• Тіл
  • 30 Наурыз, 2009

Эскимос тілінің дамымауы эскимостың кемшілігі емес

Тіл экологиясының бір мықтап айналысатын шаруасы – тілдік нигилизммен күрес. Тілдік нигилизмнің көрінісі әр елде әр басқа болуы мүмкін. Ал бізде осы қауіпті көзқарас «қазақ тілі құрып біткен тіл», «мұражайға тапсыратын тіл», «жан тапсырайын деп жатқан тілді мазалап қажеті жоқ» дейтін мазмұндағы сөздер орыстілді БАҚ-та аз айтылып жүрген жоқ. Мұндайлар да тәуелсіз мемлекеттің тіл саясатымен, оның Ата заңымен де, тіпті жалпы адамзаттық ізгілікпен де үйлеспейтінін, арғы астарында бөтен ой, жат пиғыл жатқанын аңғару қиын емес. Бұл – ана тілінде сөйлейтін тұлғаларды басқа жаққа итермелеу, тілдік тұлғаның санасына қалайда ана тіліне деген сенімсіздік ұялату, оның ана тілінің болашағына деген үмітін өшіру арқылы мемлекеттік тілмен күресудің тәсілі. Мемлекеттік тілдің тағы бір қарсыластарының айтуынша, қазақ тілінің құрылым жүйесі қазіргі заманғы ақпарат жүйесіне лайықсыз. Бұның да ғылыми жағынан ешбір негізі жоқ. Мысалы, ерекше таңбалар жүйесі ретінде кез келген тілдің әлеуеті, мүмкіндігі шексіз, оны сарқа, тауыса пайдалану мүмкін емес. Тілді әуелде Құдай солай жаратқан. Қазақ тілінің де әлеуеті аса зор. Әңгіме тек соған мүмкіндік беруде ғой. Түрлі тәсіл, айла-шарғымен тілдің мүмкіндігіне тосқауыл жасап, кедергі келтіріп жатса, әрине, ағылшын тілі де, қытай тілі де, орыс тілі де зардап шеккен болар еді. Э.Канттың философиялық сөздігін екінші тілге аудару – қиынның қиыны. Тіпті ондай қиынның қисынын эскимос тілінде де жүзеге асыруға болар еді. Бірақ оған эскимос тілінің емес, эскимостың шамасы жетпейтін көрінеді. Эскимос тілінің дамымай қалғаны эскимос тілінің кемшілігі емес, эскимостың кінәсі. Міне, қазақтар да Құдай жаратқан өз тілінің алдында кінәлі болып қалмау үшін күресті, басын қауіпке байлады, қатерге тікті. Әлі де солай болмақ. Тілдік ортаға іріткі салуда пайдаланылатын нигилизмнің тағы бір түрі – зиянды вирустарды тарату. Әлемде 6 мың тіл болса, олардың бәрі өшіп, өледі, тек әлем тілдері деген мәртебесі бар санаулы тілдер ғана өміршең болып қала бермек. Сөйтіп, болашағы жоқ тілдердің алдыңғы қатарына қазақ тілін қосып қояды. Тілдік ортадағы тұлғалардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ана тілінің болашағы жөнінде екіойлы болып жүргендер де бар болуы ықтимал. Әлгідей зиянды вирустар алдымен жиырма-жиырма бес жылда қазақ тілі құрып бітеді деген қауесет ақпаратқа құлай сенетіндерге тез жұғады. Сондай қауесеттен кейін ана тілінде оқып жүрген баласын орыс мектебіне беруге даяр тұратын ата-аналардың саны көбейеді. Әрине, 6 мың тілдің ішінде таяу жылдары құрып кету қаупі бар сырқат тілдер аз емес. Бірақ олардың диагнозын қазақ тіліне таңуға болмайды. Құрып кетуге бейім сырқат тілдердің әлеуметтік портреті қандай екеніне тілдік тұлға хабардар болуы керек. Болашағына қауіп төнген сырқат тілдер 1) тек ауызша түрде ғана қолданылады, 2) жазба түрі жоқ; қоғамдық өмірдің білім, ғылым, ағарту салаларында қолданылатындай әдеби тіл деңгейіне жетпеген, стильдік тармақтары жоқ; 3) әртүрлі жанрға бай көркем әдебиеті, эпикалық шығармалары жоқ, тек салт, ғұрып айналысында қолданылатын фольклорлық туындылармен шектеліп қалған тілдер; 4)мемлекет қамқорлыққа алмаған тілдер. Әрине, қауіп қай жерден болса, қатер содан. Тілдік ортаға, тілдің ақпарат, ғылым, басқару, этномәдени кеңістіктерде қызмет етуіне бөгет болатын нигилистік көзқараспен күресу тіл экологиясының негізгі міндеттерінің бірі болмақ. Қазақтардың жартысы немесе 4 млн. қазақ ана тілін білмейді деу де пәлендей дерегі жоқ нигилизмге жол ашудың бір түрі. Республикада күллі қазақтың жартысы (4 млн.) қазақша білмейді деген сөздің ақиқатқа келмейтініне көз жеткізу қиын емес. Менің ойымша, қазақтың тең жартысы ана тілінен мақұрым қалған деген алыпқашты сөз – оның болашағын жоққа шығаратындай тілдік нигилизм тудыратын әңгіме. Ұлттық сана және тіл. Сөз мәдениеті – ұлттық сананы дамытуға қызмет ететін пән. Ұлттық сана – рухани мәдениетпен, материалдық мәдениетпен және дене тәрбиесі мәдениетімен байланысты аса күрделі құрылым. Ұлтты, Отанды, Тілді мақтаныш тұтатын сезім де ұлттық сананың құрылымына кіреді. Ұлттық сананың осы аталған құрылымдық компоненттері қазақ тілінде сана-сезім деген қос сөзбен жинақталып айтылады. Тілді, елді, елдің ғасырлар бойы жасаған рухани, материалдық дүниесін жақсы көру сезімі қай кезде болсын қазақ халқында жеткілікті болған. «Қазақ» дегенде, «Тіл» дегенде бәрінен бұрын сезімнің буырқанып кететін де сондықтан. Әрине, ұлтты, елді, тілді т.б. қасиетті, киелі құндылықтарымызды сүю, мақтаныш көру – жағымды (позитивті) құбылыс. Алайда ұлттық сананы қалғытып алмай, сергек ұстау, оны жетілдіріп, дамытып отыратын ұлы күш – ұлттық қозғалыс. Мысалы, ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы намыстың отын үрлеп, қалғып кеткен ұлттық сананы оятты. Тез арада жалпақ жұртшылықтың қолына жаңа тұрпатты әліпби ұстатты, ұлттық сананы оятқан «Қазақ» газеті сияқты бүкілхалықтық газет шығарды, ағарту ісін жолға қойды, бұл шын мәнінде ұлттық қозғалыс болды. Мұның өзі отаршылдық жүйенің шырмауынан босану жолында күреспен жүзеге асты. Алайда көп ұзамай тоталитарлық режим үстемдік құрды. Саяси идеология ұлттық сананы интернациоландыруға күш салды. Сананы ұлтсыздандырудың салдарынан тілге, ұлттық рухани мәдени дүниелерге самарқаулық таныту етек ала бастады. Алайда ұлттық сана біржола сөнбеді. Күл астында көміліп қалғанмен, сексеуілдің шоғындай болып жатты, сексеуілдің шоғы бірден сөне салмайды. Бір кезде сөніп бара жатқан сол шоқты Б.Момышұлы үрледі. Әсіресе 60-70 жылдары қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің халі мүшкіл тартып бара жатқан шақта Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов сынды т.б. ақындардың ана тіліміз туралы жанайғаймен жазған өлеңдері жұртшылықтың сана-сезіміне қозғау салды. Бұл – ресми идеологияға қарсылық көрсеткен ұлттық қозғалыс еді. Сөйтіп, жазушылар ұлттық сананы көтеруге күш салып, әрекет етті. 1972 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен және баспа, радио-телевизия қызметкерлерінің, аудармашы, журналистердің қатысуымен «Тіл мәдениеті және баспасөз» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференция ана тілінің тазалығы, ана тілін дамыту, ана тілін қастерлеу, дәріптеу рухында өтті. Көрнекті тіл мамандары І.Кеңесбаев, әсіресе М.Балақаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықова т.б. атсалысумен болған бұл жиынның ұйтқысы Тіл білімі институты болды. Бұл тек ғылыми шара емес, ұлттық сананы, әсіресе тілдік сана-сезімді дамытудың, сол кездегі идеологиялық қысымға қарамастан жасалған әрекеті еді. Ұлттық санада әдеби тіл, ұлттық әдеби тіл, тілдік норма, тілдің тазалығы, байлығы, терминологиясы т.б. ұғымдар қоғамдық санадан білімдер жүйесі түрінде орнықты. Бұлар тілге деген сезімді оятатын, ұлттық тіл туралы түсінікті қалыптастыратын категориялық іргелі ұғымдар еді. 1972-1978 жылдары Ғылым академиясы ұйымдастырумен Қазақ совет энциклопедиясының 12 том болып жарық көруі ұлттық сананы білімдер жүйесімен байытуға әсер еткені сөзсіз. Қазақ ұлтының рухани, материалдық мәдениетіне, салт-дәстүріне, тарихы мен мәдени мұраларына, тіліне қатысты құндылықтар жинақталған мұндай еңбектер тілдік тұлғаның қоғамдық санасын, тілдік санасын әр алуан білімдер жүйесімен байытқанын жоққа шығаруға болмайды. ҚСЭ-нің жарық көруін ұлттық қозғалыстың бір көрінісі деп бағалаймыз. Осы кезеңдерде академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінің», профессор А.Ысқақовтың басқаруымен құрастырылған онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жарық көруі әдеби тілдің нормаларын танытудағы лексика-фразеологиялық байлығын жүйелеп, тәртіпке келтірген лингвистикалық мәні ерекше еңбек екені өз алдына, мұндай рухани дүние ұлттық сананы байытып, әртүрлі ұғымдардың тілдік тұлғаның, тілдік ұжымның санасында сіңірілуі, сөйтіп, когнитивтік санадағы білімдер жүйесін орнықтыруға, байытуға ықпал ететін тілдік құралдар болғаны даусыз. Олай болса мұндай еңбектерді де ұлттық сананы дамытудағы әрекеттің көрінісі деп пайымдауға тиіспіз. 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ғылым академиясы өткізген тіл мәдениеті жөніндегі республикалық конференция ұлттық тілдің нормалары мен байлығы, сөз шеберлігі, тіл тазалығы келелі түрде сөз болып, тілді ұлы құндылық деп тану рухында өткізген шара өтті. Конференция қарсаңында жүздеген мақала мерзімді баспасөз бетінде жарық көрді. Академик-жазушы Ғ.Мүсірепов өзінің төрт сағаттық баяндамасында ана тілін ардақтауды, ұлттың рухани мұраларын, мәдени құндылықтарын, ұлттың бетке ұстар тұлғаларын қадірлеуді, сөз өнерін қастерлеуді өсиет етті. Бұл жиын кезекті өткізілген жай ғана шара емес, ресми идеологияға имплицитті қарсылық көрсеткен ұлттық маңызы зор уақиға болды. Белгілі ғалым академик Р.Бердібаевтың күш-жігерімен ұйымдастырған, «Халық университетінің» дәрістері ұлттық сананы оятуда маңызы аз болған жоқ. Сөз мәдениетінің теориялық-практикалық мәселелерімен шұғылданумен қатар кезінде Р.Сыздықованың республикалық Қазақ театрларының шығармашылық ұжымдарында, Театр, өнер институтында, республикалық радио-телевизия шығармашылық ұжымдарында қазақ сөз мәдениеті, әсіресе, ұлттық тілдің нақышы мен интонациялық өрнегі, үндесімі мен үйлесімі жайында оқыған дәрістер топтамасы мен баспа қызметкерлері үшін өткізген семинар сабақтарының мәдени жұртшылықтың лингвистикалық біліктігін, сөз мәдениетін көтеруде үлкен мәні болды. Сөйтіп, сөз мәдениеті академиялық тұрпатта қалып қоймай, ұлттық сананы көтеру, дамыту үшін күресетін лингвистикалық пән ретінде де қалыптасты. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге, «Тіл туралы» Заңның қабылдануына, республикадағы тілдердің дамуы мен қызмет етуінің бағдарламасының қабылданып жүзеге асуына мемлекеттік емес ұйым ретінде академиктер Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбаевтың белсенді басшылығымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының, оның бір кездегі органы ретінде дүниеге келген «Ана тілі» газетінің ұлттық мүдде туралы көтерген мәселелері т.б. ұлттық сананы дамытудың әрекеті екенін мойындамасқа болмайды. Нұргелді Уәли, филология ғылымдарының докторы

6000 рет

көрсетілді

90

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы