• Әдебиет
  • 16 Наурыз, 2016

Киіз үй

Қазақы киіз үйді, ескі әдеттегі Кеңес дәуірі тәрбиесімен, өзінен басқаны бұратана, жабайы деген «аға ұлттың» пиғылына сай, қазақтай көшпенді халықтың көшіп-қонуына ыңғайлы тұрғын үй тұрғысынан танудамыз. Жеріміздегі бірнеше жүздеген, ескі қалалар мен қорғандар немесе егіс алқаптары мен бау-бақша орындары осы түсініктің қарама-қарсы дәлелі бола тұра, өз ұлтымызды көшпенді дейміз. Ұлтымыздың қалыптасуынан бастау алатын ата кәсіптің бірі – мал шаруашылығы болғандықтан,төрт түлік малдың жаз жайлауы мен қыс қыстауына, өсетін шөбі мен ішетін суының малға жайлылығы мен жұғымдылығына сай, көшіп жүретініне қарай бүкіл ұлтты көшпенді санау, қай жағынан да орынсыздау екені анық. 

Малдың күші, сүті, еті, терісі – халықтың тағамы, киімі, баспанасы, үй жиһазы – өмірінің, тіршілігінің негізін құрайтыны рас. Тұрмыстың бұл түрінің адамзат өркениетіне, мәдениетіне қосқан және қосатын үлесі зор екенін мойын­дай отыра, қазақ ұлты тек малдың соңында бел асып, көшіп жүрді деп ойлау негізсіз. Мал бағу ата кәсіптің бірі ғана саналады. Ұлтымыз осы кәсіптің негізінде табиғаттан жауынгерлік, табиғат заңдылықтарына сәйкес тіршілігін жос­парлау, поэзия, көркем тіл, сәулет өнері, ойға тапқырлық, салт-дәстүрлерін қалыптастырудың негіздерін қалауда тәлім-тәрбие алды. Бірақ қазақ көшпенді халық емес, бұл менің жеке пікірім. Өз пайымым бойынша көшпенділер санатына атамекеніне оралмайтындар жатады. Мен осы орайда қазақы киіз үйді басқа қырынан талқыламақпын. Киіз үйдің құрылымдық ерекшелігіне назар аударсаң, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік шешімі мен сырт пішімі ерекше сұлулығымен дараланып тұр. Ғалымдардың пікірінде киіз үй сәулет өнерінің әлемдік озық үлгісінің біріне жатады. Небәрі сүт пісірімдей уақытта, бір түйеге жүк болатын киіз үйдің қаһарлы қысқа да төтеп беретін тұрғын үйге айналуымен қатар, дөңгелек кескіндегі бөлме ауасының алмасуы төрт бұрышты кескінді бөлменің ауасы тазаруынан 5-6 есе тезірек болатынын қазіргі архитектура ғылыми жетістіктерімен дәлелдеген. Еуропалық тас, бетон үйлер мен заманауи полимерлік материалдарының әртүрлі температуралық жағдайда бөлетін химиялық қоспалары бөлме ауасының 35 пайы­зын құраса, киіз үй адам денсаулығына тіпті зиянды емес екені ерен талантты адамдардың арғы тамыры ауылда жатқанын түсіндіреді. Киіз үйдің сүйегі дегеніміз – кереге, босаға – сықырлауық есік, уық, шаңырақ біркелкі сәмбі талдан жасалады. Шаңырақ пен босаға қазақта ерекше қастерленеді. Келіннің босағадан оң аяғымен енгенін қалап, «шаңырағың шайқалмасын,шаңырағың биік болсын» деп бата береді, «әулетіміз пәлен шаңырақ болды» деген сөз, үрім-бұтақ ұрпағының санын білдіреді. «Босағаны керме, табалдырыққа шықпа» деген тыйым да осындай киелі ұғымдардан бастау алған. Киізді-ағаш үйдің тарихы әріден басталады. Біздің заманымыздың VII ғасырларында кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналған. Ал балшықпен тасты байланыстырып, тұрғын үйлер қалашығын, жәрмеңке алаңын, қала қорғанын салу ұлтымыздың тұрмысында өзен-көлді егістікке қолайлы өңірлерде ғана пайда болған. Қазақтың киіз үйі сыртқы жабындысына қарай «үзікті», «көтерме туырлықты», сүйегінің аз-көптігіне қарай 4 қанат, 6 қанат, 8 қанат, 12 қанат, 18 қанат деп керегелерінің санына сәйкес аталып бір жылдың есебін жұп санға бөліп талдаған. Мысалы,12 қанатты киіз үйде керегенің 1 қанаты жылдың 1айын, 6 қанатты киізді-ағаш үйде 1 кереге жылдың 2 айына сәйкестендіріліп есептеулер жүргізіліп, 6 ай қыс пен 6 ай жаздың жоспарлары жасалған. Барлығы 12 айды 30 күнге яғни кереге тор көздеріне көбейтіп, 360 күнін түгендеп алған бабаларымыз жетпей қалған 5 не 6 күнді «қонақ» деп есептеп, киіз үйдің босағасынан, яғни сықырлауық есігінің маңдайшасынан орын берген. Ал салтанатына қарай «ақ орда», «алтын орда», «ақ отау», «хан орда», «қараша үй», «жолым үй» және т.б атаулар бар. Кенже баланың шаңырағы «үлкен үй», бөлек шыққандарында «отау үй» атаулары болған. Кең көзді «жел көз» кереге түйеге артуға жеңіл болғанымен, желдің күшіне әлсіз, ал тар көзді «тор көз» керегенің желге мықтылығы жоғары болып танылады. Керегенің аяғы, басы, сағанағы болады. Үй жасауға керекті ағашты қозғай салып балқытып, тезге салып иеді. Керегенің басы мен аяғы сыртқа қарай азын-аулақ шалқайтылады. Сонда кереге желісінің жанабы екі кубтық парабола тәрізді болып шығады. Желінің ішкі жағын сай-сай етіп бойлай қырнайды. Дайындалған желілерді біріктіру үшін көктелетін орындарын қарып белгілейді де, ұңғып тескен соң түйенің мойын терісінің сірісінен жасалған қайыспен бекітеді. Жайылған керегенің жоғарғы және төменгі жағы гиперболалық параболид тәрізді де, ортасы эллипсоидтың бөлігі пішінде болады. Керегенің бір қанатындағы желілер 14 ерісінен, 9 сағанақтан, 9 балашықтан тұрады. Алты қанат үйдің сағанақтары мен балашықтарының саны – 108. Бұл сан ежелден аспан саны болып танылған. Уық – шаңырақ пен керегені байланыстырушы бөлшек, уықтың керегеге байланысатын жері «қары» деп, одан жоғарғы бүгілісін «иіні», шаңырақты ұстап тұратын төрт қырлы ұшын «қаламы» деп атайды. Алты қанат керегеге әрқайсысы он-оннан барлығы 60 уық байланады, әрбір уықтың арасы 6 күн не 6 градус деп алғанда 360 күн не 360 градусты береді немесе 1 сағаттың ішіндегі 60 минутты да көруге болады. Шаңырақтан түскен күн сәулесінің уық арасымен жүрген жолы арқылы бабаларымыз уақытты 1-5 минутқа дейінгі дәлдікпен өлшеу есебін жүргізген. Таңмен таласа басталатын қой өргізу, түйе сауу, бие сауу, т.с.с қат-қабат үй шаруашылығын жүргізу белгілі бір уақытпен мөлшерленіп отырады. Қазақ ұлтында уақыт өлшемдерін білдіретін «сүт пісірім», «ет асым», «бие сауым» немесе «күн тұсау бойы», «арқан бойы», т.с.с. ұғымдар бар. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезін құрайтын ең жоғарғы және қасиетті бөлшегі, сырт көзге түндікті ғана көтеру үшін жасалғандай болып көрінетін жарты ай секілді шыбық ағаштарды «күлдіреуіш» деп атайды, осы «күлдіреуіштер» жасайтын шеңбер тәріздес шаңырақтың ортасын қосып тұрған «+» таңбасы, төрткүл дүниені ишаралаған түркі ұғымынан хабар беруімен қатар, осы конструкциялық құрылымның беріктігін қамтамасыз етіп тұр. Түндік деп аталатын шаңырақ жабындысының күндізгі ашық кезінде, уық арасынан жоғарыдан түскен күн сәулесінің, үй ішіндегі көлеңкесінің «сынуы­на» қарай тәуліктік және мезгілдік уақытты анықтаса,түнгі мезгілде осы «күлдіреуіштер» арасынан Темірқазықты айналған жұлдыздарға сәйкес түнгі уақытты анықтаған, яғни бабалар қолданған күн сағатының бірі. Қазақ астрологиясында «қыс үш жыл жазға қарайды, жаз үш жыл қысқа қарайды» деген таным бар және 10 күн жылжып отыратын ораза тұту заңы да осы табиғат заңынан бастау алады. Сонымен бірге бабаларымыз қолындағы 5 саусағына да табиғатты таңып қойған. Әр саусақтағы буын саны үштен, осыдан 4 саусақ жылдың 4 мезгілі. Сұқ саусақ – наурыз, көкек, мамыр. Орта саусақ – маусым, шілде, тамыз. Аты жоқ саусақ – қыркүйек, қазан, қараша. Шынашақ – желтоқсан, қаңтар, ақпан. Саусақтардың салыстырмалы ұзындығы жыл мезгіліндегі күннің ұзақтығын көрсетіп тұр. Наурызда, қыркүйекте күн мен түннің ұзақтығы теңеледі, ендеше сұқ саусақ пен аты жоқ саусақтың ұзындықтары орташа, ал ең ұзын орта саусақтағы бірінші буын, күннің ұзаратын 22-маусымды ишаралап, шынашақтағы бірінші буын, ең қысқа күн 22-ші желтоқсанды нұсқауда. Қазіргі қолданылатын «бес саусағымдай білемін», «алақанға салғандай» сөз тіркестерінің артында осындай білім тұрғанын біле бермейміз. Абайдың осы 5 санын мысалға алуы тегін емес-ті. Киіз үй босағасының орналасуы, нақты құбыла бағытында тігілуімен қатар, ішкі мүлік-жиһаздарының орналасуы қашанда біркелкі. Үйге кіргенде оң жақта құрулы ши-өреше болады, оның ішінде ыдыс-аяқ, тамақ сақталады. Ал сол жақта босағада ер-тұрман, одан әрі ерлердің киімі, қару-жарағы ілінеді, жоғарылау жүк жиналады. Төрдегі керегенің басына ұрғашы ағаштан жасалып, ешкінің ішегінен шек-пернесін таққан, қазақтың сан ғасырлық бар арман-мұңын жеткізуші, ұлтымның қасиетті қара домбырасы ілінген. Әр нәрсенің орны 12 шоқ жұлдыздың орналасуына сәйкестендірілген. Ағаш үйдің босағасы 7-үй Таразы шоқ жұлдызына, әйел адам орны сол жақ – шаян, ер адам орны оң жақ – тоқты шоқ жұлдызына, ал жасы үлкен адамдар мен қонаққа киізді ағаш үйдің төрі лайықты себепті, сыйлы тәртіпті ұнататын Қамбар шоқ жұлдызы бағытында ұсынылады. Әрбір шоқ жұлдыздың өзіндік адамға беретін тербеліс-әсері бар, табиғат адаммен үнемі бірге. Ошақ оты – бұл күннің ишарасы киіз үйдің ортасына орналасуы тиіс. Оқырманға бір айта кететін жағдай, бүгінде Еуропа астрологиясына сай Козерог шоқ жұлдызын қазақша тәржімалап Тауешкі дейді, негізінде аспан әлемі жайында ғылымның бастауы Шығыстан шыққан, осы Шығыс астрология ғылымында осы шоқ жұлдыздар тобының есімі Қамбар деп аталады. Төсектің басы төрге, Темірқазық жұлдызына, жердің магниттік полюсіне бағытталып салынады. Әдетте шаңыраққа бақан тіреледі, қазақ үшін қасиетті нәрсе бақанды аяққа бастырмайды, үстінен аттап өтуге де тыйым салынған бақан ағаш, үй-тірегінің көлбеу бұрышы 62 градустың жобасында, яғни галактика экваторының аспан экваторына қатысты көлбеу бұрышына сәйкес. Киіз үйдің шаңырағы қасиетті саналып, жаугершілік замандағы отбасы мүшелері киіз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған кездің өзінде, шаңырағын өздерімен бірге алып кеткен, ұлтын сыйлайтын қазақ баласына баба шаңырағы қашанда киелі. Бұрынғыдай киіз үйді жаппай тігетін үрдіс азайғанымен, 362 әулиелі киелі Маңғыстаудың шеберлері жасаған қазақтың киіз үйлері бүгінгі таңға дейін салтанатын бұзбай келеді. Мысалы, 1992 жылғы Дүние жүзі қазақтарының Алматы қаласында өткізілген құрылтайында,Үштаған аулынан үй тіккен Атабай Тәкежановтың киіз үйі, басшылардың назарына ілініп, осы көрмеге сыйлық есебінде, келісілетін бағамен қалдыруын өтінгенде, үй иесі Атабай аға «бабамыз қазақ, шаңырағын шегінген жаугершілікте де қалдырмаған, мен де қалдыра алмаймын, бірақ нақ осындай үйді барлық жабдықтарымен жасап берейін» деп уәде берген екен. Кейін уәдесін орындады.

Маңғыстау өлкесінің азаматы, шебер Бозжігітовтың қолынан шыққан келесі қазақ киіз үйі, президентке тарту ретінде Астанадағы президент резиденциясында тігулі тұр, шет ел қонақтарының таңданысын туғызған, қазақ ұлтының мақтанышына айналуда. 12, 18 қанатты киізді-ағаш үйлер өте биік болғандықтан, шаңырақты аттың үстінде тұрып көтерген. Уықты керегенің басына балақ бау арқылы байлап, өзара шалма жіппен бекіткен. Уықты күмбезді жасаушы конусқа теңесек,шаңырақпен жасалатын бұрышы 108 градусқа жуық яғни тағы да аспан санын көреміз, әлі тереңірек бойласаңыз үй табаны диаметрінің үй биіктігіне қатынасы атақты «алтын қима» саны 0,62 өлшеміне тең екенін байқар едіңіз. Бүкіл адамзат баласы мойындайтын, математика ғылымындағы екі құндылықтың бірі, осы киіз үй құрылымында сақталуына мән бере, бабаңның біліміне еріксіз бас иесің. Қазақтың киіз үйі тек қана сәулет өнерінің ғана озық үлгісі емес, сонымен қатар астрономия, метереология, математика, физика, экономика, дін, саясат, этнография, т.б. өмірлік тәжірибесіндегі адамзат білімнің айқын көрсеткіші, табиғатты зерделеп тани білген, қазақ ұлтының білім биігі. Шаңырақты сом ағаштан иіп, қоспаларын қиыстырып бекітеді және әртүрлі ою-өрнектермен безендіріледі. Ою-өрнектердің мағынасын жете түсінбегендіктен, тек қана әсем-әдеміліктің айғағы деп қарайтынымыз рас, ал шындығында әрбір өрнек мағыналы ойды білдіретін көне жазу екені анық. Шебер өрмекші мен тамаша тоқымашылардың қиялынан туған әрбір өрнекте ұлттың арманы мен мұңы жатыр. Киіз үйдің басқұрлары мен желбауларында, алашасы мен текеметінде, жастық ағаш, жүкаяқ пен кебеже-сандығында,тұскиізі мен шымылдығында ең аяғы көрпе-жастығы мен қоржын, аяққабына дейін осы жазулар тұнып жүр. Алтын, күміс, асыл тас, сүйектен жасалатын қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары, сән-салтанат жиһаздары, қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман зерлеу өнерінде де осы мағыналы жазулар әртүрлі әдістермен берілгені анық. Бұл жазуларды ұғындыратын ғылым қазаққа керек. Барша ғаламды біртұтас деп таныған бабаларымыз, өздерін табиғаттың құрамдас бөлігі деп санап, заңдылықтарын сақтағанына куә боламыз. Ғалымдардың қазіргі тілдік және есептік-абжад араб жазуының шығу тегін аспан әлемімен байланыстыра қарауы тегін болмаса керек, осындай сәйкестік қазақтың тұрмысында қолданылмағанына кім кепіл?! Киіз үйдің сыртқы жабдықтары іргелік, туырлық, түндік, үзіктердің атқаратын қызметтері күн сәулесі мен тамшы, аяз ызғарын өткізбеу және жылу сақтау болып табылады. Қойдың күзем жүнінен сабалып-пісірілген киізден пішіп жасалады, ою-өрнектер мен туырлықтың қос жиегі мен үзіктің дөдегелерін көркемдеп, түрлі жіптермен тоқиды. Үй сыртынан айналдыра тартылатын белдеу арқан –зодиактық шеңбер. Ұлы халқымыздың киелі киіз үйі, аспан әлемінің жердегі бірден-бір шағын моделі. Ұлтымыздың сан ғасырлық ақыл-ойының, өмірлік тәжірибесінің, табиғатты түсіне білуінің, сонымен қоса шеберлігі мен даналық суреткерлігінің құдіретті туындысы. Дана білімді бабасының, қарапайым киіз үйінен бүгінгі ұрпағы алыстап кетпей, қадірлі-қасиеттісін бағалай білуі, қазақ перзентінің міндетті парызы болуы тиіс деп ойымды түйіндегім келеді.

Әзірбай БЕКИЕВ, құрылыс маманы Маңғыстау ауданы Шебір селосы

31084 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8412

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6858

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4608

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3989

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3956

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3915

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3645

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3643

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы