- Тұлға
- 06 Қазан, 2010
Ресейде қазақ тілі оқытылады
Бақытгүл Сүлейменова, Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шетелдегі қазақ диаспорасының ана тілін сақтау мәселесі де назарға алынған. Дегенмен бағдарлама талқылану үстінде болса да, Ресейдегі қандастарымызға қазақ тілін оқыту жайы шешімін таба бастаған сыңайлы. Олай дейтініміз, Ресейдің Челябі облысындағы ағайындарға қазақ тілін оқыту курстары қолға алынуда. Жақында ғана Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Бақытгүл Сүлейменова аталған облысқа барып, қазақ тілінен арнайы дәріс беріп қайтты. Бұл 2011-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасы аясында атқарылар жұмыстарға игі бастама болары сөзсіз. – Ресейдің Челябі облысындағы қандастарымыз қалың шоғырланған жердегі мектептерде бұдан былай қазақ тілі оқытылады дегенді естігенде іштей қуанып, құлағымыз елең ете қалған. Сіз сондағы ұстаздарға арнайы сабақ беріп келген екенсіз. Осы жайында толығырақ айта кетсеңіз… – Соңғы кездері Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастың игі ықпалы қай салаға болсын тиіп жатыр. Қазақ тілі біз үшін мемлекеттік тіл болса, ондағы бауырларымыз үшін ана тілі болып есептеледі. Менің байқағаным, Ресейдегі қазақтар да өзінің ата-бабасының тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын сақтауға көп көңіл бөледі екен. Өйткені Челябі облысындағы қазағы қалың аудандар мен қалаларда мектептерде қазақ тілін оқыту осындағы қандастарымыздың ұсынысы бойынша жүзеге асыпты. Оған Болат Хасанов пен Марат Хасенов басқаратын Челябі қаласындағы және Магнитогорскідегі «Азамат» қазақ орталығы мен «Бірлік», «Береке» деп аталатын қоғамдық ұйымдар да үн қосып, жақсы бастаманың жаршысы бола біліпті. Міне, осындай ұмтылыс пен қолдаушылықтың арқасында ондағы қандастарымыздың көптен бергі ойлары жүзеге асып, қазақ тілі қолға алынып отыр. Әңгіменің орайы келгенде, жоғарыда аталған Челябі облысы Магнитогорск қаласының әкімшілігі де бұл өзекті мәселеге аса бір түсіністікпен қарағанын да айтып өткеніміз абзал. Олар қазақ тілін үйретуге ден қойған оқытушыларға дәріс өтетін орындар мен уақытша тұратын жатақханаға әзірлеп, арнайы көлік беріпті. Мұндай маңызды мәселелер бір күнде, бір сағатта шешілмейтіндігі белгілі. Сол себептен ондағы орталықтардың өтініші бойынша, Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Жанболат Үмбетовтің атына арнайы хат жіберілді. Ал біздер ондағы қандастарымыздың мүддесі үшін білікті мамандардың басын қосып, арнайы бағдарлама мен әдістемелік құралдар дайындадық. Екі облыс арасындағы келісім мен түсіністікке орай осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып, отыз ұстазға қазақ тілінен дәріс бердім, өзім де көп жайды көңілге түйіп қайттым. Ондағы «Береке» деп аталатын қазақ ұлттық мәдени орталығының тындырып жатқан жұмыстарына да көңіл сүйінеді. Жалпы мұндай игілікті бастама 2011-2020 жылдарға бағытталған тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша ары қарай жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді... – Магнитогорск қаласы жөнінде көп естиміз. Ондағы қандастарымыз қандай жұмыстармен шұғылданады екен? Соған зер салып көрдіңіз бе? – Магнитогорск қаласы Қостанайдан оншалық қашық емес, екі қаланың ортасы – 500 шақырым. Шаһардың бұрыннан алып өндіріс орындарымен аты шыққан. Қазіргі тыныс-тіршіліктері де көңіл қуантарлықтай екен. Осында болған кезде байқағаным, мұнда 4000-ға жуық қазақ тұрады. Сабақ беру барысында ондағы біраз бауырларыммен танысып, сырластым. Жұмысым өте жемісті болды деп айта аламын. Көңіліме түйгенім, ондағы ағайындардың қазақ тіліне деген ынтасы өте жоғары. Олар біздің әдістемелік құралдарымызға, алып барған құнды кітаптарымызға, дискілерімізге ерекше риза болды. Осыған орай біздің облыстағы Қойшығара Оспанов басқаратын облыстық тілдерді оқыту орталығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Алыста жүргендіктен бе, ондағы қандастарымыздың атамекенге деген сағыныштары айрықша. Тағы бір айта кетерлігі, Магнитогорскіде екі мешіт бар екен. Соның біріне дәл жұма күні бардым. Намазхан бауырлардың да қарасы көп. Ондағы мұсылмандардың ниеттері мен ықыластарына шын мәнінде риза болдым. Шынымды айтсам, осы сапардан үлкен әсермен оралдым. Магнитогорскідегі аз күнде шәкірттерім Дарина Мұсабаева, Гүлшат Абдуллина, Жақсылық Әубәкіров секілді кісілер менің есімде мәңгілік жатталып қалды. Олар да туған жерге ең ыстық сәлемдерін жолдады. Олардың бойынан нағыз туысқа тән қимас сезімді, ұлттық рухты, қазақ халқына деген мақтанышты айқын сезіндім. – Өзіңіз қазағы қалың Қамысты ауданында туып-өстіңіз. Сондағы Орқаш орта мектебін бітірдіңіз. Содан кейін Қостанай шаһарындағы беделді оқу орнын аяқтағаннан бері осы рухани салада қызмет атқарып келесіз. Қазіргі облыстық Тілдерді дамыту басқармасында жауапты қызметте жүргеніңізге де біраз жылдардың жүзі болып қалды. Өзіңіз жұмыс істейтін бөлім жайлы да қысқаша тоқтала кетсеңіз... – Иә, осы Қостанай өңірінде туып-өстім. Қазіргі таңда Жанболат Үмбетов басшылық ететін басқармада қызмет етіп жатырмын. Біздің бөлім тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Оған ұлтжанды азамат, қайтсем мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеремін деп шырылдап жүрген бауырымыз Кенжеғали Бимағанбетов жетекшілік етеді. Осы бөлімде Әсел Сәденова, Зағила Байқасова секілді білікті мамандармен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті қызмет етіп келеміз. – Мемлекеттік тілді қанат жайдыру жұмыстары облыстарыңызда қалай жүзеге асып келеді? – Біздің облысымызда мемлекеттік тілді дамытуға байланысты көптеген нақты жұмыстар атқарылды. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин мырза мемлекеттік тілдің өрістеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Облыс басшысының тікелей қолдауымен соңғы екі-үш жылдың көлемінде «Тіл шамшырақтары» деп аталатын байқауды өткізу дәстүрге айналды. Бұл байқау облыстағы өзге ұлт мектеп оқушыларының мемлекеттік тілге деген құштарлығын арттыруға бағытталған. Бір қуантарлығы, мемлекеттік тілді үйренуге ден қойған талапты жастардың қатары жылдан-жылға артып отыр. «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының да берері мол. Бұл шара осы өңірдегі жоғары оқу орындары мен орта мектептерде дәріс беріп жүрген ұстаздардың кәсібилігін арттыруға игі ықпалын тигізуде. Сонымен қатар облыста дәстүрлі өткізіліп жүрген «Абай оқулары» ұлы ақынның шығармашылық мұрасын өзге ұлт өкілдерінің терең танып-білуіне арналған. Кейінгі жылдары «Шешендік сөз өнері», «Тіл шеруі» секілді фестивальдерді өткізу де жүйелі түрде қолға алынуда. Жалпы, облыстық басқарманың атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. – Өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардан нақты кімдерді атар едіңіз? – Қостанай өңіріндегі Қостанай заң академиясының кафедра меңгерушісі, әділет полковнигі Александр Сметановский, облыстық мәслихаттың жауапты қызметкері Василий Смирнов, Қостанай гуманитарлық колледжінің студенттері Наталья Шпагина, Оксана Дергачева, «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының жүргізушісі Алла Платонова, арқалықтық Денис Скороходов, Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері Индира Иванова, Вера Бакиналарды айрықша атар едім. Осы азаматтар бұл күнде тек облыс көлемінде ғана емес, республикамызға кеңінен танылып отыр. Айталық, сіздердің газеттеріңізде «Ораза ұстаған орыс қызы» деген атпен шыққан мақаланың кейіпкері, біздің әріптесіміз Эльвира Иванова Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қызметке шақырылды. Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ

3416 рет
көрсетілді2
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Айрат
13 Тамыз, 2020Жарайсын Бақыткүл! Қостанайдың қазақтары Ресей қандастарымызға мүмкіндігінше қолдау көрсету керек Кішкене болса да ана тіліміздің кен таралуына өз үлесінді қостынғой, Алла разы болсын! ОСындай шаралар өткізіліп тұру керек Бауырларымыз Қазақ жері бар екенің сезіп тұру керек.
Жулдыз
13 Тамыз, 2020Қазақ тілінің мәртебесін көтерер азаматтар мен азаматшалар көп болсын!