• Тіл
  • 19 Сәуір, 2012

Көбеген, көрпеш және көрпелдес...

Аталмыш сөздер астарында терең тарих сырлары жатыр. Бүгінде мағыналары күңгірт тарта бастаған «көбеген», «көрпеш», «көрпелдес» сөздерінің тарихи танымдық сипатқа ие ұғымдары қазақ тілі тарихының терең білгірі, академик Рәбиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» (Алматы: «Арыс», 2004.-232 б.) еңбегінде төмендегіше түсіндіріледі:

Көбеген сөзін айта қалсақ, әрбір қазақтың аузына: Базарбайдың Төлеген, Ерте туған көбеген, – деген «Қыз Жібек» жырындағы жолдар ілігеді. Мұндағы көбеген сөзін осы жырды бастырушылар «ерте туған қозы» деп түсіндіреді. Оған осы жырдың келесі бір жеріндегі: Мен едім Базарбайдың Төлегені – Қозының ерте туған көбегені, – деген жолдар да себеп болса керек. Көбеген, көбдік сөздерінің о бастағы мағынасы малға, оның ішінде қойға, қозыға байланысты болған, ал бірақ, жырларда және ауызекі тілдегі қолданысында көбеген сөзі «жас бала, балдырған» деген ұғымды береді. Өткен ғасырдағы қазақтың ауызекі сөйлеу тілі материалдарын пайдаланған Н.Ильминский өзінің 1861 ж. сөздігінде: көбеген — балдырған, балақан (дитя, ребятушки)» деп көрсетеді де, «бұл сөзді көбінесе балаларға әжелері айтады» дейді (1, 198). Е.Жанпейісов көбеген сөзін моңғол тіліндегі «бала, ұл» мағынасын білдіретін хобөгүн сөзімен төркіндес деп табады (2, 78). Қобыландының әкесі: Өлгенде көрген көбеген, Ел тілегін тілеген, — дейді. Мұндағы көбеген деп тұрғаны да «бала». Бұл сөз «Қозы Көрпеш» жырында да бірнеше рет кездеседі. Қозы тазша болып келгенінде «азырақ сөйлессеңіз қайтер екен?» – деп, алдынан қыздар жүгіріп шығады, сонда Қозы-«тазша қойшы»: Аягөз қарамаймын терегіне, Қыз Баян үкі таққан желегіне. Қодар мен тоқсан алып тұрған шақта, Көбеген таз сендерге керегі не? – дейді. Мұндағы көбеген сөзі «жас бала» деген мағынада келген. Сөйтіп, көбеген «жас бала, буыны қатпаған балдырған» деген сияқты ауыспалы мәнде де жұмсалған. Ауызекі тілде көбінесе қартаң әйелдер, әжелер жас балаларын, немерелерін құлыным, ботам дейтіні сияқты, көбегенім деп те атағаны байқалады. Көркем сөз шеберлері бұл сөзді «бала» ұғымында жұмсайды. Сәбит Мұқановтан келтірілген: Сонда-дағы өлген жоқ, өсті Алтай Торсық шеке, ақ сазан көбеген боп, — деген мысалда осы сөздік түсіндіргендей, «шыдамды, төзімді, мықты» деген мағынаны беріп тұрған жоқ, «бала» деген ұғымды білдіріп тұр. Көбеген сөзінің этимологиясын (түп-төркі­нін) жасаған Ш.Сарыбаев бұл сөздің түбірі көбе(н) болуы керек дейді. Көбе/көбей/көпе/кепе деп қазақ тілінің әр жерінде ерте туған қозыны не басқа малдың төлін айтатынын көрсетеді, ал -ген кішірейткіш мағына беретін -қан/ -кен, -қана/-кене жұрнағының өзгерген түрі деп танытады. Сонымен қатар бұл зерттеуші қазақ тіліндегі көрпеш, көрпелес сөздері де көбе/кепе сөзімен төркіндес болу керек деп топшылайды, өйткені, көне түркі тілінде көрпе сөзі «кеш туған қозы» дегенді білдіргенін XI ғ. Қашқари сөздігі көрсетеді. Көрпе сөзіндегі р дыбысының түсіп қалуы түркі тілдерінде жиі кездесетін құбылыс екенін ескертіп, көрпе дегеннен көпе/кепе тұлғалары пайда болған дегенді айтады (1, 102-103). Бұл — дұрыс этимология. Көне түркі тілдерінде көрпе сөзі, жалпы, «жас» дегенді білдірген. Мысалы, көрпе от «көк шөп» (свежая трава) (4, 318). Сонда көрпеш сөзі «жас бала» дегенді білдірмек. Қозы Көрпеш есімінің түбірі — осы көрпе «жас» сөзі. Көбеген, көрпеш сөздерімен түбірлес сөздің тағы біреуі — көрпелдес/көрпілдес. Бұхар жыраудың бір толғауында: Байдың ұлы көрпелдес Шұбалаңқы тартады Айдап жүрген малдан соң, – деген өлең жолдары бар. Мұндағы көрпелдес сөзіне мұраны ұсынушылар «күпілдек» деген сөз деп түсініктеме береді (XVIII—XIX ғғ., 34). Ал «Қозы Көрпеш» жырында: «Мен секілді көрпілдес неге керек» деген өлең жолындағы көрпілдес сөзіне «бұл не ескі сөз, не болмаса жазбаның шатағы ма, әйтеуір, ұғылмады» деп түсініктеме берілген. Әрине, бұл түсіндірмелер қате. Көрпілдес сөзінің де түбірі — көрпе. Бұл сөз алдыңғы сөздердің талдауында айтылды, көне түркілердің тілінде «жас, балғын» деген мағынаны берген: көрпе оғул – көктемде туған бала (4, 318). Бұл жердегі тіркестің мағынасы дәл қазақ тіліндегідей. Көрпелдес/көрпілдес сөзі бұл күнде көбі­несе мал баласына қарата айтылатын сияқты, сондықтан, түсіндірме сөздік оның мағынасын «жүндес, ет алған марқа қозы» деп анықтайды, ал көрпеш сөзін «ерте туған қозы» деп түсіндіреді. Шындығында көрпеш, көрпілдес бір мағынадағы сөздер. О баста оның «жас, балғын» мағынасы малға да, адамға да жанас­тырыла айтылса керек.

Әдебиет 1. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия с киргизско-русским словарем. Казань, 1861. 2. Жанпейісов Е. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі. Алматы, 1966. 3. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. Алматы, 1966. 4. Древнетюркский словарь. Ленинград, 1969.

4053 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы