• Тіл
  • 30 Наурыз, 2009

«Среда» емес «Сәрсенбі»

Осы күнде қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген шалына дейін күн аттарын орысша айтатын болды. Сонда дейміз-ау, бұрынғы орысша білмейтін ата-бабаларымыз қалай уақыт мөлшерлеп, қалай күн кешті екен! Тіпті, шетелден келген қонақтар «Қазақ деген халық орыс болмаса, күннің өзін бөліп айта алмайды екен» десе шараң бар ма? «Пандельник офиске барып, вторник үйге звандап, среда – встреча, чтверг планировка жасаймыз, пиятницада – вечеренка, субота, воскресение ахотаға шығамыз» деп соғып отырғандарды талай көрдік. «Дүйсенбі жұмыс бастап, сейсенбі алыс сапарға шықпай, сәрсенбі сәтті күн, бейсенбі аруаққа құран бағыштап, жұма намазға барып, сенбі, жексенбі демаламыз» деп отыратын бір қазақты қашан көреміз? Тым болмаса бірінші күн, екінші күн деген де жақсы екен-ау! Айтпақшы, қазақша күн аттары парсы тілінде осындай реттік ұғымды білдіреді екен. Аремей тілінен көне парсы тілінде енген «шамбе» сөзі – «күн» мағынасын білдіреді. Бірақ бұл «күн» тек апта күндеріне ғана қолданылады. Ал жұма сөзі араб тілінен алыныпты. Сенбі – шамбе – күн Жексенбі – йак (бір) шамбе Дүйсенбі – ду (екі) шамбе Сейсенбі – се (үш) шамбе Сәрсенбі – чор (төрт) шамбе Бейсенбі – пенж (бес) шамбе. Ал Жұманы құранда апталық жиналыс, құлшылық ету күні ретінде бекіткен. Құранға дейін арабтар бұл күні «арубе», «йешэуль арубе» немесе «алтыншы күн» мағынасына келетін «уешмус садис» деп атап келіпті. Сөздік қорымызды зерделеп, «дәнін алып, қауызын тастайтын» уақыт әлдеқашан жетті. Балақтан өрлеген биттің басқа шыққанын күтіп отыратын парықсыз ұлт біз емес. Өйткені, «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалатынын» Ахаң баяғыда айтып кеткен. Тек біз – тәуелсіз елдің ұрпақтары дұрыс сөйлеуді «серданы» күтпей, «дүйсенбіден-ақ» бастап кетейік! Біләл ҚУАНЫШ

4925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы