• Әдебиет
  • 22 Желтоқсан, 2012

Кек (әңгіме)

кек...Олардан оқшауланған Азада өзі уақытша тұрып жатқан үйіне қайтты. Ертесіне шайланып алды да, сол маңайдағы поштаға қарай бұрылды. Кешеден бері ата-анасы есіне түсіп мазасызданып жүргені бар. Апырым-ай, олар мен туралы қандай ойда екен? Менің осы әлемде барлығымды сезер ме екен өздері... Осындай шым-шытырық ойларға ырық бергісі келмеген ол демде өзін қолға алып алды. Поштаға келген ол сөмкесінде жүрген бүкіл ақшаларын ата-анасына банкомат арқылы түгел салып жіберді. Дүрбелең дүниенің қатал тағдыр үкімі өзін жаншып тастағысы келсе де, ешнәрсеге мойымаған жас қыз алдағы өмірінде өзін тұтқын еткендерден қалайда кек алудың амалын ғана қарастырып жүр. Таксиге отырған Азада өзі білетін кешегі Сағадаттың үйіне келді. Сағатына қарап еді, күтуші қыздың айтуы бойын­ша әлі бір сағаттай уақыт бар екен. Ол түнеугүні өздері отырған бақтағы орындықта күтуші қыз бен сәбидің ойнап отырғанын алыстан көзі шалды. Біртіндеп сол маңайға жақындай түсті. Сәбимен бірге сәби болып ойынға беріліп кеткен күтуші қыз мұны байқайтын емес. Ол Азада тура жанына барғанда ғана мұның келгенін байқады. – Апай, мен сізді... – деген қыздың үні әрмен қарай шықпай қалды. Азаданың өзіне таяп ұстаған қолындағы тапаншасына қарап, көзі шарасынан шыға жаздады. Аузына сөз келмей қалған қыз абдырап, өзін қоярға жер табар емес. Өткенде ғана өзімен кеп танысқан қыз бейне ғайыптан пайда болған періштедей боп көрінген, ал қазір көз алдында жанын алатын Әзірейілге кездесіп тұрған секілді. Тапаншаны оған таяп тұрған Азада: – Үніңді шығарушы болма, менің айтқанымды орындауға уәде бер. Маған көмектессең мен саған еш жамандық жасамаймын. Қазір екеуміз үйге кіреміз. Үйдегілерге мені балалар дәрігері, Сағадат апайым алдырды деп таныстырасың, – деген ол тапаншаны ұстаған күйі «алға түс» дегендей иегімен жолды нұсқады. Сұры қашып, өңі бозара түскен қыз тап бір жаман түс көріп тұрғандай халде еді. Баланы қолға көтеріп алған ол алды-артына қарамай зуылдап келеді. Олар аулаға кіргенде әйтеуір алдынан ешкім кезікпеді. Үйге кіргенде ас үй жақта тамақ әзірлеп жатқан әйелдің бұлармен шаруасы жоқ, өз тірліктерімен айналыса берді. Азада қызға баяу түрде: «Сағадаттың бөлмесі қайда?» деп сұрады. Қыз үндеместен екінші қабатқа көтеріле берді. Қатар тұрған екі бөлменің бірін Азадаға ишарамен көрсетті. Қатты қорыққан қыз әлі де ес-түсін жияр түрі жок. – Сіңлім, – деді Азада дірілі мен үрейі басыла қоймаған қыздың қолынан ұстай тұрып, – мен де кезінде сен сияқты небір арман-үміттермен осы қаладағы университеттердің бірінің есігін ашқан едім... – Ол орындыққа отырды да, ойланыңқы жүзбен сөзін ары қарай сабақтады. – Институтта оқып жүргенімде Сағадаттың күйеуіне ғашық болдым. Ол да мені қатты ұнатқан болатын. Сол себептен ол өзінен ажыраспақшы болғанында, бұған ызаланған Сағадат менен кек алу мақсатында, ұзын арқан қолы барлық жамандықтарға бара алатын ағасы Жаппардың зұлым әрекеттерін пайдасына асырып бақты. Сағадаттың ағасы Жаппар мені осы қаладағы жасырын жезөкшелер үйіне сатып жіберді. Ал менің ол жердегі шеккен азаптарыма әуелі өзім, сонан кейін Алла тағала ғана куә бола алады. Мен енді олардан кегімді алуым керек. Сен менен қорықпа, саған зияным жоқ дедім ғой. Олар қазір келісімен баланы алып өзге бөлмеңе кіріп кететін бол, – деді де «ауызбастырық» ретінде оның қолына жүз доллар ұстатты. Мына секілді оқиғаларды тек кинода ғана көріп, кітаптан оқып жүрген қыз, тура өз өмірінде кездестіремін деп ойламағанды. Ол іштей мұндай сұмдықтардың өмірде де болатынына таңырқай отырып көз жеткізді. Жас қыз Азадаға әлдене дегісі келген еді, алайда тілі күрмеліп қалғандай икемге келмеді. Оның барлық сөздерін ести отырып, екі көзінен жас тамшылары парлап ағып жатты. Себебі оның өзі де осыдан азғантай уақыт бұрын Жаппар жыртқыштың құрбаны болған еді... Азада тығылып отырған бөлменің терезесі аула жаққа қараған. Сондықтан да ол дарбазаның ашылып, ішке Сағадаттың кіргенін көріп отырды. Бағанадан бері үйінде болып жатқан жағдайлардың ешқайсысынан хабары жоқ Сағадат, жоғары қабатқа асығыс кірді де, баласын іздей бастады: – Қайда екен менің құлыншағым, сағынып кеттім ғой, алып келіңдерші алтынымды, – деп баласын еркелеткен бойы өз бөлмесіне де жетіп үлгерді. Бөлмеде оны Азаданың күтіп тұрғанын қайдан ұқсын. Кіре берістегі бейтаныс қызды көріп шошып түсті: – Сіз кімсіз? Рұқсатсыз қалай кір­діңіз мұнда? – деген ол Азадаға жақындай түсті. Осы сәтті күтіп тұр­ғандай болған Азада бірден қолындағы тапаншасын кезене қойды. – Қалай танымай қалдың? Ағаң екеуің ар-намысымды таптап, өзімді жезөкшелер үйіне пұлдаған баяғы Азадамын! Азаданы енді ғана таныған Сағадаттың аяқ-қолдары өз ырқына көнбей қалтыраған күйі оның алдына тізерлей құлады. Қару ұстаған қыздың өзін атып салуы да ғажап емес секілді көрінді. Көзінің алдына бүкіл өмірі елес беріп өткен ол, бір уақтары өзі аяусыз жазалаған адамына, дүние кезегінде өзін аяуды, баласы барлығын айтып жалынуын тоқтатар болмады. – Садағаң кетейін, мені кешіргейсің. Азадахан, алдыңда құлың болып өтейін. Баламды аяй гөр, менен үлкен қателік кеткенін білемін. Баламды, тым болмаса баламды аяшы... – деп енкілдеп жылап жіберді. – Ол жерде өткізген әр күнімнің азаптарын санап келдім. Сан жетер болмады. Соның үшін өзіңнен кегімді қайтару үшін жаныңды алғалы келдім. Азада оның жүзіне қарағанда жиіркеніп кетті. Осы мезетте өзін ұстай алмаған ол тапаншаның шүріппесін басып калды... Сыртта жүріп үйден шыққан қару дыбысын естіген ағасы Жаппар ішке атылып кірді. Өз кұлағына сенбеген ол әлденеден күдіктенгендей қарындасының бөлмесіне тұра жүгірді. Бөлменің нақ ортасында қанға бөгіп жатқан қарындасын көріп, жерден көтеріп алмақшы болды. Ақылын жоғалтқандай болған ол Сағадатты өлімнен арашалаудың кеш екенін енді ұқты. Аш иттің тіліндей боп салақтаған тілін әрең жиып: – Қарындасым-ау, саған кім оқ атып жүр? – деп оны құшақтап өкіре жылады. Дұшпанының онсызда көп екенін іштей ұғатын ол үй ішінен жау іздей қойған жоқ. Тіпті қару ұстаған Азаданың желкесіне кеп тұрғанын да аңғарар емес. Оның соңынан құйындай ұшып келген қызметші ерлі-зайыптылар тапанша ұстаған қызды көрді де, келген жағына кері айналып қаша жөнелді. Осы кезде ғана жерден басын көтерген Жаппар өзіне біреудің тапаншаны жақындатқанын білді. Басында қару иесінің кім екендігін бажайлай алмаған болса керек, бір сәтте өзінен-өзі шоши түсіп: – Азада!.. – деді. – Иә, менмін. Мені бұлайша «атака» жасайды деп күтпегенсің ғой, Жаппар бай-патша? Бүгін қарындасыңмен екеуіңді жер жастандырғалы келдім, – ыза кернеген Азаданың дауысында ауыр зіл бар әрі кек жолында ешнәрседен қайтпауға буынып алғандай еді. Есін жия бастаған Жаппар мырза: «Мені өлтір мейлі, бірақ карын­дасымның жанының қалуына кө­мектесе гөр. Оның баласы бар ғой! Дәрігер шақыртайық, Азадахан, жалынамын, – деп қарындасын көтеріп орнынан тұра бастаған Жаппарды Азада: – Орныңнан тұрма! Менің сол күндері зарымды айтып қанша жалынғандарым есіңде ме? Сен сонда менің жалынғаныма құлақ астыңба? Енді менің әрбір азапты күндерім үшін қандарыңмен жауап беретін боласындар. Екі аяқты хайуан! – деп бар күшін жинап алып тапаншамен басына салып кеп жіберді. Басына тиген тапаншадан мәңгіріп кеткендей болған ол бауырындағы қарындасымен қоса жер сүзе құлады. Осы мезетте ол даладан кіріп келе жатқан адамдардың аяқ дыбыстарын естіп қалды. Азада жылдамдықпен келе есіктің аузында тұрған кілтпен есікті іштен құлыптай қойды. Бірақ сырттағы адуын күштер есікті ашуын талап етіп, тепкілей жөнелді. Жаңа ғана екі дүниенің арасында тұрып Азадаға жалынышты боп тұрған Жаппарға, мынау дүрсіл қайрат бергендей болды. Орнынан шойырыла тұрған Жаппар: «Сені ме, көрсетем саған көресінді!» деп Азадаға атылғалы келе жатқанда, бір оқтың құрбаны болып кете барды. Ол бар кегі ішінде кеткен жыртқыш хайуандарша ызалы дауыспен жерге өкіре барып құлап, жансыз денесі әп-сәтте тыныштала қалды. Есікті өз күштерімен бұза жарып кірген полиция өкілдері бөлмеде қансырап жайрап жатқан өлі денелерді көріп, кірген бойы тоқтай қалды. Жаппардың «жанын алған» тапаншаны әлі де қолынан тастамаған Азадаға полиция: – Қаруыңызды тастаңыз! – деп бұйырды. Жарық дүниемен өзін әлдеқашан «қоштастым» деп санайтын Азадахан, ендігі өмір сүруді өзіне қош көрмеді. Ол қолындағы тапаншаны өзіне таяй бергенде: – Азадахан, тоқташы! – деген таныс та құдіретті дауыс қыз жүрегінің нәзік бір жолдарын шертіп өткендей болды. Осы кезде қыз полициялардың арасынан өзіне ұмтылғалы тұрған Ділшатты көрді! Ол елдің арасынан бұлқынып шығып Азада жаққа қарай жүрді. – Жақындамай-ақ қой, егер тағы бір адым аттасаң, өзімді де атамын! – деген оған бәрі де тіксіне қарады. Ділшат алдына жайған қолдарын жинап үлгермей тоқтай қалды. Заң өкілдерінің қолына түсіп, адам өлтіргеннің жазасын өтеудің не екенін ұғатын кәнігі қылмыскерлерді көріп жүрген полициялар да Азаданың абақтыдағы азаптан гөрі өзін осы жерде атып саларына шүбәсі жоқ еді. Оларға Ділшаттың Азадаға тіл қатқаны жеңілдік жасағандай болды. – Менің барлық жағдайлардан хабарым бар. Сенің бұл күйге түскеніңе мен кінәлімін! Азада мені кешіргейсің! Сені көп іздедім. Таппадым, қайтейін. Сенсіз маған өмірдің керегі жоқ деп санадым. Өзіңе қол жұмсамашы, өтінемін. Мен сені алыстарға, тіпті алыстарға алып кетемін. Біз екеуміз өмірді қайта бас­таймыз, – деп әр сөздерін зарлы бір күйде жеткізіп тұрған ғашығының құшағына Азаданың да кұлай түскісі келер еді-ау. Мүмкін ол басын Ділшаттың көкірегіне қойып өксіп-өксіп бар дертін шығарып та алар ма еді. Ал бірақ бұл шынында мүмкін емес қой! Егер қолындағы тапаншасын тастаса, екі қолына да кісен салынып, теміртордың ар жағындағы қапасқа тоғытылады. Бәрібір қапасқа қайта баратынын түсініп тұрған Азадаға мына жарық әлемде өзіне орын жоқ екендігіне анық көзі жеткендей боп түйілді. Ал енді ше? Көптеген уақыттардан бері өзіне маза бермей келе жатқан кектің оты өшті. Иә, енді өлсе де арманы жоқ. Осылай нақты шешімге келген ол тапаншаны біреу қолынан жұлып алардай қатты қысып ұстап тұр. Ол өзіне ентелеп тұрған топтың ішінен курстасы Аманжанды енді ғана аңғарды. Екі адамды өлімге қия тұрып, жан-жағын бағдарлауға мұршасы келсін бе оның. Аманжан лейтенанттық лауазымы бар, өзі полицияда істейтінін бұрын кездескенінде бұған айтпаған-ды. Ол Азадаға: – Ақымақтық жасама! Өзіңе мық­ты адвокаттарды жалдай отырып, әлі-ақ ақталып шығуыңа көмектесеміз. Саған жамандық жасағандарды заң жазасы күтіп түр. Азада, осыны түсінші, – деген Аманжанның, өзі екі жыл бойы қапаста жатып, одан арылып, жауларына кек қайтаруына мұрындық болғанын есіне алды. Оған үнсіз ғана жылы күлімсіреп, «рақмет» дегендей болды. Қарсы бетте өзіне телміріп, қолын созып тұрған Ділшатқа соңғы рет тоймай тұрып бір қарады да, басына тіреп алған тапаншаның шүріппесін басып жіберді. «Азада!» деген бірауыз сөзін айтып үлгерген Ділшаттың көкірегіне кұлаған ол: «Қош бол» деген сөзді әрең айтып, ғашығының бауырына басын қойып мәңгі ұйқы құшағына кете барды. Олар Азаданы өзінің туып-өскен жеріне апарып жерледі. Бір күннің ішінде қартайып, жермен жексен болған Азаданың ата-анасы мен Ділшат, Аманжандар оның өліміне катты қайғырды. Ата-анасы өздерінің кыздары із-түзсіз жоғалып кеткенде, ауылдағы үйіне іздеп келген Ділшатты Азаданың денесін әкелген күні жазбай таныған болатын. Енді міне, олардың әрқайсысының жүрегінде бір-бір өкініш таптары қалып қойды. Қызын бірнеше рет қалаға іздеп барса да, еш дерегін таба алмаған ата-ана, оны қалайда табудың амалын жүзеге асыра алмағанына өкініштен жүректері аһ ұрады. Ділшат өзі өлердей ғашық болған жанға қолы жете алмай, бастаған ісін түбіне дейін жеткізе алмағанына күйініп, азап отына өртеніп жатты. Ал Аманжан болса, сол күнгі операцияны бір күн бұрын ұйымдастырғанда, бәлкім ­Азада өмірде қалар ма еді деген үмітінің орны толмас өкінішке айналатынын сезбеген-ді. Әу баста жоғары оқу орнын бітірісімен-ақ ішкі істер бөліміне орналасқан Аманжан жасырын жезөкшелер үйлерін әшкерелеу үшін ол жерлерге ылғи «клиент» ретінде барып жүретін. Ол сонда жүріп із-түзсіз жоғалып кеткен ең сүйікті курстасын кездестірді. Өз жоспары өзімен жүрген ол, Азаданы расында мұнда кездестіремін деген үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Азаданың құрбысы Ділбардан ағасы Ділшаттың Америкадағы телефонын алып, Азаданың осынау халінен хабардар еткен болатын. Екі жылдан бері сүйгенінен бірде-бір хабар ала алмаған Ділшат мына хабар құлағына тиісімен-ақ елге қарай ұшақпен келген беті еді. Алайда сол күнгі операция кезінде қолға түскен жасырын жезөкшелер үйіндегі қыздардың арасында, неге екенін, Азада жоқ болып шықты. Сол бойынша тергеу нәтижелерінен кейін ол екеуі неде болса Азаданы, Сағадаттың үй жағынан іздестіруді көздеген болатын. Өйткені Сағадатқа деген кегінің жүрегіне қатпар-қатпар болып орналасып алғанын жақсы білетін ­Аманжан, оның дерегі тым болмаса сол жақтан шығып қала ма деген үмітте еді. Ал бірақ олар екеуі де кешіккен болатын...

Нұрбәнәм Омарова

Ұйғыр тілінен аударған Шара ҚҰРБАНОВА

3746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8067

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6665

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4410

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3794

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3760

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3720

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3451

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3445

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы