• Әдебиет
  • 20 Мамыр, 2010

Кітап оқисыз ба? Әр қазақ жылына 3-4-ақ кітап сатып алады

«Кітап маған тақтан да қымбат». Бұл – У.Шекспирдің сөзі. Ал Д. Дидроша айтсақ, «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады». Абай Құнанбаев «Артық білім – кітапта» деп ақыл қосқан. Кеңес үкіметі тұсында кітап оқу білімділіктің көрсеткіші, кітап қорының молдығы бақуаттылықтың белгісі еді. Ал бүгін ше? Бүгінгі қазақ кітап оқымайтын болды. Ғалымдар оқуға деген қызығушылықтың төмендеуін масс-медианың дамуымен байланыстырады.

«Книголюб» журналының дерек­теріне сүйенсек, негізінен, оқырман­дардың көпшілігін білім алушы жас­тар құрайды. Қазақстандықтардың тек 17%-ы ғана белсенді оқырман қатарына енеді. Әр адам жарты жылда орташа есеппен тек 3,7 кітап сатып алады. Соңғы 15 жылдағы жас толқынның басым бөлігі көркем әдеби шығармалармен таныс емес. Ал орыстілді оқырман арасында Ресей баспаларының жеңіл-желпі «махаббат романдары» мен детективтері сұранысқа ие. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ кітаптарының таралмауына олардың тиражының аздығы да бірден-бір себеп болып отыр. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, елімізде 150-ге жуық бас­па болса, оның елу шақтысы ғана бәсекеге қабілетті екен. Ресей бас­паларының өнімдері қазақстандық кітап нарығының 65-90% -ын жаулап алған. Шетелдік миллиондаған дана кітаптардың 60%-ы – детективтер мен әйелдер романы, 17%-ы – фан­тас­тикалық әдебиеттер. Ұлттық кітап палатасының мәлімдеуінше, жыл са­йын елімізде 3,5 мың аталым кітап 1,5-2 миллион томмен жарық көреді. Олар­дың көпшілігі – оқулықтар мен оқу құралдары, ғылыми зерттеулер мен монографиялар. Ал көркем әдебиет 10% ғана, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жоқтың қасы. Ал негізінде қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, олар қандай кітап шығару керектігіне мән бермей жүр. Батыс баспалары, соның ішінде Ресей баспалары 2000 жылдың басында кітап саудасын едәуір жолға қойды. Олар, біріншіден, нарықты зерттеп, кітап маркетингін дамытқан. Байқасақ, Батыс баспалары өз тұтынушыларын жобалап алмай, өнім шығармайды. Әртүрлі сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер негізінде оқырманды қай автор, қандай тақырып қызықтыратынын анықтайды. Біздің қазақ баспаларына да кітап маркетингінің қыр-сырын меңгеретін уақыт жетті. Екіншіден, қазақ баспалары кітап шығармай отырған жоқ, таратпай отыр. Баспалар үйіне (Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы) бара қалсаңыз, бас­па жанындағы кітап дүкендерін­дегі өнімдерге көз тоймайды. Қазақ классикалық әдебиетін серия-се­риясымен шығарып жатқандары да бар. Бірақ сол кітаптар баспалар үйінен ұзап кете алмай, оқырман қолына тимей отыр. Ғалымдардың айтуынша, 10 мың тұрғынға бір кітап дүкені болу керек. Кеңес үкіметінің тұсында 1500-ге жуық кітап дүкендері болған. Қазір аудандар мен ауылдардағы кітап дүкендері жабылған. Сондай-ақ кітап таратумен айналысатын фирмалар саусақпен санарлық. Ресей баспаларының өнімдерін бұрынғы ТМД елдеріне таратумен айналысатын фирмалар күн санап дамып келеді. Баспалардағы маркетингтік шараларға кітап дүкендерінің аздығы мен кітап таратушы мекемелердің жоқтығы кедергі келтіріп отыр. Алматы қаласында Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. «Гулянда», «Меломан» сынды кітап дүкендері өз сөрелеріне қазақ баспаларының өнімдерін қою­дан қашқақтайды. Себебі, олар­дың ойынша, қазақ кітаптары өтпейді. Ресей баспаларының өнім­­­де­рі­мен салыстырғанда біздің кітап­та­ры­мыздың тиражы аз бол­ғандықтан бағасы да қым­бат. Қазақстанда сапалы қағаз шығаратын өндіріс те жоқ. Қағазды Ресей мен Қытайдан тасымалдаймыз, жоғарыдағыға 13% қосымша құн салы­ғын (ҚҚС) қо­сыңыз. Осылардың барлығы қазақ кітаптарының өзіндік құнына әсер етуде. Әлемдегі бірқатар елдерде кітапқа салынатын қосымша құн салығының төмендігі айқын байқалады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және т.б. мемлекеттерде бұл мүлдем жоқ. Ал біраз елде кітапқа қосылатын қосымша салық өзге тауарлар салығынан әлдеқайда төмен. Атап айтар болсақ, Германияда өзге тауарға қосылатын салық – 16% болса, кітаптікі – 7%. Францияда – 19,6% және 5% , Испанияда – 16% және 4%. Ал АҚШ-та салық кітаптың жанрына қарай қосылады екен. Үшіншіден, қазақ кітаптарына жарнама жоқ. Жалпы, көпшілік оқырман баспалардан қандай өнім шығып жатқандығынан бейхабар. Қазақ баспаларында аудиовизуалды ақпарат құралдарына жарнама беретіндей қаржы жоқ екендігі белгілі. Осы мәселеге мерзімді басылымдар да қазақ кітабына жанашырлықпен қараса екен деген ойдамыз. Алайда баспалар да қарап отырмай, жоғары оқу орындарымен, мектептермен, өзге де мекемелермен тығыз байланыс орнатып, көрмелер ұйымдастырып, жарнамалық каталогтар мен парақ­шалар таратып, әрекетке көшетін уақыт жетті. Тендер­ге телміріп текке уақыт өткіземіз бе? «Кітап-пошта» жүйесін дамытып, авторлармен кездесулер, кітап жәрмеңкелері сынды шараларды атқаратын кез келді. Әрі кітап оқуды жастар арасында жаппай насихаттасақ та, артық болмас еді. Төртіншіден, қоғамда оқырман азайды, жастар мүлде кітап оқымайды деген пікір бар. Ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Балалар басылымдарын шығаратын «Балауса», «Аруна» сынды баспалар балабақшалармен, мектептермен тығыз байланыс орнатып, авторлармен кездесулер және көр­мелер ұйымдастырса, балаларды қызықтырып, әдеби-танымдық кітап оқуға машықтандырса, өз тұты­ну­шыларын табар еді. Мәселен, орыс ғалымдары балаларды сегіз айынан бастап кітаппен достастыру керектігін айтады. Жас ерекшелігіне қарай әр жастағы балаларға әр түрлі пішіндегі кітаптар ұсынып отырады. Біздің балдырғандар кітап оқудың орнына күндіз-түні компьютерге телміріп өсіп жатыр. Осы мәселеге орай ҚР Мәдениет министрлігі, Ақпарат және байланыс министрлігі мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп жасаған «Оқитын ел» (2007-2010 ж.ж.) бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада балалар кітаптарының ассортиментін кеңейту, республикалық және халықаралық оқу фестивалін ұйымдастыру қарас­тырылған. Елбасының Қазақстан хал­қына Жолдауының негізінде жа­сал­ған бағдарламадан бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс шара екенін аңғарамыз. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін, рухани байлықтың қайнар көзі – оқуды насихаттағаннан ұтылмаспыз. Осы орайда басылымдарды таратуды жүйелі жолға қою үшін қазақ баспалары күш біріктірсе жөн болар еді. Кезінде жоғалтып алған кітап таратудың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені мәлім. Алайда қазақ баспагерлері де қазақ кітабына жанашырлықпен қарап, өз өнімдерін сұранысқа сай шығарып, қалайда оқырман қолына жетуіне мүдделілік танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Бәсекеге қабілетті елуге жуық баспаларымыз күш біріктірсе, оларға мемлекет және БАҚ тарапынан қолдау болып жатса, қазақ кітабының бағы ашылар еді. Дегенмен бұл игі шараларға салалық ұйымдардың өзі немқұрайдылық танытып отыр. Мәселен, Қазақстан баспагерлері мен полиграфистерінің ассоциациясының аты бар да заты жоқ. Егер кітап тарату мәселесін тез арада шешпесек, 17 пайыз оқырманымыздан да айырылып қаламыз. Қазақ кітап оқымайтын елге айналып бара жатса, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қалай қосылмақ? Әлем бойынша көп оқитын елдердің бірі – жапондар. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап түседі. Демек, әрбір жапонға 11 кітаптан келеді екен. Ал әлемде кітап басу ісі бойынша көшті Ұлыбритания бастаса, жапондар Германия мен АҚШ-тан кейінгі төртінші орында. Зерттеушілер Жапонияны Ресейдің өкшелеп келе жатқандығын айтады. Күншығыс елінде 4 мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 6,7 миллиард дана баспа өнімдерін шығарса, оның 500 миллион данасы тек кітап өнімдері екен. АҚШ-та 6,5 мыңға жуық әртүрлі баспа жұмыс істейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспа ісі және редакциялау кафедрасы баспагер-редакторлар даярлауда. Ендеше, нарықтық Қазақстанда оқып жатқан жастар болашақта бас­па маркетингі мен менеджментін өркен­детіп, бүгінде біз қызыға қарайтын өркениетті елдердің қатарына қосады деп сенеміз. Мәрия Жұмақожақызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті баспа ісі және редакциялау кафедрасының аға оқытушысы

5654 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8126

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6700

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4446

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3830

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3797

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3757

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3486

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3480

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы