• Тіл
  • 06 Наурыз, 2009

Ала-құла болған ана тілі

Газтіміздің биылғы 26 ақпандағы санында ғалым, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәлидің «Тіл экологиясы» деген мақаласы жарияланған болатын. Аталған мақалаға орай «Ана тілі» газеті оқырмандардың сырттай конференциясын өткізді. Оған жазушы Жаңабек Шағатай, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Заря Жұманова, филология ғылымының докторы Қалдыгүл Есенова, «Арыс» баспасының аға редакторы Самат Қалуов, заң қызметкері Үсен Ақышев, кәсіпкер Жәнібек Сахитжанов, аудармашы Тамара Шенеуова және басқалар қатысты. Оқырмандар назарына олардың бірқатарының пікірі ұсынылып отыр. Қалдыгүл Есенова: Санаға сәуле түсірер... «Ана тілі» газетінің 26 ақпан 2009 жылғы №8 санында ғалым Н.Уәлидің «Тіл экологиясы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл тақырыптың көтерілуі уақыт талабынан туындап отыр. Себебі, қасиетті тілімізді әрі қарай дұрыс дамыта түсу, бұрынғы бар байлығы мен қалыптасқан нормаларын бұзбай сақтау бүгінгі парызымыз ғана емес, ертеңгі ұрпақтың алдындағы жауапкершілігіміз де. Лингвоэкологияның қарастыратын мәселелерінің бірі – тілдік ортаның сөз тазалығы. Әсіресе жастардың арасында әрбір екінші-үшінші сөзінен кейін былапыт сөзді араластырып сөйлеу сәнге айналып бара жатқандай. Бұл жерде жаһанданудың қоғамымызға тигізген кеселінің бірі – батыстан ешбір елеп-екшеусіз жаппай әкелініп таратылып жатқан өктемшіл саясаттың «көркем фильм түріндегі туындылары», қала берді бүгінде әрбір төртінші адамның игілігіне айналып отырған интернет желісінде де тұрпайы лексиканың норма деңгейінде орныққаны болса керек. Бұдан бөлек қоғамдық көліктердің қай түріне мінсеңіз де құлақ жарардай жеңіл күлкіге құрылған мәнсіз әзілдерін сағаттар бойы жалғастырып, арасында бірді-екілі музыка беріп, тыңдарман қауымның бар назарын өзінде ұстауға тырысатын әуе толқынындағы «шабуылдардың» да жастарымыздың құлағына сіңісті болып, үйреншікті қалыпқа айналуына өз үлесін қосып жатыр. Осы тұста БАҚ-тың қоғамда үлкен рөл атқаратындығын тағы мойындауға тура келеді. Алайда, сол қуатты құралдың ниеті бұзық ағымдар мен күштердің қолында жүруі өкінішті. Ал бағымызға қарай шөл далаға қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, ана тіліміздің жоғын жоқтап жүрген төл баспасөзіміз де бар. Алайда, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды орыс тілді оқырмандарымыздың оқымауы өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ қауымына ғана таралатын газеттеріміздің бетінде «әттеген-ай!» дегізетін жайлар баршылық. Әсіресе, жаппай бұқаралық сипатта өткізілетін үлкенді-кішілі сайлауалды науқандарда үміткерлердің жеке басына, саяси ұстанымына т.б. қатысты жарияланатын мақалаларды пайдасынан гөрі зияны басым материалдарға жатқызамыз. Көпшілік алдында қарсыласының беделін қалайда түсіру мақсатымен жазылатын қарша бораған мақалаларында сөз мәдениеті принциптерінің өрескел бұзылатындығы жасырын емес. Әсіресе соңғы кезде журналистер тарапынан өзінің оппонентіне деген жағымсыз көзқарасын білдіруде әртүрлі негатив мәнді қолданыстарға көп жүгінеді. Бірақ ең алдымен Адам болып табылатын жеке тұлғаға қатысты тұрпайы лексиканың баспасөз бетінде жариялануы мораль тұрғысынан да, сөз мәдениеті тұрғысынан да құптарлық жай емес. Өйткені сөз – «екі жүзді ұстара» сияқты абайлап, сақтықпен қолдануды қажет ететін «қауіпті» құрал. Сондықтан өз пікірін сыпайы, мәдениетті түрде жеткізе білетін автормен салыстырғанда дөрекі, тұрпайы лексикаға көбірек жүгінетін журналистің оқырман қауым алдында беделі төменірек болуы заңды. Осындай әсіреқызылдыққа салынуға негіз болатын қолданыстар ретінде мыналарды атауға болады: тура мағынасында жұмсалатын жағымсыз реңкті сөздер; тырнақшаға алынып, ауыспалы мәнде қолданылатын бейтарап сөздер, ауызекі сөйлеу элементтері, варваризмдер, қарапайым лексика т.б. Түптеп келгенде, автордың прагматикалық ниеті тілдік бірліктер арқылы жүзеге асырылатындықтан кез келген сөзді таңдап, талдап қолдануға әрбір қаламгер мүдделі болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда филология ғылымдарының докторы Н.Уәлидің аталмыш мақаласы дер кезінде жарық көріп отыр деуге болады. Бұрын-соңды қазақ журналисіне жөн сілтеп отыратын үстел кітабының болмауы да жоғарыда санамаланған проблемалардың қордалана түсуіне бір себеп болғандай. Қазақ сөз мәдениетінің ғылыми негіздерін жылдар бойы зерттеп, БАҚ тілін үнемі назарында ұстап келген ғалымның көзіне түскен проблемаларды тізбелеп қана қоймай, олардың әрбірін шешудің нақты жолдарын көрсететіндей іргелі еңбегі ғылыми ортаға етене таныс болғанымен, жаппай көпшілікке тиісті деңгейде тарала қоймайтыны белгілі. Осымен байланысты ғалымның сол еңбегіне арқау болған сөз мәдениеті проблемаларының БАҚ бетінде жариялана бастауы аса құптарлық жайт. Зерттеушінің қатысуымен жазылған «Сөз мәдениеті» оқулықтары мектеп қабырғасында жүрген жеткіншектерді тіл экологиясы сияқты үлкен саланың әліппесімен таныстырғандай болса, «Ана тілінде» жарияланған көлемді мақаласы барша оқырман қауым игілігіне айналып, әсіресе журналистер қауымы үшін де пайдалы болмақ. Ұлттың үш тірегінің бірі – тіліміздің саясат ыңғайына қарай тапқан сан түрлі теперіштерінің нәтижесі іспетті тіл басқыншылығы сияқты саяси уәждемесі бар күрделі проблемалар да қамтылған мақала көңілі сергек, көкірегі ояу әрбір азаматтың ойына ой қосары сөзсіз. Ал сәлемін «Салам» мен «Приветтен» бастайтын дүбәра күй кешкен қайран жастарымыздың санасына бір сәуле түсіру үшін осы мақала орыс тіліне аударылып, орыс баспасөзінде де жарық көрсе деген тілек бар. Сондай-ақ көргені көп білікті ғалымның қаламынан осындай сүбелі еңбектерді көптеп күтеміз. Самат Қалуов: Патриоттықты қажет етеді Филология ғылымының докторы Нұргелді Уәли «Тіл экологиясы» деген мақаласында орынды мәселені көтеріп отыр. Әрине, мемлекеттік тілдің қазіргі қолданылу жайы көңіл көншітіп отырған жоқ. Бірақ жағдай осылай екен деп тіл тазалығына атүсті қарауға болмайды. Бабаларымыз қазақ тілін бізге қалай таза күйінде қалдырса біз де кейінгі ұрпаққа сапалы күйінде жеткізуге міндеттіміз. Мен жиырма жыл «Қазақ энциклопедиясында» қызмет атқардым. Одан бері баспаларда жұмыс істедім. Алдымыздан көптеген қолжазбалар өтті. Сонда белгілі деген қаламгерлердің сөз саптауында кемшіліктер болатынын аңғардық. Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Мәселен, Қарсақпай, Тыныштықпаев болып айтылғанымен, олар Қарсақбай, Тыныштықбаев болып жазылады ғой. Осындайларды ескере бермейміз. Жақында бір автор бізге кітап етіп шығару үшін қолжазбасын әкелді. Өзі Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының қызметкері. Ол қолжазбаның сыртына «оқу орнының мұғалімі» деп жазыпты. Мұғалім деген сөз көбіне мектептерге байланысты қолданылады. Жоғары оқу орнында қызмет ететін адамға бұл келіңкіремейді. Дұрысы – жоғары оқу орнының оқытушысы, не жоғары оқу орнының қызметкері болса керек. Былай қарағанда бұл өрескел қате болып та көрінбес. Алайда әр сөздің өз орны, мағынасы барын ескерген жөн. Мақалада автор Бейімбет Майлиннің «Мұсадан хат келді» әңгімесінен үзінді келтіріпті. Осы жағдай қазіргі заманда да бар. Кейбіреулер орысша сөз қоспаса әңгімесінің дәмі кететіндей сезінеді. Не болмаса біз осылай сөйлеуге үйреніп кеткенбіз. Қанға сіңіп кеткен. Бұл жақсы емес. Тілімізге орыс сөзін, басқа да шетел сөздерін қосып сөйлейтін болсақ онда қазақ тілі бара-бара өзінің көркемдігінен, маңызынан айрылады. Мұндайға жол беруге болмайды. «Біздің өмір сүріп отырған ортамыз, соның ішінде тілдік ортамыздың дені саламатты, жемісті, өнімді, әртүрлі зиянды қоспалардан таза, жаңару мен жаңғыруға, рухани түлеуге жарамды болуға тиіс» деген мақала авторының сөзіне ешқандай қосып-аларымыз жоқ. Тілдің тазалығы өзімізге байланысты. Осы бағытта кеткен кемшіліктер болса оны ескертіп отыру, сөйтіп алдағы уақытта болдырмау – қасиетті борышымыз. Қазақ болғаннан кейін біз үшін ана тіліміз ардақты, қасиетті. Оның үстіне қазақ тілі ардақтауға, құрметтеуге әбден лайық. Біздіңше ана тілді сүю бар да, оны таза ұстау, өзге сөздермен бүлдірмеу, моральдық-этикалық принциптерді сақтау бар. Тіл тазалығы үшін күрес те отансүйгіштікті, патриоттықты қажет етеді. Заря Жұманова: Шетелдік сөздер итше күшіктеп жатыр Филология ғылымдарының докторы Нұргелдi Уәлидiң «Ана тiлi» газетiнде жарияланған «Тiл экологиясы» атты мақаласын оқып шықтым. Шыны керек, экология деген терминдi бiз көбiне-көп қоршаған орта тазалығына, табиғатты қорғауға байланысты қолданып жүрмiз ғой. Ал, тiлдiң экологиясы деген ұғымда көп мағына тұнып тұрған сияқты. Автор тiлдiк орта мәселесiн орынды көтерген. Күн сайын қоғамдық көлiкпен қала ортасындағы қызмет орныма жеткенше, көшеде қазақшасы қате жазылған жартыкеш жарнамалар мен дүкен, кафе, мейрамханалар атауын көрiп, жаным жүдейдi. Ауыз жаппай қақылдап, «Сатпаева, Гоголя» деп аялдамаларды хабарлап келе жатқан автобус «азаншыларының» айғайы да жүйке тоздырады. «Сатпаева» демекшi, Қытайдан келген бiр танысым айтып едi, «Ең алғаш Алматыға көшiп келген кезде, Сәтбаевтың әйелiне де көше атын берген екен-ау, ол кiсiнiң қандай еңбегi сiңдi екен?» деп ойлап едiм деп... Қазақшалаудың жөнi осы екен-ау деп, «кафесi В гостях у сказки» , «кафесi Настя» сияқты атаулар мен мән-мағынасыз толып жатқан «Нұр-нұрлар» (кафе, дүкен, т.б) қазақтың бас қаласы, кешегi астанамыз – Алматыдай ару қалаға жарасып тұрған жоқ. «Тулпар», «Асель», «Сыр-Дарья», тағысын-тағы толып жатқан қазақша сауатсыз жазылған сөздердi көрген сайын, ылғи сүттiң бетiнiң қаймақтары: ұлтымыздың бетке ұстар ғалымдары мен жазушылары тұратын, бiрнеше университеттерi бар, сан мыңдаған студенттер оқитын осынау үлкен қалада қазақша сауатты жаза алатын ешкiм жоқтай ұяламын. Жалпы қаладағы жарнамалар мен баннерлердiң бәрiнiң қазақшасын тексерiп, сосын көшеге iлуге рұқсат берудi бiр құзырлы мекемеге жүктемесе, қазақ тiлi мазақ тiлi болып осы бетiмен кете беретiн түрi бар... Қала iшiндегi әр аудан әкiмдігiнiң iшкi саясат бөлiмдерi өз аудандары аумағында тiл тазалығы үшiн күрестi науқандық шара емес, тұрақты, мақсатты бағдарлама ретiнде жүргiзер болса, нұр үстiне нұр болар едi-ау... Бұл бағытта жақсы ұсыныс, идеяларға конкурс жарияласа, менiңше, тiл тазалығы үшiн үлкен де, кiшi де белсене атсалысар едi. «Тоқал ешкi мүйiз сұраймын деп жүрiп, құлағынан айырылды» демекшi, орысшаға ренжiп жүргенiмiзде, күннен-күнге Алматыда «Granari», «Respekt», « Baumarkt», «Sunsilk» , т.б. шетел атаулары итше күшiктеуде. Сырттан келген бiреулер қазақ қаласы емес, шетелде жүргендей сезiнерi сөзсiз. Осыдан он шақты жыл бұрын Ресейдiң Волгоград қаласында шетелше жазылған атаулар үшiн айыппұл салынатын. Бiзге де тiл тазалығы үшiн сондай бiр батыл қадам, тың шешiм қабылдайтын кез әлдеқашан жеткен сияқты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Варшавадағы халықаралық журналистер интернатурасынан өттiм. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекшi, сонда жүрiп байқағаным көп. Әсiресе, маған ұнағаны – Польшада телеарналардың қай-қайсысын қоссақ та, поляк тiлiндегi бағдарламалар алдымыздан шығатыны. Дүңгiршектердiң бәрiнде де өз тiлiнде жазылған басылымдар. Көше атаулары болса да... Бiздiкiндей етiп «нан-хлеб» деп қосарламаса да, асханасы мен нан дүкендерiн тауып, керегiмiздi алып жүрдiк. Тiптi бiрте-бiрте кей сөздерiне құлақ үйренiп, «рахмет»,«хош болыңыз» деген сияқты жеңiл-желпi сөздерiн айта бастадық. Жаңабек Шағатай: Шыңыраудан азалы үн шығады Әсілі, өмірдің қайшылығы мен кереғарлығы көп-ау. Әлем тілдерінің сөздік қорын шотқа салған соңғы деректерге қарағанда, өткен жылы ағылшын тілінің сөздік қоры 1 миллионға жетіп, қоңыр күзде мұны ағылшындар зор салтанатпен мерекеледі. Испандар да өздерінің сөздік қоры 750 мыңға жеткенін қуанышпен атап өткен. Ғаламшардағы көптеген халықтар қазір ана тілдерін одан әрі дамытуды, неғұрлым байытуды басты мақсаттары етіп белгілеп, болашаққа арналған бағдарламалар жасап отыр. Қазақстанда бәрі де керісінше. Бөгде тілдің басқыншылығы асқынғаны соншалық, күзгі ағаштың басындағы аяз ұрып, дірілдеген қорғансыз жапырақтай қазақ тілі қазір қарқынды дамудың емес, қызғыштай қорғап қалудың тетіктері нақтыланған бағдарламаға зәру, аса мұқтаж. Өткен ғасырдың басында: «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» болып жүрген алаң жұрт – алаш жұртының басына төнген «мұнар күні» – рухани тоқырау, кері кету жанын сыздатқан арыстан жүрек арыстарымыз қазақ тілін кірме сөздерден – араб, парсы, татар сөздерінен арылту жөнінде айқайлап ұран тастаған. Осыдан тура 100 жыл бұрын – 1909 жылы алғаш рет Абайдың, кейінірек Ахмет Байтұрсынұлының кірме сөздерден таза өлеңдер жинақтары баспадан жарық көрген кезде «Алһамдуллалап» шүкіршілік еткен, алақайлап қуанған-ды. Арада бір ғасыр өткенде де ана тілімізді бөтен тілдің басқыншылығынан азат етуге ұмтылған айқайымыз азаяр емес. Бүгінгі жанайқайымыз бұрынғыдан да үрейлі, түпсіз шыңыраудан шыққан азалы үн сияқты. Ажалдың қорқынышты үніндей. Ақырғы шеп – бұдан әрі бір адым да шегінуге болмайтын аса қатерлі межеге келіп жеттік! Тағдырдың жазуына шара бар ма?! Ең әуелі орыс тілінің заңдылықтарын, ереже-пережелерін қазақ тілінің тың топырағына әкеліп орнату түрлі, ғылыми атақ қорғау үшін қолдан келген барша амалдарды жасаған бірсыпыра тіл білімі ғалымдарының кесірінен осындай күйге ұшырап отырған сияқтымыз. Әлгіндей ғалым дүмшелер диалекті деп, архаизм деп, историзм деп, кәсіби сөз деп, говор деп мәңгілік эпостық жырларымыздағы, ұлы ақын-жырауларымыздың ғажайып мұраларындағы небір жауһар, ғажайып сөздерден баршамызды біржола айырып, кірме сөздерге кең есік ашып берді. «Диалект», «архаизм», т.б. таңба басылған сөздерден ат-тонымызды ала қашқанымыз сонша, әлі күнге маңына баруға жүрегіміз дауаламай, айдаладан үркіп жүрміз. Есесіне, БАҚ-тар, әсіресе, электрондық ақпарат құралдарындағы «айташылардың» қазақ тілін барша қадір-қасиетінен, қайталанбас сұлулық, мөлдірлігінен айырғаны, кірме сөздерге жан-тәнімен үйірлігі сонша, жағдай одан әрмен ушығып, жаңа тіл, ерекше мәнер, түсініксіз акцент қалыптасты. Айтылған сөздер қазақша секілді, бірақ ұғу мүмкін емес. Телеарналар мен радио тілшілерінің «қ» мен «ң», «ұ» мен «і», «ә» мен «ө», тағы басқа дыбыстарды бұрмалап, шолжаңдап бүлдіргені соншалықты, «күң әйел» – «күн әйелге», «Қыр баласы» – «Кир баласына» айналды. Ол ол ма, кейбір телеарналардағы бірсыпыра журналистердің мейманасы тасығандары қазақ тілінің барша заңдылықтарын қасақана белден басуды мәртебе санауға көшкенінен байқалады. Әлгіндей тележурналистердің «Кәсіпкерлер осыған дейін талтаңдаған, ақшаны судай шашқан Алматыда бас қосты. Дамуға қабырғасы қайысып», – деген мәнзелде көгілдір экраннан судырата беруге машықтанғаны сонша, одан гөрі теледидардан сөйлеп тұрған қарапайым жүргіншінің: «Улицалардағы автобустар қатты скороспен остановкадан тоқтамай өтіп кетіп, вот... переходтағы пешеходтарды өте ужас қылады» дегеніне әжептәуір марқаясың. Өзіміздің қара қазақ нағыз қазақ тілінде көсіліп тұр-ау деп «мақтаныш» сезімі кеудені кернейді, елжірегеннен екі көзге жас толады-ай. Ал кейбір спорт шолушылары жөнінде айтарға сөз жоқ. Әлгі «сабаздардың» футбол ойынында гол соғылған қысқа сәтті жанкүйерлерге жеткізу үшін еміс-еміс құлағы шалған, қорқынышты түсіне кірген, тіпті, мән-мағынасын өзі біле де бермейтін сөздерді үздіксіз тықпалайтыны соншалық, сол ойынның есебі қандай болғанын ертесіне газеттерден немесе интернеттен қайта қарауға тура келеді. Ұлы Бейімбет Майлин сонау 1924 жылы келемеждеп, күңіреніп жазған «жаңа тіл» – жезтырнақты басқыншы тілдің өмірімізге дендеп енгені сонша, оған қарсы күресетін шама жоқ-ау деп шыңғырады шыңыраудан шыққан азалы үн. Нұрперзент Домбай

5947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы