• Тұлға
  • 29 Сәуір, 2010

Көкшенің кербез қаламгерлері немесе журналист-жазушылар Сүлеймен Ақтаев, Сәркен Оспанов, Жанәбiл Темiрбеков, Сарбас Ақтаевтар жайлы бір үзік сыр

Сонау жетпісінші жылдары ауылдан арқаланып, ару Алматыға ат басын тіредім. Ондағы мақсатым өзімнің қарымымды журналистика саласында сынап көру еді. Әдебиеттің қыз-қыз қайнаған қазанының ортасына мен де топ ете түстім. Сол қазанда пісіп, жетілуіме көмек қолдарын созған, ағалық мейірімін танытқан біраз жандар менің өмірімдегі тұлғаларға айналды. Әсіресе, ауылдан келген сарыауыз балапанға өмірлік азық етерлік ғибрат берген ағаларым – белгiлi журналист-жазушылар Сүлеймен Ақтаев, Сәркен Оспанов, Жанәбiл Темiрбеков, Сарбас Ақтаевтар еді. 1977 жылы Қазақ радиосында еңбек шартымен тiлшi болып жұмыс iстеп жүргенмiн. Тұрақты айлық та жоқ. Жазғаныңа қарай қаламақы төлейдi. Радионың қай редакциясына қалай тартсаң да өз еркiң. Бiр күнi дәлiзде тұрғанымда орта бойлы, ақсары өңдi, жүзiнде мейiрiмдiлiк нышаны мол, қырықтан асқан кiсi жаныма жақындап келдi. Үлкен кiсiге қос қолдай амандас­тым. Әлгi кiсi менi әңгiмеге тартып: – Iнiм, жасаған хабарларыңды тыңдап жүрмiн, маған ұнады. Бiздiң “Шалқар” бағдарламасына қатысып тұрсаңшы. Мен Сүлеймен Ақтаев деген ағаң боламын, – дедi. – Тапсырма берсеңiз орындаймын ғой, аға, – дедiм. – Менiмен бiрге жүр, – деп ол кiсi кабинетiне ертiп келіп, бiрнеше тапсырма бердi. Хабарды айтқан мезгiлiнде дайындап бердiм. Сүлеймен аға жазғаныма риза болып, қаламақыны молдау етiп төледi. Содан бастап ол кiсiмен етене араласып, құдды бiр қамқоршымдай сезiнiп кеттiм. Сұрастыра келсем, Сүлеймен ағамыз көрікті Көкше жерiнен екен. Бұрын облыстық газетте бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарыпты. Алматыға ауысып келгенiне төрт-бес жылдың жүзi болыпты. Бiрде Сүлеймен аға: – Сен штатқа кiрсең қалай болады? – дедi. – Редакторлық қызметке кiм ала қояр дейсiз? – деген таңданысымды жасырмадым. – Жоғары жаққа ұсыныс айтып көрейiк. Қазiр барып бас редактор Сәркен Оспановқа жолық­тырайын, – дедi. Екеумiз бастықтың кабинетiне кiрдiк. Орта бойлы, ақсары өңдi кiсi бiздi жы­лыұшырай қарсы алды. Сөзімізге қаныққан соң: – Иә, бұл жігіттің жазғандарын оқып жүрмiн. Дирекцияға айтып, ұсынып көремiн, – дедi Сәркен ағай. Әлгiнде ғана өрекпiп тұрған көңiлiм орнына түстi. Сөйтiп, Сүлеймен Ақтаев пен Сәркен Оспановтың арқасында кiшi редакторлық қызметке орналастым. Ол кезде Қазақ радиосына штатқа кiру кез келгеннің басына қона бермейтін бақ болып елестейтін. Кейін аңғарсам, Сәркен Оспанов та Көкшетау облысынан екен. Әсiресе, Сүлеймен ағамен сырлас болып кеттiм. Бірде ол кісі маған: – Үйiңде жас балаң бар, сендерге то­ңазытқышсыз отыру қиын болады-ау, – дедi. Шынымен ол кезде орыстың құрқылтайдың ұясындай аядай бөлмесінде тұратын бізде көрпе-жастықтан басқа артық дүние жоқ едi. Тоңазытқыш алу ол кезде бiз үшiн қол жетпестей арман болатын. Оны жасыра алмаған мен: – Ендi қайтемiз, ала қоятындай қаржы жоқ, – дедiм. – Ендеше, осы жолғы алған айлығымды саған берейiн, сен соған сатып ал. Қайтарғанда, бөлiп-бөлiп берерсiң, – дедi. Қуанып кеттiм. Бiрақ: – Жеңгей ренжiп жүрмей ме? – дедiм ойымды жасырмай. – Жеңгең жақсы кiсi, ондайға ренжiмейдi, – дедi Сүкең. Сөйтiп, келесi аптада Сүлеймен аға алған айлығының барлығын маған бердi. Тағы бiрде Сүлеймен аға жасының үлкендiгiне қарамастан үйiне қонаққа шақырды. Әмина жеңгемiзбен сол жолы таныстым. Екеуi бiр-бiрiне сай қосылған өте мейiрiмдi жандар екен. Бiрi туған ағамдай, ендi бiрi жеңгемдей болып, бір-бірімізге бауыр басып та кеттік. Бiр жылдан кейiн менi жастар редакциясына жұмысқа шақырды. Бiрақ “Шалқардың” бас редакторы Сәркен Оспанов басқа редакцияға жiбермей қоя ма деген қорқынышым да болды. Бірақ осы ойымды Сүлеймен ағаға келіп айттым. Үн-түнсiз тыңдаған Сүкең: – Жастар редакциясына барсаң, қаламыңның ұштала түсетiнi сөзсiз. Онда барғаныңды мен де қостаймын. Бiрақ бас редактор не дейдi? – дедi. Сәркен ағамен сөйлесіп көруін өтіндім. Сүкең келісті. Сүлеймен аға биязы мiнездi, мейiрiмдi жан едi. Iшкi дүниесi, жан сұлулығы көз жанарынан көрiнiп тұратын. Менiң меселiмдi қайтармай, бас ре­дакторға барды. Сәркен аға жiбергiсi келмесе де, Сүлеймен аға сұраған соң илікті. Осыдан соң кербез Көкшенiң жiгiттерiнiң бәрi осындай мейi­рiмдi әрi әдiлеттi болады екен ғой деген ой түйдім. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн талай журналист қуғын-сүргiнге ұшырады. Қазақ радиосының бас директоры орнынан алы­нып, шалақазақтың бiрi бiзге бас директор болып тағайындалды. Қазақша екi сөздiң ба­сын құрастыра алмайтын шәлтiк директор қазақылықты сақтаған оңтүстiктiң жiгiттерiне қырғидай тидi. Ол кезде мен “Ауыл өмiрi” бас дирекциясында аға редактор болып қызмет iстейтiнмiн. Бiрде хатшы қыз мені директордың шақырып жатқанын жеткізді. Себебін білмесем де, хатшы қыздың соңынан ерiп директордың кабинетiне кiрдiм. Директор маған алая бiр қарады. Алдына келiп отырдым. Бетiме бажырая қарап, бiраз отырды да: – Жұмысыңа бара бер, – дедi. Таңғалып тұрмын. Шақыртып алып, ештеңе айтпағаны несi деп ойладым. Сол күннен бастап ол маған өштесiп алды. Сөйтсем, жағымпаздардың бiрi сыртымнан “жақсылап” тұрып жамандаған екен. Өйткенi арнайы тапсырмамен келген колбиншiл директордың бар мақсаты бiздi тұқырту едi. Оған сол кездегi ұлт тағдырынан гөрi қара басының қамын ойлайтын екiжүздiлер барынша көмек­тес­тi. Жаңадан келген бас директор есебiн тауып, менi аға редакторлықтан кiшi редакторлыққа бiр-ақ түсiрдi. Қызметiм төмендегенiне қынжылған жоқпын, айлығымның ойсырап тұрып азайғаны қабырғама батты. 1987 жылдың күз айы едi. Бірнеше күн Павлодар облысында iссапарда болып, тұмауратып қайттым. Жұмысқа бара алмай, үйде жатқанмын. Журналист досым Қанат Қайымов хабарласып, мені Жанәбiл Темiрбековтің іздеп жатқанын жеткізді. – Iссапардан тұмауратып ауырып келiп едiм, ертең барайын, – дедiм. Келесi күнi “Қазақстан мұғалiмi” газетiнiң редакциясына келдiм. Жанәбiл аға жақында ғана осында бас редактор болып ауысқан. Жылы шыраймен қарсы алып: – Осында келгенiмдi естiп жатқан шығарсың. Газетке жаңа кадр керек. Нұрдәулет Ақышевті, Қанат Қайымовты жұмысқа алдым. Әнеу күннен берi өзiңдi iздетiп едiм, iссапарға кетiпсiң. Қалай, бiзге жұмысқа келесiң бе? – дедi. – Жарайды, келсем келейiн, – дедiм. Жанәбiл аға сол күнi бiрден бұйрық жазды. Менiң тағдырым тағы да Көкшетаудың бiр азаматымен тоғысты. Осыдан соң бірден радиоға келіп, бас директорға жұмыстан босату жөнiнде арызымды жазып апардым. Менiң жұмыстан өз еркiммен кеткенiме колбиншiл директор қуанатын шығар деп ойлағам. Бiрақ ол бiрден арызыма қол қоймады. – Мен бiреулердiң сөзiне ерiп, сенi бекерден-бекер қызметтен төмендеткен екенмiн. Райыңнан қайт, ретi келсе, өз орныңа қайтадан қоямын, – дедi. – Пейiлiңiзге рахмет, арызыма қол қойып берiңiз, – дедiм. – Барған жерiң ұнамай, өзiмiзге қайтып келем десең, мен сенi қай кезде болсын қабылдаймын, – дедi директор. – Оны көре жатармыз, – дедiм. Директор арызыма содан кейiн барып қол қойды. Мен Жанәбiл Темiрбеков ағайды Алматы облыстық “Жетiсу” газетiнiң бас редакторының бiрiншi орынбасары болып жүргеннен жақсы танитынмын. Осы “Жетiсу” газетiнде мақалаларым жиi-жиi жарық көретiн. “Қазақстан мұғалiмi” газетiне келгеннен кейiн жақын араластық. Жаңа­дан тағайындалған бас редактор болған­дықтан газеттi көтеруге барынша күш салды. Өзi шақыртқан соң Нұрдәулет Ақышев, Қанат Қайымов үшеумiзге үлкен үмiт артты. Бiз де абзал ағаның сенiмiнен шығуға тырыстық. Еңбегіміз еш кетпеді. Кейде жоғары жақтағы үлкен жиындардан Жанәбiл аға көңiлдi қайтатын. “Жiгiттер, бiздiң газеттiң жұмысын бүгiн айрық­ша атады. Осы беттен танбайық, бұдан да жақсар­та тү­сейiк”, – деп басқосуға шақыратын. Мұндай­да әрқайсысымыз көкейде жүрген ойларымызды ортаға салып, соны жан-жақты талқылаймыз. “Келісіп пiшкен тон келте болмас” демекшi, газет жұмысы айтарлықтай жақсарды. Оқырман қауымынан да жақсы-жақсы пiкiрлер айтыла бас­тады. Бұл бiз үшiн үлкен қуаныш едi. Жанәбiл ағаның үйi редакцияға жақындау орталықта болатын. Бiрде: – Бала, түскi тамақты қайдан iшiп жүрсiң? – дедi. – Асханадан iшем ғой. – Бүгiн асхананы қой, жеңгеңнiң пiсiрiп қойған жылы-жұмсағы бар едi. Соны бiрге жейiк, – дедi. Екеумiз Жанәбiл ағаның үйiне келдiк. Айтқандай-ақ, Ермек жеңгемiз қазы-қарта, жал-жаяны молынан пiсiрiп қойыпты. Бiр кезде дәу тарелкаға толы қара уылдырықты ортаға қойды. Сол күнi Жанәбiл аға екеумiз ұзақ әңгiмелесiп, iште жүрген талай сырды ақтардық. Келе-келе Жанәбiл аға менi үйiне ертiп баруды жиiлеттi. Ермек жеңгемiз де туған қайнысы келгендей құшақ жая қарсы алады. Кейде ол кiсiнiң өзi жоқ болса да, тоңазытқышы пiскен қазы-қартаға, уылдырыққа толып тұратын. Ас іше отырып, әдебиет, өнер, өмiр жайлы ұзақ әңгiмеге кетемiз. Өмiрден көптi көрген, көкейiне түйгенi мол Жәкеңнiң бiлмейтiнi жоқ. Қай тақырыпта сөз қозғасаң да қамшы салдырмайтын. Үш жылдай бiрге қызмет атқарған кезiмде Жанәбiл Темiрбеков ағамнан көп нәрсені үйрендiм. 1990 жылы республикалық “Халық кеңесi” газетi ашылып, оның бас редакторы болып, елiмiзге кеңiнен танымал журналист-жазушы Сарбас Ақтаев бас редактор болып тағайындалды. Бұл газетке қызметке баруға талпынғандар өте көп еді. Талғамы өте жоғары Сәкең өз кадрларын елеп-екшеп таңдады. Соның бiрi ретiнде жұмысқа менi Сарбас Ақтаевтың өзi шақыртқанда қатты толқыдым. Сарбас аға сияқты салиқалы, бiлгiр әрi сөз зергерiнiң тәлiм-тәрбиесiн алу сол кездегi әрбiр журналистiң басты арманы болатын. Сондай адамның көңiлiнен шыға алсам жақсы, шыға алмасам қалай болар екен деген ой менi мазалай бердi. Ақыры жүрексiнсем де баруыма тура келдi. Өңшең сақа журналистер жиналған екен. Сарбас Ақтаев бәрiмiздi бiрге қабылдап, жаңа газеттiң жобасы жайлы айта бастады. Бас редактордың орынбасары болып Жұмабек Кенжалин, жауапты хатшылыққа Басқар Битанов, оның орынбасарлығына Қыдырәлi Қойтаев тағайындалды. Марат Тоқашбаев, Бақытжан Тобаяқов және менi бөлiм меңгерушiлiгiне, Нұрдәулет Ақышевті, Самат Ибраимовты Парламент тiлшiлiгiне қойды. Осылайша алғашқы отырыстан көңiлдi шықтым. Десе де, Жанәбiл ағама не деймiн, ол кiсi менi жiбере қояр ма екен деген күмәндi ойымды Сарбас ағаға айтып едiм: – Одан қам жеме, Жанәбiлден сенi тартып алсам да аламын, – дедi. Сөйтсем, Сарбас ағаның өзi де Көкшетау облысынан екен. Жанәбiл екеуi жас­тайынан қызметтес болған, өте жақын достар болып шықты. Жанәбiл ағам салған жерден: – Ондай үлкен газетке барып, Сарбас сияқты сыралғы журналистiң тәжiрибесiн алсаң өзiң де шыңдала түсесiң. Сондықтан обалыңа қалмайын, барсаң бара ғой, – дедi. Сонымен көкшетаулық төртiншi адамның қоластына қызметке келдiм. “Халық кеңесi” газетi алғашында апталық ретiнде жарық көрдi. Кейiннен күн сайын шығатын болды. Сарбас Ақтаев жан-жақтан өзi таңдаған кадрларды бiрiнен кейiн бiрiн жұмысқа шақыра бастады. Сол тұстары бiздiң қатарымызға Жанболат Аупбаев, Мейрамбек Төлепбергенов, Талғат Өтегенов, Талғат Сүйiнбаев және басқа да бiрталай журналистер қосылды. Сарбас Ақтаев ешқайсысымыздың туған жерiмiзге, руымызға қараған емес. Кiмнiң қолынан iс келсе, соны сыйлады. Ол қарамағында қанша адам болса, соның әрқайсысының өнбойындағы ерекше қасиеттерiн дер кезiнде байқап отырды. Редакциялық лездеме кезiнде ол пiкiрiн ашық айтатын. Сәкең талапшыл басшы болды. Өйткенi ол қазақ журналистикасының қазанында қай­наған. Әсiресе, жазған дүниесiнiң көркемдiк жа­ғына барынша назар аударатын. Себебi Сәкеңнің өзі – сөз зергерi. Оның жазған очерктерiнiң өзi анау-мынау көркем шығармаға бергiсiз. Публи­цистикалық толғауларды жазғанда қазақтың қара сөздерiн түйдек-түйдегiмен тастайтын. Құдды бiр қалап қойған қыш кiрпiш сияқты. Сол жылдардың өзiнде Сәкеңнiң ондаған шәкiртi республикалық басылымдарда бас ре­дак­торлық қызмет атқарған болатын. Демек, Сә­кеңнiң жақсы кадрлар дайындауда сiңiрген еңбегi орасан зор. Оны “Халық кеңесi” газетiнiң қысқа мерзiмде оқырман қауымның жүрегiне төте жол тауып, тиражының жүздеген мыңға дейiн көте­рiлуiнен айқын аңғаруға болады. “Халық кеңесi” газетi, сөз жоқ, көпшiлiктiң көзайымына айнал­ды. Әр санында келелi мәселелер көтерiлiп, ұлт тағ­дыры жайлы көптеген материалдар жариялады. Сонау жетпiсiншi жылдардың орта тұсында Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан арман арқалап Алматыға келдiм. “Алдымда менi не күтiп тұр? Ендiгi өмiр жолым қалай болады?” деген ой сан-саққа жүгiрген. Абырой болғанда, Сүлеймен Ақтаев, Сәркен Оспанов, Жанәбiл Темiрбеков, Сарбас Ақтаев сияқты абзал ағаларға жолықтым. Солардың арқасында өмiрден өз жолымды таптым. Сүлеймен Ақтаев пен Сәркен Оспанов журналистика саласына қанат қақтырса, Жанәбiл Темiрбеков қанатымды қатайтты. Ал Сарбас Ақтаев қазанында қайнатып, өзiм сүйген журналистiк мамандыққа шыңдай түстi. Сол кiсiнiң мол тәжiрибесiнен тәлiм-тәрбие алдым. Қолұшын берген төрт адамның бәрi бiрдей Көкше өңiрiнiң азаматтары болғанына әлі күнге таңғаламын. Көкше жерiнен қазақтың небiр дүлдүлдерi шықты емес пе? Сүлеймен, Сәркен, Жанәбiл, Сарбас сияқты саңлақтарды мен сондай мықтылардың қатарына қосар едiм. Жуырда бiр жас журналиспен әңгiмелесiп қалдым. Бiр кезде ол: – Аға, өмiрден көргенімізді көкейiмiзге түйіп жүр­міз ғой. Менi бiр ой қатты мазалайды да жүредi. – Санаңды жаулап алған қандай ой? – дедiм. – Орыстардың телехабарын көрсеңiз, кө­ңiлдiң хошын келтiредi. Жасаған хабарларын барынша сапалы етiп шығарады. Оны жүргiзетiн адамның ұлтына қарамайды, талантына бас иедi. Ал бiзде керiсiнше. Сол өнер ошағын басқарып отырғандардың қай-қайсысы болсын жан-жағына туған-туыстарын немесе тамыр-таныстарын, тiптi болмағанда жерлестерiн, руластарын тықпалайды. Оның әсерi өнердi әлсiретiп, хабардың сапасын төмендетедi. Содан кейiн қазақ журналистерiнiң сапа деңгейi төмен деген жаңсақ пiкiр пайда болады. Сiз менiң бұл ойыма қалай қарайсыз? – дедi. Әлгi жас журналиспен санаспауға болмайды. Айтқандары шындық. Жасыратын не бар, соңғы жылдары рушылдық, жершiлдiк, тамыр-танысшылдық етек алып барады. Байырғы қызметкерлердің бай тәжiрибесiмен санаспайды. Содан барып қазақтiлдi теледидар мен басылымдардың сапасы төмендейдi. Жас журналиспен болған әңгiмеде екеумiздiң пiкiрiмiз бiр жерден шықты. Ретi келгенде мен оған Сүлеймен Ақтаев, Сәркен Оспанов, Жанәбiл Темiрбеков, Сарбас Ақтаев сияқты ағалардан көрген жақсылығымды айтып бердiм. Әлгi жiгiт бiраз ойланып барып: – Жаны жайсаң жақсы адамдарға жақын жүрген екенсiз ғой. Неткен таза адамдар едi, – деп таңданды. Маған осы сәтте «Иә, олар нағыз жан дүниелерi таза адамдар ғой» деген ой келіп, кеудемдi мақтаныш сезiмi биледi. Болат Оңғарбай

4398 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы