• Тіл
  • 19 Ақпан, 2009

Журналистика факультеті орыстанып бара ма?

Еліміздегі журналист мамандығына баулитын бірден-бір қара шаңырақ ¬ -ҚазҰУ-дың журналистика факультеті. Бұрын атаулы оқу орынның филология мен журналистика факультеттерінде қазақы рухтың нышаны сезілетін. Соңғы кезде белен ала бастаған оқу орындағы орыстандыру саясаты болашақ тілшілердің наразылығын тудырып отыр.Ақпарат саласының көрігін қыздыратын жас журналистер әзірленетін отаудың ресми тілге бүйрегі бұра бастауы университет басшылығында отырған ректор Бақытжан Жұмағұлов пен ғылыми істер жөніндегі проректор Нұрлан Темірбаевтен өзге проректорлардың бірде-біреуі қазақтың әдеби тілін түсінбейтіндігінен екені дау туғызбаса керек. Тіпті тілдерді дамыту жөніндегі проректор қазақ тіліне шорқақ болған соң, басқалардан не үміт, не қайыр? Орыс тілді мұғалімдер қазақ журналистика ғылымында болып жатқан теориялық, тәжірибелік жаңалықтардан бейхабар. Баспасөз, радио және теледидар салаларына қатысты мақалалар топтастырылған «Қазақ журналистикасы» ғылыми монографиясы көңіл қуантады. Ондағы Намазалы Омашұлы, Бауыржан Жақып, Кәкен Қамза секілді шоқтығы биік ғалымдардың материалдары жоғары бағалауға болады. Осының негізінде ұлттық журналистиканың даму, ілгерлеу тенденциялары нақты байқалады. Қазақ тілінде жазылған әлгіндей сүбелі еңбектердің исі мұрнына бармайтын Ғалия Жүнісовнаның қалайша журналистика факультетінің тізгінін ұстап отырғанына таңымыз бар? Қазіргі факультет деканын ұлттық қайнардан сусындап, туған тамырынан нәр алған, яғни қазақ тілін жетік білетін, онымен қоса өзгелердің ақпарат кеңістігінде не болып жатқандығын түйсініп отыруға қабілетті кадрмен алмастыру керекігі хақ. Ауылдан асқақ арманын арқалап жеткен жасты оқу орынның табалдырығынан ресми тілде шүлдірлескен мұғалімдер қарсы алатын болса, несіне қазақ баспасөзі осы уақытқа дейін ана тілі деп зар илеп жүр? «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» демекші, қоғамның дертін емдейтін патриоттар тәрбиелеуі тиіс алтын ұяның мемлекеттік тілді маңсұқтауы жөн бе? Орыстардың саясатын орыстанған қазақтар асыра орындайтыны белгілі. Сол себепті ертең ел игілігіне қызмет етуі керек қазақ жастары Ресейдің сойылын соғып кетпесіне кім кепіл? Әдетте, орыс тілді мұғалімдер өз кеңістігінің кеңие түскенін қалайды. Сондықтан, өзі түсінетін тілдегі дәріс сабақтарының көбейгенін көксейді. Қазіргі кезде журналистика факультетінің қабырғасында ойшылдар емес, орындаушылар күш алып бара жатқаны аңғарылады. Өйткені, олар ұлттың не айтқанына қарап емес, ұлықтың қабағына қарап «сәждеге» жығылады. Университетте мәжіліс, жиындардың орыс тілінде өтетіндігіне студенттер наразы. Журналистика факультетінің 6 кафедрасының 4-еуін орыс тілді оқыушылар басқармақ деген болжам бар. Бұл қайда барып соғады?.. Серік САҒЫНДЫҚОВ

3248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы