• Тұлға
  • 02 Наурыз, 2012

«Мен әкеммен мақтана аламын»

d0b1d0b5d0bad0bcd0b0d185d0b0d0bd-1Құдайға шүкір дейік, жақсы мен жайсаңнан кенде емеспіз. Жақсылар жайлы сөз болғанда төңірегіндегілердің шапағатына бөленіп жүрген Тілеулес Мәшенбаев ағаны айрықша атар едік. Бұл кісі о баста қызметке, лауазымға қызыққан емес. Тиісті орындар сенім арта ма – сол сенімді ақтауға тырысады. Міндет жүктеле ме – ықтиятты орындайды. Тілекеңнің өз ұстанымы бар. Ол – арлы азамат болу, дүние-байлыққа қызықпау. Ағамыз Қызылорда мемлекеттік педагогика институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын өзі туып-өскен Қазалы ауданында, мектептен бастады. Қарапайым мұғалім болды. Жас та болса мектеп директорының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Ары қарайғы қызмет комсомол, партия орындарында жалғасты. Осыдан жиырма жыл бұрын Алматыға түпкілікті көшіп келді. Он жыл Алматы теміржол институтында, Көлік және коммуникация академиясында түрлі лауазымды қызмет атқарды. 2001 жылдан – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінде доцент. Бүкіл ғұмырын тәрбие саласына арнап келе жатқан ұстаз-тәлімгер – педагогика ғылымдарының кандидаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі. Педагогика саласы бойынша алты әдістемелік құрал, төрт оқулық, 45 ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді. Азаматты жанындағы үлкен-кішінің, дос-жарандардың сүйіспеншілігіне, ыстық ықыласына бөлеп отырған не қасиет, не құдірет? Ең бастысы, ел үшін еңіреп өткен ерлерге деген тағзым. «Біз өткенді ұмытпауымыз керек. Әсіресе елдің азаттығы, келешек ұрпақ үшін өмірлерін қиған ардақтыларымызды жастарға үлгі етіп отыру – парызымыз», – дейді ардагер аға. Өзінің жасы жетпіске таянып қалса да, әлі күнге ата-анасын естен шығармай, оларды көпшіліктің қатысуымен еске алып, перзенттік парызын өтеп отыратындығы... Тағысын-тағылар... Ата-ана дегеннен шығады, Тілеулес ағамыздың әкесі Бермахан Мәшенбаевтың есімі Қазалы төңірегіне жақсы таныс. Ол кісі кезінде Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевпен кездесіп, пікірлес-сыйлас болған. Бермахан әкеміз – өз тілегімен Чапаев дивизиясының құрамында болып, ақ гвардияшылдарға қарсы күрескен санаулы қазақтардың бірі. 1928 жылы Қазалыда ояз тарап, жеке аудан шаңырақ көтергенде аудандық мал шаруашылығы кооперациясының төрағасы болды. «Жаңаталап», Аманкелді атындағы колхоздардың басқарма төрағасы болып, колхоз экономикасын нығайтуға көп еңбек сіңірді. Колхоз басқарған жылдары шаң басып жатқан өңірге бұрын-соңды қолға алынбаған жеміс-жидек бағын өсіріп, қала мен ауылды алмамен, алмұртпен, өрікпен, өзге де өнімдермен қамтамасыз етті. Бермахан Мәшенбаевтың соғыс жыл­дар­ындағы бастамалары да көпке үлгі болды. Өзінің жеке табысынан 100 мың сом бөліп, танк жасатады. Кейін Мәшенбаев атында танк жасалғандығы жөнінде Бас қол­басшы И.В.Сталиннен жеделхат келеді. 1943 жылы Қазалыға келген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев көпшілік қатысқан жиын үстінде колхоз төрағасына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын тапсырады. Бұл наградадан басқа Б.Мәшенбаев еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталады. Сөйтіп, облыстық деңгейдегі зейнеткерлікке шығып, кейін 1984 жылы дүние салады. Көзінің тірісінде өзі қызмет еткен ауылда көше аты беріледі. Туған елі үшін тер төгіп, еңбек еткен мұн­дай әкені елеусіз қалдыруға бола ма екен? Әкенің мерейтойлары назардан тыс қалған емес. Ауылда арнайы ас беріліп, онда жи­нал­ғандар елге қызмет етудің үлгісі ретінде Бермахан әкенің өнегелі өмір жолдары жө­н­інде әңгіме қозғайды. «Әкем жайлы жылы лебіздерді ес білгеннен естіп келемін. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Мақсатым – әке атына кір келтірмей, адал өмір сүру», – дейді әкені ардақ тұтқан перзент. Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына орай Қазалыда «Қазалы-Асан көтер­ілісінің» құрбандарын еске алу шарасы өтті. Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Кеңес өкіметінің өктем саясатына қарсы шыққандар Қазақстанның әр түкпірінде бой көтерді. Солардың бірі тарихта «Асан көтерілісі» деген атпен қалған Қазалы шаруаларының ереуілі болатын. Көтеріліс құрбандарын еске алуға арналған шара жоғары деңгейде өтті. Ғыл­ы­ми-таным­дық конференция, ақын­дар айтысы болды. Ат бәйгесі де ұйымдастырылды. Онда жарыс жеңімпаздарының біріне Бермахан Мәшенбаев атындағы жүлде тағайындалды. Міне, осы жүлдені ел есінде жүрген тұлғаның ұлы Тілеулес Бермаханұлы өз қолымен тапсырды. Тілеулес ағамыздың жұртшылық көңі­л­інен шығып жүрген игі істерінің тағы бірі жөнінде айта кетелік. Қазақ тарихында ХVIII ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысының алар орны ерекше. Осы кезде Ресей отаршылдығы мен Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарының озбырлықтарына қарсы көтерілістер болды. Осы көтерілісте атақты Жанқожа батырдың қарулас серігі Ақтан батыр да асқан ерлігімен көзге түсті. Батыр есімі бүкіл қазақ жұртына бей­мәлімдеу болғанымен, Арал, Қазалы, Шал­қар өңірлеріндегі тұрғындар оның есімімен етене таныс. Арал ауданында 2010 жыл «Ақтан батыр жылы» деп белгіленді. Осыған орай аудан көлемінде бабаның ер­лігі жыл бойы ұлықталды. Осы жылдың үлкен табыстарының бірі – «Ақша бұлтты Ақтан батыр» атты кітаптың өмірге келуі еді. Кітап бұрыннан мәлім мәліметтермен шектеліп қалмай, жаңа деректермен толықтырылды. Осы құнды шығарманың көпшілік қолына тиюіне ұйытқы болған азаматтардың бірі, кітапқа демеушілік көрсеткен Тілеулес Бермаханұлы еді. Тілеулес ағаның өзін тәрбиелеп, өсірген ата-анасына деген ықылас-пейілі қандай болса, түтін түтетіп отырған шаңырағына деген сүйіспеншілігі де сырт көз сүйсінерлік. Ол – зайыбы пір тұтқан адал жар, балалары, немерелері ардақтап, құрметтеген асқар таудай әке, сүйікті ата. Жұбайы Зылиха – ұстаз, ана. Көп уақыт Қазақ көлік және коммуникация академиясында оқытушылық қызмет жасады. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Зылиха апамыз да ұлағатты ұядан тәрбиеленіп шыққан өнегелі жандардың бірі. Әкесі Оңлыбай Оңғарбаев бар ғұмырын теміржол саласына арнады. Сөйтіп, қажырлы еңбегінің арқасында елімізге танымал, құрметті теміржолшы атанды. Бұл күнде кезінде өзі тұрып, еңбек еткен «Матай» стансасында О.Оңғарбаевтың атымен аталатын көше бар. Бақытты шаңырақтың перзенттері Әнуар, Қабыланбек, Эльвира жоғары білім алып, әр салада жемісті қызмет етуде. Үшеуінің де отбасы бар. Кішкентайлар өсіп келеді. Алды жоғары оқу орнын бітіруге таяу. Тілеулес аға бір қарағанда қарапайым, кең көрінгенімен, ретті жерінде қаталдық та таныта біледі. Әділетсіздікке, кеудем­соқ­тарға жаны қас. Жағымпаздықты, көлгірсуді ұнатпайды. Әлдекім ерсі, ұнамсыз қылық танытса, бет-жүзіне қарамай айтып салады. «Адамның бәрі бірдей. Біреуді біреудің басынуға қақысы жоқ. Өз басым кішіпейілділікті, қарапайымдылықты қадір тұтамын», – дейді ол. Тілекеңді көреміз де, «адам атты ардақты есімді кір жұқтырмай арқалап жүрген азаматтар аман болғай» дейміз ішімізден. Нұрперзент Домбай

5286 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы