• Тұлға
  • 25 Ақпан, 2010

Этнографпен әңгіме

anatili.kazgazeta.kz(Жалғасы. Басы өткен сандарда) (Абыз-ақсақал Жағда Бабалықұлы қазақтың салт-дәсүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертеді) Мені «хан болмақшы» деп айыптады – Қандай мәселе еді ол? – «Қазақстанға көшіп келгендерді Кеңес Үкіметі қайта Қытай асырып жатыр. Ол жаққа барғандарды қытайлықтар сөзге келместен атуда» деп Орталық комитетке хат жолдадым. «Бұл мәселе оң шешімін табады» деді Орталық Комитет жауап хатында. «Шекараны бұзып өткендердің көбісі Семей жаққа топталған екен, біз сізді іс-сапарға жібереміз, сол аймақтарға барыңыз» деді маған. Сондағы мені іс-сапарға жібергендегі басты мақсаттары мынау екен: Қытай жағы біздің көптеген адамдарымызды Кеңес Одағы күштеп алып кетті, оларды азғырып, бізге қайта қарсы қоймақшы деген сипатта саяси әңгімелер таратқан. Желдей ескен әңгімелерді жоққа шығардым. Халыққа басу айттым. Бірақ бұл әңгімелердің бастауы өте тереңде жатыр. ХІХ ғасырдың өзінде әр аймақтағы қазақтардың басын біріктіру идеясы тұрған. Қызылкеңірдек болып айтысып жүретін адамның бірімін ғой. Қытайда жүргенімде «Үш отаудың» басын бір жерден шығару керек деген «идеяны» ортаға салдым. – «Үш отау» дегеніңіз не? – «Үш отау» деп тұрғаным, Қытайдағы, Моңғолиядағы және Қазақстандағы қазақтар ғой. Бұлардың бәрінің басын бір жерге тоғыстыру керек дегенді айтып тұрмын. Мұны ашық айтудағы себебім, біз үш облыс Қытайға қарсы соғысып жатқан кезіміз. Ашық айтылған соң, бұл сөздердің бәрі халықтың арасына кеңінен тарады. Жаңағы көштің бәрі осыдан тұтанып отыр. «Үш отаудың» басын бір жерден шығару идеясы Қытай коммунистеріне мүлде ұнаған жоқ. Мен қазақ автономиялық облысының басшысы болып тұрғанымда, үстімнен саяси күрес жүргізді. «Мұның ойы түзу емес, біз үшін кереғар, Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға апарып, солардың басын құрап, өзі Хан болмақшы» деп жала жапты. Сөйтіп осы жағылған күйенің кесірінен мені «еңбекпен түзеу колонниясына» қайта айдап жіберді. Сонау 1958 жылдан 1961 жылға дейін мен сол колоннияда жаттым. Сол жерден шыққан заматта сәті түсіп, Қазақстанға өтіп кеттім. Біздің жыл санаумыздан бері қарай ол жер қазақтың атамекені ғой. 1952 жылғы есеп бойынша Шығыс Түркістанда үш жүз мыңдай қытай ұлты болса, қазір отыз бес миллионға жетті. Бұрын ол жерлердің бәрінде тек қана қазақ ауылдары отыратын. Қытайлықтар ішкі аймақтардан келді де жұтып жіберді ғой. – Қытайда қанша қазақ қалды? – Көп қой. Екі миллионның үстінде. Қызай дейтін ру бар, соның өзі бір миллионға жуық ел боп отыр. Бұл сонау ғасырлардан бері қазақтың жері ғой. 1856 жылдары Жоңғар мемлекеті құлағанда албан-суан, қызайлар бар бәрі өз атамекеніне қарай беттеді. Көп бөлігі осылар. Үшінші бөлігі Кеңес одағы құрылғанда, кәмпескенің кезінде, ашаршылықтан қашып барғандар, саны екі жүз мыңдай ғана. Олардың көбінің сүйегі сонда қалды. Бірен-саран қайтып келгендері де болды. Оның ішінде албандар бар, қаракерейлер көбірек. «Кәмпескенің» кезінде барғандар көбіне Тарбағатай аймағына қоныстанды. Ауып барған халықты шекарадан кірген бойда аңдып тұрып, барын сол жерде тонап алады. Қолындағы сақинасы мен құлағындағы сырғасына дейін жұлып алған. Ол уақытта Қытайдағы халықтың тұрмысы жаман емес еді. Елдің тұрмысы жаман болмағандықтан, сырттан келгендерді өзекке тепкен жоқ. Бәріне қойы мен қозысын баққызды. Отыны мен суын тасытты. Әйтеуір қуған жоқ. Қара жұмыстан бастады. Кейін олардың ішінде оқығандары бар екен, мұғалім болды. Біздің мұғалімнің көбісі – осы жақтан барғандар еді. – Нақтырақ өзіңіз көзіңіз көрген деректерді айта аласыз ба? Санақ дейтін нәрсе болушы ма еді? – Тарихи деректерге қарағанда Қытайда осыдан төрт жарым мың жыл бұрын халық санағы жүргізілген екен. Қазақ даласында Бату ханның Тыған атты ұлының баласы Мәңгі Темір хан тұсында – 1276 жылы үшінші бүкіл Дешті Қыпшақ мемлекетінің халық санағы алынған көрінеді. Ал осы екі мемлекетке көршілес жатқан Шығыс Түркістанда бұрын қай уақытта халық санағы алынды дегенге келсек, әзірге белгісіз. Мендегі деректерге қарағанда Манчжур империясының Гуань Шуй ханы кезінде 1908 жылы жаппай Қытай мемлекеті бойынша жан санағы жүргізілгені анық. Алайда одан бұрында Шығыс Түркістанда халық санағы болмады деп айту қиын. Өйткені, Шығыс Түркістанның шығысына жатқан Қытай елі халық санағын алуды тым ерте бастаған. Ал батысындағы Дешті Қыпшақта ХІІІ ғасырдың өзінде халық санағы жүргізілген. Олай болса екі көршілес елде болып жатқан маңызды оқиғаның да ұшқыны Шығыс Түркістанға жетері анық. 1908 жылы болған халық санағы кезінде көпшілігі санаққа кіргісі келмей, одан қашқан. Жүз адамның сексені санақтың сыртында қалған. 1909 жылы Қытай Үкіметі Шығыс Түркістан халқын «бір жарым миллион» деп жариялады. Тарихшылардың дерегіне қарасақ, сол уақытта Шығыс Түркістан халқының санағы дұрыс жүргізілмеді деп айтулары шындыққа жақын. Өйткені, әдет-салт, діни-сенімдердің шырмауы көптеген күдік-күмән туғызғандықтан санақ жүргізуді ол кезде қарапайым халық жақсылыққа жорымайтындығы табиғи құбылыс болуы анық. Сонымен бірге түтінге, жан басына қарап салатын салықтан, әскерге шақырудан қағыс қалу, немесе оны жеңілдету мақсатымен мемлекеттік тізімнен аулақ болуды дұрыс көретіні де ақиқат. Тағы бір мәселе жан санағын дәл және толық жүргізуге Манчжур империясының қабілетсіз екендігі де күмәнсіз. Міне, осындай керітартпа себептердің салдарынан Шығыс Түркістан халқының саны 1908 жылғы санақта толық алынбағаны шындықтан алыстамайды. Қаншама адам санаққа кірмеді, жүзден сексен адам енді дегеннің өзінде, Шығыс Түркістан халқын алты-жеті миллион адам шамасы болар деп жорамалдауға болады. Осыдан кейінгі халық санағы араға жиырма жылдай уақыт салып 1926-1928 жылдары жүргізілген. Араға екі жыл салып қайта санақ алуларының себебі бізге белгісіз. Осы жылдардағы жүргізген деректеріне сәйкес Шығыс Түркістан халқының жалпы саны үш-үш жарым миллион деп жариялады. Сол кездегі деректерде мына ұлттардың атын атап, халқының санында көрсеткен, жазып ал: Ұйғырлар – 1 миллион 750 мың – 50 пайыз Қытайлар – 525 мың – 15 пайыз Дүнгендер – 525 мың – 15 пайыз Қазақтар – 437 мың – 12 пайыз Моңғолдар – 175 мың – 5 пайыз Манчжурлар – сексен жеті мың бес жүз – екі де бес пайыз дейді. Міне осы көрсетілген деректе манчжур тектес дағұр, субе, солаң секілді ұлттар аталмаған. Сірә, бұларды манчжур ұлтының құрамына қосып жіберген болар? Сондай-ақ қырғыз, татар, өзбек, тәжік ұлттары да санақтың ішінде жоқ. Бұларды ұйғыр мен қазақ ұлттарының қатарына қосқан шығар деген пікірдеміз. Осы санақтан байқағанымыз гоминдаң империясының «шыбындары» мейлінше сапырылыстырып тастаған. Әсіресе, ұйғырлар санын құлдыратып, оның есесіне манчжурмен қытайларды басым етіп көрсеткен. Осы бір отаршылар жасаған халықта көрсетілген манчжурлар мен қытайлардың саны сол уақытта әлдеқайда кем. Мәселен 1959 жылы жарияланған мағлұмат бойынша Сібелер саны он төрт мың шамасында, дағұрлар екі мыңдай ғана болған. Ал, 1955 жылғы санақта өздерін манчжур ұлтымыз дейтіндер Шыңжаң халқының 0, 0002 пайызын ғана құраған. Ұлтымыз Солаң деушілер тіптен аз. Шығыс Түркістанды мекен еткен манчжур халқының туыстары жөнінде кеңес ғалымы Бруканың 1956 жылғы «Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының этникалық құрамы» деген ғылыми мақаласында «Манчжурлар тунгустарға жатады. Олар өз ішінен манчжур, сібе, солаң, дағұр тайпаларына бөлінеді. Шыңжаңда олардың саны жиырма мың мөлшерінде ғана» - деп көрсетеді. Десекте 1926-1928 жылғы деректе олардың саны мейлінше көбірек көрсетілген. Сол кездегі деректе Шығыс Түркістандағы қытайлар саны бес жүз жиырма бес мың боп көрсетілген. Мұны да кейінгі алынған мәліметтер қуаттамайды. 1940 жылдары Шығыс Түркістанды билеп-төстеген Шың Сысай өкіметі 1942 жылы «Шыңжаңда төрт миллион халық бар, он төрт ұлтпен ұлыс бар» – деп жариялады да, ұлттарды өзара жіктей келе – «ұйғырлар – жетпіс үш те сегіз, қазақтар – он да тоғыз, қытайлар – алты да бес, дүнгендер – төрт те екі, қырғыздар – екі де бір, моңғолдар – екі де бір, тәжіктер – нөлде төрт, сібелер – нөл де екі, өзбектер – нөл де екі пайыз және солаң, манчжурлар нөлде бір пайыз» деп көрсеткен еді. Ал осы дерек көзіндегі алтыда бес пайыз бойынша есептегенде Шығыс Түркістандағы қытайлар саны 1940 жылдар ішінде екі жүз елу-екі жүз алпыс мың шамасында болып еді. Мұның өзі өте молайтып көрсетілген пайызбен есептеліп отыр. «Отты түрткілеген өшіреді, елді түрткілеген көшіреді» – Одан кейінгі халық санағы қай жылы болды? – 1953 жылы Мао Үкіметі билікке келген тұста халық санағы болды. Осыған орай 1953 жылы отызыншы маусым күні жиырма төрт сағат санақ жүргізу уақыты болып белгіленді. Оны өткізуге мемлекет бойынша екі миллион бес жүз мың адам қатысты. Алайда мұның өзін жан-жақты әрі сенімді санақ болды деп айта алмаймыз. Дегенмен басқа санақтарға қарағанда қисынға келетін санақтың бірі деуге болады. Қытай Халық Республикасы аумағындағы аз ұлттардың тығыз қоныстанған жерлерінің жалпы көлемі бүкіл мемлекет жер аумағының алпыс пайызына тең. 1955 жылы Үрімжі баспасынан шыққан «Құлпырып келе жатқан Шыңжаң» атты кітапшада: «1949 жылы Шыңжаң халқы төрт миллион екі жүз мың» деп жарияланды. Қытайы да осының ішіне кіреді. Ал 1954 жылы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік санақ басқармасы 1953 жылы болған санақтың қорытындысын жария етті. Осы жарияланған нәтижеде «Шыңжаң халқы төрт миллион сегіз жүз жетпіс үш мың, алты жүз сегіз адам» делінген. Оның ішінде қытайлықтар саны үш жүз мың депті. 1957 жылғы жарияланған бір құжатта Шыңжаң халқы бес миллион жүз қырық мың, оның ішінде қытайлықтар бес жүз елу мың мөлшерінде делінген. 1959 жылдың басындағы тағы бір деректе «1958 жылдың аяғына дейін Шыңжаң халқы бес миллион сегіз жүз елу мың, оның ішінде хандықтар бір миллиондай мөлшерлес бар» деп жазылды. Хандықтар деп өздерін айтып отыр. Осы көрсетілген деректерде хандықтардың саны өте тез қарқынмен көбейгендігі байқалады. Әрине, мұндай көбею табиғи өсуден гөрі, қоныс аудару жолымен болып отырғаны анық. Мен өзім көзіммен көрген біраз жайтты айтып өтейін. Мао Үкіметі Шығыс Түркістанды тұншықтыру мақсатымен 1950 жылдан бастап біз тұрған өлкелерге хандықтарды көшіруді жоспарлады. Ең алдымен «партия және өкімет орындарын құрып беріп қайтатын сақа мамандар» деп он мыңдаған мамандар отбасыларымен бірге көшіп келді. Гоминдаң армиясынан тізе бүккендер саны бір миллион жеті жүз жетпіс мың мөлшерде еді. Осы әскерді бүкіл мемлекет бойынша он екі дивизияға бөлді де, соның он дивизиясын «өндіріс әскері» деп Шығыс Түркістанға жіберіп, жердің шұрайлысын, судың көзін соларға беріп орналастырды. Олардың қолынан қаруды алған жоқ. Мемлекет бойынша осы «Қарулы диқанды» тың көтеруішілер деп атап, соларға қаржыны үйіп-төкті. Көп кешікпей-ақ «олар отбасылы болуы керек» деген желеумен ішкі өлкеден сол он дивизияға жетерліктей әйелдер қауымын әкеліп, соларға қосып қойды. «Қылмыстыларды өзгерту» деген атпен жүз мыңдаған адамды Шығыс Түркістанға әкеліп, олардың сол топырақта мәңгі қалуын көздеді. Сол өлкелерге ішкі аймақтардан түрлі сылтауды желеу етіп, он мыңдаған қытайлықтар көшіп келіп жатты. Олардың балалары сол өлкелерде білім алды. Олар қайтадан ішкі өлкелерге көше алмады. Оған Мао Үкіметі мүмкіндік бермеді. Бір Қытайдың ішінде жүріп, басқа аймаққа кеткен оларға артында қалған туыстарын, жақындарын көшіріп әкелуге мемлекеттің өзі көмектесті. Бұдан да өзге ішкі Қытайдың барлық ауыл-қыстақтарында, қаласы мен даласында тұратын хандықтарға Шығыс Түркістанның шұрайлы жері мен мол байлығы жөнінде кең көлемде үгіт-насихат жасалды. Жергілікті халықтың атынан барған уәкілдер басқа да хандықтарды Шығыс Түркістанға келуге үгіттеді. Сол бір үгіт-насихаттың нәтижесінде Шығыс Түркістанға қарай ағылған көш қысы-жазы бір толастамады. Мао Үкіметі бұларды «өз бетімен ағып келушілер» деп, ал жергілікті халық оларды «қарашаңырақтар» деп атады. «Отты түрткілеген өшіреді, елді түрткілеген көшіреді» дегендей өз бетімен ағылып келушілер саны үкімет өзі әкелгендерден әлдеқайда көп еді. Сөйтіп гоминдаң мен Мао шапқыншыларының «Шыңжаңға елу-алпыс миллион адам әкелу керек» деген армандарының іске асу дәуірі басталып кетті. 1950-1957 жылдары Шығыс Түркістанда түрлі науқандар жүргізіліп жатты. Асыра сілтеушікті есепке алмағанда, біз үшін «жақсы дәуірдің» басы іспетті еді. Солай дегенмен 1953-1957 жылдар аралығында Шығыс Түркістанның жергілікті халқы небәрі он жеті мың ғана адамға көбейген. Ал осы бір жылдарды Мао Үкіметі «мақтаулы» жылдар дейді. 1957-1958 жылдар ішінде Шығыс Түркістанның жергілікті халқы екі жүз алпыс мың адам өсімін қосқан. Дегенмен мұның сыртында көшіп келушілердің тұрғаны анық. Қытайдың батыс жағын тексеру ұйымының жинақтаған құжаттарына сүйене отырып жазған тарихшы Ли Да Чиң 1941 жылы өзінің «Шыңжаң қайда барады?» дейтін тарихи очеркінде «Шыңжаңда Ислам дініне сенетіндердің жалпы саны алты миллон, тоғыз жүз жетпіс бір мың, басқа діндегілер жүз отыз жеті мың төрт жүз» деп көрсеткен. Бұл 1953 жылы Мао Үкіметі жариялаған деректен екі миллион үш жүз мыңға артық. 1947 жылы Пәкістанда басылып шыққан «Шығыс Түркістан тарихы» деген кітапта 1920 жылғы жан санын көрсетеді. Онда «Шығыс Түркістанда жеті миллион кісі бар, бұлардың ұлттық құрамы бес жарым миллион ұйғыр, жарым миллионға жуық моңғол, қалғаны қазақ, қырғыз, дүнген, алтыншы орында қытайлар деп көрсеткен. Рухани сенімі жағынан тоқсан пайызы мұсылмандар, алты пайыз буддалама, қалғаны түрлі діндер» деп жазылған. 1942 жылғы бір деректе Шыңжаң халқының саны алты миллионға жуық делінген. Төрт миллион сегіз жүз алпыс сегіз мың екі жүз ұйғыр, алты жүз тоқсан бір мың бес жүз алпыс бес қазақтар тұрады делінген. Осындай деректерді нысанаға ала отырып, 1940 жылдар ішінде Шығыс Түркістанда жеті миллиондай халық болған деген болжамға тоқтауға болады. – Аға 1953 жылы болған халық санағының мәліметтеріне назар аудармадыңыз ба? – 1953 жылы жаппай өткен жан санағы кезінде Шыңжаң Өлкелік Өкіметі жанынан халық санағын өткізу комиссиясы құрылған болатын. Осы комиссия 1954 жылы маусымда өлкенің жан санағын алу маусымын аяқтап, қорытынды шығарды. Сол қорытынды да «Өлке халқының саны жеті миллион үш жүз он төрт мың жүз жиырма жан. Мұның ішінде ұйғырлар – алты миллион үш жүз бір мың, қазақтар – алты жүз қырық екі мың жеті жүз елу алты жан, сегіз жарым пайызы басқа ұлттар» деп көрсетілген. – Басқа ұлттар деп отырғаны кімдер? – Басқалар дегені – қытай, дүнген, қырғыз, моңғол, өзбек, татар, сібе, дағұр, манчжур секілді ірілі-ұсақты ұлттар ғой. Бұл мәлімет сол кезде мемлекеттік құпия ретінде сақталды да, жұртшылық бұдан бейхабар болатын. Осы орайда мына бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Жергілікті халықпен зерттеушілер халық санағының қорытындысын сарғая күтті. Арада біраз уақыт өткен соң, Қытай Халық Республикасы саяси кеңесі бүкіл мемлекеттік комитетінің мүшесі және сол кездегі Шыңжаң Өлкелік Өкімет төрағасының орынбасары ұлты ұйғыр Сайфуддин Азезов Бейжіңде Мао Цзе Дунге жолығады. Ол Сайфуддинге «Ұйғырлар саны алты миллионнан астам екен, аз санды ұлттар арасында бірінші орынға шықтыңдар» деп құттықтапты. Мао Цзе Дунның аузынан айтылған құттықтауды өз достарына қуана айтып жүрген тұста Мао Үкіметінің мемлекеттік санақ басқармасы, Шыңжаң өлкесінің халқы төрт миллион сегіз жетпіс үш мың алты жүз сегіз (4 873 608) деп жариялап жіберді. Міне, көре көзге жасалған осы қиянат Сайфуддинге де қатты батты. Ол өз сырластарына «Айтқанынан танып кетті-ау» деп налыған ел айтып жүрді. Демек Мао Өкіметі әдейі қастандық жасап, екі миллион төрт жүз қырық мың бес жүз он екі адамға кеміткен. Бұған қарап, Қытай Халық Республикасындағы барлық аз санды ұлттардың жан санына да осындай қиянат жасалды деген қорытындыға тоқталуға болады. Жалпы алғанда мемлекеттің халық санағын жүргізуі – өте күрделі және қиын жұмыс. Ғылыми, саяси жауапкершілігі де зор жұмыс қой бұл өзі. Осы тұрғыдан келгенде санақты жүргізушілерге де артатын кінә жоқ. Мақсат ол емес, Мао Өкіметінің санаққа, санақ кітабына жасалған қастандығы қаншама жылдар өтсе де менің жадымнан шықпайды. «Ниеті жаман көршісінен ұрлайды» дегендей, өзі бір уыс халықтардың санын ұрлағанда Қытайдың қай кемтігі жамалып қалды екен деп ойлаймын. Мұндағы басты саясаты – «азсыңдар» сондықтан бізге бағынуларыңа тура келеді дегенді меңзеп отырғаны ғой. «Азсыңдар» деп ұлттық ерекшеліктерді жойып, өз арасына тез сіңістіріп жіберу. «Азсыңдар, жерлерің, байлықтарың көп, бірақ оны игеру үшін хандықтарды көптеп көшіру керек» деп мойындату секілді жымысқы әрекеттерге барды. Қорыта келгенде отар елдегі аз санды ұлттардың бүтін бір ұлт болып, мемлекет болып қалу мүмкіндігін жою, олардың санасынан ұлттық ұғым, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, тарихына деген құрметтің бәрін өшіруге тырысты. – Аға, бұл да ұзақ әңгіме ғой. Бір өзі бір кітапқа жүк болғандай ма қалай? – Мынаны ескерген жөн. Біз он үш ғасыр бойына әлі де болса ұлттық мемлекет құра алмай келеміз. Көктүріктен кейін көк туымыз көкке көтерілген жоқ. Он үш ғасыр бойы біздің қазақ өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеп келеді. Ылғи қантөгістерді бастан кешіріп келеміз. Бағы жанбады. Бір жағынан орыс, екінші жағынан қытай секілді алып империялар адымымызды аштырмады. Саясатымызға да, мәдениетімізге де өздерінің кері әсерлерін тигізді. Көші-қон мәселесі болғанда Қытайдағы қазақтардың осында келуіне жәрдемдесіңіз деп жоғары жаққа бірнеше рет хатта жазылды. Қазақ бір жерге шоғырлану керек. Шоғырлану үшін сыртта қалған қазақтарды мемлекетке әкелу қажет. Егерде Горбачев көместескенде Қытайдағы қаншама қазақ осында өз атамекеніне оралар еді. Қазақстанға қарай жол ашылғанда қаншама қазақтың баласы осында ат басын бұрар еді. Осындай үмітпен мен хат жаздым. Моңғолия, Қытай, Өзбек, Ресей мемлекеттерінде қазақтар тұрып жатыр. Шашырап жүрген қазақтар бар. Бәрін қоссаң алты миллион қазақ сыртта жатыр. Осы алты миллион қазақты атамекеніне әкеліп шоғырландырмасақ, онда біз мемлекет құра алмаймыз деп ашынып жаздым. Қазір Қытайда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Бұрын оқушылар қазақ мектептерінде білім алатын. Біз автономиялы облыс болып тұрғанымызда қытай мектебін ашқан жоқпыз. Кейін коммунистік Партия орнаған соң ғой, Қытай тілінде білім беретін мектептердің ашыла бастағаны. Қытайдағы қазақтар енді он-он бес жылдың көлемінде біртіндеп жоғалады. Қытайдың мектебіне барған бала қытайлық болмай енді кім болады? Кезінде Алаштың ардақтылары Қытайға барды. Олар қазақты бір жерге «шоғырландыру керек» деген идеясын ұстанып өтті. Сол кездегі саясаттың салқыны болар, ойларын ортаға ашық тастай алмады. Олар бәрін астыртын жасады. Мен қазақтың басын құрау барысында көп еңбек сіңірдім. Әскери қызметте жүргенде де, басшылық қызметте жүргенде де қазақтың бір жерде, бір елде болуын қаладым. – Жалпы қазақтар Қытайдың қай аймақтарына көп шоғырланған? – Алтай аймағы, Тарбағатай, Боро-Тола, Үрімжі және Құлжада отыр көбісі. Қытайдың ішкі аймақтарында аз ғана қазақтың шоғыры бар. – Пайызға шағып айта аласыз ба? – Мәселен өткен ғасырда біз жұмыс істеп жүрген тұста Алтай өңірінің тұрғындары жүз пайыз қазақтар болатын. Ал шамамен Тарбағатайдың тоқсан пайызы қазақтар еді. Құлжада да көрсеткіш осындай еді. Бүгінгі күні қазақ тілінде тарайтын газеттерде бар бірен-саран. Енді ол бояу ғой. Мектепті жапқаннан кейін арғы жағы бұлыңғыр дүние. Ана жақта қалған қазақтарды өз отанына көшіріп әкелу өте қиынға соғып тұр. 1950 жылғы мәліметте Қытай империясында алпыс төрт ұлт пен ұлыс болған. Осы алпыс төрт ұлтпен ұлыс Қытай жерінің алпыс пайызын, Хандықтар қытай жерінің қырық пайызын иеленген. 1952 жылы болған мемлекеттік санақта Шыңжаң өлкесінде үш жүз мың қытай бар еді. ХХ ғасыр аяғында жиырма бес миллион болды. Сол өлкелерге тағы да көшіріп жатыр. Шекараға орналасқан аудан орталықтары мен облыс орталықтарының халқы миллионнан кем болмасын деп отыр. Қазақстанмен шектесетін аудан және облыс орталықтары – Сарысүмбе, Қаба, Буыршын, Дөрбелжің, Шәуешек, Шаған, Тоғай, Толы, Боро-Тала, Арасан, Сүйдін, Қорғас, Құлжа, Шапшал, Маңғұлкүре, Қызылкүре осы секілді он жеті қалаға бір миллионнан адам орнықса, не болмақ? Бүгінгі, ертеңгі қазақ өзіне арқа сүйеу іздеу керек. Мемлекет мықты болғанда ғана бізді жау алмайды. Мемлекет мықты болу үшін, негізгі халқының саны көп болу керек емес пе? (Жалғасы бар). Қасымхан БЕГМАНОВ

2948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы