• Әдебиет
  • 19 Мамыр, 2010

Жыл құсы

«Жыл құсы» беті оқырмандарымыздың сүйіспеншілігіне бөленген бастамалардың бірі екендігін редакциямызға жиі келетін хат жолдарынан байқаймыз. Себебі қазақ – ана тілін, әдебиетін ардақтаған халық. Сондықтан «сөз патшасына» таласы бар жастарымыздың қай өңірде болмасын көптеп кездесетіні даусыз. Осы жайтты ескере отырып, бұл жолы Шығыс Қазақстан облысына кезек беріп отырмыз. Аталған аймақта Серік Ғабдоллаұлының бастамасымен «Шабыт» ақындар мектебінің 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын да айта кетейік. Ендеше, тасқа басылған туындыларды таразылап көріңіздер. Оңал Мизамхан Дала мұңы Білген жанға дала – мұң, дала – қайғы, Күңіренер көңілім дала жайлы. Дала зарын естісем өзендерден, Дала отындай жүрегім алаулайды. Тілгіленіп жатыр-ау жасыл далам, Жасыл далам – шалғыны басылмаған. Ұлы таулар барады аласарып, Ұшқан құсты басынан асырмаған. Шыңдар неге өкпелі міз бақпаған, Көлдер неге өксиді мұз қатпаған. Бейуақытта ормандар зар жылайды, Ет-жүрегім елжіреп, мұздап барам. Күннің нұрын алғандай қара жауып, Күрсінеді қара аспан ауық-ауық. Қара тасқа қандарын тамшылатып, Көз ұшында киіктер барады ауып. Бастарына түскендей заман ақыр, Құс легі де бағдарсыз бара жатыр. Өлі менен тірінің арасында, Дала сынды мейірбан ана жатыр. Ақ қайыңдар, азбаңдар! Жалтаңда, жалау бұтағын. Далбаса дауыл ұрғылап. Аспанға жайып құшағын, Ақ қайың үнсіз тұр жылап. Қараша желі қақпалап, Орманның шашын тарайды. Бұтақтар мұздай ақ балақ, Жұлдызды сөнген санайды. Шыдаған сансыз мазаққа, Жұлқылап шашын жел деген. Ақ қайың ащы азапқа, Жеңдіріп еркін көрмеген. Тоналып күллі көркінен, Кергенде баяу діңін сыз. Ерлікке деген сертімен, Ажалды күтіп тұр үнсіз. Тістеніп үзақ мүлгіді, Аранын қаңтар ашқанда. Қарғаның жайсыз жүрді үні, Соғылып тұнжыр аспанға. Оралған ару бұрымы, Бұтақтарға назды, әсем. Сүйеніп көкжал ұлыды, Ақ қайың, азба, азба сен!.. Ермек Дайырбаев *** Мағынасыз... Тағдырына тірліктің таңыласыз, Өтіріктің көрпесін жамыласыз, Ақиқатты таба алмай аңырасыз, Бағынасыз... Бәріне бағынасыз, Түлкі-күннен түңіліп жалығасыз, Жамалымен жататын жамырасып, Ақ дүние, Пәк жанды сағынасыз. Сағынасыз... *** Періште кейпім, сәтімде есіме кірген, Жалғаннан жеріп жаратқан, Назданам бірден. Есірік пенде, Ақылы алжасқан мүлде, Алла тұрса да албасты етегін түрген. Ей, ессіз дүние, Есігіңді ашып несіне кіргем. Ай, аппақ дүние, Айырылып қалған арынан мүлдем. Пәк кейпін жапқан пәниді көрмейсің кірден, Жыныққа батып жын өмір жынданып жатыр, Қорқамын кейде, Қорқаудың қоры боп қалып, Көмілмей қалар деп мүрдем. Бұлай боларын кім болжап білген, Ай, аппақ дүние, Айырылып қалған арынан мүлдем. Жалаңаш тағдыр, Жалаңаштар жүр, Жалғанды жалпағынан басып. Жамылғы ішінде перілер паң бір, Қолында таң-нұр, Көктегі пайғамбар, біздерде, міне, осындай ән-жыр. Бақида ма? (Ол жағын білмеймін, белгісіз), Ал мұндағы хал, Өзіңіз көріп тұрғандай жалаңаш тағдыр... *** Қалайша жек көремін, Қызғалдағы сен едің көктеменің. Жүрегіңнің қақпасы жабылар деп, Жүрексініп сен жаққа беттемедім. Сен маған өкпеледің, Сырларымның көбесін сөккен едім. Көгершіні көңілдің қанат қақты, Мен оны шектемедім... Мен неге жек көрейін, Наз үнімді нөсердей төкпелейін. Махаббатың маздасын маған деген, Жүрегімнен жалынды от берейін. Жүрегімді жылытсын от мерейің!.. *** Ұмытам деп ем, ұлғайтып алдым сағынышымды сен деген. Ақ қанат арман ақ құсым ба едің, Аппақ арыммен жемдеген. (Ессіздікпенен) Басқадан бақыт бақ тапқым келіп, Алдарқатсам да өзімді, Ешкім болмады Жаралы жанды емдеген. Ұмытам деп ем, Ұлғайтып алдым сағынышымды сен деген. Шарасызбын-ау шырын сезімге шөлдеген, Шырмалған ойдан құтыла алмадым, Шараптан татқан шөлменен. Шылымнан тапқан көк түтіндерге көміліп, Өлмелі күйде, Өмір кешемін өлмеген. Шарасызбын-ау, Шырын сезімге шөлдеген. Күйрек күйімді ұғынар бар ма көрмеген, Күрең тағдырың, Жазмыш мүмкін көлденең. Сынық бір сәуле, кеудемнен менің кетпеші, Бар болмысымды кеулеген?!. Өлмелі күйде өмір кешемін өлмеген... *** Ақ қанат арман ақ құсым, Таңдайыңның татайыншы тәттісін. Жалған өмірден жар болар жан іздеп жүрмін, Жалғыздық маңдайыма батты шын. Әй, ақ қанат арман ақ құсым, Тағдырым тоғыс қылмай шаттысың Күрең тартып барады ақ түсім. Ай, періште-көңіл перизат, Айтқандарымды ақ түсін. Қанат Рамазан Ұмытшы оны... Алып ұшып арманға дара сағым, Ойлар қуып, түнді аттап, таң асамын. Өзгелік пе, жоқ әлде мендік пе деп, Бас қатырып, болжамдап, «бал ашамын». Мендіксің деп мойымай айта алам ба, Жұбатқанмен жанымды жай табам ба. Әттең, өмір орнында тұра алмастан, Сықырлап бара жатқан сайтан арба. Ойлап-ойлап ойларға сыя алмадым, Мен сені ұнатпаймын, сүйем, жаным. Ерте неге еркелеп ескертпедің, Кілт ұстаған жүректе «иең» барын. Ол ұнапты, мен неге ұнамадым, Білмеймін менде қандай кінә барын. Азаптанған жүректі арбау үшін, Мен жыладым, сен неге жыламадың? Сезімнің құрып қаны, сынып сағы, Күйдіріп бара жатыр үміт шоғы. Мен сені басқа жанға қия алмаймын, Өтінем, ұмытшы оны, ұмытшы оны... Мерей Қартов Сезім тамшылары Жырыммен жүрегіңе гүл егіп ем, Кездерім алыстады күле білген. Өзіңді ойлап тереңге еніп кеткен Тездеп шығар жанымның түнегінен. Бір бөтен ой көңілді құлыптайды, Іргемнен тұрады ылғи ұлып қайғы. Түннің өзі тоңдырып тұла бойды Күннің өзі дәл сендей жылытпайды. Шамам менің сүюге шыдайды нақ, Сен жоқ болсаң басымнан құлайды бақ. Жыртақай жұлдыздардың күлкісінен Жымиғаның артықтау шынайырақ. Жүрегім бір ұшқынды сезе білді, Сол ұшқыннан тосамын кезегімді. Жауын кеп баса алмайды, сен басасың, Өкініштен өртенген өзегімді. Қайғы шегіп жанымның жарасынан, Өгейсіп өр мінезім аласұрған. Тағдырыма түнеген түнек болып Сені іздеймін түнектің арасынан. Жатқанда жанымызға іңір еніп, Бірімізге-біріміз жүгінелік. Алмастырып күрсінген күнімізді Жер мен аспан алсыншы күңіреніп. Салқыны бар жаныма түн батады, Сағыну, жабығу көп мұнда тағы. Шабытыма шық түсіп сені ойласам, Көңілге кілегейлі мұң қатады. Біз қыдырған тірліктің таныс бағы, Жетегінен ойымның қалыспады. Бағынбай бақытымның құрығына Сағымдай арман болдың алыстағы. Дархан Бердібекұлы Досқа наз Бақыт іздеп бір шетінен жалғанның, Соңына еріп жетелеген арманның. Ару қала Алматыға кеттің сен, Ал мен болсам қарт Семейде қалғанмын. Жолығысып тағдыр салған сүрлеуде, Дос та болдым талайлармен құр кеуде. Шалыс басып, аңдаусызда құласам, Жарамады бірі келіп «тұр» деуге. Жүріп келем бір жығылып, бір тұрып, Жетемін деп арманыма ұмтылып. Жабыққанда мұңымды кім тыңдайды, Жүрегімде қала берді тұншығып. Жасұлан Мақаев Қар жауған күні туған ой Төңіректе тегіс бірдей қар жауды, Түскендігін көріп бірдей таңғалдым. Аса қамқор, мейірімді ерекше Ұлы Аллаһтың рақымын мен аңғардым. Аллаһ жерге сыйлап жатыр ақ гүлін, Қарап тұрсам мұнан артық жоқ ғылым. Аппақ қарға назар салып, түсіндім, Жаратқанның қандай таза, пәктігін. Жер-дүние ақтан тонын киінген, Неткен әсем осы бір сәт дүние. Жаратқанның шеберлігін айтуға, Жете алмай тұр менің қызыл тілім де. Ал жер болса қалғып барад ұйқыға, Аппақ көрпе жамылып ап сыртына. Аппақ ұлпа оранғасын бар әлем, Күз қылымсып қоштасуда қылқына. Қар аспаннан түссе-дағы пәк болып, Жерге жетіп, былғанады ластанып. Жер үстінің күнәларға толғанын, Аллаһ өзі көрсеткендей дөп тауып. Ойласын деп «нан пісірмей кеудеге», Нағыз пәктік көкте ме, әлде жерде ме? Ұлық Аллаһ ой салады осылай Тірі жүрген, түйсігі бар пендеге... Ержан Жаубай Сен туралы ойланудан жалықтым Сезесің бе, мендегі мұң – алып мұң, Алып мұңға бастырылып қалыппын. Елігім-ау, аялайын десем де, Сен туралы ойланудан жалықтым. Жанбас жерде алаулаппын, жаныппын, Желіне еріп желөкпелеу халықтың. Еркем, сені еркелетем десем де, Сен туралы ойланудан жалықтым. Дей алмаймын сырыңа әсте қанықпын, Сені өзімнен ерте ұшырып алыппын. Гүлім, сені құлпыртамын десем де, Сен туралы ойланудан жалықтым. Махаббатқа заңы жүрмес нарықтың, Опа бермес ойланудан зарықтым. Жаным, сені жадыратсам десем де, Сен туралы ойланудан жалықтым. Еңлігім екенсің ғой, жаңа ұқтым, Өзіңді іздеп ішіндемін тамұқтың. Көріктім-ау, тыныштық бер жаныма, Сен туралы ойланудан жалықтым. Білесің бе, мендегі мұң – алып мұң, Кірпігімді мөлдір шыққа малыппын. Жалықпаспын сені ғана сүюден, Сен туралы ойланудан жалықтым! Мақсат ҚАЙЫРБЕК ҚАЗАҒЫМ Қуат алған күннен Тұлпар таңдап мінген Қазағым, Бармақтай бағың болғанда, батпандай екен азабың. Кең пейіліңдей кең далаң көршіңнің тартқан назарын. Ақ сауыт киген батырың, әз адал еді ақының, Қазағым, Еуразиядан ойған орныңды, Түркілігіңді, тектілігіңді жазамын. Сөйте тұра, нешеме ғасыр ұдайы зор кеуденің көтердің талай мазағын. Абылай ханың бастаған, Кене ханың қостаған, Қазағым, Сен білмесең, кім білер нарқын мөлдір, тазаның. Өзіңнен өрген ұл мен қыз өгейсіп кетті – үлкені сол ғой жазаның. Қысылды жаның, таланды малың, Қазағым, Абылайдың аяғынан білгеміз – ұрпақтың өстіп азарын. Таба алмай қалдық хандардың бастары түгіл мазарын. Атой сап құрған аранға, жастары шыққан алаңға, Қазағым. Тәуелсіздік таңы атты, қайта оралды басыңа бағың менен базарың. Дүр сілкін де, қақ қанат, Артыңда қалды азабың. Оралды дінің, Түледі тілің, Қазағым, Мешітің әне, шақырып тұрған азанын. Тізгінің қолда, тарт алға, Ашылсын бағың, Қазағым. КЕШІР, АУЫЛ Кешір, Ауыл, тексіздерді біздердей, қалтыраған жаздыгүні күз келмей. Ауа көштік әркім тойған жеріне, Ертеңінен мүлде күдер үзгендей. Кешір, Ауыл, қаңыраған үйлері – жаңа заман үлесінен тигені... Түнде кірсең сол үйлердің ішіне – Елестейді жын- шайтанның билері. Кешір, Ауыл, соқпақтарын шөп басқан, Алыс кеттік қайырылып соқпастан. «Уақыт жоқ, бәлен-түген», ал шыны – Саған деген сезімдерді тот басқан. Кешір, Ауыл, балабақша құлаған Сен де, ағайын, үнсіз қарап сынаған. Ормандай ел, ойылғанда ортаңыз – Көзбен емес, жүрегіммен жылағам. Кешір, Ауыл, қолың бұлғап шақырған, Ойлай-ойлай мүлде адастым ақылдан. Бізді сенен, Сені бізден айырған – Қу заман ба – бәрі-бәрі сатылған? Кешір, Ауыл, жұмыртқаңды шіріген, Күні кеше құшағыңда күліп ем. Сен кешірдің, Бірақ, бірақ сол сәтте Мен өзімді кешпесімді біліп ем.

3670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8224

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6753

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4500

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3881

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3848

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3810

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3538

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3535

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы