғау күніне орай денсаулық күндерін өткізіп жатырмыз. Жақында сондай акция өтіп, оған 400 адам қатысты. Олардың бәріне аурудың алдын алу жөнінде арнайы кітапшалар, дәрігерлік кеңес парақшалары таратылып, көрмелер көрсетілді. Бұл салада жалпы қызметіміз жинақталған бір жүйеге түсіп отыр. Бұлардан басқа бөлім басшылары мен дәрігерлеріміздің жылдық есептерін тыңдап отырамыз. Сондай-ақ әр аптада атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы дәрігерлік кеңес өткізіледі. Өткен жылы қырым қанды безгегіне байланысты семинарлар өткізілді. Жергілікті ақпарат құралдарында әртүрлі медициналық тақырыпта мақалалар жариялап келеміз. Тиісті мекемелермен бірлесіп, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөнінде шұғыл жаттығу сабақтары мен спорттық шаралар өткізуді дәстүрге айналдырудамыз. – Қол жеткенге тоқмейілсу сіз басқарып отырған ұжымға тән қасиет емес. Демек, жоғарыда айтқаныңыздай, алға қойған жоспарларыңыз аз болмаса керек. – Береке, бірлік болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Осы аудандық орталық аурухана 1972 жылы салынған, ендігі жылы 40 жыл болады. Осыған орай келешекте жаңа емхана ашқалы жатырмыз. Ол тәулігіне бір маусымда 500-ге жуық адам қабылдайтын болады. Телемедициналық орталық қазір жұмыс істеуде. Онымен облыс дәрігерлерімен кеңес өткізіледі. Оның жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдіре түссек, ақылы қызмет ендірсек, шаруашылық мәселесін қолға алсақ дейміз. – Төрехан Маханбетханұлы, «ырыс алды – ынтымақ» деп, бірлесіп көне Отырарды көр­кейту жолында жұмыс жасап жатырмыз. Жеткен жетістіктеріміз көп. Елін, жерін ардақтайтын азамат ретінде ауданымыздың болашағын көзіңізге қалай елестетесіз? –Тарихымызға үңілсек, елімізде қасиетті жерлер көп. Бірақ Отырардың орны бөлек. Өйткені Отырарда өзге жерде жоқ үш ерекшелік бар. Біріншіден, Оты­рар – әлемге әйгілі әл-Фарабидің туған отаны, екіншіден, мұнда күллі мұсылман әлемінің ардақтысы – Арыстанбаб жерленген, үшіншіден, жер қайысқан Шыңғысхан әскеріне алты ай бойы беріспеген де осы отырарлықтар еді. Сондықтан да Елбасымыз 2005 жылы 2 қыркүйекте Отырарға келген сапарында қазақ өркениетінің алтын қазығы атанған Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мәселесін айтқан болатын. Үкіметіміздің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі «Көне Отырарды қайта қалпына келтіру жөніндегі» №1009 қаулысы да Президентіміздің көтеріп отырған мәселесін іске асырудың алтын көпіріне айналып отыр. Сол сияқты аудан әкімінің «Отырар ауданының өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» бағдарламасы айтулы бағдарлама болып тұр. Осыған орай бір ғана өткен жылдың өзінде ауданда 200-ден астам игі шаралар атқарылды. Рейтингілік көрсеткіштерге байланысты ауданымыз республика бойынша 7-орынға шықты. Осының бәрін Елбасымыздың көреген саясатының жемісі деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің 20 жылында әлемге танылған біздің туған Отанымыз Қазақстан гүлденіп, көне Отырар көркейе беретініне сенемін. – Енді сіз айтып отырған егемен еліміздің келешегі – жастарымызға айтар тілегіңіз? – Жастарымыз ата-баба дәстүріне адал, ұлттық рухы күшті, елдің тірегі, ұлтжанды азамат болса деймін. Өзіңіз білесіз, ұлттық рухтан қол үзген кейбір халықтар мүлдем жойылып кеткен ғой. Рухы күштілер бәрін де жеңеді. Отырарлықтардың өр рухы әрқашанда асқақтай береді деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Файзулла Рахматуллаұлы Оңтүстік Қазақстан облысы

3185 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы