• Әдебиет
  • 29 Қараша, 2012

Сексенде шабыт толғайды

 Кәкімбек Салықов Астана Астана деген бір сөзде Тарих бар ұлтым ұғынар. Арман бар аңсап бір кезде, Ұрандап өткен ұлылар. Бұл сөзде байтақ дала бар, Теңіздер, өзен, көлдерім. Қорғаған ата-бабалар Асқар тау, самал белдерім. Бұл сөзде Абылай даңқы бар Хан Кене өжет жалғаған. Батырлар өшпес салты бар Намысқа өмірін арнаған. Астана – Абай арманы, Шоқанды ерте ашынтқан. Қаныш боп жерді барлады, Мұхтарша шабыт тасытқан. Астана – ұлттың жүрегі, Бекіткен дербес елдігі. Ол – Мағжанның тілегі, Бауыржанның қайсар ерлігі. Астана десем жыр қайнар, Нұрғиса күйі қалықтап. Қосылар Жұбан, Сырбайлар, Қан майдан сырын анықтап. Асқақта, тойла, шарықта, Баса бер алға, Астана! Азиялық ұқсас барысқа, Нұрсұлтан салған жас қала! *** Сексенде шабыт толғайды, Сенімін көптің ақтаймын. Мәңгі жас өмір болмайды, Мәңгі жас көңіл сақтаймын. Жастық шақ ізгі бәрі де, Шақырсаң дауысың жетпейтін. Біреулер бар ғой әлі де, Есіңнен көркі кетпейтін. Жұлдызым сөнбес көгімде, Ұмсынтып өрге қыстап жүр. Көп жасасам өмірде, Ғашықтық жыры ұстап жүр. Түсімде көріп селк етем, Ақ жүзін Ай боп ататын. Махаббат өшпес дерт екен, Беріш боп жанға бататын. Тәттімбеттің жан сыры О, заман-ай! Заман-ай! Қинадың мұң-зар тарамай. Көкірек жарған күй келіп, Балқыдым жас баладай. Жеңісін халқым көре алмай, Хан Кене өтті... Ой, Аллай-ай! Өкініш өртеп барады, Кезінде көмек бере алмай! Қазақты тағдыр сынады-ау, Аяқтан шалып әр себеп. Алатауға барып құлады-ау, Көкшеде өскен бәйтерек. «Көкейкесті» күй шерттім, Азасын айттым мұң-дерттің. Тебіреніп, толқып, зарладым, . Әлемді күймен шарладым. Жабыққан жанның азасын, Хан Кенеге арнадым. Қайғырмай қалай шыдайын? Тұтылды көкте Күн, Айым. Өзгені алмай ханды алды-ау, Жаратқан жалғыз Құдайым. Шертуге келмей саусақтар, Алақанмен әлсіз қағыттым. Домбырам-досым, назды ақтар, Бурадай шөккен жабықтым. «Көкейкесті» наз арттым, Қайғысын көтер қазақтың. Ақындықтың патшасы Сәкен маған кім? – десеңдер, ағайын, Ол – ұстазым ерте құшқан арайын. Бала күнде тығылып жаттап, оқумен Жабық жатқан аштым жырдың сарайын. Ұмыту жоқ қорлық көрген ғасырын, Содыр билік құртты қазақ асылын. Сол заманда интернаттағы балалар «Көкшетауын» айтушы едік жасырын. Сұлу жыры жылу төккен нұр еді, Әсем әннен жаным ерте түледі. Неге ынтық болғанымды айтайын: Сәкен ағам сұлулықтың құлы еді. Кенші болып Жезқазғанға келгенде, Ұқтым сырын аққу қонған көлден де. Қырда киік лүпіл қосты жүрекке Қызыл ішік киген қызға шерменде. Сезім селі – Сәкен әні арнасы, Көкірегімде қалды мөлдір таңбасы. «Жезкиігім» кең жалғанды жайлаған, «Тау ішінде» шыққан әннің жалғасы. Кемеңгерлік сан үлгісі жалғанды, Жақын тартты талай жүдеу тарланды. Үкіметке басшы болған кезінде, Қолдап өтті, қорғап өтті Мағжанды. Сұм саясат кешсе сойқан азабын, Бірге көрді олар оғын қазаның. Кей ақымақ не десе де ешқашан Қосдүлділін айырмайды қазағым. Сансыз қыры айтылса да қаншасы, Есіміне жарасып тұр баршасы. Ұлы тұлға өжет туған дауылпаз, Сәкен деген – ақындықтың патшасы. *** Күйретіп егде көңілді, Дос қазасы мол сынар. Ойсыратар өмірді, Оқыс ойран сол шығар. Манашпен дос болғаным, Өмірдің асыл белесі. Тағдырдан жүлде алғаным, Бауырмал жылы кеңесі. Адасқан жандай, білгенге, Жұбымыз қалды құралмай. Манашты аңсап жүргенде, Тым ерте кетті Тұманбай. Олар ғой арыс азамат, Қырандай биік самғаған. Екеуі де қазанат, Тірлікте тыным алмаған. Жалғасып қанат талғанда, Достармен жаным түледі. Екеуі де жалғанда, Адалдықтың құлы еді. Ойламап ем көктеңбіл, Сергелдең күндер тұтам деп. Сеңгірінде сексеннің, Ортаймас қайғы жұтам деп. Шоқ қайыңның сыбыры Ақ құбақан ақ қайың аппағын-ай, Жерге күміс төгіп тұр, тасқа шырай. Ақ інгеннің қасына шөккен нардай, Көз ұшында Жалғызтау жатқанын-ай. Ақ білектер жалғасып, біріктеліп, Ақ балтырлар бұлқынып іріктеліп. Шоқ қайың тұр Көрші ауыл қыздарындай, Сыбырласқан бірдеме біліп келіп. – Қасыңдағы кім? – дейді секпіл қайың, Тез өзгеріп сұрақтан кетті жайым. – Бізден артық жоқ екен ештеңесі, – Деп біреуі күрсініп етті уайым. – Ауыл қызы – аяулы қарындасым, Көрші ауылда ағайын, бауырласым. Қызылжарлық қазақтың қызын алдым, Беу, құрбылар, бастарың ауырмасын! Студенттік күндердің әсері еді, Ол Мәскеуде бар қыздың әсемі еді. Ақ қайыңдай аумайды өздеріңнен, – Дегенімде біреуі: – Бәсе!.. – деді. Өтті өмірден нар тұлға Өтіп кетті Мақтай досым өмірден, Бір жұлдызым ағып түсті көгімнен. Ақ қайыңдай Жаны аппақ мейірбан Асыл тұлға болды ғайып төрімнен. Жеңсе уыты ажал деген құрықтың, Аттандырдық жолында ұлттық ғұрыптың. Алматыда қоштасқалы бүкіл ел, Тақап қалды Аят арнар қырық күн. Көп ауырса Сақтанардай сақтанды, Құштар еді-ау көруге ерте ақ таңды. Тірлік үшін арыстанша айқасып, Қоштаса алмай таң алдында аттанды. Есіл өксіп Басты әуені еңсемді, Орман-тоғай үні өлкемді еңсерді. Тобыл жақтан қайтқан құстар зар қағып, Сел етпейтін «Оқжетпес» те теңселді. Еш адамға болған емес көңілі тар, Ақынжанды аңғал еді тегі нар. Дем бергенде Зілғарадай бабасы, Өжет еді Абылай қонған елі бар. Солтүстікте еңбек етті сұрапыл, Ол Торғайда қосып алды қуатын. Қостанайдан Көкшетауға аттанса, Туған елге арнады асыл мұратын. Өткен ғасыр қыспағында жетілді, Желтоқсанның дабылында бекінді. Тәуелсіздік туын бірге ұстасып, Елбасы мен болды елге өтімді. Аңыз-ғұмыр көрікті етер дастанды, Астанада жаңа өмірі басталды. Ел ағасы өнегелі шағында, Ардагерлер биік төрін басқарды. Көріп өсті Есіл, Көкше жұмағын, Қарт Алатау орда етті тұрағын. Бұл фәнидің берген Алла қызығын, . Бақида да сөндірмесін шырағын. Қабыл етсін Алла осынау асын да, Шарапат төксін Мақаңдай адал асылға. Алды жарық, Серік болсын иманы, Сағынып жеткен жан жарының қасында. Жасай бер, біздің Елорда Жауқазын әсем, жас қала, Көңілге жылы наз арттың. Елорда болдың Астана, Ақмоласы қазақтың. Атаған бабам «Ақ қамал», «Ақ күмбез» сені түрленткен. Тарихта таңба сақталар, «Қараөткел» көрген құрметпен. Целиноград боп атандың, Жоқ атау тауып сөзімде. Ол да бір көрген қатал күн, Амалсыз көнген төзімге. Қазағым мақтан етерлік, Сәулет пен дәулет шыңысың. Сан ұрпақ сақтап өтерлік, Тәуелсіздік туысың. Ежелгі арман өтелген, Нығайды қазақ елдігі. Ақталды шаңырақ көтерген, Елбасының ерлігі. Қыранға лайық өмір боп, Жөптеді жолын құмар Күн. Сен көркейсең көңіл тоқ, Мерейім өсіп қуандым. Дербестік жедел баптаған, Нығайып бекем тез орна. Ақ тілекті ақтаған, Жасай бер асқақ Елорда. Не дер едің?.. Қалың еді қамысы Қамсақтының, Толғанамын жағасын аңсап бүгін. Бір жасарып, ей, қалқа, қалар ма едік, Бұла күндей шіркін-ай алсақ тыным?! Аққу, қаздың саңқылы аулақтағы, Қызыл шілік, құба тал қаулап бәрі. Қызық еді-ау шомылсақ өзенді өрлей, Ақ мамықтай көк толқын аунатқаны. Арамыздың қарашы алшақтығын, Сенен артық жалғанда аңсатты кім?! Шыға келіп ну қамыс арасынан, Не дер едің кездесіп қалсақ бүгін? Ойлай берем Ізгіліктің ақ жолына құштармын, Адал жанды ардақтауға күш салдым. Жезкиікке пана болып далада, Әнін естіп өтем көлде құстардың. Кесел тапсақ атом қырғын отынан, Баяғы өткен жарылыстардан шошынам. Адамдарға апаттардан күйзелген, Өз жылуым жетсе екен деп отырам. Сыйлап өтсем жыр әкелген таң алдын, Жер-су дертін ұмытпауға адалмын. «Бәйтеректің» саясында жүрсем де, Ойлай берем қасіретін Аралдың. Қуантса да қаладағы тойлы алаң, Жұбатса да жетістіктер ойлаған, Ұлт тірегі, тілдің қоры, жанға ырыс Аз үй қалған ауылды ойлап толғанам. Тіліңді қорға, қазағым! Тіл – ұлтымның тірегі, Таңдатпай тағдыр жолдаған. Тіл – ұлтымның жүрегі, Лүпілін Алла қолдаған. Тіл – Қорқыттың арманы, Асанқайғы өрлеткен. Тіл – Абай сөз орманы, Бұталы тармақ ержеткен. Тіл – тіршілік жалыны, Қызуы сөнбес от болар. Тіл өшсе, өмір сарыны Жалыны өшкен шоқ болар. Мән берсең әрбір сөзіме, Жанайқайын жазамын. Өз қолың жетсе өзіңе, Тіліңді қорға, қазағым! Тіл – Абылай ұраны, Дербестікке бастаған. Тіл – Махамбет пырағы, Сегіз сері қостаған. Тіл – «Сарыарқа», «Саржайлау», Құрманғазы, Тәттімбет, Тіл – туған жер, ақ жайлау, Ақ сүтпен сіңген ақ міндет. Тіл – Мұхтарды тудырған, Білсін деп бізді бар ғалам. Тіл – Жамбылды ту қылған, Жеткенше жүзге сайраған. Зер салсам Мағжан сөзіне, Аңқып тұр талай азалы үн. Өз қолың жетсе өзіңе, Тіліңді қорға, қазағым! Тіл – жалықпас мұрагер, Шоқанға жоқтау арнаған. Тіл – «шаппай бер» Құлагер, Алдына жүйрік салмаған. Тіл – Төлеген ажалы, Саналы жанды күрсінткен. Тіл – Қыз Жібек ажары, Жүрегі барды сүйсінткен. Тіл – үзілмес өз үнім, Шарықтап құмар қандырған Тіл – Ләйлі, біз – Мәжнүн, Махаббат естен тандырған. Ұмытып бәрін қалмастай, Шекпестей қорлық-мазағын, Тәлкекке заман салмастай, Тіліңді қорға, қазағым! Тіл – той-думан ғажайып, Немерем тілі шыққан күн. Тап кеше құным азайып, Тап бүгін бәрін ұққанмын. Тіл – ұлтымның намысы, Ақылға қанат байлатқан. Тіл – мызғымас ар ісі, Бабалар жауын жайратқан. Ғұмырын тілге арнаған, Мұзафар аға, көп жаса! Қай көлім құссыз қалмаған, Қызғышы сендей болмаса?! Ұқсаған алтын-жезіңе, Әр сөзде жарқын базарың. Өз қолың жетсе өзіңе, Тіліңді қорға, қазағым! Ән салсаң... (Қайрат Байбосыновқа арнадым) Ән салсаң, Қайраттай сал аңқылдатып, Қызыққа естіген жан қалсын батып. Біржан сал, Ақан сері, үкілі Ыбырай, Сарынын бәз қалпында қарқындатып. Әсеттей Хорланды айтқан еркін шалқып, Дауысың шықсын майда көлкіп-қалқып. Мазасыз махаббаттың сырын ақтар, Сұлулар қайран қалсын елтіп-балқып. Ән салсаң, Қайраттай сал екпіндетіп, Жүйріктей қашқан аңға еркін жетіп. Аққулар көлге қонған саңқылдасын, Етегін ақ қанаттың желкілдетіп. Ән салсаң, Қайраттай сал тереңдетіп, Сұлу ән сиқырына өрең жетіп. «Гәккулет» көңіл толқып, жан шыдамай, Алқа топ қосылғандай ере кетіп. Заулап қал, көп киіктей дүбірлетіп, Жеткендей тойлы ауылға іңірлетіп. Қалқаға айтарыңды ащы әнге қос, Сілтеп қал, барады ғой ғұмыр өтіп. Элегия Не деген аппақ ақ жүзің, Қалмастай көзге ілінбей. Таң ата ашқан қауызын, Алатау өрік гүліндей. Ақ тоты көрдім ақ қанат, Әкелген шаттық жанары. Балдырған мөлдір махаббат, Жанымды өртеп барады. Аңсатқан асыл құмарым, Алдыма келіп қалды ма? Тапқандай аққу сыңарын, Жұлдызым менің жанды ма? Ұмтылсам ғажап жеміске, Өзгеден өзге көріндің. Сен бе едің күткен періште, Шаттығын ашқан өмірдің. Япырым-ай, енді не дейін, Оранса бақыт бір күнде; Жанымның өскен мерейін, Білдің бе, сәулем, білдің бе?

3923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8283

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6787

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4536

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3918

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3885

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3845

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3573

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3573

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы