• Тіл
  • 26 Сәуір, 2009

«Кентавр» сөздер қорқыныш ұялатады

Өзіне ғана тән белгілерімен ұлттық тіл өзінің табиғи бітім-болмысына сәйкес келмейтін, шығу тегі басқа, түр-тұрпаты өзгеше өзге тіл тұрмақ, өзіне етене жақын туыстас тілдерден де ерекшеленеді. Егер туысқан тілдердің (ру, тайпа, ұлыс, ұлт) әрқайсының өзіндік ерекшелігі аса айқын болмай, бір аймақта көптеген ғасырлар бойы қатар өмір сүретіндей жағдайда болса, уақыт өте келе біріне-бірі жұтылып, сіңісіп (ассимиляцияланып) кетеді. Осындай жолды басынан өткерген тілдердің бірі – түркі тілдері тобына жататын қазақ тілі екені анық. Ол қазіргі Қазақстанның бүкіл аймағын мекендеген ежелгі туыстас ру, тайпалардың шаруашылық-кәсібі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, таным-түсінігі ортақ болып, тығыз қарым-қатынаста бірге тіршілік етуінің негізінде қалыптасқан. Түркі тілдері тобындағы тілдердің тілдік құрылымы (грамматикасы) бірдей. Негізгі сөздік қорлары да біршама ортақ. Олардың тілдік құрылымы мен сөздік қорлары бір-біріне қаншалықты жақын болғанымен, әрқайсысының дыбыстық жүйесінде түрлі тарихи жағдайларға байланысты қалыптасқан өзіндік айырмашылықтар бар. Сол себептен, түркі тілдері тобына жататын тілдердің бәріне ортақ болып келетін көптеген сөздер әр қайсысында дыбысталу жағынан бір-бірінен бөлектеніп, ерекшеленіп тұрады. «Тіл – тарихи категория. Ол өзінің ішкі даму заңдылығы бойынша өрбиді, дамиды, жетіледі. Ешқандай саяси әлеуметтік формацияның ықпалына бағынбайды, бірақ әрбір заман-дәуірде өз халқының өмірімен бірге өседі, онымен бірге қайнасып, бірге күн кешеді. Ел басынан өткен өзгерістер таңба басқандай болып жазылып қалады. Тіл – халықтың тарихы, халық тілдің анасы» деген жиі айтылатын пікірмен біз де санаса отырып, тілдің ішкі даму заңымен қатар, сыртқы сан алуан себептердің де әсерін жоққа шығаруға болмайды. Түрлі сыртқы себептердің ықпалынан ұзақ уақыт өте келе кез келген тіл өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, туысқан тілдердің өзара жақындығы да мүлдем байқалмайтындай дәрежеге жетіп, бір-бірінен біртіндеп алшақтайды. Оған сонау ықылым заманда бір негізден тараған деп топшыланылып жүрген қазақ тілі мен моңғол немесе қазақ тілі мен қалмақ тіліндегі ұқсас келетін жақтар мен мүлдем үйлеспейтін тұстарды дәлел ретінде айтуға болады. Сондай-ақ, бір-біріне алыс туысқан болып саналатын қазақ пен гагауыз (көк оғыз) ұлттарының өкілдері өзара әрқайсысы өз тілдерінде тілдесе қалса, бірін-бірі түсінбейтіні кәміл. Кейде ру-тайпалық тілдер негізінде ұлттық тіл болып берік қалыптасып болған деген тілдің (ұлттың) өзінен оның құрамындағы кейбір ру, тайпалардың өзіне тән тілдік белгілері ерекше бір тарихи жағдайлардың себеп-салдарынан қайтадан айшықталып, жаңа тіл оқшауланып, жеке отау тігіп шығып жатады. Мәселен, «Түркі тілінің қыпшақ тілі тармағына жататын ноғай, қарақалпақ тілдері қазақ тілінен кейінгі дәуірлерде бөлініп шыққан. Бұл тілдер – оның бір бұтағы» деген гипотезаны тілші-ғалымдар көптен бері айтып та, жазып та жүр. Бұл тілдердің тілдік құрылымы мен сөздік қор-құрамы тұрмақ, дыбыстық жүйелерінде де айтарлықтай айырмашылық жоқ десе болады. Сөйтіп, оқшаулану үдерісі де, бірігу үдерісі де ұлттық тілдің қалыптасуына негіз болады екен. Белгілі бір дәуірде жеке отау тігіп бөлініп шыққан тілге (ұлтқа) бұрын өзінің қалыптасуына негіз болған тілмен (ұлтпен) тағдыр тоқайластырып, қайтадан бірге өмір кешетіндей жағдай қалыптасса, тілден тілдің бөлініп шығу үдерісі керісінше өтуі де мүмкін екен. Сол себептен болар, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның құрамында болған Қарақалпақ АССР-ы бұдан әрі қазақтармен бірге бола берсек, тілімізді жоғалтып, өзімізге тән ұлттық сипатымыздан айырылып қаламыз ба деген сақтықтан, сол ғасырдың 40-жылдары қазақ тілінен гөрі өзінен тілдік шығу тегі жағынан әлдеқайда алысырақ, түркі тілі тобының қарұлық тармағына жататын өзбектердің еліне – Өзбекстанның құрамына ауысып кетті. Бұндай қам-қарекетке бармағанда, кім білсін, біраз уақыт өте келе, өзіне етене жақын әрі өте ұқсас туыстас қазақ тіліне сіңісіп кетіп, өзіндік бедер-бейнесін жоғалтып та алар ма еді. Ал бұндай сақтық шараны ескермеген беларус тілі өзіне туыстығы тым жақын орыс тілімен көптеген ғасырлар бойы қойын-қолтық араласып бірге болып, өзінің ұлттық белгілері мен қасиеттерін жоғалтып жатыр. Тіпті осы екі тілдің арасында бәлендей айырмашылық қалмай барады деп мәселе көтеріп жүрген ғалымдар да баршылық. Ал шығу тегі басқа-басқа тілдер аралас-құралас болып, ұзақ уақыт бойы бір аймақта бірге болса, бұл үдеріс қалай өтуі мүмкін? Мәселен, Қазақстан жағдайындағы қазақ-орыс тілінің қарым-қатынасы, олардың бір-біріне әсері мен ықпалы қалай болып жатыр? Міне, осы мәселені зерттеп-зерделеген әлеуметтік-лингвистикалық еңбектер бізде жоқ десек артық айтқандық емес. Қазақ пен орыс тілі арасындағы функциялық шекара да бүгінгі күнге дейін әлі нақты белгілене қойған жоқ. Әсіресе, қазақ-орыс қостілділігінің біздің қоғамдық өмір салтымыздағы бүгінгі функциясын айқындау туралы еңбектер тіптен де жоқ деуге болады. Шындығында, бұл – аса назар аударатын мәселе. Қостілділік жағдайда тілдік қарым-қатынастың жүзеге асуы олардың дыбыстық жүйелеріндегі өзгерістерді сөз етпегеннің өзінде, екі тілдің лексика-морфологиялық, синтаксистік-стилистикалық нормаларына да әсер етіп, әсіресе қазақ тілінің табиғи қалпын бүлдіріп, түрлі келеңсіз құбылыстардың пайда болуын туғызып жатыр. Бұл болса, тіл мәдениетіне баса назар аударуды қажет етеді. Тілдегі өзгерістер мен жаңалықтар жайдан-жай пайда бола салмайды. Оны тілді тұтынушылардың түрлі қажеттілігі туғызады. Түрлі қызметі барысында тілдің қолданылуы оның жүйесіндегі өзгерістердің шынайы сипатын көрсетеді. Қоғамдық қарым-қатынастық қызметі әр тілдің өзіндік ерекшеліктерін айқындалумен қатар тілдік құралдарының дәстүрлі қолданысына да әсер етеді. Қоғамдағы тілдік жағдай және қоғам мүшелерінің оны қажет етуі мен олардың сан алуан іс-әрекет түрлері, сондай-ақ, мемлекеттік тілдік саясат оған едәуір ықпалын тигізеді. Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдай мен саясат қазақ тілінің еліміздегі қоғамдық-әлеуметтік қызметіне ықпал етіп, оның түрлі формаларының қалыптасып, одан әрі дамуына қолайлы болғанымен, еліміздегі қостілділік, яғни ресми тіл болып саналатын орыс тілінің бұрынғыша көптеген қоғамдық қызмет көрсету орындары мен кәсіби және жоғары білімді мамандар дайындауда әлі қарқынды пайдаланылуы ондай мүмкіндікті толықтай бермей, керісінше, оның кейбір әдеби нормаларының бұзылуына себеп болып жатыр. Бұрын біз тілімізге қасақана жасалған қиянатты Кеңес өкіметінің саяси-идеологиясының ықпалымен қате түсініп, «Қоғам дамуының барысында тіл жетіліп, дамып отырады. Қоғам өміріндегі жаңалықтар ең алдымен тілдің сөздік құрамына жаңалық, өзгерістер енгізеді. Бұны тіліміздің сөздік құрамынан толық көруге болады: Совет, социализм, коммунизм, колхоз, совхоз, трактор, комбайн сияқты жүздеген жаңа сөздер кірді» деп тілімізге дыбыстық-құрылымдық жағынан игерілмей, зорлықпен ендірілген және күні ертең оны ішінен ірітетін бөгде тілдік сөздерді жатсынбай қабылдап қана қоймай, сол қате таным-түсінігімізді күллі оқулық-оқу құралдарына жазып, оны оқытып-үйретіп, жас ұрпақтың санасын да улап келдік. Басқыншылық идеологияның санамызды улап, түп тамырымыздан үзіп тастағаны соншалық, тілімізге келе жатқан нәубетті күн ілгері сезген Халел Досмұхаметұлы сияқты ғұламаларымыздың: «...елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады. Мәдениет қуған елдің ең алдымен тілі өзгермекші» деген ескертулерін қаперге алуға да мүмкіншілігіміз болмай қалды. «Орыс тіліне оңтайлап, оңдырмай жазып берген аты-жөнін малданып, алданып жүргендер қанша. Өз сөзіміздің буын, дыбысын ажырата алмайтын халге жеттік. Тіл өз иммунитетінен біржола айырылды деуге болады. Сөйтіп жүріп орыстар қазақ сөзін айта алмайды деп күңкілдейміз. Олар айта алмауы заңды, өйткені тілдік иммунитеті бұзылмай сақталған. Сол иммунитеттің жоқтығынан қарапайым да құдіретті, ұлы заңдарымызды жоюға шақ қалдық» деген қазақ тілі дыбыстық жүйесін індете зерттеген, көрнекі ғалым С.Мырзабектеннің сөзінде үлкен мән жатыр. Себебі, орыс тілінің «игі ықпалының» әсерінен қазіргі тіліміздің дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамы тұрмақ, тілдік құрылымы да өзгере бастады. Қазір біз тіліміздің табиғи болмысына жат, бөгде тілдік дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерінен тұратын сөздерге қазақша қосымшаны қиналып жалғап, «кентавр» сөзге айналдырып, тілімізді бұрап сөйлеп-жазумен қоймай, қазақ сөздеріне де орыс тілінің қосымшаларын жалғауды дәстүрге енгіздік. Бұған көп мысал келтіріп жатпай-ақ, аты-жөнімізге, яғни тегімізге жалғанып жүрген орыстың «ов», «ев», «ин» қосымшаларын ғана мысалға келтірсек жеткілікті болар. Тек осы қосымшалардың өздерінің ғана тіліміздің ұлы заңдарын ала тайдай бүлдіріп, ойран салып жүргенін көпшілік біле бермейді-ау. Мәселен, Алматы қаласы көліктерінің билет тексерушілері: «Келесі аялдама Сейфуллина, Байтұрсынова, Әуезова» немесе «Мұратбаева, Жарокова, Қалдаяқова бар ма?» деп хабарлап-сұрап жататындарына мән бердік пе? Біздің ойымызша, бұл – мысалға келтірген жаңағы қосымшалардың психолингвистикалық әсерінен туындап жатыр. Қазақ сөзіне жалғанған орысша қосымша өзінен кейін міндетті түрде орысша қосымшаның келуін қажет етіп, қазақтілді билет тексерушілерге «Келесі аялдама Сейфуллин көшесі» немесе «Сейфуллиннен түсетін бар ма?» дегізбей тұр. Осы секілді тағы басқа да орыс тілінің сан алуан жағымсыз ықпалы бізге тіл саясатын мықтап қолға алудың керек екенін ескертеді. Дегенмен, тілдердің бір-біріне әсерінің әрбір тарихи дәуірде, сол дәуірдің өзіне тән саяси-әлеуметтік себептеріне сәйкес, әртүрлі мазмұнда (жағымды, жағымсыз т.б.) болатыны белгілі жайт. Осы орайда қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының бұдан тоқсан жыл бұрын: «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен өзгелердей тіршілік етер. 20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» деген аталы сөзін естен шығармауымыз абзал. Бейбіт Жалелұлы, филология ғылымдарының кандидаты

5007 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы