• Тіл
  • 19 Сәуір, 2012

Сөздерді біріктіріп жазудың белгілері қандай?

Қалың жұртшылықтың сауаттылығын реттеп отыратын орфографиялық сөздіктер ара-тұра түзетулермен, толықтырулармен жарық көріп жатады. Ондағы жаңалықтарды танып-білуде пайдаланушы қауым – мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, баспасөз қызметкерлері, т.б. кейде мәнін жете аңғармай қалады. Осы ретте сөздіктер туралы түсінбестіктен айтылып жататын сын-пікірлер де кездесіп қалады, әртүрлі сұраулар да көкейде жүреді. Солардың бірді-екілісіне тоқталсақ... Қазақ тілі сөзжасамында тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты аналитикалық (сөздерді тіркестіру) тәсіл басым болып келеді. Сондықтан, әсіресе, жаңа ұғымдарды атауда сөз тіркестері жиірек қолданылады. Бірақ, сөздердің бәрі тіркес қалпында қала бермейді екен. Сөз тіркестерінің араларында бірге жазылуға «сұранып тұратындар» да болады. Мысалы, шет қатар, шет жер, шет тіл, шет жұрт, шет ел деген тіркестердің ішінде шетел сөзі бірге жазылады. Оның себе­бі – тіркес мағынасының «елдің ше­тін­де орналасқан ел» деген нақты мағы­насынан «тысқары», «бөгде» деген ма­ғы­налық реңкке ауысуынан. Қазақ емлесі бүгінде сөздерді бірге жазуға басымдық беріп отыр. профессор Р.Сыздықтың ғылыми басшылығымен жарық көрген «Орфографиялық сөздіктің» 1988 ж., 2005 ж., 2007 ж. басылымдарында бірге жазылатын сөздердің қатары бірте-бірте көбейе түсті. Бұл салада академик Р.Сыздықтың басшылығымен профессор Н.Уәли 1980 жылдан бермен қарай сөздерді бірге таңбалаудың нақты белгілерін іздеумен шұғылданып келеді. Оның кейбір нәтижелері жоғарыда аталған басылымдарда ескерілді. Атап айтқанда, сөздіктің 1988 жылғы басылымынан бергі жерде едәуір орфограммасы қиын сөздердің сөзді емлесі негізделді. Алдымен сыртқы белгілері (тұрпат межесі) және ішкі мағынасы (мазмұн межесі) назарға алынды. Мысалы: -лар, -лер: жeлбeзeкmыныcmылap, aшamұяқmылap, сүтқоректілер; -лық, -лік: дүнueжүзiлiк, қолбaйлayшылық, асырасілтеушілік, ақкөңілділік, -ғыш, -гіш: алжапқыш, кіржуғыш, картопүккіш, қызылшатазалағыш; -ар: алтыатар, ұйқыашар, босағааттар; -ты, -ті: жолсоқты, пышақкесті, күнқақты; -ма, -ме: шығарыпсалма, суырыпсалма; -дан, -ден: ақкөңілдену, т.б. Түсініп қараған кісіге осы жұрнақ жалғанған әр қатар сөздікте әзірше 40 шақты сөз болғанымен, бұл модель ашық жүйе болғандықтан, одан әрі толыға түсуі мүм­кін, яғни осы жұрнақтармен түрле­не алатын және екі сыңар өзара ұласып, бір екпінмен тұтаса алатын, бір мағынаға ие болған, терминдік мәнде жұмсалған бір бүтін, екі сыңар арасында бірігуге кедергі жоқ (жұрнақ, жалғау) тіркестер бірге жазылады деп қорытынды жасалды. Осы жұрнақтардың ұласты­рушылық қызметімен байланысты қазіргі емле сөздігінде төмендегідей сөздердің типтері бірге жазылған: алдыналушылық, арашаруашылық, арқа­тұтушылық, арттақалушылық, артықкетушілік, асырасілтеушілік, ауылшаруашылық, бүкілхалықтық, бүкілқазақстандық, жалпымемлекет­тік, жалпыұлттық, жантүршігерлік, жанашырлық, жантыныштық, жателдік, жатжұрттық, аққұлақтану, ақниеттену, ақпақұлақтану, ақпейілділік, -дану, -дену, -тану, -тену: ақсирақтану, ақтаңдақтану, ақтүтектену, боркеміктену; -дық, -дік: алакөңілдік, алақолдық, арамтамақтық, жанқиярлық, жанпидалық, екіжүзділік, екісөзділік, суқараңғылық; -шылық, -шілік: бойұрушылық, ауылшаруашылық; -ым, -ім: аспісірім, атшаптырым, биесауым, бірезім, бірасым, көзкөрім, біржағым, біркөш жер, бірасым, біраттам, бірауыз, біржайлы, біржер егу, біржолғы, біржолы, біржұтым, біриірім, біркиер, бірқадам, бірқайнатым, бірқызық, бірсалар, бірсалым, бірсауым, бірсыдырым, біртабан, біртартар, біртурам, біртұтам, біртүрлі, біртілім, біртістем, біруыс, бірұрттам, бірүзім, біршағым, біршайқам, біршөкім, біршымшым, етасым, етқайнатым, етпісірім, жазғасалым, т.б. Сөздікте көрсетілмеген сөздің жазылуын осы белгілер арқылы өзіңіз де анықтай аласыз. Ал енді мұндай «менмұндалап» тұратын сыртқы «көйлегінде» белгісі жоқ сөздер болады. Оларды бірге немесе бөлек жазатынымызды қалай анықтаймыз? Бұл, әрине, қиындау. Дегенмен, орфографиялық сөздікті құрастырушылар бұл мәселе жөнінде де негізді уәж айтты. Егер екі сыңар өзінің тура мағынасынан ауытқып, ауыспалы мағынада немесе өзге мағыналық реңктерде жұмсалса, онда сөз бірге жазыла алады. Мысалы, ақсақал сөзіндегі ақ – «сүттің, қардың түсіндей түс» емес, сақал – «жасы ұлғайған ер адамның иегіне қойылатын түк» те емес. Тіпті, бұл тіркес «сақалы ағарған қария» мағы­насын да бермейді. Осы мағынадан «жасы үлкен, көпті көрген, аузында дуасы бар, дана қарт, елді ұйытушы» мағынасына қарай ауытқығандықтан бірге жазғанбыз. Сондықтан, 2005 ж., 2007 ж. қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінде мынадай сөздер сыртқы, формалды белгілері болмаса да, бірге жазылады: қолорамал, беторамал, асқасық, шайқасық, қолайна, қолбұрғы, қолшана, желдиірмен, будиірмен, қолсағат, ашішек, тоқішек, көтенішек, атдорба, аткөпшік, еткөйлек, жанқалта, желбесік, желқайық, шыныаяқ, қойындәптер, ішкөйлек, сазбалшық, қарабалшық, көрпетыс, т.б., яғни жоғарыдағы жұрнақтар сөз сыңарларын ұластырып тұрғандықтан, олардың ішкі мағыналық құрылымында семантикалық жылжулар болады. Сөйтіп, күрделі құрамды лексикалық бірліктер жасалады. Құралай Күдеринова, С.Демирел университеті «Қазақ филологиясы және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы

4453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы