• Тұлға
  • 01 Шілде, 2011

Ғарифолла Есім: Адамның бәрі – бір-біріне бауыр!

d0b3d0b0d180d0b8d184d0bed0bbd0bbd0b0

«ЕҚЫҰ-дағы басты басымдығымызды тиімді пайдаланамыз...»

– Еліміз енді Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Ол – әлемдегі ең ірі халықаралық ұйымдардың бірі. Қазіргі күнтәртібіндегі ең басты мәселе – осы. Оның географиялық ауқымы мен өркениеттік құрауышы туралы сан алуан көзқарастар бар. Осы құрылымның дүниеге келу себебіне қатысты не дер едіңіз? Жалпы, аталмыш ұйым хақында пікіріңіз қалай? Әңгімені осыдан бастасақ. – Әріден айтар болсақ, Ислам Конференциясы 1926 жылы «Әлемдік Ислам конференциясы» деп өзінің 1-ші мәжілісін Меккеде, одан кейінгі мәжілістері Иерусалимде, Карачи және Могадишо қалаларында өткізді. Осы мәжілістерде мұсылман елдерінің арасындағы жағдайлар қарастырылды. Бұл игі бастама болатын. Неге дейсіз ғой? Ежелгі дүниеде Меккеде жаңа тұрпатты мемлекет – араб халифатының негізі қаланды. Алайда халифат бірнеше ғасырдан кейін ыдырап, дербес мемлекеттерге бөлінді. Араб елдерінің ежелгі қуаты, ынтымақ-бірлігі әлсіреді. Сөйтіп, әлемде басқа империялар пайда бола бастады. Бұл үрдісте Еуропа елдері белсенділік танытты десек, артық емес. Ағылшындар, француздар, голландықтар, испандықтар, португалдықтар дүниежүзін жаулап ала бастады. Олар жаулап алған елдерінде тек сауда, экономикалық қарым-қатанастар ғана орнатумен шектелген жоқ, мүмкін болғанша өздерінің идеясын, идеологиясын, дінін де сіңірді. Соның нәтижесінде португалдықтар, испандықтар, француздар, ағылшындар және тағы да басқа жекелеген елдер Атлант мұхитының ар жағындағы Америка континентін жаулап алды да, өзара бөлісе бастады. Сол үшін де сан қилы қанды соғыстар өтті. Америка Құрама Штаты және осы тұрпатты жаңа елдер пайда болды. Абориген – жергілікті тайпалар қырылды, олардың табиғи өмір сүру ырғағы бұзылды. Жерлерінен қуылды. Жаппай жаңа тәртіп, жаңа дін орнай бастады. Міне, дүниені бөліскен кезде қандай орасан өзгерістер болғанын көрдіңіз бе? Осындай өзгерістер араб елдеріне, Қазақстан мен Орта Азияға, Кавказ елдеріне де кіре бастады. Осыны сезген, кезінде халифат болып Ислам дінін таратқан жердің Отаны – Меккеде ізгі ойдың қалыптасуы тегін емес-ті. Мен былай ойлаймын: Ислам елдерінің арасындағы түсінбестіктер араб әлемін әлсіретті. Міне, осы бағытта аталмыш конференция жұмысын бастаса керек. 1953 жылы бұл ұйым «Ислам конференциясы» деп аталды. Ол жиын Иерусалимде өтті. 1955 жылы «Ислам конференциясы ұйымы» деген атпен көптеген саяси, халықаралық мәселелерге араласа бастады. 1969 жылы Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітін біреулер өртегеннен кейін бұл жағдай Ислам әлеміне қатты әсер етіп, соның нәтижесінде Сауд Арабиясының королі Фиссал, Рабатта, Мароккода 26 Ислам елін шақырып конференция өткізді. Рабаттағы жиыннан соң 1970 жылы ақпан айында халықаралық дәрежедегі «Ислам конференциясы ұйымы» деген атқа ие болды. Қазіргі кезде ИКҰ 57 мұсылман елдерінің басын құрап отыр. Олардың қатарында бұрынғы КСРО-ға енген Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан да бар. 2008 жылы 14 наурызда Дакарада (Сенегал) ИКҰ-ның 11-ші Саммитінде жаңа Жарғы қабылданды. Бұл Жарғыдағы мәселе ауқымды һәм жан-жақты. Онда Ислам, Ислам діні, банк жүйесі, ғылыми-технологиялық, сауда, адам құқығы, демократия мәселесі – бәрі-бәрі айтылған. ИКҰ – көлемі мен халық саны жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ұйым. Бұл – Қазақстан үшін үлкен мәртебе, үлкен сенім! – ИКҰ жиынында «қандай мәселелер қаралады» деп ойлайсыз? – «Ұйымға мүше елдердің арасындағы ынтымақ, бірлік қандай дәрежеде? Қалыптасқан ортақ дәстүрлердің қазіргі таңдағы жағдайы қалай?». Мен бар талқыны осы екі бағыттан шығарар едім. Яғни бейбітшілік мәселесі. Баршаға мәлім, «бейбітшілік» деп айту оңай. Әйтсе де «Бейбітшілікке жетудің жолы қалай? Бейбіт өмір сүру деген не? Мұның басын оңтайлы ұстау дегеннің өзі қандай?!» Бейбітшілік дегенде, тәуелсіздік алған Қазақстанның 20 жыл ішінде өзіндік тәжірибесі, түсініктері, қағидасы бар. Өткен 20 жыл ішінде, Аллаға шүкір, Қазақстанда ешбір қақтығыстар болған жоқ. Еліміз бұл орайда да ЕҚЫҰ-да басты қозғауыш болған сол басымдығын тиімді пайдаланады.

«Тұлғаларымызды тани бастадық...»

– Бүгінгі бағындырған биіктеріміз белгілі бір оң қадамдардан басталды. ИКҰ төрағалығы да сол жасампаз бастамаларымыздың жалғасы іспетті. Ендеше, тәуелсіздік жылнамаларына тікелей куә болған жан ретінде Елбасымыздың азаттық алған күрделі жылдардағы шешімдеріне қандай баға берер едіңіз? – 1991 жылы тәуелсіздік алған соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында үлкен мәселе тұрды. Ол – елді қайда бастап, қандай жолмен жүру қажеттілігі. Ал жол көп еді. Айталық, өзін жақсы қырынан көрсеткен еуропалық жол бар-тын. Дегенмен оған біздің халқымыздың дайындығы жоқ болды. Біз неміс бола алмаймыз, ағылшын болмаймыз, француз тіпті бола алмаймыз. Ал Таяу Шығыста – арабтар. Өркениеттік ареалымыз бір ғой деп соларға үңілгенмен, біз – араб елі емеспіз. «Шекарамызға жақындау» деп парсыларға қарадық. Ол жолмен де жүре алмайтындығымызды көрдік. Қала берді, туыс – Түркия, көршілес – Ресей мен алпауыт Қытай бар. Өз кезегінде олардың өзінде біртектілік жоқ. Қытай әлі де социализмнен арылмаған. «Сонымен, қай жолды таңдаймыз?» деп бас қатырдық. Дегенмен бір елді үлгі етіп, сол үлгімен жүргенде қателікке ұрынушы едік. Бір адамның ізіне түссеңіз, сол ізде бәрібір дөп баса алмайсыз ғой. Ізге із дәл түспейді. Осы себепті де, Президент ойлана келе, «өз жолымызды табайық» деп түйді. Әзелден жол табу – қиынның қиыны. Бұл жерде Елбасы екі мәселені қолға алды: Біріншісі, жолға шығу үшін азық керек. Жолға азықсыз шыға алмайсыз. Сол үшін Президент «алдымен – экономика» деді. Әрине, жағдай ауыр болды. Жалақы, зейнетақы дер кезінде алынбай жатты. Банктерде қаражат болған жоқ. Ұлттық табысымыз аз еді. – Өз тарапыңыздан өтпелі кезеңдегі саналық сілкіністерден нендей ой түйдіңіз? Әсіресе, экономикалық түсініктің тұғырлануына қатысты не дейсіз? – Жасыратыны жоқ, ол кезде «ұлтшыл, халықшыл» деген кісілердің өздері жаңа қадамға қарсы болды. Соған қарамастан, экономикамыз бір арнаға түсе бастаған соң, күнтәртібіне халықтың рухани қазынасын, өткен тарихын, тұлғаларын танып білу мәселесі шықты. Тұлғаларымызды тани бастадық, астар берілді, ескерткіштер орнаттық. Соның нәтижесінде «Мәдени мұра» жобасы дүниеге келді. Мемлекеттен қаржы бөлінді. Шетелдерге ғалымдарымызды іссапарға жібердік. Алуға тиіс құжат-деректердің көбін жинап алдық. – Тәуелсіздік екпінімен келген жаңа леп – ар-ұждан бостандығына қалай қарайсыз? – Әу бастан дінге еркіндік берілді. Адамзат өркениетінің қазіргі кезінде дін бір аймақ пен бір аймақтың, бір ел мен екінші елдің өзара түсінік құралы болуы тиіс. Қай дінді алсаңыз да, өтірік айтпа, кісі өлтірме дейді. Демек, адамшылықты уағыздайды. Бірақ шетелден ағылған түрлі миссионерлер, дінсымақтар да қаптады. Соның да кейбір көлеңкелі тұстарына көзіміз жетіп отыр. Сол үшін жақында «Дін істері жөніндегі» агенттік құрылды. Дін мәселесін бір қалыпқа түсіру аса маңызды. – Соңғы жиырма жылдағы біздің басты жеңісіміз не деп ойлайсыз? – Тағы да қайталап айтамын, елімізде тыныштық салтанат құрып тұр. Бұл дегеніңіз біле білгенге ұлы құндылық емес пе? Сондықтан көршілес Ресей елі де Қазақстанға салым салып жатыр. Елдегі береке-бірлік жайдан-жай келе салған жоқ. Елбасының ұсынысымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Этностардың арасындағы татулықты қалыптастырдық. Дін арасындағы болуы ықтимал қақтығыстардың алдын алу үшін Елбасы бастамасымен Әлемдік және Дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайлары өткізілді.

«Абайды білгісі, түсінгісі келетін қауым бар...»

– Ғареке, сіз қазақ әдебиетіндегі ірі тұлға, маңдайалды ғұлама Абай Құнанбайұлы хақында «Хакім Абай» деген кітап пен «Абай туралы философиялық трактат» жаздыңыз. Әсілінде, Абайды ақын, ойшыл ретінде ғана бағалауға болмас. Абай – Ислам дінінің де уағызшысы. Оған дәлелді көптеген өлеңдерінен, қарасөздерінен келтіруге болады. Сіздіңше, қазақ оқырмандары Абайды қаншалықты деңгейде біледі? – Әуелі мынаны айтқым келеді: Еліне қарап басшысын таны. Қазақ халқын әлемге таныстыруда керемет жарнама жасаған жыраулардың соңғы тұяғы Жамбыл болса, қилы заманда халқымызды өркениет көшіне «Абай жолымен» бастап келе жатқан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның өзіндік дара жол тауып, сол жолмен келе жатуы, Елбасымыздың көшбасшы болуы, сол жолымыздың дұрыс болғандығы, қазақтардың қолына қару алмай, қалам алғандығы, бұл – Мұхтар Әуезов айтқан Абай жолы! «Кемел басшының соңынан ер» дей­ді Абай. «Бас басына би болған өңкей қи­қым» дейді тағы да хакім. Біз ондай «қиқымдыққа» бармадық. Президенттің «Абай­ды күнде, күнара оқимын» дегені бар. Байқайсыз ба, Елбасы сөз арасында Абайды, Шәкәрімді жиі мысалға алып отырады. Мысалы, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос...». Байқасаңыз, осы өлең жолдарын да Елбасы жиі айтады. Абайдың басқа да өлеңдерін біледі. Елбасы 1995 жылы Абай­дың 150 жылдығын әлем­дік құбылыс қылып өткіз­ді. Неге? «Абай – ел­ді бірік­тіруші күш» деді. Жә­не де онысы қазақ үшін рас. – Сіздің докторлық диссерта­ция­ңыздың та­қыры­бы Абай дүниета­ны­мына байланысты емес пе? – 1994 жылы «Абай дүниетанымын­дағы Алла мен адам болмысы» тақыры­бында докторлық диссертация қорғадым. Академиктер Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаевтар қатысты. Диссертация қорғау конференция сияқты өтті. 1994-95 жылдары «Казахстанская правда» газетіне орыс тілінде 56 мақала шығардым. Қазақ радиосынан Абайдың қарасөздеріне байланысты 58 хабар, одан өзге де хакім Абай хақында көптеген баяндамалар жасадым, мақалалар жаздым. Ел жылы қабылдады. Одан соң мен «Хакім Абай» деген кітап жаздым. Оның қазақшасы 1994 жылы, орыс тілінде 1996 жылы жарық көрді. Мұның да өз түсіндірмесін бере аламын, әсіресе, кітап атауына қатысты. Құдайға сенбеген дәуірде біз сөз қисынын бұздық. Аллаға айтылатын сөзді адамға айттық. «Ұлы» деген сөзді басында дінсіз көсемдерге қолданып, бойымыз үйренгеннен кейін, оның Алланың, яғни Жаратушының эпитеті екенін де ұмыттық. Ұлылық – тек Жаратушыға ғана қатысты айтылатын сөз. Мұны Мағжан да, Ахмет Байтұрсынұлы да білген, сол себепті қолданбаған. Мен сондықтан Абайды ұлы демей, хакім деп айтамын. Абай Сократты, Платонды хакім деген. Ұлы деген тек Жаратушыға лайық! Жаратушы – Ұлы! Өйткені оны ешкіммен, ешнәрсемен салыстыруға болмайды! Салыстырылмайтын, теңдесі жоқ, тумаған, туылмаған – ол Алла! – «Абай дүниетанымы Аллаға бастайды» дегенді де сізден жиі естіп жүрміз. Осы ойыңызды әрмен қарай тарқата түссеңіз. – Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Абайдың түсінігінде ғылым деген не? Ғылым деген – Жаратушының жаратқандарының құпия сырын біліп, өзіңнің керегіңе пайдалану. Сонда Жаратушының жаратқандарын іздегенде, сіз кімге жақындап барасыз? Әлбетте, Жаратушыға. Баяғыда Олжас Сүлейменов айтып еді, «наука» деген «ұқ» деген түрік сөзі деп. «Ұқ». Нені ұғу керек? Ұғатын нәрсеміз – Жаратушының құдіреті. Алла жаратқан нәрселерді зерттей бастасаңыз, ғалым болып шығасыз. Абай – хакім. Абай «хакім» деген ұғымды тек қолданып қоймай, оны байытқан. Ол «Отыз сегізінші қарасөзінде»: «хакім дегендер – әрбір істің себебін іздеушілер» дейді. Абай түсінігінде хакімнің мәртебесі биік. Ол аталған сөзінде: «әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деген. – Абай мирасына дүнияуилік көзқараспен қарайтындар да бар емес пе? Бұған қатысты не дейсіз? – Өз басым Абай мұрасын зерттеумен білімімнің сапасы өсті. Абайды терең зерттеген басқа ғалымдар да сондай күй кешкен болар. Абайды оқығандар да, оқымағандар да бар. Абайсыз өмір сүруге болады. Абайсыз нарық қатынастарына еніп, тәп-тәуір кәсіпкер атануға әбден болады. Банкте, сауда саласында тіпті жап-жақсы қызмет істеуге де болады. Бірақ дүниенің болмысы туралы ой ойлай қалсаңыз, Абайды іздейсіз. Ойланбаса­ңыз, ойын-сауықпен жүрсеңіз, хакімнің қажеті жоқ. Бәріне Абайды оқу қажет те емес шығар. Дей тұрғанмен, Абайды оқуға міндетті адамдар бар. Ол ел билігіндегі­лер­ге қатысты, мәселен, облыс, аудан әкімдері оқуы керек. Қазақстанда Абайды оқымай қалай облыс әкімі болмақ. Ел – қазақ халқы. Оның үстіне қалың жұрты халқы Абайды біледі. Зиялы қауым Абайды біледі. Мәселен, сіз министрсіз, Абайды білмейсіз, ал қарамағыңыздағылар біледі. Сонда қалай болмақ? Абай – халықтың төл дүниетанымы. Төл санасы. Қазақтың сонау Қорқыт бабадан келе жатқан санасының жиынтығы. Мәселе, Абайды білуде емес. Мәселе – халықтың төл санасын білуде. Президент білгенде, басқа басшылар неге білмейді? Қазақстанда сіз Абайды білмей мұғалім бола алмайсыз. Сондықтан Абайды білетін, білуге тиісті адамдар бар. Бүгінгі күні Абайға қажеттілік туындап отыр. Абайды білгісі, түсінгісі келетін қауым бар. Олар – орыстілді қазақтар. Өкінішке орай, Абайдың орыс тіліндегі аудармасы, жеңілдеп айтқанда, сапасыздау. Аудармалардың дені жоба деңгейінде. Мысалы, Абайдың мына сөзін қалай өзге тілге шашпай-төкпей жеткізуге болады. ... Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән, Түп иесін көксемей бола ма екен? Және оған қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен? Маған осы туралы Тұрағұлдың қызы Мәкен апайдың: «Менің әкем «Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән, Түп иесін көксемей бола ма екен?» деген екі жол туралы сағаттап айтатын» дегені есіме түсіп отыр. Біз сөйтіп айта аламыз ба? Рас, Абайды тереңдеп түсіну қиын. Абайдың кезінде Абайды терең түсінген адамдар болған. Олар атылды, асылды. Бейнелеп айтар болсақ, Абай деген ну орман, бағытыңыз айқын болмаса, адасып кетесіз. Абайды анаған да, мынаған да теліп жүргендер – сол адасушылар. Сондықтан Абайды түсіну үшін ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқу керек. Бала кезіңде оқысаң, қайта оқу керек. «Абай жолы» романы – «қазақ кім» дегенге жауап беретін дүние. Абай – данышпан. Оны жазып отырған екінші адам да – данышпан. Қазір өзім де «Абай жолындағы» кейбір оқиғаларға ой екпінін түсіру мақсатында ізденістер үстіндемін. – Мысалы... – Құнанбай Меккеге жолға шыққан кезде оны Семейден Ұлжан, Абай шығарып салады. Құнанбай Ұлжаннан бірге өткізген тұрмысындағы артық кеткен жерлері үшін кешірім сұрайды. Ұлжан Құнанбайға әйелдің жақсылығы да, жамандығы да күйеуінен екенін, өзінің жақсылығы да, жамандығы да күйеуінен және әйел деген енесін емген құлын сияқты, күйеуінің тәрбиесімен өсетіндігін айтады. Тағы бір мысал: Біржан сал Абайға келіп, ән айтып, әңгімелесіп, қонақ болып қайтады. Қонағына сыйлыққа тайтұяқ, ат-шапан беріп, шығарып салып тұрған Абай Біржанға разы болып, бір жасап қалғанын айтады. Сонда Біржан мәселенің сол әнді ұғатын тыңдаушысының болуын да, тыңдаушысы болмаса сөз де, ән де кімге керек, біреу түсінбейтін болса, оған айтудың қажеті болмайтындығын айтады. Шүкір, біздің сөзімізді де тыңдайтын адамдар бар. «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім» атты кітаптарды жұртшылыққа ұсындым, енді «Кемеңгер Мұхтар» деген кітап жазудамын. – Трилогия болады ма? – Үшеуі біріккенде жақсы дүние болуы керек деп ойлаймын. Романдағы моншақ ойларды теріп алып, жұл­дыздарын шығарайын деп отырмын. «Абай жолы» аспан болса, әлгіндей асыл сөздер – жұлдыздар! Үлкен де, бала да оқиды. Біреулер мән бермей кеткен тұсқа мен мән бермекпін. Бұл істің тағы бір жағы бар. Мұхтар Әуезов романды цензура болған кеңестік заманда жазды, айтар ойын еркін білдіре алмады, ол – бір, екіншіден, романды түсіндіру ісі де идеологиялық көзқарасқа қатысты болды. Ендігі мақсат – жазушының айтпақ болған ойына өріс ашу. Сонда Құнанбай мен Абай арасындағы талай дүниелер өзгеше мағынада талқыланып, жаңаша түсіндірілмек. – Тағы да не жазып жүрсіз, яки жазбақ ойдасыз? – Кітап жазуда біраз еңбектенудемін. Мысалы, «Фалсафа тарихы», «Қазақ философиясының тарихы» сынды әдебиеттерді және де авторлық ұжымға жетекшілік жасаумен «Дінтанудың не­гіздері» атты еңбекті жарыққа шығардым. Осының арасында «Адам-зат» деген кітап та жаздым. – Кейінгі кітабыңыздың атауы қызық екен, мазмұны да сондай ерекше болар?! – Енді оны оқырман шешер. Ал, жалпы, кітаптың бірінші бөлімінде адамзаттың сегіз жүйесіне қатысты – тән, жан, нәпсі, ақыл, көңіл, рух, ар және тылсым ұғымдарына талдау жасалған, екінші бөлімі халық дүниетанымында жиі қолданылатын философиялық лексикаға арналған. – Сіздің саяси философия мәселелері­мен айналысып жатқаныңыз да мәшһүр. – Иә, «Саяси философия» деген де кітап жаздым. Жалпы, мен бүгінгі біздің замананы «ізденіс өрісі» деп қабылдаймын. Шәкәрім атамыз: «Құбылған заман жарысы, Ақылды адам табысы» деген емес пе? Кезінде жете мән бермеген бір ісім бар. Ол – жазушылық. Содан да осы бағыттағы есемді қайтару үшін «Жар жағасы» деген новеллалар жинағым шықты. Одан қалса, «Социализм» деген роман жазып, көпшілік назарына ұсындым. Енді «Ақ өлең» деген роман жазу үстіндемін. Бұйыртса, «Опера» деген саяси роман жазбақ ниетім бар екенін де айта кетейін.

«Алланы сүю деген адамзатты сүюді талап етеді...»

– Ғареке, сіздің де философ ретінде Ислам құндылықтары, мұсылмандық қағидалары туралы жазғандарыңызды жақсы білеміз. Кітаптарыңыз қолымызға түсе бермесе де, газет-журналдарда жарияланған мақалаларыңызды жібермей оқимыз. Бес жыл бұрын сіздің «Егемен Қазақстан» газетінен «Дін өркениеті» деген (21.10.2006) мақалаңызды астын сызып, рахаттанып оқығаным бар. Сол мақалада сіз: «... Құран Кәрімді меңгермей, қоғам жайлы, жеке адамның жан дүниесі туралы жақсы, жетік білеміз деуге де болмас. Қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етіп жүрген ғалымдар ілімді тануда, әлемді тануда Құран Кәрімді негізге ала жүргізбесе, адамды да, қоғамды да адастырып алу қаупіміз бар екенін мойындайтын да мезгіл келді. Сондықтан біз бұдан былай қоғамға қызмет ететін мамандарды Құран Кәрімді меңгерген, зайырлы мемлекет қызметшісін дайындауды қолға алуымыз қажет. Сөздің қысқасы, сауатты, білімді мұсылман интеллигенциясын қалыптастыруымыз қажет» деп жаздыңыз. Сіздің бұл айтып отырғаныңыз Құран Кәрімнің аяттарымен үндеседі. – Жаңалық ашып отырғаным жоқ, әсілі, Ислам – ғылымның нағыз қайнар бұлағы. Ол адамзатқа пайдалы, тура жолға бастайтын ғылымды ғана уағыздайды. Ислам – бейбітшілік, тыныштық деген сөздердің баламасы емес пе? Тағы да Абайға жүгінеміз: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті, – дейді хакім. Алланы сүю деген адамзатты сүюді талап етеді. Адамның бәрі – бір-біріне бауыр. Бұл – Абай гуманизмі, оның хакімдігінің дәлелі. Абайдың Алла туралы түсінігін оның хакімдігі тұрғысынан қарастыру керек Тәуелсіз Қазақстан 20 жыл ішінде үлкен-үлкен мәселелерді шешті. «Өз жолымен – Абай жолымен келе жатыр» дедім. Абай: «Алла мен Мұхаммедтің жолындамыз» дейді. Қазіргі кезде дін және діндер төңірегінде әңгімелер көбейіп кетті. Дін дегеніміз – адамзаттың асыл сезімі. Бірақ кереғарлық та мол. Біреулер біліп тұрып, түсініп тұрып, адамдарды шатастыру үшін әдейі істейді. Құранды оқып, міне, Құранның сөзі деп бізге айтады. Өзінше шын көңілімен айтады. – Мұндағы кілтипан не? – Олар бір мәселені түсінбей тұр. Ол Құранның тәпсірленген мағынасын ай­тып отыр. Мен оларға уәж айтам, кешіріңіз, бұл Құранның сөзі емес, Құран туралы сіз­­дің сөзіңіз. Сіздің пікіріңіз. Сіздің пікірі­ңіз бен Құран аяттары бір емес. Құран туралы жүздеген тәпсірлер бар. Қаншама атақты ғалымдар шұғылданған. Солардың өздері мағынасы осы, осымен болды деген сөз айтпаған. Сондықтан Құран сөзін айтқанда, аса сақ болу керек. Құран сөзін кемел айтқан бір адам – Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа саллаллаһу ғалейхи уәссалам. Өйткені Құран сол кісіге түскен. Пайғамбарымыздың жүрегімен, сезімімен бізге жеткен. Сол кісінің хадистеріне қарау керек. Қалған ғалымдардың бәрі Құранды қаншама терең білгенмен, олар Құран туралы өздерінің түсініктерін ғана айтады. – Сұхбатыңызға рахмет!

Толымбек Әбдірайым

Астана

5367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы