• Тіл
  • 28 Қыркүйек, 2009

Бұл - мемлекеттік мәселе

anatili.kazgazeta.kzТілімізге мемлекеттік мәртебе берілген «Тіл туралы» Заңды қабылдау оңай болған жоқ. Осы Заңды қабылдау кезінде кейін «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері болған тіл жанашырларының ықпалы өте зор болды.

Мемлекеттік тіл – тарихи категория. Ол – қоғам дамуының белгілі бір сатысына сай, мемлекеттің саяси-әлеуметтік ерекшелігіне сәйкес, Конституция арқылы қабылданып, заңдастырылған, қоғам мүшелері тарапынан белгіленген тәртіп бойынша, міндетті түрде қолданыс табатын ресми тіл. Әдетте, мемлекеттік тіл сол мемлекеттің құрылуына байланысты оның туы, елтаңбасы және әнұранымен бірге қабылдануға тиіс.

Қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекеттік тіл мәртебесі барлық мекемелерде іс қағаздарын, сот-тергеу, оқу-тәрбие, мәдени-ағарту, қоғамдық-көпшілік және басқа жұмыстарды сол тілде жүргізуді және оның ғылыми-техникалық, көлік, байланыс, көпшілікке қызмет көрсету, медицина, сауда-саттық салаларында қолданылуын қамтамасыз етуі қажет. Ол сондай-ақ ұлт тілінің әлеуметтік қызметін, қолданыс аясын кеңейтуге, толыққанды әдеби тіл ретінде жан-жақты дамып, кемелдене түсуіне, нормасының сақталуына игілікті ықпал жасайды. Осының барлығы, сайып келгенде, ана тілімізді сақтап қалудың, қоғам мүддесіне сай өзінің табиғатына тән тамаша қызметін толық атқаруының бірден-бір заңды кепілі деген сөз.

Тіл мәртебесінің осы бір шапағатын зиялылар да, қарапайым халық та тез түсінген сияқты. Сондықтан да тілге деген толып жатқан қамқорлықтар ішінен елдің саралап, сұрыптап, тек мемлекеттік мәртебені ғана қалап алып, оны жанұшыра қорғап отыруында үлкен мән бар. Ескерте кетейік: бұл ұлттық менмендікпен де, ұлтшылдықпен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі бөлек құбылыс. Енді ғана еңсесін көтере бастаған халқымыздың бұл тәрізді заңды да табиғи талабын, өз тілін өзі және болашақ ұрпағы үшін қайткен күнде де сақтап қалуға талпынуын жамандыққа жарымай дұрыс түсінгеніміз жөн. Қабылданған Тіл туралы заң бастан аяқ демократиялық үдеріске құрылған. Оның негізінде «Биік тауларды аласартпай, даламызды асқақтатайық» деген идея жатыр. Онда басқа тілдерді шектеу, шеттету, ығыстыру емес, мемлекеттік мәртебе арқылы ана тіліміздің мерейін тасыту көбірек уағыздалады.

Халқымыз «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Шынынан да ана тіліміздің басындағы тауқымет пен тақсіретті ешкім де халықтан артық сезіне алмайды. Ананың ақ сүтімен тұлабойына, жандүниесіне дарыған асыл қасиеті – ана тілінің дертке шалдыққанын ең алдымен сезінетін сол халықтың өзі. Өмір бойы ана тілін мақтан етіп, пір тұтып келген халқымыз көп жылдық тоқыраудан бұйығы болып, атамекенін түрліше марапаттау салдарынан сол тілдің мүшкіл халін байқамай келсе де демократиялық өзгерістердің арқасында кеш те болса толық сезінді.

Алғашқы қабылданған «Тіл туралы» Заңмен қатар осымен тұспа-тұс құрылған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына да 20 жыл толып отыр. Тіліміздің мәртебесін көтеруде бұл қоғамның да көп істер тындырғанын, тындырып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Осыны ескергеніміз абзал.

Тілімізге мемлекеттік мәртебе берілген екен деп жайбарақаттыққа салынудың еш реті жоқ. Тіл майданындағы күрес жалғаса береді. Қазақ тілінен толыққанды мемлекеттік тіл жасау үшін бүкіл ел-жұрт болып атсалысуы керек. Бұл жеке бастың не әлеуметтік топтың ғана ісі емес, ұлт тағдырына, ел өміріне қатысты саяси маңызы зор мемлекеттік мәселе.

Әбдуәли Қайдар,

академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы

2789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы