• Тіл
  • 19 Сәуір, 2012

Сәуірдің сарбауыр бұлттары...

Жылдың жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айының арабша аты – сәуір, қазақша атауы – көкек. Көкек атауы көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты пайда болса керек. Сонда бұл айдың өзгешелігі ретінде жылы жақтан қайтқан құстар үнінің ерекше естілуін атауға болады. «Қазақтар үшін көкектің дауысы ай атауын белгілеуге негіз болса, чулымдықтар мен барабалықтар үшін қарға даусы, қарғаның ерекшелігі бұл айды қарға ай деп атауға негіз болған. Ал саяндықтар құстың пашқы айы деп атаған. Көктемгі табиғаттың әсемдігін уәж еткен тувалықтар мен шорлар бұл айды көрік айы деп атаған [1,6]. Күзде жылы жаққа ұшып кеткен жыл құстары сәуірде туған мекендеріне қайта орала бастайды. Олардың қата­рында қазтектестер, сұқсыр үйрек­тер, жыртқыштар, шалшықтар, шағалалар, кейбір торғай тектестер болады. Артынша тыраулап тырналар, қаңқылдап қаздар оралады. Әулие құс саналатын қарлығаштың да ұшып келіп, ұя сала бастайтын мезгілі де – сәуір айы. Көктем өз күшіне мініп, жер-жаһанды жылылық лебі шарпып, күн көзі қыздыра бастаған шақты ақын Сырбай Мәуленов былайша жырға қосады: Жыл құсымен қиқулап, Бұлағымен бұрқылдап, Көктем сұлу келеді, Балбыратып денені, Бойды билеп, сиқырлап... Күн мен айдың қозғалысына тікелей қатысы жоқ, негізінен, ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан күнтізбе жүйесі «азаматтық айлар» жүйесімен құрылады. Қардың еруі мен жердің көктеуі, өсімдіктердің толуы мен солуы, күн салқындап, күздің басталуы, қар жауып, аяз бен боран кезектесіп, қыстың түсуі аталмыш күнтізбе жүйесін түзуге себеп болады. Сондықтан, азаматтық айлар халықтың өмір тәжірибесіне жақын келеді. Бұрынғы қазақ күнтізбесінде айлардың былай аталғаны белгілі: Наурыз, Көкек, Мамыр, Отамалы (Маусым), Шілде, Сірше (Тамыз), Қыркүйек, Қазан, Қараша, Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан. Жыл 12 азаматтық айларға бөлініп, әр айда 30 күн болған. Жыл аяғында олардан тыс 5 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған. Үш айда 90 күн болғандықтан, «тоқсан» деп аталған [2]. Қазақ күнтізбесіндегі төртінші ай – Отамалы. Ертедегі қазақ шаруашылығына өте жақын, соған байланысты осылай аталса керек. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. Профессор Е.Жанпейісовтің еңбегінде «Отамалы» сөзіне арнайы талдау жасалған. «Абай жолында» берілген түсініктемені сол қалпында көрсете отырып, ғалым М.Әуезовтің түсіндіруі мен В.Радловтың пайымдауын салыстырады. Халықтың сол кездегі шаруашылық науқаны мен күн райының өзара үйлесуінен барып туындаған «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі жақын келеді. Мысалы: «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп аталу себебі: бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау. Көкек­тің суығы басталған уақытта, әлгі «қой­ды жайылысқа шығармайық, боран болады» ... десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, «қойдан қалмаймын» деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығын «отамалы» атағаны содан дейді» [3, 108]. Жергілікті аймақ тілінде сәуір таң қараңғысы дегенді білдіреді. Соған сәйкес сәуір салу – «түнделетіп жүру» дегенді аңғартады. Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде мынадай қолданыстар кездеседі: Мен бүгін сәуірден тұрдым. Ол кезде жолаушылар сәуірмен жүреді [4]. Байырғы қазақтар ұзақ та қиын сапардан оралған адамды самалық деп, оның әкелген сәлем-сауқатын самалдық деп атаған. Дәстүр бойынша самалдықты ең бірінші қарсы алған адамға береді [5]. Көптен көріспеген адамын қарсы аларда жылылық хабарын, жылдың басын сұрасады: Самалық! Самалық! Көк құс көзін ашты ма, аяғын жерге басты ма? Самалық! Самалық! Самарқанның көк тасы жібіді ме, көрдің бе? Қап тауының көк құсы жүгірді ме, көрдің бе? Самалық! Самалық! (М.Жұмабаев). Сәуірде жерге алғаш соқа салынғанда, «Су басы жоғары болсын! Диқанға береке берсін!», «Көктен тілегенің жерден өнсін!» деген тілек айтылады. Жалпы, көктем – жаңбырлы, ыл­ғал­ды кезең. Жаңбыр жаумас бұрын бұлт үйіріліп, қоюланады да, артынша сай-саланы шайып өтер жаңбыр жауады. Сәуірдің сарбауыр бұлты күн жылынған шақта аспанда көп тұрып қалмайды, өткінші жаңбыр болады. Ел-жұрт оны «рахман жаңбыры, Алланың нұры» деп қабылдайды. Табиғаттың төл перзенті болып саналатын халық тілінде бұлттың түр-түрі туралы ұғымдарды білдіретін атаулар мол кездеседі: Будақ бұлт – шумақ-шумақ бұлт; Желең бұлт – түтілген шудадай жеңіл бұлт; Зілмәуір бұлт – аспан күмбезін түгел жапқан ауыр бұлт; Қазбауыр бұлт – ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болған бұлт; Кілегей бұлт – жұқа, сирек бұлт; Маса бұлты – желсіз, тымырсық түнгі бұлт; Өркеш бұлт – түйе өркештенген ала бұлттар тізбегі; Сетінеуік бұлт – іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлт, т.б. Халық танымында табиғат амалдарының түр-түрі кездесіп отырады. Сәуір айын ескіше үш тоғыс деп атайды. «Бес тоғыста қар кетпес, үш тоғысқа қар жетпес» дейді байырғы есепшілер. Сәуір желі – сәуірдегі амалдың бірі, жаңбыр әкелетін жел. Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жазғытұрымғы жайлы күндер басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – «тобылғы бүршік жарған», яғни «өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады» деген сөз.

Әдебиет: 1. Орынғазы Ә. Күнтізбе жүйесіне қатысты лексика-фразеологиялық бірліктер. Филология ғыл. канд. ... авторефераты. – Алматы, 2007. 25 б. 2. Уәли Н. Қазақтардың байырғы күн қайыруы. Ана тілі, 1992. 3. Жанпейісов Е. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі. Алматы, 1976. 165 б. 4. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Том ІІ, 167-б. 5. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса

6291 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы