• Тіл
  • 20 Желтоқсан, 2011

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТІЛ

Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы  Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстанның әр азаматының мемлекеттік тілді жетік меңгеруі –  ел тұтастығының, шынайы бірлігінің аса маңызды мәселесі Ата-баба аңсаған Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге де, міне, 20 жыл толды. Бұл – тарихи өлшеммен қарағанда, аз уақыт болса да, өткенімізді саралайтын елеулі кезең. Осы жылдар ішінде Қазақстан саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ішкі-сыртқы салиқалы саясат нәтижесінде әлем қоғамдастығы санасатын елге айналдық, көптеген халықаралық ірі ұйымдарға мүше болдық, шекарамыз бекіді, ұлттық теңгеміз айналысқа енді, тілімізге Конституциялық тұрғыда мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Осылай тізбектей берсек, тәуелсіздікпен келген талай жетістікті айтуға болады. Соның ішінде мен тек тіл саясатына қатысты ғана қысқаша тоқталсам деймін. Елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты – еліміздің ішкі саясатының негізгі құрамдас бөлігі. Осыған орай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды шаралар белгіленіп, сол бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – тек бір ғана тілге байланысты шаралардың жиынтығы емес, ол жалпыұлттық келбетімізді қалыптастыруға қатысты өріс алатын іргелі бағыт. Еліміз тіл саясатына ерекше көңіл бөліп, оны әрі қарай дамыту бағдарламасын кезең-кезеңмен қабылдап келеді. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асырудың өткен он жылдық кезеңінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізіліп, негіз қаланды. Осы жылдар аралығында мемлекеттік органдардағы құжат айналымы 80 пайыз­ға жетті, мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы елеулі түрде кеңейді, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары көбейді және мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы қалыптасты. Оның сыртында мемлекеттік тілді меңгеру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында интернет-портал құрылды, қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі, баспасөздегі мемлекеттік тілдің үлесі 50 па­йыздан асты. Мұның бәрі – осы бағдарлама шеңберінде атқарылған іс-шаралардың жемісі. Тағы бір ерекше атап өтер жайт – қазақ мектептерінде оқитын оқушылар санының күн санап өсуі. Егер 1989-1990 оқу жылында Қазақстандағы қазақ мектептерінде оқитын оқушы саны 910 мың болса, қазірде бұл көрсеткіш еселеп артып, бір жарым миллионға жетті. Жүздеген қазақ мектебі ашылды. Қазақша тәрбие беретін балабақшалар желісі де айтарлықтай кеңейді. Ең бастысы, қоғамдағы тіл саясатына, тілдерді дамыту мәселелеріне деген халықтың көзқарасы өзгерді. Елімізді мекендеген қай ұлттың өкілі болсын, Қазақстан Республикасы азаматы ретінде Елбасының, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын қолдап, барынша атсалысуының нәтижесінде елімізде тұрақтылық пен ынтымақтастық сақталып отыр. Жалпы, тіл мәселесі оп-оңай шешіле салатын дүние емес. Бұл саясат қоғамдағы әр­түрлі факторларды есепке ала отырып жүр­гізіледі. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құруға арналған шаруалар тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыруды жолға қойды. Қоғамдық өмір дамуының сатыларына сәйкес бірнеше мерзімге арналған маңызды құжаттар әзірленді. Мұның бәрі де сол кездегі елдегі тілдік ортаны, тілдік ахуалды ескере отырып жасалды. Әр тұста белгілі бір бағыттарға басымдық берілді. Алайда бұл бағытта шешілмеген көптеген мәселе бар. Олардың қатарына қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейін, елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуін, еліміздегі тіл мәдениетінің төмендеуін және Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын сақтау қажеттігін жатқызуға болады. Осы ретте қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкі болуын мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттардың жоқтығымен, қазақ тілін оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеру үдерісін ынталандыру жұмыстарының аздығымен тікелей байланыстырамыз. Халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік тіл жеткіліксіз қолданылып келеді. Мұның бірден-бір себебі – тіліміздің заң, ғылым және жаңа технологиялардың тілі ретінде әлі де болса барынша кеңінен қолданыла алмай отырғандығында. Міне, осы мәселелерді алдағы уа­қытта жүйелі шешу мақсатында еліміз­де қалыптасқан тілдік ахуалға талдау жасалып, Қазақстан Республикасында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» әзірленді. Бағдарлама Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», – деп атап көрсеткеніндей, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтудегі алға қойған нақты меже болып табылады. Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік саланың барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру. Онда көзделген барлық іс-шаралар ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамыту басымдығына негізделген және республикамыздағы азаматтардың рухани-мәдени және тілдік сұраныстарын толықтай қанағаттандыруға арналған. Сонымен қатар бұл құжат тілдерді қолдану мен дамыту саласындағы өзекті мәселелерді шешудің нормативтік ұйымдастырушылық негізі болып табылады. Мемлекеттік тілді оқытудың әдістеме­сін жетілдіру, стандарттау, оны оқытудың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ оны тек қана мемлекеттік қызметте емес, барлық қызмет аясына енгізуге басымдық беріледі. Мем­лекеттік тілді оқытатын орталықтар­дың жұмысын бір жүйеге келтіріп, ондағы тіл үйретуші оқытушыларды аттестаттау жүйесі мен қазақ тілін оқыту орталықтары­ның аккредиттелген желісін құру да назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар білім беру қызметтерін міндетті стандарттау мен сынақ-біліктілік орталықтарының желісін құру – кезек күттірмес маңызды істер. Бағдарламаның алға қойған мақсат­тарын нақтылау мақсатында ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі №878 қаулысымен Қазақстан Республикасында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға ар­налған іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған екі маңызды құжат аясында Тіл комитеті бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Біріншіден, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіру қолға алынды. Екіншіден, мемлекеттік тілді үйрету стандарттар технологиясы әзірленіп, әдістеме базасы нығайтылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қоғамдық сананы арттыратын жобалар жүзеге асырылады. Бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде тілдерді дамытуға қатысты заңнаманы қабылдаумен қатар, ономастика, терминология саласындағы жұмыстар бірыңғайланатын болады. Бағдарлама шеңберінде тағы бір баса назар аударылып отырған мәселе – мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау. Бұл ретте мемлекеттік тілде оқытудың стандарт-технологияларын әзірлеп енгізудің маңызы зор. Қазір елімізде 132 тіл үйрету орталығы қызмет етсе, оның әрқайсысының мемлекеттік тілді үйретуге қатысты өзіндік әдістемесі бар. Осы орталықтардың бүгінгі хал-ахуалын білу мақсатында Мәдениет министрлігі тарапынан құрамына ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері кіретін комиссия құрылып, олардың жұмысына мониторинг жасалды. Республикамыздағы 47 мемлекеттік орталықтың (бұл жалпы орталықтың 71 па­йызын құрайды) жұмыстары тексерілді. Осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырып қарар болсақ, бүгін аталған салада едәуір жұмыстар атқарылғанын көруге болады. Ендігі кезекте орталықтардың жұмысын бір ізге түсіру міндеті тұр. Бұл орайда комитет ҚазТЕСТ ұлттық тестілеу орталығымен мемлекеттік тілді оқытудың бірегей стандарт-технологиясын әзірлеу бойынша келісімшарт жасады. Ол халықаралық талаптарға сәйкес қазақ тілін білудің бес деңгейі арқылы анықталады: қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары. Жалпы, ҚазТЕСТ ха­лықаралық тілді меңгеру деңгейін анық­тау жүйелерінің қағидаттарына негізделген. Сонымен бірге биылғы жылы мемле­кет­тік тілдің қолданылу аясын кеңейту, көпшіліктің қолдануына қол жеткізу мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халыққа қызмет көрсету, сауда, кәсіп, т.б. салаларды қамтыған 10 салалық тілашар сериясының әр сериясы – 100 мың данамен, ал жалпы таралымы 1 млн. дана болып шығарылды. 10 салаға арналған бұл тілашарлар республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ қызығушылық танытқан жеке тұлғаларға таратылды. Осы 20 жылдықта қол жеткізген зор табыс – 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» шығарылуы. Онда барлығы 150 мың сөз бен сөз тіркесі қамтылған. Бұл тіліміздің сөздік қорының аса бай екендігін көрсетеді. Алайда қазақ тілінің мол сөздік қоры мұнымен де шектелмейді. Ол толығып, еселене береді. Сондықтан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай осындай елеулі еңбектің жарық көруін еліміздің рухани өміріндегі зор жетістік деп білемін. Сонымен қатар 2011 жылғы кіріс-шығыс құжаттарының арасалмағындағы мемлекеттік тілдің үлесі орта есеппен 85% пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 5 пайызға артқан. Ал 2006 жылы бұл көрсеткіш небәрі 32,7 пайызды құраған болатын. Бұған қоса, қоғамдық санада мемлекет­тік тіл­дің оң имиджін қалыптастыру мақ­сатын­да екі үлкен тележоба түсірілу аяқ­талды. Мұ­ның бірі – реалити-шоу болса, екіншісі – мемлеке­тік тілді меңгертудің телебағдарламасы. Алға қойылған міндеттерді іске асыру 2020 жылға қарай мынадай нық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: Мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі қазіргі 60 пайыздан 95 пайызға дейін өседі, орыс тілін меңгерген қазақ­стан­дықтардың үлесі кемінде пайызды құрайды, ағылшын тілін меңгерген қазақ­стандықтардың үлесі шамамен 20 пайыз болады. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін біз бұл бағыттағы жұмысымызды әрі қарай жалғастыра береміз. «Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу» мақсаты бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Телеарналарда мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі телевизиялық бағдарламаларды жасау мақсатында телеарналарда мемлекет­тік тілдің қолданылуын көпшілікке тарату, телехабар арқылы мемлекеттік тілді оқыту циклдері бойынша ток-шоу, реалити-шоу, сұхбат, диалог түріндегі түрлі бағдарламалар эфирге шығарылатын болады. Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыстілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында жыл сайын Баспасөз күніне орай «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық байқау өтеді. 2011 жылы қазақтілді аудиторияны көп­теп тарту мақсатында түрлі оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар шығарылды. Мысалы, «Әлем балалар әдебиетінің інжу-маржандары» топтамасынан қазақ тілінде жасөспірімдерге арналған 15 түрлі кітап, «Әлемдік классика» топтамасынан қазақ тілінде 25 кітап, «Мен оқығанды ұнатамын» топтамасынан 64 кітап, «Ертегілер елінде» топтамасынан қазақ тілінде 60 томдық кітап, «Энциклопедиялық анықтамалықтар» топтамасынан 21 том, «Қазақ энциклопедиясы» топтамасынан 5 томдық кітап, «Қазақ балалар әдебиетінің классикалық үлгілері» топтамасынан 5 томдық кітап, бастауыш сынып оқушылары мен мектепке дейінгі балаларға арналған 12 аудиокітап, қазақ әдебиетінің ең үздік шығармаларынан 7 аудиокітап шығарылды. «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әлеуеті» мақсаты бойынша мыналарды айтуға болады: 2001-2010 жылдар аралығында барлығы 24 Мемтерминком отырысы өткізілді. Бұл отырыстарда 11 сала бойынша барлығы 7190 термин бекітілді. Оның қазақ тілінде қабылданып, бекітілгені – 6922 термин, орыс және халықаралық тілде қабылданып, бекітілгені – 268 термин. Бекітілген терминдердің басым көпшілігі қаржы (2414 термин), ақпараттық технологиялар (1159) және жаратылыстану (1067 термин) салаларын қамтиды. Мемтерминком отырыстарында ғалымдар мен мамандар, ұйымдар, авторлар мен шығармашылық ұжымдар ұсынған терминдер талқыланып, бекітіледі. 2001-2010 жылдар аралығында ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының 22 отырысы өткізілді. 2200 ұсыныс қаралып, 1672 оң шешім қабылданып, 528 ұсыныс заң талаптарына сәйкес келмегендіктен, кері қайтарылды. Сонымен қатар, мекемелерді атауға байланысты 21 Үкімет қаулысы шықты. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының гуманитарлық, білім, қаржы-экономикалық, техникалық және басқа салалық терминологиялық секциялардың жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ оны ғылыми-теориялық тұрғыдан ұйымдастыру мақсатында мемлекеттік органдарда салалық терминологиялық жұмыс топтары құрылды. Олар сала ерекшеліктеріне орай үш топқа топтастырылып, бекітілген кестеге сәйкес әр топтың жеке-жеке мәжілістері өтті. «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту» мақсаты бойынша да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Республикалық ұлттық мәдени бірлестіктердегі жексенбілік мектептер арқылы ұлттық тілдерді және мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыс­тырып қарайтын болсақ, қазір елімізде мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарының қатары көбейді. Жыл сайын «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тілді білу бойынша өзге ұлт өкілдері жастарының арасында «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Абай оқулары», «Тіл – барлық білімнің кілті» республикалық байқаулары, мемлекеттік тілді жетік меңгер­ген жастар арасында «Тілі бірдің – ті­легі бір» республикалық форумы жыл са­йын Тіл фестивалі аясында ұйымдастыры­лып келеді. Сонымен қатар жыл сайын үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгер­ген жастар арасында «Тілдарын» республика­лық байқауы ұйымдастырылып өтеді. Бұл байқауды өткізу барысында да жыл сайын үш тілді еркін меңгерген қабілетті жастардың санының артып келе жатқанының куәсі боламыз. Барша қазақстандықтардың басын біріктіретін мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық салаларындағы қолданысын қамтамасыз ету – біздің ең бас­ты міндетіміз. Тіл бірлігі – ел бірлігі. Сондықтан Қазақстанның әр азаматының мемлекеттік тілін жетік меңгеруі – ел тұтастығының, шынайы бірлігінің басты көрсеткіші. Сол себептен де еліміздегі тіл саясатына ерекше назар аударылып келеді, солай бола да бермек. Басқаша болуға тиіс емес. Алдағы жылдары да «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру аясында да аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

3744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы