• Тіл
  • 19 Сәуір, 2012

Сауатсыз аудармадан қашан арыламыз?

d0b0d183d0b4d0b0d180d0bcЗаң саласы терминдерінің қолдан­ылуын біріздендіру мәселесі кейінгі кездері жиі көтеріліп жүр. Аталған мәселені талқылауға арналған Астанада өткен жиынның тізгінін қолға алған Президент Әкімшілігінің лауазымды өкілі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров: «Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін нормативтік құжаттар қатары көбейді. Оларды жыл сайын жетілдірудеміз» деп атап өтті. Бұл орайда Парламенттің қос палатасындағы, Үкіметтегі аудармамен айналысатын азаматтардың зор үлесі барлығын жеткізді. «Нормативтік-құқықтық құжаттардағы термин проблемалары бірте-бірте реттелуде десек те, әлі де осы сала бойынша ақылдасатын, айқындап, дәлдейтін мәселе жеткілікті» деді ол. Өз кезегінде сөз алған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­миясының Мем­лекет­тік тіл кафедрасының меңгерушісі Н.Төленбергенова тосын жаңалық айтып, жинал­ған жұртшылықты елең еткізді. Ол Мемлекет­тік қызмет істері жөніндегі агенттіктің тілдік стандарт жасап жатқандығынан хабардар етті. – Мемлекеттік қызмет­кер­лерді оқыту орталықтарында оқытуды біріз­ді­лендірудің кезі келді. Оқыту әдіс­темелерінің де бір қалыпқа түскені жөн. Бәріміз бір мақсатта жұмыс істейтіндіктен бір стандарт болуы керек. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі агенттік тілдік стандарт жасау мәселесімен айналысуда. Кейін оған арнайы жиналып, талқылайтын боламыз, – деп атап өтті Н.Төленбергенова. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Лингвис­тика орталы­ғының бастығы Нұрзада Примашев болса, заң жобаларын аударудағы сора­қы­лықтар, түрлі сауатсыз мәтін­дер­ден мысалдар келтірді. Бұл жиынға Мәжілістен, облыс­тардан, Ұлттық қауіпсіздік коми­теті­нен, сондай-ақ, көптеген ми­нистрлік­терден тілге жауап­ты аза­маттар шақырылған. Алайда жи­нал­ған­дардың ішінде осы Әді­лет ми­нис­тр­лігінің өкілі Нұрзада Примашев өткір сөйлеп, өзекті пі­кір­лерін ортаға салды. Ол 2007 жылы «Жеті жарғы» баспасы шы­ғар­ған қазақша Ата Заңды ала келіп: «Конституцияның 61-бабында заң шығару бастамасының құқығы кімге берілетіні көрсеті­леді. 2007 жылы мамыр айында Конституцияға өзгерістер енгіз­ілді, Президентке заң шығару бас­тамасы құқығы берілді. Мынау – 2007 жылы сол реформадан кейін шыққан Конституцияның мәтіні. Мұндағы 61-бапта заң шығару бастамасы құқығы Президентте жоқ. Бірақ бұл Конституцияны ашсаңыз, онда мұның «ресми мәтін» екендігі жазылған. Сонда кімге сенуіміз керек? Қай нұсқасы дұрыс?» деп мәселені төтесінен қойды. Бұрын Жоғарғы Кеңестен бері ел Парламентінде жұмыс істеп, Сенатта аударма, лингвис­тикалық талдау және актілер басылымы бөлі­мін басқарған Мәди Айымбетов болса, бар мәселе заңның мемле­кеттік тілде жазылмайтынды­ғын­да екендігін қадап айтады. Тіпті, кез келген қазақша мә­тіндегі заңды оқып отырғанда оның аударма екенін айтпай-ақ ұғуға болатынын да жеткізді. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар ми­нис­трлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас­­­тығы А.Кендірбекұлы мем-терминкомның сүзгісінен өтіп, бекітілген, терминдерді түгел­дей жіктеп, жіліктеп беретін үлкен сөздіктің жоқ­тығын алға тартты. Оған қоса әркім әр терминді әркелкі аударып жүргенін мысалға алды. А.Кендірбекұлының сө­зіне жүгінсек, осы сала бойын­ша көптеген көлденең кеп қо­сылған жандардың да кітап шығарып жүргенін қынжыла айтты. Олардың ешқайсысы заң мен тұтынушы талабына жауап бере алмайтынын, яғни сапасыздығын жеткізді. Оған қоса бір терминді әр аудармашы әркелкі аударып жүр. «Мысалы, Мемлекеттік терминком төтенше жағдайлардың ең басты бір термині «аварияны» «апат» деп бекіткен. «Катас­трофа» сөзін болса, «жойқын апат» деп алып жүрміз. Алайда іс жүзінде соңғы кезде қабылданған барлық заңнамаларда, Үкіметтің құқықтық-нормативтік акті­лерінде «авария» – авария, «катастрофа» – апат деп жазылады. Ал катаклизм сөзі де сол секілді» дей келе, алдағы уақытта бұл орашолақ мәтіндерден арылып, сапалы аудармаға қол жеткізетіндеріне сенім білдірді. Д.ІЗТІЛЕУ

3059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы