• Тұлға
  • 13 Мамыр, 2010

Жалғыз тұяқтың жан сыры

d0b0d0b1d183-d181d0b0d180d181d0b5d0bdҚазақ әдебиетінің «алтын ғасырында» өмір сүрген, ұлт әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Әбу Сәрсенбаев – біздің әдебиетке теңіз тақырыбында соны леп әкелген қаламгер. Әбу ақсақалдың шығырмашылығы туралы бұған дейін талай айтылды. Әлі де айтыла бермек. Біз бүгін Сәрсенбаев әулетін жалғастырушы, әулеттегі жалғыз тұяқ Минаж Сәрсенбаевтың атасы туралы естелігіне орын беріп отырмыз. Әбу де, оның інісі Харыс та сұм соғыстың кермек дәмін тартқан. Отан үшін отқа түскен, зулаған оққа көкірегін тосқан. Әулеттің қос бірдей ұлы соғысқа аттанған сәтте олардың соңында бір қыз, бір ұлдан қалған екен. Әбу Сәрсенбаевтың Дәрмен атты ұлы, Райхан атты қызы жазушы шаңырағының отын маздатып қала беріпті. Ал Харыстың үйінде Шолпан және Жамбыл атты қос бүлдіршіннің қос жанары жәудіреп отырыпты. Тағдырдың тәлкегін қараңыз. Әбу де, Харыс та соғыстан аман оралады. Бірақ қос шаңырақтағы қос ұл олар оралғанша дүниеден озады. Дәрмен мен Жамбыл әкелерін асыр салып қарсы алмайды. Бұл турасында Минаж Сәрсенбаев былай деп әңгімелейді.

– Ес білгелі мен Әбу Сәрсен­баевты ата деп атадым. Естуімше, оның өзі ата дегенімді қалаған екен. Соғыстан көп жарақат алып елге оралған Харыс 1946 жылы шаңырақ көтереді. Содан екі бауырдың шаңырағына ортақ жалғыз ұл – мен өмірге келіппін. «Харыс – Әбуге ұл тауып беру үшін, мүгедек болса да майданнан тірі оралды», – деп Хамит Ерғалиев әр уақытта әзілдеп отыратын. Әбу Сәрсенбаев Ләзиза Серғази­намен 1934 жылы отау құрған. Олар әй-шәйсіз, тату-тәтті елу жылдай отбасылық өмір кешті. Өкінішке орай, олардың ортақ балалары болмаған. Екі үйдің ортасында өскен ерке ұл 1963 жылы анасы Фатимадан ойда-жоқта айырылып қалады. Сұм ажал отыздан енді асқан жас келіншекті жалмап кетеді. Сол кезден бастап Әбу Сәрсенбаевтың аяулы жары Ләзиза Минажды қамқорлығына алып, ана­лық мейірімін төгеді. Минаждың өзі қазірге дейін «сол кісінің аналық қам­қорлығының арқасында өзімді еш уақытта жетім сезінген емеспін» дейді. Ләзиза Серғазинаны бүгінгі ұр­пақ біле бермейтін де шығар. Ол белгі­лі қазақ журналистерінің бірі болатын. Зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы қызметін атқарды. Енді Минаж Сәрсенбаевтың балалық шағындағы сәулелі сәттерден құралған естелігіне ерік берейік. – Менің балалық және жастық шағым атамның өте мұқият қамқор­лығымен өтті. Ол менің тәрбиеме көп көңіл бөлді. Оқушы кезімде ол мені жанынан бір елі тастамайтын. Тіпті жол сапарға шықса да ертіп кететін. Атаммен бірге Мәскеу, Ленинград, Қырымға дейін бірге қыдырып барған кездерім әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Атамның үйі қонақтан босамаушы еді. Біз қалжыңдап, «біздің үй – аула» дейтінбіз. Қонақтардың біреуі кетіп үлгермей, екіншілері келіп жататын. Олардың кейбірін біз танымайтын да едік. Дегенмен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Қа­жым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықов, Төкен Әбдірахманов, Жәрдем Тілеков, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Қабдікәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызақов, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтар біздің үйдің қадір­лі қонақтары болатын. Ал атамның жақсы көретін достары – Хамит Ерғалиев пен Зейнолла Қабдолов үйге күн аралатып келіп тұратын. Кіші буын өкілдерінен Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серік­қалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұш­тап Бақтыгереева, Сәтімжан Сан­баевтар Бабажан (біз Ләзиза анамызды осылай атайтын едік) жайған дастар­қаннан талай мәрте дәм ауыз тиді. Бұл отырыстарда тек әдебиет мәселесі ғана сөз болмайды. Қазаққа қатысты дүниенің барлығы ортаға салынып, оларды шешудің жолдарын қарастыратын. Әсіресе, балалары­ның ана тілінен алыстауы, Алматы қаласындағы қазақ мектебінің жоқтығы жиі айтылатын. Әлі есімде, 1967 жылы атамның мұрындық болуы­мен Әбдіжәмил Нұрпейісов, Хамит Ерғалиев және Зейнолла Қабдо­­лов қалалық білім беру бөлімі­не, қалалық атқару комитетіне, СОКП қалалық комитетіне қалада, тіпті болмағанда, бір қазақ мектебін ашу жайында ұсыныс айтып барды. Бұл оқиғадан кейін атам ұсыныстарының қабылданбағанын қынжыла айтқан еді. Себеп ретінде олар мектептің Хрущев кезінде жабылғанын, ал қайта ашу үшін Мәскеудің рұқсаты керек екендігін алға тартқан. Дегенмен белсенді топ сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа барды. Сондағы атамның айтқаны: «жарайды, жаңа мектеп аша алмасаңдар, бұрынғы жабылып қалған С.М.Киров атындағы №12 қазақ мектебін орнына келтіріңдер» депті. Сөйтсе, Асқаров бұл жайдан бейхабар екен. Орнынан атып тұрып, «Қалайша Киров орыс мектебі болып кеткен?» деп таңғалыпты. Сол мезетте қалалық партия комитетіне телефон шалып: «Сендер қалайша аса көрнекті партия және мемлекет қайраткері Сергей Киров атындағы №12 мектепті жабуға қолдарың барды?» деп айқай салыпты. Сөйтіп, Алматыдағы қазақ мектебі қайта ашылды. Әрине, бұл – сол белсенді топтың еңбегі, соның ішінде Әбу Сәрсенбаев та бар еді. 1972 жылдың қазан айында құлқын сәріде мен экспедициядан оралдым. Іле өзенінің төменгі сағасынан оншақты ірі балық ала келдім. Атам таңғы алтыдан бастап балықты тазалап, одан Бабажанды оятып, өзі балықтан «атыраулықтарша» бесбармақ дайындауға кірісті, ал Бабажан мен менің жұбайым балықты қуырды. Таңғы сегізден бастап ол өз достары Хамит, Әбдіжәмил, Қуан­дық, кіші және үлкен Зейноллаға: «Таңғы асты ішпеңдер, Минаж балық әкелді, біз Бабажан екеуміз дайындап қойдық, тезірек жетіңдер» деп қоңырау шалумен болды. Менің балық әкелгеніме балаша қуанды. Олардың отырысы кеш батқанға дейін созылды. Атам қолындағы бар дүниесін жұртпен бөліспесе, бөліп ішпесе, ас батпайтын жомарт адам еді, жарықтық. Атам әйел көркін өте жоғары бағалайтын. Біздің Бабажан өте көрікті әйел еді. Оның қырқыншы жылдары ұзын бұрымымен түскен фотосуреті бар. Мен оны «бұл қазақтың Мона Лизасы» дейтінмін. Әрине, атам да өте келбетті, жігіттің төресі еді ғой, әсіресе, шашының бұйрасы оған өзгеше көрік беретін. Бірде ескі соғыс кезіндегі фотосуреттерді қарап отырып, Бабажанның көзінше мен атама: «Қай суретті қарасақ та, ондағы ең көрікті келіншектер қашанда сенің қасында тұрады», – дедім. Абайсызда айтылғаннан кейін бе екен, атам сол сәтте қызарып, ұялып қалды. Жалпы, оның әйелдерге арналған лирикасы аз емес, оның ішінде Бабажанға да арналғандары жетерлік. Атам кемел жасында Қазақстан, Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері, Өзбекстан және басқа да республикаларға шығармашылық іс­сапарымен жиі баратын. Венгрия, Румыния, Болгария сияқты шет мемлекеттерге де ат ізін салды. Сапар барысындағы жазбалары өзінің қойын дәптерлері мен өлеңдерінде – «Украина түні», «Жауынды Рига», «Шипка асуы», «Балатон көлі», «Амудария саздары» және тағы да басқа шығармаларында орын тапқан. Атам аударма жұмысымен де көп айналысты. Ол Мажарлық революционер ақын Шандор Петефиді аса құрметтейтін. Петефиді қазақтың хас батыры, өршіл рухты ақыны Махамбет Өтемісұлына теңейтін. Олардың екеуі де ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, азаттық жолында қаза тапқан ғой. Ол ресейлік ақындармен де жақын жолдас болды. Сұрапыл соғыс кезінде әскери газетте бірге еңбек еткен Мұстай Кәрім, Илья Сельвинский және Михайл Львов секілді кісілермен достық, шығармашылық байланысын үзген жоқ,– деп Минаж Сәрсенбаев өз естелігімен бөлісті. 1982 жылдың күзінде Сәрсенбаев­тар әулеті қара жамылды. Дүниеден Әбу ақсақалдың адал жары, аяулы қосағы Ләзиза Серғазина өтті. Бабажанның қазасы Әбу Сәрсен­баевтың қабырғасына қатты батты. Шығармашылығы тоқырап, өзі еңкіш тарта беретін болды. Абыз-ақсақалдың қайғы жамылған тұсын көрген бала Минаж сол сәтті былайша суреттейді: «Атам бұл қазаға өте қатты күңіреніп, қайғырды. Қазақ «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дейді ғой. Аз уақыт өткеннен кейін атамның өзі аса қатты құрметтейтін, қазақ поэзиясында ерекше орын алатын інісі, атамның сүйікті шәкірті Жұмекен Нәжімеденов бақиға аттанды. Бұл қаза да атам үшін орны толмас қайғы болды. Осы кезде атамның өмірінде уақытша шығармашылық тоқырау байқалды. Әлі есімде, бірде атам «проза әлі де жазылады, ал өлең тумай тұр» деп жабырқап еді. Балалары мен туысқандары оны осы көңіл-күйден сергітіп, өз арнасын қайта табуына жағдай жасауға тырыстық. Осы кезде оны өзінің жақын достары – Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев ағаларымыз бен өзге де қалам шеберлері рухани тұрғыдан демеп, көмек қолдарын созып, қайғысын қатар бөлісіп, иықтарын тосты. Бақытымызға қарай, бұл кезең ақырындап келмеске кетті. Атам аздап шығармашылыққа оралып, белсенділік танытып, бізді қуанышқа бөледі. Өзінің сүйікті жары Ләзиза Серғазинаға арналған лирикалық поэмамен белсенді айналысты. Әрине, ол прозаны да ұмытқан жоқ. Ол өзінің соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдегі достары жайында естелік жазумен шұғылданды. 1985 жылы атамның 80 жылдық мерейтойы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және өзінің туып-өскен жері – ол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданында кеңінен аталып өтілді. Бұл жолғы сапарда атаммен бірге С.Сейітов, З.Қабдолов, үлкен апайым Райхан және мен бардым. Әкемді соңғы рет елге ертіп барған сапарларым 1989 және 1991 жылдары еді. Әрине, бұл кезде оның денсаулығы сыр бере бастады, жасы да тоқсанды алқымдап қалған болатын. Ал атамның 90 жылдығы қа­зақтың Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Бұл жолы атам Президенттің қолынан «Парасат» ор­денін алды. Осы сәтте ол ерекше тебіренді. Тәуелсіз елінің жоғары мәр­тебелі марапатын алғанына шын жүректен қуанды. Өкінішке орай, өз мерейтойы қарсаңында атам қатты науқастанып, ауруханаға жа­тып қалды. Тура бір ай өткенде, 1995 жылдың қараша айының со­ңын­да, қатты науқастан атам дү­ние­ден өтті. Осы театрда халық Әбу Сәрсен­баевпен қоштасты. Қоштасу рәсіміне ел Президенті Н.Ә.Назарбаев та қатысты. Қазір атам мен Бабажан бір зиратта қатар жатыр. Олардың жанында Бауыржан Момышұлының ескерткіші тұр. Атам кезінде осы ескерткішті құшақтап, былай деген еді: «Солдат, сен өзіңнің қаруыңның күшімен соғысты жерге қададың». Сол соғыстың улы жебесін бірге қадасқан қандыкөйлек жолдасының, қаламды серік еткен қаламгер бауырларымен бірге мәңгілік орнынан жай тапты атам. Атам жайындағы қысқа естелікті Зейнолла Қабдоловтың, Ғабит Мүсіреповтің Әуезовке арнап айтқанын атама қарай бағыттап: «Әбекеңді мақтаудың керегі жоқ, Әбекеңмен мақтану керек» деген сөздерімен аяқтағым келеді»,– деп аяқтады әулеттің жалғыз тұяғы. Енді бүгінге оралайық. Сәрсен­баевтар әулетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Абыз-ақсақал туралы естелігімен бөліскен Минаж Сәрсенбаев немен айналысады? – Әбудің өз кіндігінен тараған жалғыз қызы, менің үлкен апа­йым Райхан қазір қарашаңырақта екі ұл, бір қызы және немере-шөбересі­мен ғұмыр кешіп жатыр. Құдай бұйырт­са, келесі жылы ол кісі 80 жасқа толады. Апайым атам мен Бабажанның қолжазбаларын реттеп, баспаға бер­ді. Кейбір еңбектерін Атырау мен Павлодардағы мемлекеттік архив пен мұражайларға табыс етуде. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті жұмыспен айналысуда. Әрине, ол үшін апама деген алғысым шексіз. Атам «Болашақ – теңіздің түбі» деген өлеңімен-ақ менің келешегім­ді анықтап қойған сияқты. Мектеп бітірген кезде ол мені Одақтың орталық жоғары оқу орындарына жібермеді. Сондағы айтқаны: «жал­ғыз тұяқсың. Осы жерде оқисың». Мен ҚазМУ-ге оқуға түстім. Ин­женер-гид­ролог мамандығын алып шықтым. Оқу бітіргеннен кейін алты жыл көлемінде ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп, экспедицияларда және ғылым­ның қолданбалы басқа да түрлерімен айналыстым. Одан кейін ҚазМУ-дің құрлықтар гидрологиясы кафедрасына аспиран­тураға түсіп, ғылым кандидаты, ке­йінірек ғылым докторы диссертацияларын қорғадым. Ұзақ уақыт кафедра меңгерушісі және география факультетінің деканы қызметін атқардым. Бүгінде осы кафедраның профессоры деген ғылыми дәреженің иесі болып отыр­ған жағдай бар, – дейді асылдың сынығы... Біржан БЕКТӨРЕ

8759 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы