• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2014

ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ, ҚАЙРАТКЕР

Әлия бейсенова туралы сөз Қазақстан мен таяу шетелдерге танымал ғалым, ұстаз Әлия Сәрсенқызының ғылыми-шығармашылық өміріндегі жан-жақтылық таңдаған мамандығы мен ішкі дүниесінің үйлесімділігінен, ой-өрісінің кеңдігінен, жазған еңбектерінің бағыт-бағдарынан байқалады. Өзі құмартқан табиғат сырындағы, кең-жазира даладағы қатпарлы, биік, аласа таулардың қалыптасуын, болмысын талдауы оның ғылым жолындағы өмірлік негізгі ұстанымы болып көрінеді. Былай қарасаң қазақтың аңқыл­даған, ашық-жарқын, көпті көрген аналардың жалғасы ретінде көрінсе, ғылымның әр саласына өзінің зерттеген тау жүйелерінің қатпарлы қыртыстарындай табиғаттың шешілмеген сырындай «өзің таны, өзің шеш» дегендей жұмбақ тұлға. Кейде қайсар, алғыр, мойнына алған кез келген жұмысты түбіне дейін жеткізіп, аша алатындай қабілетін бірден байқатады. Кейде қазақ әйелдерінің мұңды, сырлы, арманшыл, елшіл, Отанын, отбасын, жерін сүйетін арулардың мінезін танытады. Қазақ елінің тарихын, оның әдебиетін, тілін, өнерін қалыптастырған жеке тұлғалар жайлы сыр тарта қалсаңыз, кеңінен кемел толғайды. Қазақ елінің дәстүрін, салтын осы көне тарихтардан сыр шерткендей ойлы, пайымы жан-жақты талдай алатын, табиғаттың жұмбақ сырын қоғамның дамуынан, тарихи оқиғалардан шешімін іздейді. Бір қарасақ қарапайым, жұмсақ; отбасымен, шәкірттерімен ұстаз ретінде кең пейілді, қайырымды. Осы кісінің еңбектерін зер салып талдағанда, тәккапар, болашағын болжай алатын терең ойлы ғалымдығын аңғартады. Жазылған еңбектерінде өз мамандығы жайлы логикасы терең үлкен ұстаздардың алдынан өткенін байқауға болатындай. Қай еңбегін алмаңыз шәкірттерінің, отбасының тағдырына жауапты, өткен ғасырлардағы армандап кеткен, қазақ аналарының, қыздарының жүзеге асыра алмаған толғаныстарын, қазақтық ән-әуенінен, домбыра-күйінен іздеуі, оның шешімін табиғаттың сырлы құпиясымен бірдей тұтастықта қарастырады. Қазақ өмірін, тарихын, кез келген өркениетті елдердің тарихынан жеке адамдардың өмірінен жоғары қояды. Мұндай ойды, пікірді түйіндеу үшін, бұл кісінің оқығаны, өмірден көргендігі көп екендігін түсінесіз. Кейде, өзінің мінезін, болмысын тау қатпарларына теңеуге болады. Тау қатпарларының қалыптасу заңдылығының ұзақ уақытын, оның қашан, қай кезде қалыптасқанын. Оның бойында қандай қазба байлықтардың бар екенін білу, тану осы апамыздың жазған еңбектерінен, кең ауқымды жазған мақалаларынан көре аламыз. Соның барлығында да ұлттық сананың, ойдың, дәстүрдің негізінде жасайды. Бірде апайдан: «Шетелде көп жүрдіңіз ғой, сондағы сіздің байқағаныңыз, ойыңызға түйгеніңіз не?» деп сұрадық. Ол кісінің айтқаны: біріншіден, қай жерде болсын, оның табиғатының ерекшелігі; екіншіден, әлемдік деңгейдегі сақталған тарихи ескерткіштер мен сол жерде мекен ететін халықтардың болмысын өз еліміздегі табиғат жағдайларымен жеке тұлғалардың қалдырып кеткен тарихи-мәдени құндылығын салыстырып қарағанда өз елімізде, өз жерімізде артықшылығын, бір тұтастығын байқап түйіндеймін. Дегенмен де, әр елдің өзіне тән тілінің, мәдениетінің өзіндік сипаты бар екендігін айтуға болады. Қай жерде жүрсем де, қай елде болсам да, өз еліміздің жазиралы табиғаты мен ұлы ойшылдарының философиялық тұжырымдарын, салт-дәстүрін, тілінің артықшылығын қазақ халқының болмысын, кеңдігін әрқашан да жоғары қоямын. Апайдың өзімен әңгімелескенде өмірге деген ризашылығын, қанағатшылығын, жақсы адамдар туралы пікір айтуы және осы орайда «қасыңда жүр жақсы адам» деген халық сөзі күмбірлеп естіледі. Әлия Сәрсенқызы өзі туралы жазылып жатқан мақалаларға да, беріліп жатқан марапаттарға да бой ұра бермейді, өзінің құнын өзі түсінген, атақты орыс суретшісі И.Шишкиннің әйгілі «Жартастағы шырша» суретін «өмірлік күреске» ұранындай қабылдайды. Бұл оның қасиетті бойтұмарындай. Табиғаттың болмысы арқылы жан табиғатының болмысын жеткізу – жауапты сәт. Әлия апай өзі өмір сүрген ортаны өте қадір тұтады. Әсіресе, еліміздің егемендігін баянды еткен Елбасының әрбір ісін мадақтап, қазақ елінің ұзақ жылдары армандаған арманын жүзеге асырып, әрбір жеке тұлғаның, қатарлас замандасының жеткен жетістіктеріне қуана отырып, соларды көтеріп отырады. Бұл – апайдың қазақ халқының дарынды ұл-қыздарына деген сүйіспеншілігі әрі мұны ол отбасының тәрбиесінде де қолданады. Жарды сүю, құрметтеу, бала мен келіннің қоғамдағы атқаратын істеріне дейін бағдарлайды. Қазақстан табиғатының жұтаңдауынан туған экологиялық мәселелерді Әлия апай кейінгі кезде әлемдік деңгейде адамзаттың, әсіресе, өзіміздің қоғам құрушы азаматтардың рухани деңгейінің жұтаңдануымен түсіндіреді. Ол өз еңбектерінде қазақтың бай тарихын, тілін, дінін, жеке тұлғалардың өмірін, ел дәстүрі мен салтын бойына сіңіруге бағытталған шараларды қозғайды. Қазіргі мәдени-рухани құндылықты адамдардың жеке басының табыстарының бәсекелестігіне және ақшаға айырбастауы өкінішті деп қайран қалады. Біз Әлия Сәрсенқызының ғылыми еңбектерімен көптен таныспыз және аса құрметтейміз. Қазақ КСР Ғылым академиясында ғылыми жұмысымызды академик Ә.Марғұланның қол астында жүріп бастадық. Ол аса жемісті жылдар еді. Қазақ әйелдерінің ішінде майталман ғалымдар бар екенін де сол кезде көре бастадық. Солардың арасында біздің көбірек танып, араласқанымыз академик Р.Сыздық, профессор М.Тұрсынова, академик Ә.Бейсенова сынды тұлғалар еді. Әріден айтсақ, Кеңес өкіметі тұсында тарих ғылымы бойынша диссертация қорғаушылардың негізгі бөлігінің тақырыбы – коммунистік партия болатын. Төңкеріске дейінгі Қазақстан тарихын зерттеушілер саусақпен санарлық еді. Географияның жағдайы да дәл солай болды. Экономикалық география мамандары көбінесе Компартия съездерінің шешімдеріне сүйеніп, Қазақстан экономикасының жаңалықтарын тізіп айтты, ол мәліметтердің негізі жалған екені қазір көпке мәлім. Ал физикалық география мамандары тым аз еді. Сол аздардың ішінде Ә.Бейсенованың есімі ерекше тұлғаланды. Физикалық география нақты ғылыми мәліметтер мен тұжырымдардан тұратын ғылым. Ол табиғаттың тұтас бейнесін анықтап, оның қалыптасу тарихын және жолдарын зерттейді. Бүгінгі күйімен салыстыра қарайды. Бұл жағдайлар Әлия Сәрсенқызының беделін тек біздің алдымызда ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымы тарихында айшықтандыра түсті. Сол ғылымдағы Шоқан Уәлихановтың еңбегін зерттеу және анықтау оның үлесіне тиді. Біз ұстазымыз Әлкей Хақанұлы Марғұланмен бірге Әлия Сәрсенқызының жетістіктеріне қатты қуандық... Қалайша қуанбассың, оның екі диссертациясы да таза физикалық география тарихынан қорғалған. Кандидаттығын 1967 жылы Мәскеуде Ғылым академисы Табиғаттану институтында, докторлық диссертациясын 1984 жылы Бакуде Әзірбайжан Ғылым академиясының География институтында қорғады. Біз осылай Әлия Сәрсенқызының әрбір жетістігін жіті бақылайтын едік. Ол кісінің ұстазы белгілі физикалық географияның маманы М.Өтемағанбетов. Сол кісінің шәкіртіне, оның табыстарына деген ел құрметі арта түсті. 1985 жылдың аяғында Қазақ Қыздар мемлекеттік институтында Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Оған шоқантанушылар шақырылды. Солардың ішінде М.Тұрсынова, Ш.Сәтбаева, Ә.Бейсенова және біз болдық. Соның алдында КСРО География қоғамының Ш.Уәлихановқа арнап Ленинградта өткен конференциясына Әлия Сәрсенқызы, Ташкенттегі конференцияға Ш.Сәтбаева, сондай-ақ Бішкек пен Лондондағы конференцияға біз қатысып, баян­дама жасап едік. Осы конференцияда біз Әлия Сәрсенқызымен жақынырақ таныстық. Әлия Сәрсенқызының баяндамасы бәрімізді риза етті, әсіресе М.Тұрсыноваға қатты ұнады... Ал Тұрсынова болса, ең мықты шоқантанушылардың бірі еді. Оның үстіне сол жылдың басында Әлкей Хақанұлы дүниеден өтті де, Ш.Уәлихановқа қатысты барлық мәселеге Мариям Сүлейменқызы жауап беретін-ді. 1990 жылы Әлия Сәрсенқызының «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық география идеяларының дамуы» атты аса құнды зерттеуі «Рауан» баспасынан жарық көрді... Бұл кітапта қазақ жерінің географиялық зерттелу тарихы баяндалады. Автор еңбектің мақсаты жайлы кітаптың алғы сөзінде: «Бұрынғы зерттеулердегі табиғаттың байырғы көрінісінің өзгеру динамикасын көрсете отырып, қазіргі туып отырған бүгінгі таңдағы дүниежүзілік проблемаларымен олардың ішкі байланысын ашуға көңіл аудару қажеттігі туды. Табиғат ландшафтарының болашағын болжау, оның қазіргі экологиялық жағдайын анықтау үстінде тарихи мағлұматтарды пайдалану аса қажет. Мұның Қазақстандағы қазіргі тілге тиек болып отырған Арал-Балқаш проблемаларына да қатысы мол... Қазіргі кезде республикада экологиялық проблемалардың шиеленісу барысында жеріміздің ерте кезде географиялық жағдайларын түсіну керек болып отыр...» деп жазады. Бұл Әлия Сәрсенқызының алға қойған мақсатын емес, оның бүгінгі ғылым үшін қаншалықты маңызы бар екенін айқын дәйектейді. Маңызы орасан зор дейтініміз, экология проблемалары қазір бүкіл халықтың жан ауруына айналды. Ол кітабында Әлия Сәрсенқызы дабыл қаққандай, Арал мен Балқаштың мүшкіл жағдайы, тың өлкесін бейберекет жыртудың ақырында жердің құнарсыздануы, ядролық сынақтар үлкен апаттар әкелгені тарихи шындық болатын. Бұрын белуардан келетін көк шалғыны бар құтты Сарыарқа жерінің көп бөлігі соқа тиген соң, бар көркінен айрылғаны рас. Кезінде осы проблеманы 1910 жылы, яғни Әлия апайдың кітабы жарық көрерден 80 жыл бұрын қазақтың ұлы перзенті Әлихан Бөкейхан да жазған болатын... Тың игерудің экологиялық қатерін ғылыми тұрғыдан алғаш дәлелдеген ғалымдардың бірі Ә.Бейсенова екені де ақиқат. Физикалық география маманы Әлия Сәрсенқызы ықылым замандағы Қазақстан жерінің қыртысы мен байлығын, оның игерілуін, шаруашылығын және әрбір даму сатысында қалай өзгергенін дәуірлерге бөліп, жіктеп, жүйелеп көрсетті. Аталған еңбекте ғалым физикалық географ, табиғат тарихын зерттеуші ғана емес, картограф ретінде де көп еңбек еткен. Ол Қазақстан жері түсірілген үлкенді-кішілі карталарды талдап, оған баға берген. Әсіресе, оның Ш.Уәлиханов карталарын талдауы, оның жасалу принциптері мен жетістіктерін және кейбір оқулықтарын атап көрсеткен. Елдің ұлттық намысы оянып, ел, жер тазалығы үшін күрес басталған 80-жылдардың қаһарлы күндерінде біз Әлия Сәрсенқызымен тығыз шығармашылық қатынаста болдық. Апамыз Қазақстан экологиясына қатысты аса көкейкесті мақалаларды үсті-үстіне жариялап жатты, жалпы Алматы қаласының тағдыры туралы да дабыл қағып жатты. Ол кезде Алматыдағы машиналар саны қазіргіден аз болатын, алайда кешкі сағат 17.00-18.00 шамасында қала көк түтінге тұншығатын. Оның себебін Әлия Сәрсенқызы Алматыға сапасыз жанар май әкелгендіктен деп талай рет айтты және көптеген шешімді талаптар қойған еді... Қөп ұзамай Алматыда «Атамекен – табиғат сақшысы» атты Қазақ КСР Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитеттің апталық газеті жарық көре бастады. Осы газеттің жарыққа шығуы радиация мен экология зардабы көп Қазақстанда елеулі оқиға болды. Әлия Сәрсенқызы оның негізгі авторларының біріне айналды. Газет бетінде ғалымның көптеген көкейкесті мәселелерге арналған мақалалары бірінен соң бірі шығып жатты. Қазақстанның экологиясы туралы егемендікке қол жеткен соң көп айтылатын болды. Алғаш рет Әлия Сәрсенқызының басшылығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде экология мамандарын дайындайтын бөлім, кейін факультет те ашылып, жас экологтар қатарға қосыла бастады. Өткен жылы наурыз айында белгілі ғалым Ә.Бейсенованың жаңа кітабы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлағат» баспасында жарық көрді. Барлық мақалаларында рес­публикамыздағы аса көкейкесті мәселе­лерді жазатын Қазақстандағы экология ғылымдарының патриархы Әлия Сәрсенқызының жаңа кітабы бізді де әдеттегідей елең еткізді. Кітап ҚазҰПУ ректоры С.Пірәлиевтің алғы сөзімен ашылыпты. «Бүкіл өмір жолын ұстаздық тағылымға арнаған, жас ұрпақты табиғаттың болмысы мен заңдылығын, оның басқа ғылымдармен байланысын ашу арқылы әлемдік деңгейдегі экологиялық мәселелерді шешуде, маман дайындауда, сонымен қатар қоғамдық-мемлекеттік тұрғыда үлкен мәселелерді қозғаған мақалалар жиынтығынан тұратын осы еңбекті университеттің басшысы ретінде көпшілікке ұсынамын. Бұл еңбектің «Ұстаз – ғалым – қоғам қайраткері – ана» деп аталуының өзі ұлттық дәстүр мен тәрбие идеологиясының негізі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл еңбектің жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі маңызы аса үлкен деп түсінемін» деп жазыпты Серік Жайлауұлы. Осы киелі қара шаңырақта 60 жылдай ұстаздық қызмет атқарған майталман ғалымның қалың кітабының білім саласына берері көп. «Ұстаз» аталынатын бірінші бөлім Әлия Сәрсенқызының педагогикалық білім беру мәселесі бойынша әртүрлі тақырыпта жазылған аса көкейкесті мақалаларынан түзілген. Солардың бірі «Педагогикалық білім берудегі ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелері» (14-20 беттер) деп аталады. Егемен еліміздің іргетасы қаланғалы бері экономикасы дамуға бет алған қазақ елінің болашағы - оның сапалы дайындалған, инновациялық технологияларды жетік меңгерген, қазақтың ұлттық тәрбиесін бойына сіңірген жастардың қолында екенін айта келіп, бүгінгі қоғамда ұлттық тәрбиені оң жолға қою үшін қажет бағыттар бойынша жұмыс жасауды жеті бөлікке бөліп талдап көрсетеді... Аталған мақаланың соңында: «Бүгінгі жаһан­данған заман тұсында ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізумен қатар, Хакім Абай айтқандай: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген қағиданы жастарымыздың бойына сіңіруіміз қажет. Жастардың сапалы білім алуына, инновациялық технологияларды игеруге, ұлттық құндылықтарымызды көзінің қарашығындай қастерлеуге, елін құрметтеуге тәрбиелеу-бүгінгі күнгі педагог ғалымдардың, ұстаздардың басты міндеті» деп түйіндейді. Одан соңғы мақалаларында мектеп оқулықтарын жаңарту, экологиялық білім беруге көп көңіл бөлу, экологиялық білім берудің негізгі принциптерін жіктеп саралайды. Экологияға қатысты негізгі міндеттерді яғни табиғатты қорғауды жоғары білімі бар білікті мұғалімдер атқара алатынын және эколог мамандар дайындау ең маңызды міндет екенін көрсетіп: «Біріншіден, экологиялық білім және қоғам мен адам экологиясының өзара байланысының үйлесімдігі туралы білім беру қажет. Екіншіден, мұғалімдер қоршаған ортаның дағдарысына сын көзбен қарап, оны қорғай, болжай білудегі оқушылардың жауапкершілік сезімін тәрбиелеу тиіс. Үшіншіден, табиғат қорғау мәселесі мен экологиядан сабақ беретін мұғалімдердің білімін жетілдіру және қайта даярлау институттары арқылы арнайы курстардан өткізу керек. Төртіншіден, қазіргі техникалық құралдар оқытуды компьютерлендіру және оқытудың жаңартылған әдістерін өмірге енгізуді қамтамасыз ету» деп нақты шараларды атайды. Көрнекті ғалым, академик Әлия Сәрсенқызы­ның осы кітабында ұзақ жылдар бойы үстаздық тәжірибесінен туған ой пікірлер ғылым жолындағы ізденістерден туындаған еңбектері, қоғамдағы әртүрлі мәселелерге байланысты ой түйіндері, сонымен қатар отбасындағы аяулы ана ретінде бейнесі туралы толғаныстар жинақталыпты. Ардагер ұстаздың, майталман ғалымның ұзақ жылдар бойы зерттеген еңбектерінің нәтижесі мен ғалымдар берген бағалар кең көлемде беріліпті... Кітаптың «Ғалым» аталған екінші бөлімінде ғылымға ерекше құлшыныспен келген Әлия Сәрсенқызы еңбектерінің Қазақстан Республикасында алатын аса қомақты орнын көреміз. Осы бөлімде «Қазақстанның географиялық атласы» атты кітапқа жазылған кейбір пікірлері бар. Осынау үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген түбегейлі зерттеудің Қазақстан ғылымында алатын орны ерекше. Әлия Сәрсенқызы – география ғылы­мынан доктор болған тұңғыш қазақ қызы. Орыс-географиялық қоғамының мүшесі. Аталған ғылыми орталыққа алғаш мүше болған қазақтың ұлы ғалымы, географ Ш.Уәлиханов. Әлия Сәрсенқызы Шоқан үлгісімен физикалық географияны зерттеуші, Қазақстан табиғатының тарихын кең танытушы ретінде қазақ ғылымын дамытушылардың алдыңғы легінде келеді. Кітаптағы үшінші «Қоғам қайраткері» деп аталатын бөлімі ғалымның 1995 жылғы «Где быть центру» атты тарихи мақаласымен ашылады. Мұнда алғаш рет қазақ астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы және оның экономикалық-географиялық аспектілерін жан-жақты талдап көрсетеді. Әлия Сәрсенқызы тек ғалым емес, Қоғам қайраткері екені шетелдік ғалымдардың лебіздерінен көруге болады. Ә.Бейсенованы Америка биографиялық институты 2006 жылы «Жыл әйелі» деп атап, ескерткіш медальмен марапаттады. Осы тақырыптағы М.Митчелдің, А.Жановтың, академиктер Т.Садықовтың, Т.Есполовтың және А.Биғалиевтің мақалалары Әлия Сәрсенқызының қоғамдық қызметіне кеңінен баға береді. Аталған кітаптағы бір салалы дүние ол кісінің отбасындағы аяулы ана ретінде бейнесін ашуға бағытталған. Ардагер ұстаздың, майталман ғалымның ұзақ жылдар бойы зерттеген еңбектерінің нәтижесімен қатар ардақты ана екені кең көлемде келісті сипатталыпты. Ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері болумен қатар Әлия Сәрсенқызының ана ретінде елге құрметті екені де қуантады. Оның ғылымға сіңірген еңбегімен қатар ана ретінде әрбір ісі бүгінгі ұрпағымыз бен келер ұрпағымызға үлгі, өнеге деп мақтанышпен айта аламыз. Ғалым-ана өзі сияқты ғалым балаларды дүниеге келтіріп өсірді, өнегелі ұл-келін тәрбиеледі. Қоғамдық жұмыс та сан-салалы: ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер мен отбасы ісі жөніндегі ұлттық комиссияда ұзақ жылдар мүше боп қызмет етті. Елбасы негізін қалаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жаратылыстану ғылымдары факультеті мен география кафедрасын қалыптастырып дамытуға да белсенді атсалысты. ҚР Ұлттық ғылым академиясында салалық ғылымдарды өркендетуге де, ұйымдастыруға да ол кісі елеулі үлес қосып жүр. 2013 жылы Тәуелсіздік күні мейрамы қарсаңында Елбасымыз Ә.Бейсенова бастаған бір топ географ-ғалымдарға «Қазақстан Республикасының атластық картографиялау саласындағы ғылыми жұмыстар топтамасы» үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын табыстады. Бұл да болса қомақты еңбектің ескерілгені, бағаланғаны деп білеміз. Академик Әлия Сәрсенқызы ата-баба қанымен дарыған барлық жақсылық пен еңбекқорлықты бойына жинап, даналықты көкірегінде сақтап, осыдан туындаған ұстаздық, ғалымдық, аналық, қайраткерлік қажыр-қайратын жас ұрпаққа арнаған қайсар жан. Болат КӨМЕКОВ, академик Самат ӨТЕНИЯЗОВ, профессор

5995 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8018

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6637

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4382

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3766

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3732

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3690

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3424

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3415

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы