• Тіл
  • 19 Ақпан, 2009

Мұның аты – намыссыздық

“Ана тілінің” “Оқыдық, шошыдық” айдарындағы “Күлдібадам” мақаласын оқи отырып, шошымақ түгіл мұндай сауатсыздық пен немқұрайлылыққа қалай жүрегім ауырғанын сөзбен жеткізе алмаспын. Қазақша өтініштеріне мемлекеттік органдардан алған қазақша жауаптарын түсіне алмай дал болғандардың қаншама екені бір Аллаға аян. Жауапты орысша дайындап, сөзбе-сөз қазақша аударған түрлері болса керек. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі былай тұрсын, жекелеген сөздердің мағынасы өзгеріп кеткен. “Мәлімдеу үшін хабарлаймыз…” деп сөз саптауына не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Ал осы хатқа қол қойған басшыға не деуге болады? Білдей мемлекеттік мекемеде қазақша сауатты жаза білетін мемлекеттік қызметкерлердің болмауы – басшыға сын. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демеуші ме еді дана халқымыз. Қазақ тілін іс қағаздарын жүргізуге ендіру тәжірибе жүзінде анағұрлым күрделі процесс болып шықты. Бүкіл іс жүргізу жүйесі орыс тіліне негізделген. Сол себепті хат-хабарды, құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеу сауатты аудармашыларды, біртекті сөздіктерді қажет етеді. Бүгінде «мекемелерге аудармашы маман қажет емес, себебі барлық қағаздарды соған ысыра салу белең алды» деген пікірлерді естіп жүрміз, меніңше, әр мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілде дайындаған құжатын үстінен қарап, іс қағаздарының сауатты жүргізілуін қадағалап отыратын тіл маманы әр мекемеге қажет-ақ. Ең бастысы, мемлекеттік тілді қолданудың сандық көрсеткішімен қатар сапалық деңгейі қадағалана бастаған шақта бұл маманнан қол үзуге болмайды деп санаймын. Пәленбай жыл орысша ойлап, орысша жазуға әдеттеніп алған қаракөздер үшін мекеме ішінде құжаттарды қазақ тілінде ресімдеуге үйрету курсы ұйымдастырылса, екі-үш рет жазғаннан кейін сөйлемді дұрыс құрауға төселіп алады деп ойлаймын. Ал мыналары барып тұрған намыссыздық немесе кертартпа еріншектік. Ерінген екі істейді деген рас. Орысша жазады, сосын онысын қазақша “аударады”. Іс қағаздарын әуел бастан қазақша жазуға дағдылану қажет. «Ештен кеш жақсы» демекші, басқарма бастығы А. Ахметжанова ханымға тез арада тіл маманын алуды ұсынар едім. Осылайша аталған мекемеде сиқы кетіп, жұлым-жұлымы шыққан тіліміздің көсегесі қайта көгерер деп ойлаймын. Сандуғаш Нұрқанова, Алматы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының жетекші маманы

3102 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы