• Тіл
  • 29 Қазан, 2009

Қазақ тіліне әрбір қазақстандықтың жаны ашуы тиіс

www.anatili.kazgazeta.kzГүлшара Әбдіхалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 1. Ең алдымен, мемлекеттік тіл саясатын жүргізу бір немесе бірнеше министрлік пен ведомствоның ғана құзырындағы мәселесі  емес екенін атап өткім келеді. Бұл меніңше, балабақша, мектептен бастап,  әрбір қазақстандық азаматтың жеке мүдделілігіне келіп тірелетін, тұтас қоғамның ісі.

Біздің  министрлікте іс-қағаздарын жүргізуді  қазақ тіліне көшіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2008 жылғы қаңтар айынан бастап Министрлік іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді. Нормативтік актілерді әзірлеу, іс жүргізу, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттама екі тілде жасалады. Барлық жиналыстар, Алқа отырыстары, аппараттық мәжілістер қазақ тілінде өтеді.   Министрлік қызметкерлеріне жыл сайын мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылады.

Алайда  бұл шаралардың барлығы әлі де болса жеткіліксіз, себебі  мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі мемлекеттік тілді жете білмейді.

Мен жоғарыда да айтып өттім, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту үшін кешенді  шаралар қабылдау қажет, оның ішінде тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу, мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, тіпті қазақстандықтардың менталитетін өзгерту де бар. Мұның барлығын Елбасының айтқанындай, қазақ ұлты өкілдерінен бастау керек, яғни олардың өзі ана тілін оқып, оны насихаттауға мүдделі болуға тиіс. Әрқайсысымыз өзімізге өзіміз сұрақ қояйықшы. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз қандай мектептен білім алады? Олардың орыс тілінде тәрбиелейтін балабақшаларға барғаны дұрыс па? т.б. Міне, осы сияқты көптеген сұрақтарға әрқайсысымыз жауап іздеп көрейік.

Заңғар  жазушымыз М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырамыз десек, ана тіліне деген махабатты бесіктегі бала тәрбиесінен бастап, балабақша мен мектепте дамыту қажет деп есептеймін.

2. Жоғарыда айтып өттім, біздің  Министрлік  2008 жылғы 1 қаңтардан  бастап мемлекеттік тілге көшті,  осыған орай  еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон мәселелеріне қатысты барлық нормативтік құқықтық актілердің жобалары, ақпараттық-анықтамалық материалдар екі тілде: мемлекеттік және ресми тілдерде дайындалады. Мемлекеттік органдармен хат алмасу негізінен мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал жеке және заңды тұлғалардың өтініш-шағымдарына жауап заң нормасына сәйкес мемлекеттік тілде немесе өтініш жазылған тілде беріледі.

Өкінішке  орай, бізде нормативтік актілерді  аудармаға жүгінбей, бірден қазақ  тілінде әзірлеу тәжірибесі әлі  жоқ.  Сондықтан нормативтік актілердің жобасы орыс тілінде әзірленіп, кейін мемлекеттік тілге аударылады. Біздің министрліктегі аудармашылар тобын бірнеше жыл облыстық газетте редактор болған білікті, тәжірибесі де мол журналист маман басқарады. Аудармашылық қызметте он жылға жуық жұмыс атқарған. Қалған үш қызметкеріміз де осы салада бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келеді. Жыл сайын олар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде  тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып отырады.  Министрлікте әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің қазақ тіліндегі аудармасына көңіліміз толады.

Әрине, нормативтік құжаттар бірден қазақ тілінде әзірленіп, қазақ тілінде талқыланып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

3. Бұл мәселеге қатысты қазіргі кезде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 23-бабына сәйкес Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптер, мамандар және лауазымдар тізбесін жасау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.  Бұл мәселемен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі айналысуда. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілер де, басқа да лауазым иелері қамтылады деп ойлаймын.

4. Иә, шын мәнінде де қазіргі таңда тілге қатысты заң бар, үкіметтің қаулылары қабылданған, бағдарлама бар, яғни құқықтық негіз толықтай қамтамасыз етілген, демек «қазақша сөйлеймін, балаларымды қазақша тәрбиелеймін» десе, екі қазақ бір-бірімен ана тілінде сөйлесіп жатса, ешкім қарсы келіп, ешкім «қой» демейді.

Ақиқатын  айту керек, мектепті, жоғары оқу орнын  орыс тілінде бітіріп, өмір бойы орысша ойлап, сөйлеп келген адамды қазақ тілінде  ойлауға, қазақ тілінде жазуға үйрете қою қиын мәселе.  Мысалы, қазақ тілін үйрету курстарында қатарынан үш-төрт жыл оқып, әлі күнге үш-төрт сөйлем жаза алмайтын мемлекеттік қызметшілер аз емес.  Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйренем деушілерге қажетті  оқулықтар мен әдістемелік құралдар, электронды көмекші құралдар жеткілікті шығарылған. Мәселе тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып оқытуға және ең маңыздысы – қызметкерлердің өздерінің ниеті мен құлшынысының болуына келіп тіреледі.  Олай болмаған күнде, жабулы қазан осы жабулы қалпында қала береді.

Сондай-ақ, қазақ тілінің қоғамдық қатынастардың  барлығының төрінен орын ала алмауының  бір себебі, өзіңіз айтып отырған  тілді білуге деген мұқтаждықтың болмауы. Сондықтан қазіргі өзекті мәселе – осы, адам қайда барса да, жол жүрсін мейлі, дүкенге, ауруханаға немесе қызмет көрсету орындарына барсын, жұмысқа тұрсын – барлық жерде қазақ тілін білу қажет болып тұрса, мәселе өз шешімін табады.

5. Мемлекеттік тіл  тек қана  қазақ тілді адамдардың, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары немесе қазақ тілі жанашырларының ғана емес, әрбір қазақстандық азаматтың ойы мен тілінде болуы тиіс деп ойлаймын. БАҚ жұмысын реттейтін құзырлы органдар бар, ал менікі қазақ тілінің дамып өркендеуі бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі болғандықтан, оны  көркейтуге қазақ тілді болсын, орыс тілді болсын газет-журнал,  телеарналардың барлығы бірдей ат салысса деген тілек қана.

Осы бағытта, «Қазақ газеттері» ЖШС, оның ішінде әсіресе «Ана тілінің» атқарған жұмысы – ұшан теңіз, еңбегі – зор. Сондықтан да жұмыстарыңызға жеміс, шығармашылық табыс тілеймін.  

3153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы