• Әдебиет
  • 30 Наурыз, 2009

Ғарифолланың ғибратты жолы

Аталарымыз «арсыз ажал-ай» деп отыратын еді. Расында да, ажал арсыз екен. Ғарифолла Құрманғалиев төрт жасында әкесінен, онға аяқ басқанда анасынан айрылып қара жамылып қалды. Бала Ғарифолланың тәрбиесімен ағалары Ғұбайдолла мен Халидолла араласты.  Ол он жасынан бастап қолына домбыра ұстады. Бала кезден Мұхиттың әндеріне аса ынтық болды. Сол заманда Мұхиттың әндерін оның немересі Шайхы мен туысы Шынтас нәшіне келтіріп шырқайтын. Бала Ғарифолла атақты әншінің мұрасын жалғастырушылар мен кезігуге, олардан тәлім-тәрбие алуға құштар еді. Күндердің күнінде бала шәкірттің арманы орындалды. Ағалары қанша қимастық білдіргенмен, нәтижесінде Ғарифолланы Шайхы мен Шынтасқа аманаттады. Солайша, Ғарифолланың ән әлеміндегі даңғыл жолы басталды. 1934 жыл. Сайын даланың төсін саңқылдаған дауыс әлдилеп тұрды. Айнала отырған адамдар ән құдіретінің тұңғиығына батып, толқынында тербеліп жатқан. Қыран құстай қанатын қамдап, шабыттың жалынан мықтап ұстап әуелетіп ән салып жатқан Ғарифолла болатын. Бұл оның ең алғашқы алқа алдындағы ән айтуы еді. Осының соңын ала Орал қаласында өнерпаздардың слеті басталды. Әр тараптан жиналған мықтылардың арасынан Ғарифолла суырылып шығып, бас жүлдені еншіледі. Жаздың маусым айы. Алматыда ағаштар көк жапырақтарға бөленіп, көшелерде гүл алаңдары көздің жауын алады. Далада өскен Ғарифолла Алатаудың мұзды қарлы шыңдарына қарап Құрманғазыны, Мұхитты есіне түсірді. Таудың шыңдары қандай асқақ болса олардың күйлері мен әндері де сондай асқақ екен ғой. Ғарифолланың әншілік білімі жоқ еді. Бірақ Алла Тағала тумысынан әншілік дарын дарытып, табиғаттың өзі тәрбиелеген майталман өнер ордасына тез сіңіп кетті. Ол салған жерден «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Абай», «Біржан-Сара», «Бекет», «Амангелді», «Дайси», «Нергис» және де басқа тұғыры биік, тұрқы бөлек операларда басты рөлдерді сомдай бастады. Солардың ішінде Шеге бейнесін сахнада классикалық, қайталанбас шеберлікпен орындап шықты. Ғарифолланың талантын ең алғаш таныған, оның дарынына бас иген Күләш Байсейітова болатын. Қос самородок егіз қозыдай ғұмыр кешті. Бірін-бірі терең танып, бағалай білді. Ғарифолла Құрманғалиев тек асқақ әнші емес еді. Сонымен қатар ән де шығаратын. Олардың саны жиырмадан асып жығылады. «Сүйген жар», «Нұржамал», «Ақжайық», «Кел, құрбым» сынды әндері халықтың көңілінен шығып, кең таралып кетті. Гүлжиһан Ғалиеваның бастамасымен, сол кездегі мәдениет министрі Ілияс Омаровтың көмегімен Алматыда эстрада студиясы ашылды. Сол студияда Жүсіпбек Елебеков екеуі дәріс берді. Олардың тәрбиелеген шәкірттері бүгінде ел алдында жүр. Солардың қатарында Әскербек Еңкебаев, Қапаш Құлышева, Қалампыр Рахымова секілді ақмаңдайлар бар-тұғын. Құрманғалиевтің репертуарында халқымыздың 500-ден аса әні шырқалды. Өлген тірілді, өшкен қайта жанды. Халық санасынан өше бастаған, ел аузынан кеткен талай әндер Ғарифолламен бірге ортамызға оралды. Халықтың өлшеусіз қазынасынан 300 әнді пластинкаға түсірді. Біле білген адамға бұл қаншама қажыр-қайратты, еңбекті талап ететін тірлік. Ұлт мұрасын түгендеу жолында Құрманғалиев талмай жұмыс істеді. Төгілген тер, жұмсалған күш елеусіз, ескерусіз, атаусыз қалған жоқ. 1939 жылы Ғарифолла Құрманғалиевке Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Соның артын ала Ғарифолла Халық әртісі атағын иеленді. Сонымен қатар Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталды. Ғарифолланың ән ғұмыры ізсіз қалған жоқ. Оның ән әлеміндегі аты біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды. Оған дау бар ма? Ал, Ғарифолланың туған қызы Сәуле Құрманғалиева әке мұрасын жалғап келеді. Теңдесі жоқ сопрано дауысты Сәуле Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ә дегеннен алғы шептегі рөлдерді, арияларды орындады. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Сәуле Құрманғалиева Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда ұстаздық етіп келеді. Ұрпақ жалғастығы деген осы. Талай бұлбұл әншіні, дүлдүл жыршыны тәрбиелеген Ғарифолланың ғибратты жолын қызы Сәуле жалғады. Осы бір әдемі алтын арқау үзілмесе дейміз. Боқай Қожыров ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі

4439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы