• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2010

Найзағай алдында (сатиралық романнан үзінді)

Университет ректоры Сарқытбек Жәкенович қасына проректор Ши­қанбайды ертіп, деканды жанына алып, профессор-оқытушылар ұжы­мымен кездесуге келді. Жиналысты ашып сөйлеген декан Аманбек ректордың өте жұмысбасты екенін, соған қарамастан ұжыммен кездесуге уақыт тауып келгенін аса бір данышпандыққа балап, қайта-қайта рахмет айтып, жиналғандарға қол шапалақтаттырып, дүниедегі бар жақсылықты тілеп барып, оқытушыларға сөз берді. Осы жиында әр оқытушы өзінің өзекті мәселесін ортаға салып, шештіріп алуға тиіс екен. Алғашқы сөзді алған кафедра меңгерушісі Борат Темірбаевич:

– Әріптестер! Бүгін біз үшін ақ түйенің қарны жарылған керемет күн болды. Факультетімізге ректор келіп еді, Алланың нұры жауып, табиғаттың өзі құлпырып сала берді (бір топ әйелдер қостап, отырғандар тағы да қол соғып, қошемет көрсетті). Осы сәтте артқы орындықтарда отырған екі орыс оқытушы өзара: «Причем тут ак туйе-белый верблюд. Оскарбляет ректору что ли?» десіп таңданысып жатты. Борат қызыл сөзді боратып, көпіріп ұзақ тұрды. – Құрметті ректор, сіздің арқа­ңызда біздің кафедра гүлденіп даму үстінде. Өткен оқу жылында бітірген түлектеріміздің бәрі қызыл диплом алып шықты. Бүгінде олар еліміздің қарыштап дамып, Орта Азия елдеріне көшбасшы болуға ұмтылған келелі мақсатын жүзеге асыруға қызу атсалысып жатыр. Барған жерлерінің бәрінде олар сіздің телегей теңіз біліміңіз туралы айтып тауыса алмай жүргендігіне мен еш күмәнданбаймын. Биыл оқу ақысының қымбаттағандығына қарамастан бізге елуден астам бала оқуға түсті. Бұл да – сіздің ректор болып отырғандығыңыздың, абырой-беделі­ңіздің Қаратаудан да, Алатаудан да биік асқақ екендігінің айғағы! Жасай беріңіз, ректор! Төрде отырған үшеудің кескін-кел­беті күлкілі еді. Ректордың бойы тым ұзын, қасындағы екеудің дәл ортасында жылу станциясының мұржасы секілді сорайып тұр. Оның оң жағында отырған проректор Шиқанбайдың бойы тым аласа болғандықтан, жалпиып үстелге жабысып қала жаздап, иегі тиіп отыр. Арасында мойнын созып, ректорға бірдемені сыбырлап қояды. Ол естімей, анадайдан мойнын салбыратып, құлағын тосады. Сонда да ерні жетпегендіктен, Шиқанбай орнынан сәл көтеріліп барып, бірдеме дейді. Ректор қайтадан басын көтеріп алып, бойын тіктей қояды да, шөлі қанып су ішкен түйедей алысқа көз тастайды. Декан Аманбекте маза жоқ. Біреулер бірдемені бықсытып қоя ма дегендей өзі­нен-өзі қуыстанып, қипақтап, бір қыза­рып, бір бозарып, мазасыз күйде. Сасқа­нынан сөз сөйлеуге шыққан оқытушының бәрін жалпылама сөзбен өтірік мақтап, көлгірсіп қояды. Келесі сөзді Тақима деген қайыстай қара егде әйел алды: – Бүгін – біз үшін жүрекжарды қуа­ныш­ты күн. Себебі дана басшымыз ректор мырза, сіз өзіңіз келіп, бізбен жүздесіп отырсыз. Бағана Борат бастығымыз дұрыс айтты, сіздің беделіңіздің арқасында студенттер оқуға көп түсті, бой десе бойыңыз бар, ой десе ол тіпті мұхит қой. Мен өзімді бақытты санаймын. Еңбек жолымды тракторшы болып бастасам да, бүгін, міне, еліміздің үлкен оқу орнында сабақ беріп жүрмін дегендей. Шиқанбай бауырыма да көп рахмет! (не үшін екені түсініксіз). Деканымыз да – тамаша жігіт. Менде не арман бар? Осылай еңбек етіп жатқан. Енді мен өзі төрт баламмен бір бөлмелі пәтер жалдап тұрам. Пәтердің қожайыны мазасыздау адам, үнемі ұрсып шаршатты. Енді жаңадан салынып жатқан үйден үш бөлмелі пәтер бұйырса, сіздің арқаңызда... Осындай сарынмен жиналыс өтіп жатты. Бәрінің айтатыны: бірсарынды ма­дақ пен жалғыз ғана тілек – пәтер алу. Олардың сөзін тыңдап отырғаны белгісіз, төрдегі үшеу кейде бір-бірімен сыбырласып кетеді немесе залға қарап мелшиіп отырады. Сәрсен жалыға бастады. «Бәрінің айтатыны – түкке тұрмайтын бірдемелер. Тіпті мұндай жиын өткізудің қажеті қанша? Өтірік әрі жадағай мадақты естіп отыру ұнай ма екен өздеріне. Неге тоқтатпайды мұндай мәнсіз былшылды? Егер айтатын болса, шешімін күткен проблема қаншама?» Сәрсеннің алдындағы қатарда отыр­ған жас оқытушылар бір-бірлеріне қағаз жазысып, үнсіз әңгіме-дүкен құру үстін­де. Өзара жазбаша әңгімелері қызықты болса керек, жымиып күлісіп алып, одан әрмен жазуға қызу кіріседі. Әр сөз алған оқытушының айтатыны – пәтерге қол жеткізу. Оны айту үшін ұзын-сонар мадақ шұбыртады. Мадақталатын – баяғы сол мінбер маңында отырған үшеу. Солар болмаса дүние қараң қалатын секілді және неғұрлым соларды мақтай берсе, баспанаға тез қол жеткізетін сияқты. Марғау тыныштықты селт еткізген Қайдардың мінберге көтерілгені болды. Ол басында сөйлегендерше зуылдатты. Алайда басшыларды мақтағанда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығымен өзін ақтап алуға тырысып жатты. Онымен қоймай, «Дәл қазіргі мына дағдарыс кезінде біздің университет барлық отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүм­кіндігі жоқ екенін ғалымдар ұжымы ретінде біз жақсы түсінуіміз керек қой. Ондай мүмкіндік тіпті үкіметтің өзінде де жоқ», – деп, елдің жайын күйттеп жүрген жалған патриот бола қалды. «Жалпы, біз ылғи жоғарыға қол жайып сұрай беретін ескі санадан арылуымыз қажет», – деп, тағы бір ділмарсып алды да: – Енді өзімнің жеке өмірім жайын­да бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Мен мына оқу ғимаратына тиіп тұрған жатақха­нада тұрып жатырмын. Онда менен дәріс алатын магистранттар мен студенттер тұрады. Таңертең, кешке солармен бірге үстімде майкім бар, қатар тұрып, беті-қолымды жуамын. Дәлізде үйде кие­тін киіммен әжетханаға бірге зытып бара жатамын. Шынын айтқанда, өте ыңғайсыз. Ал сөйтіп аламын да, олардың алдына келіп лекция оқып тұрамын, түк болмағандай. Мені қоялық, бұл білдей бір университеттің атына жаман! Мұны естіген Сәрсен өзі емес, Қайдар үшін қатты қорықты. Ректор оны жерден алып, жерге салатын шығар деп ойлаған. Сөйтсе, ол басын изеп отыр. Қаптаған ғалымдардың ішінен тым болмаса бірі: «Сен студент пен магистранттан артық кімсің? Жалақы алып жүргенің – солар­дың арқасы. Сөзінің түрін қара мына­ның?» – деп ұрсып шыға келер деп ойла­ған. Жоқ, бәрі «расында, солай екен-ау!» деген сыңаймен қабылдағанын қайтерсің. Сәрсен таңданып қайран қалды. Ол да жай екен. Екі аптадан кейін осындай ақымақ сөздері үшін оны өрлетіп кафедра меңгерушісі етіп тағайындады. Сол сәтте Сәрсеннің құлақ шекесі тұсынан бастап қатты шаншып ауырды да, миының ішін­де бірдеме үзіліп кеткендей тырс етті. Со­дан бері желкесі мен құлағының арасын­дағы тұсы ауыратын болған. Әріптесте­рінің әзіліне қарағанда Қайдардың сол бір жиналыста айтқан сөзі ғана оны лауазым­ға жеткізген. Оны меңгерушілікке қалай қоюды білмей жүрген ректорға сол бір ақымақ сөздің өзі жеткілікті болған екен. Жұрт «жершілдіктің ақырына жетпеспіз, енді бізді ненормальный біреу басқарса да бәрібір болыпты» десіп жүрді. Сабақ бере алмайтын, білімі таяз, әрі іске салдыр-салақ Қайдардың өзі мең­герушілікті қатыратын түрі бар. Ауди­ториялық сабақтардың бәрін Жамбыл секілді қара нарларға артып қоя салады. Өзі оқытушылар арасында «воздушный» деп аталып кеткен «жасанды» сағаттарды таңдап алады. Тіпті жалған сағат жазып алып, ставкасын өсіріп алса да оны тексеретін ешкім жоқ. Тексеріс болған күннің өзінде ол, мейлі, аты дардай финпол болсын, минпол болсын, Қайдарға бәрібір. Суға, тіпті батпаққа батырса да құрғақ шығып кете алады. Егер жұмыс оң бағаланса, жақсы атақ соныкі. Қателік шығып, онысы әшкере болса, ұжымда оққа байлап бере салатын ежелгі жаулары бар. Соларды сырттай «соттай» салады. Жұмыс істемейді, істейін десе де қолынан түк келмейді, бірақ істейтіндерге бақылау жасай алады. Меңгерушіліктің бар бітіретіні осы. Бақылағаннан гөрі жұмысты істеу қиын болса керек еді. Алайда бас қатырып, істі тындырған адамнан гөрі түк бітірмей оны жай бақылағандарға ортақ қазаннан молырақ үлес тиетін етіп қойған жүйенің осалдығын Қайдар тиімді пайдалана білді. Кез келген саңылаудан кіріп те қалта толтыра алатын қабілет оған табиғаттан дарыған машық іспетті. Ат төбеліндей топтың арасына еніп, жабық есіктің артында шешілетін мәсе­лелерді тыңдап отыратын халге жетуі Қайдар үшін үлкен дәреже еді. Оны қа­тар­дағы қаптаған оқытушы қауымнан гөрі ілгерілік деп ойлап, көп артықшылық санайды. Өз ұжымындағы қарапайым адам­дардың ұсыныстарын ол жүре тыңдайтын жағдайға жетіп үлгерген. «Сен оттай бер. Сенің былшылыңмен дүние өзгермейді. Сенің айтқаныңмен емес, біздің жоспарлауымызбен болады» деген менмендік оның әр қадамынан көрініп тұрар еді. Ұжым арасында одан гөрі Сәрсеннің біліктілігі, ғылыми ізденісінің мәнділігі және студенттерге дәріс берудегі шеберлі­гі туралы көп айтылып жүрді. Алайда ресми түрде ол жайында ешкім тіс жарған емес. Қайдар мамандықтың кейбір күр­делі тұстарын курстасы Сәрсеннен біліп ала салады. Ал, Жамбыл секілді мықты­ларға сыр білдірмеуге тырысады. *** Адамның не ойлағанын білу мүмкін емес деп жататыны бекер секілді. Қай­дардың меңгеруші болғанына іштей ең қатты қарсыласқан адам Жамбыл екендігі бірден аңғарылып тұрды. Жасырғысы келсе де түрі оны үнемі ұстап беріп тұрды. Соған қарамастан ішкі ойларын жасырғысы келіп: – Ал, Қайреке! Қызмет құтты болсын! – Біздің Қайрекең бір кафедра тұр­мақ, бүкіл университетті де басқарып кете алатын жігіт қой! – деп те көрді. Болмады. Бәрібір Қайдарды иттің етінен де жек көретіндігі білініп тұрады. Жағым­паздана алмайтынын білген сайын Жамбыл ыңғайсыз жағдайға түсе береді. Оның ішкі ойын залым Қайдар да білетін сияқты. Осылайша жылдар жылжып өтіп жатты. Бір күні кафедрада Жамбыл мен Сәрсен оңаша отырған. Жамбыл әдет­тегісінше есікті ашып, екі жаққа алма-кезек көз тастады да, жақсылап жауып, Сәрсеннің үстелінің алдына орындығын әкеліп қойып, әңгіме бастады: – Біздің ректор ұятты ұмытқан екен. Өз әйелін, тіпті көңілдестерін әкеліп бас корпусты былғағаны аз болғандай, мына біздің көрші кафедраға бір алжыған шалды меңгерушілікке қойыпты. Онысы бұрын ешбір вузда істемеген, ғылыми дәреже, атақты айтпағанның өзінде база­лық білімінің өзі күмәнділеу көрінеді. Сондағы мақсаты не деп ойлайсың? – Мен қайдан білейін? Өзінен сұра­майсыз ба? – Сұрар едім. Бірақ оған кіргеннен министрдің қабылдауына бара салған әлдеқайда оңай шығар. Ешбір университетте жоқ бюрократияны қалыптастырды ғой, пәтшағарлар. Ана бір Шиқанбай деген тіпті шектен шығып барады. Ал ана алжыған шалдың өтірік сөзіне бастық басымен қалай сеніп жүргеніне таңғаламын. Шал айтатын көрінеді, «мен ана жақпен өте жақын араласамын, үнемі әңгімелесіп тұрамын» деп. Оған есі дұрыс адам сене ме? Жоғары жақ ерігіп отыр ма екен, пенсиядағы қырт шалдарды тыңдап. Оған біздің әлгі топас сенетін көрінеді. Осы сәтте есік баяу ашылып, Қайдар келді де, Жамбылдың дәл артында тұрып, оның сөзіне құлақ түре қалды. Сәрсен ауыр жағдайға тап болды. «Артыңда Қайдар тұр» деп оған ымдайын десе, Қайдар тұр көз алмай аңдып. Егер оны ашық айтса, Қайдардың «Сендер менен жасырып не әңгіме айтып отырсыңдар? Егер менімен істегілерің келмесе, арыздарыңды жазып, өз еріктеріңмен кетіңдер!» – деп шыға келері белгілі. – Сен неге үнсіз қалдың? – деген Жамбылдың сұрағы оны одан бетер сас­тырды. Қайдар келмес бұрын Сәрсен де бірдемелерді айтып, бастықтарды қосыла жамандағандай болып көрінетін болды. – Жарайды, өзің біл. Мені қойшы, екі жылдан соң зейнеткерлікке шығып, өз жайыма кетемін. Сендерге обал. Өңшең надандар мен жағымпаздар арасында... Абайдың айтқаны бар ғой, «әрбір надан қорқақ келеді» деп. Ректордікі тура соның өзі... – дей бере артында тұрған Қайдарды көріп қалды. Жамбылдың өңі құп-қу болып, аузы ашылған күйі қатты да қалды. Қайдар ешкім ештеңе демеген соң біраз тұрды да, әлдекімді сұрастырды да, шығып кетті. Жамбыл онсыз да жабық тұрған есіктің тұтқасын тартып көрді де: – Сен не деген арамза жігіт едің? Тым құрығанда, артыңда Қайдар тұр дегенді ымдап болса да сездірмейсің бе? – Ымдайын десем, Қайдар мені аң­дып, тырп еткізбей тұрған жоқ па?! – Амалдауға болушы еді. Бастыққа жағу үшін бәрін әдейі жасадың. Есік деген, байқамасаң, осындай қауіпті нәрсе, – деді де бұрылып барып, оны ашты да, қайтадан қатты жауып, қабырғаны солқ еткізді. – Сіздің сөзіңіздің мәнін ол ұққан да жоқ шығар, – деп, Сәрсен оны жұбатпақ болғанымен, Жамбылдың өңі абыржулы күйден уайымшыл солғын кейіпке көшті. *** Сарқытбек Жәкенович басқаратын университетке тексерушілер жиі ат ізін салып, ұжымнан маза кетті. Қайдар бұл туралы Сәрсенге: – Әлдебір оңбаған немелер біздің үстімізден үнемі шағым жазатын болып алды. – Кімдер екен ол оңбағандар? – Оны әзірше саған айтпаймын. Бі­рақ сен еш абыржыма! Біздің Сарқытбек Жәкеновичтің «крышасы» мықты. Ол кісі тұрғанда бізге күйе де жағылмайды, су да жұқпайды. Әр тексеріс сайын декандар мен кафедра меңгерушілеріне арнайы тапсырма беріліп, оқытушылардан ақша жинаттырады. Ол ақшаны Қайдар алады да, тексеріске келген комиссия мүшелерінің жанынан табылады. Оларды қыдыртады, мейрамханаларға, сауналарға апарып, күн демей, түн демей, қастарынан бір елі қалмай жүріп шығарып салады. Олардың ішінде ешқайда қыдырмай, тексерістері­нің анықтамасын ұжымға таныстырып, ресми түрде ескерту жасап, соңғы шешімді жоғары жақ қабылдайтындығын ашық айтып кететіндері де бар. Алайда тексеріс кете салысымен арты жым-жырт тыныш қана қала береді. Ешнәрсе болмағандай баз баяғысынша тіршілік жалғаса береді. Сәрсен өз жұмысымен қатар Қайдардікін де қоса атқарып, түн ауа үйіне қайтып жүріп жатты. Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

4023 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8260

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6774

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4521

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3904

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3831

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3560

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3558

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы