• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2010

Темірдей тегеурін

d0bfd180d18cdefaultҚазақстан Магниткасының 50 жылдық тарихы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы комбинатта 20 жылдай еңбек етуімен айшықталады. Сол кездер «Без правых и левых» атты өзінің кітабында толық қамтылған. Жалпы, Нұрекең жайында жазылған кітаптар, поэма, мақалалар жеткілікті. Өмірге 1940 жылдардан кейін келдік. Ұлы Отан соғысын көрмесек те оның зардабын сездік, социалистік қоғамның ғаламаты мен сұмдығын, қайта құрудың қияметін бастан кешірдік, одан XX ғасырдан астық, бүгінде тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Ол кезде коммунизм қоғамында өмір сүру түсімізге кірсе кірген шығар, бірақ дәл осындай тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін. Нұрекеңнің түбінде Алматы жаққа барып қалатынына сеніміміз мол болатын, дәл егеменді Қазақстанның тұңғыш Президенті болады десе, ол кезде бұл ойымызды әулиелікке жорыр едік. Қалай болғанда да, Қазақстанды Егеменді ел деп жариялап, оның тұңғыш Президенті болып сайланып, елімізді бүкіл әлемге таныту бақыты Қарағанды металлургия комбинатындағы домна пешінде жұмыс істеп, сомдалып шыныққан азаматқа бұйырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет ісіне араласқан уақыт қайта құрудың қарсаңы мен оның арпалысына дөп келгені белгілі. Сол уақытта әлеуметтің Назарбаевты таңдауы кездейсоқ емес. Тандауы дегеннен гөрі Назарбаевтың әлеуметті таңдандыруы десек, дұрыс болады. Ат төбеліндей шоғырдың емес, бүкіл елдің мүддесін қорғауға келгенде темірдей тегеурін мен жүйелі тәртіпті ел басқаруда да шебер қолдана білгендігінде. Бүгінгідей бүкіл елді сүйіндіріп отырған «темірдей тегеурін» қалай, қайдан бастау алды? Әрине, әкенің ықпалымен, ананың сүтімен. Дей тұрсақ та, шойын қорытудағы от-жалынмен арбасу тіпті бөлек. Шойын тасқынын қақпалап бір арнаға жіберу тек қана арнайы білімнің болуын аздық етеді. Өйткені домна пеші мылқау, оның ішінде неше түрлі дүлей арпалыс жүріп жатады. Осы ғаламаттың жанында тұрып буырқанып, бусанып, жанартаудай от шашатын уақытын тылсым түйсікпен мөлшерлей алмасаң қапы қаласың. Мүлт бассаң болды, қылғыта салады. Әу баста шойын қара қоймалжыңданып, іле-шала қып-қызыл отқа айналып, шарқ-шұрқ етіп сұрапыл алау лап бергенде сескеніп, тіксінбейтін жүрек болмайды. Осының барлығы қас-қағым сәтте сабасына түсіп, жайбарақат күйге еніп, сұйық зат самарқау жылжып, ағып жатқанын көргенде жаның жай тауып, шабыт кернейді. Көзіңді ашып-жұмғанша қауіп пен қатерді, шаттық пен шабытты үйіп-төгіп, өз басыңнан өткеретін «горновой» деген мамандықтың қыр-сыры адам психологиясындағы таңғажайыптарды түсініп, оларды тап басып, дер кезінде сезіне білуге Нұрекеңді баулыды. Ең алдымен, осы сатыдан өтіп, сосын комсомол, партия қызметтерінде ысылып шыққан Назарбаев егемен Қазақстанның Президенті болып сайланғанда бойда ризашылық пен қанағат сезімі басым болды. Теміртау қалалық комсомол комитетін басқару Нұрекеңнің пешенесіне жазылған болу керек, ақырында 1969-1971 жылдары осы аталмыш ұйымды басқарды. Жастарды ұйымдастырып, бір арнаға жұмылдыру қай уақытта да оңай іс болмағаны белгілі. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, сол жылдары қалалық комсомол ұйымының беделі өсіп, өрлеп тұрды. Бұрынғы комсомол басшылары коммунистік партияның «әкелік қамқорлығын» мадақтаудан аспаса, Нұрсұлтан Әбішұлы қаладағы алып өндірістер мен құрылыс басшылары жастарға немқұрайды қарап, олардың ынталы да сапалы жұмыс істеулеріне қажетті жағдай жасамай отырғанын қатты сынады. Бұл бұрынғылар айта алмаған батылдық болғандықтан, орталық ақпарат құралдары жарысып жазып жатты. 1971 жылы желтоқсан айында болған Теміртау қалалық партия комитетінің есеп-беру сайлау конференциясында «Жастардың өнерпаздық шығармашылығын одан әрі өркендетуге, спорт пен дене шынықтыруды дамытуға қолайлы жағдай жасалмай отыр. Металлургтердің мәдениет сарайы мен спорт кешенінің құрылысы тым ұзаққа созылып барады. Алдағы уақытта бас мердігер – «Металлургжилстрой» тресінің басшылары бұған жеткілікті көңіл бөлгендері жөн» деп кесіп айтқан еді. Сол уақытта жастардың жоғын жоқтаудың саяси астары терең болатын. Неге десеңіз, 1959 жылғы Теміртауда болған жастар көтерілісінің сызаты әлі де сезіліп тұратын. Осы тұрғыдан алғанда жастарға деген қамқорлықтың түбегейлі түзелмеуі Нұрекеңнің айтуымен өндіріс, құрылыс басшыларын селт еткізсе, жастар оған қызу қолдау көрсетті. Дәл осы уақытта «тауды бұзып, тасты жарып» Нұрекеңнің жастар өміріне ара түсуі елді дүр сілкіндірді. Назарбаевтың «феномені» дәл осы сәттен бастап бүр жарғанына еш күмәнім жоқ. Өткен жылдың аяғында Астанадағы студент жастар әділетсіздікке шыдамай толқу үстінде болғанда, Елбасының кесімді, шұғыл шешім қабылдауы осы ойымды дәлелдей түседі. Бұл жастар жаттап жырға, қарттар аңыз-ертегіге айналдыратын өнегелі іс болды. Әрине, әрбір адам дүниеге феномен болып жарыққа шығады, ал оны өмір бойы дәлелдеп өту екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Сонымен 1971 жылы Нұрекең Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, ал 1973 жылы күзде Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы болып сайлан­ды. Бұл кезде зауыт мемлекет жоспарын орындай алмай, дирек­торлар мен негізгі цехтардың бастықтары жиі ауы­сып, мамандар жетіспей, кадрлар орныға алмай, осы­ның салдарынан апаттар көбейіп, елдің ең­се­сін кө­тертпей тұрған. 1969-1973 жылдары директор бол­ған П.П.Мишин өзімен бірге бас инженерден бас­тап, негізгі цехтар мен бөлімдердің бастықтарын алып келді. Аттай алты ай өткеннен кейін оларға «жұмысты ұйымдастыра алмады» деген айып тағып, Магнитогорск, Чероповец, Запсиб металлургия зауыттарынан шақырылған мамандармен ауыстырды. Жергілікті мамандарға сенім көрсетілмеді, ал ұлттық кадрларды ешкім есіне алмайтын. Бұның қалай дейтін партком хатшысы болмады. Ақырында Мишиннің өзін жұмыстан алды. Алдын ала айтар болсақ, тек қана жергілікті мамандарға сенім артқаннан кейін ғана за­уыт жұмысы алға басты. Осы өзгерістің басы-қасында болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Жаңадан іске қосылып жатқан цехтар негізінен Кеңес Одағында бұрын болмаған, технологиясы игерілмеген соған қарамай жоспар олардың жобалық қуатына сай белгіленіп, онсыз да оңалмай тұрған комбинат жағ­дайын одан сайын күрделендіріп жіберетін. Мем­ле­кеттік жоспарды орындау заң деп даурыққанымен оның орындалмауы, жүзеге аспауы тек қана бізде емес еді. Партияда адамдар арасындағы нақты ұйымдастыру жұмысы тек қана қағаз жүзіне ауысып, жоғарыдан төмен, төменнен жоғары ақпараттар легі тасқындаған кез еді. Барлық ауырлық мұндайда бастауыш партия ұйымдарына, әсіресе, өндіріс парткомдарына түсетін. Ел экономикасына қомақты үлес қосып отырған өндіріс орыңдарындағы партия ұйымының жай-жап­сарынсыз жоғарғы жаққа ақпарат беру ақылға сыймас еді. Өндіріс өнімі межеден кем түсіп жатқанда партия ұйымының жанкешті жұмысы еске алынбайтын, «ең бастысы, адам факторы» деп нығыздалғаныменен, жеме-жемге келгенде онымен ешкім санаспайтын. Нұрекең металлургия зауытына хатшы болып келгенде осындай шым-шытырық қарама-қайшылықтардың бүкіл жүйені жаулап алған кезі еді. Аталмыш кәсіпорын облыс, республиканы былай қойғанда, Кеңес Одағына белгілі болғандықтан, зауыт басқармасына, әсіресе, директоры мен партком хатшысына жүктелген міндет өте зор болатын. Алып өндірістің тұрақсыз жұмыс нәтижесі көбіне сор болып, қала, облыс көлеміндегі лауазымды қызмет иелерінің түн ұйқысын төрт бөлетіні де шындық еді. Сол кездегі Теміртау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Анохин: «Директорды жаңарттық, партия комитетіне жас, нағыз металлургті жібердік, енді ұйқымыз тыныш болатын шығар» дегенін өз құлағыммен естіген едім. Нұрекең партия комитетіне келе сала, былай қарағанда, көзге іліне бермейтін, бірақ та өте ұтымды аппараттық тәсіл енгізді. Жоспар мен өнім сапасының тағдыры шешіліп жатқан іс басындағы өндірістік партком хатшыларыменен апта сайын кездесіп, өндірістің жай-жапсарын, кадр мәселесін, ұйым жұмыстарының бағыт-бағдарын анықтап отырды. Бұл кездесулерде партком хатшысына ашық пікір айтуға, онымен еркін әңгімелесуге мүмкіндік алған төменгі сатыдағы партия жетекші­лерінің қанаты қомданып, жаңа серпіліс, жұмыс ауқымында соны леп пайда болды. Ұйымдастыру жұмысы едәуір алға жылжып, комбинат парткомының аяқ алысына күдікпен қарағандардың қабақтары ашыла бастады. Дей тұрсақ та, тоқмейілсудің ауылы алыс болатын. Шешілмей жатқан технологиялық, техни­калық, әлеуметтік проблемалардың сан жетпей­тін­дігінен комбинат жұмысының жиі-жиі тоқтауы әлі де орын алып отырған. Сондай күндердің бірі – 1974 жылдың 30 сәуірінде дәл Бірінші мамыр мейрамына қараған түнгі ауысымда бірінші жұқарту цехында үлкен өрт шықты. Ол кездегі жазылмаған заң, бірақ мұқият орындалатын дәстүр бойынша осындай «апатқа» жол бергендер міндетті түрде жұмыстан босатылатын. Партия тарапынан берілетін сөгіс өз алдына. Қит етсе кінәлі болып табылатын да осы орта буындағы инженер-техник мамандар еді. Көп кешікпей шыққан өрттің жай-жапсары парткомда қаралды. Мәжілісте жобалау институттарынан, авторлық бақылау басқармасынан, күрделі құрылыс бойынша дирек­тордың орынбасары, тағы да басқа негізгі бөлімдердің басшылары қатаң сынақтан өтті десек болар. Цехтарды жобалау кезінде мамандардың ұсыныстарының ескерілмеуі, одан кейін құрылыс-монтаж кезіндегі өрескел қателіктер – осының барлығына немқұрайды пиғыл көрсетіп отырған директордың өндіріс жөніндегі орынбасарының, тағы да басқалардың жауапкершіліктері қаралып, қатаң сынға алынды. Кемшіліктердің себебі мен салдары зауытта істей­тіндердің бәріне белгілі болатын. Ақиқаты басқада еді. Партком хатшыларының көбі болашақта партия ісімен айналысып, мансап қууды жоспарламайтын. Неге десеңіз, сол кездерде партия жұмысынан өткендерді саяси сауаты ашылғандар санатына қосып, өндірістегі жауапты басшы жұмыстарға жіберу дәстүрі болатын. Оның үстіне сол кездегі партия саясатының басты міндеттерінің бірі «... өндіріс басшыларының беделін көтеру арқылы мемлекеттік жоспарды орындау» деп міндет қоятыны тағы бар. Сондықтан да партком хатшылары апат, тағы да басқа келеңсіздіктер орын алғанда мамандарды байыбына бармай, атүсті шешім қабылдап, көбінесе жұмыстан босатып, сөгіс жариялап, жоғарғы жаққа «мен шара қолдандым» деп есеп беріп, тыныш отыратын. Осындай бір-біріне керағар жайттар қаулап тұрғанда болған апатқа түпкілікті, жіті көз жіберіп, жан-жақты, ешкімді алаламай баға беру зауыт ұжымын дүр еткізді. «Наконец-то появился нормальный секретарь парткома», – деген ризалық пікірлерді күніне сан рет естіп жүрдік. «Куда он денется, скоро его поправят, будет он ручным как миленький» дегендер де жеткілікті болды. Әрине, бұлар «жапа шеккен» лауазымды қызмет иелерінің жандайшаптарынан көбірек естілетін, бірақ олардың үміттері ақталмады. Олардың сенгендері сол кездегі зауыт директоры О.И.Тищенко болатын. Бұл кісі шын мәнісіндегі үлкен ұйымдастырушы, адамдармен жұмыс істеуді терең меңгерген, металлургия саласын бес саусақтай білетін қажырлы да қайратты адам еді. Үлкен өндірісте директор мен партком хатшысының арасы үнемі жарқын, жайдары бола бермейтіні белгілі жайт. Сол себептен де «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенге сенгендер қатты қателесті. Екеуі бірдей бір арбаға жегіліп, үлкен өнегенің үлгісін көрсетті. Ең бірінші, комбинат басшылары жұмыс­шылармен қоян-қолтық араласты. Әрбір жұма сайын цехтарда болып, жұмысшылармен емін-еркін сұхбат жасады. Бұрын басшылардың атын ғана естіп, жүздесу­ді былай қойғанда, енді, міне, олар бас иіп алдарына келді. Басты мақсат – адамдарды тыңдау, сын-ескерт­пелерін орындау. Осындай кездесулерден кейін жұмысшылардың айтқандары жіпке тізіліп, комбинат, цех бойынша бұйрықтар шығарылып, олардың орындалуы қатты қадағаланды. Осындайда еске түседі, жаңылмасам, 1974 жылы болар, «Теміржол басқар­масында» болған кездесуден кейін үлкен проблема шешіліп еді. Ол – темір доңғалақтарының табандарын жонатын арнайы станоктың сатылып алынуы еді. Ол кезде комбинаттағы жол торабының ұзындығы 328 шақырым құрайтын, 60-тан астам тепловоз, думпкар, шойын, болат, шоқ таситын ыдыстарды қосқанда барлығының саны 500-ден асып жығылатын. Солардың доңғалақтарының табандары ұзақ қолданғандықтан тозып кетеді. Бұндай жағдайда оларды қолдануға болмайды. Өйткені бұл үлкен жол апатына әкеліп соғады. Сондықтан да оларды дер кезінде жонып, тазартып отыру керек. Осы жұмыс комбинатты үлкен шығынға батыратын. Бір жол бар – арнайы станок сатып алу қажет. Ол станок металлургия саласының жабдықтау жүйесінің тізімінде жоқ. Сондықтан бұған Нұрекең араласып, партияның Орталық Комитеті (Мәскеу) арқылы осы күрмеуі қиын түйінді шешіп еді. Ұйымдастыру жұмыстары тек осыменен шектеліп қалған жоқ. Айына бір рет бригадирлерді, аға жұмыс­шыларды Металлургтер сарайына жинау дәстүрге айналды. Одан кейін жылына бір рет инженер-техниктерді жинап, келелі әңгімелер өткізу дағдыға айналды. Осының арқасында талай-талай күрделі техникалық, технологиялық түйіндер шешіліп жатты. Жұмыс­шылардың айтқандары орындалып, іске аса бастаған соң елдің басшылыққа сенімі артты. Жұмыс барысына жаңа леп, екпін пайда болып, шығармашылық ахуал орнығып, өз нәтижесін бере бастады. Осының арқасында комбинат жұмысы тұрақталып, жоспар орындалып, металлургтердің материалдық жағдайы түзеле бастады. Бірақ та негізгі мәселелер шешілмей жатқан. Ол металлургтердің әлеуметтік жағдайы болатын. Осы мәселені 1974 жылы Нұрекең жеке-дара қолға алып, Кеңестер Одағы коммунистік партиясының саяси бюросына хат жазып, ол хат сонда қаралып, оң шешімін тапты. 3 жылдың ішінде әрбір жыл сайын 80 мың шаршы метр тұрғын үй, 1660 сәбиге арналған екі балабақша, екі кәсіподақ училищесі, металлургия техникумы, институт ғимараттары, спорт кешені, т.т. жоспарға кірді. Осылардың барлығы іске асты. Сол уақыттарда да көп талас тудырған, бүгін де көкейден кетпейтін бір сұрақ бар. Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған өндіріс ошағының әлеуметтік ахуалы ешкімнің қаперіне кірмегені ме? Теміртау қаласына сол кездегі Кеңес үкіметінің басшыларынан келме­гендері кемде-кем. Барлығы жиналып, Назарбаевтың келуін күтіп отырған ба? Назарбаевтың өмірі Қазақстан халқының, қала берді, бүкіл әлем жұртының назарында. Елбасы Қазақстанның бағын ашты. Ғасырлар еншісіне тие бермейтін осы жарасымдылық лайым жалғаса бергей. Смағұлдың Тілеубердісі

3092 рет

көрсетілді

39

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8345

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6821

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4569

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3950

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3918

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3877

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3606

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3605

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы