• Тұлға
  • 16 Ақпан, 2011

Жақсылардың көзі еді

Қылышынан қан сорғалаған сонау қызыл саясаттан сескенбей, сескену тұрсын, тіпті одан айылын да жимай, ойындағысын ірікпей ашық айтып өткен арынды да жалынды ақын ағамыз Абдолла Жұмағалиевтің: Бір күн өтсе жылайды екен, Бұрынғының адамы. Өлім дауысы келеді деп, Ту көтеріп қаралы, – деген жолдары болушы еді. Ұлы Отан соғысының алмағайып шағында ортақ елін аман алып қалу жолындағы арасан майданда жалын жүрегін ата жаудың төбесінен бомба ғып жарған жауынгер ақын ата-бабаларының уақытты қалай бағалағанын қандай тамаша бейнелеген десейші! Жалақыға ғана қарап отырған біз бейбақ тиын-тебеніміз қолымызға тезірек тиіп, қиыншылықтан шапшаң шықсақ екен деп жүріп, күннің қалай батып, таңның қалай атқанын да білмей қаламыз.

Күні кеше жайраң қағып ортамызда жарқылдап жүрген Жұмекеңнің, абзал ағамыз ардақты Жұмағали Ысмағұловтың ортамызды ойсыратып өмірден озғанына да қырық күн болып қалыпты-ау. Зерделі ғалым, тәлімді журналист, пайымды публицист, айтулы аудармашы, сан қырлы сарабдал ғалым Ж.Ысмағұловтың атына алғаш зер салып, зейін қойғаным 1961 жылдың жазы еді. Ол кезде Көкшетаудың облыстық газетінің мәдениет бөлімін басқарып жүрген жас әдебиетшімін. Бір күні ертеңгілік «Қазақ әдебиеті» газетін қолыма алсам, Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов бастаған редакция алқасы­ның мүшелері Хамит Ерғалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Сейітжан Омаров, Қуандық Шаңғытбаевтардың аты-жөнінен жоғарыда тұрған «Бас редактор Жұмағали Ысмағұлов» деген есімге көзім бірден түсті. Жасыратын несі бар, республиканың маңдайына басқан жалғыз әдеби газеті – кезінде атақ-даңқы Одаққа әйгілі мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар басқарған басылымға бұрын әдебиет әлемінде беймәлімдеу біреудің қол қойғанына таңданғаным да анық. Алматымен, әсіресе, Орталық партия комитетінің насихат бөліміндегі жігіттер­мен азды-көпті байланысы бар редакторымыз Өміржан Оспановтан әдебиет газетінің жаңа басшысы кім екенін сұрауға тура келді. Әдетінше, көзін бір жыпылықтатып алды да: – Мәскеуден Орталық партия комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп келіпті ғой. Бұрын насихат бөлімінде нұсқаушы болған журналист көрінеді. Орысша, қазақша бірдей жазатын публицист дейді, – деп жымиды. – Шамасы, жасы отыздан жаңа асқан жігіт болуы керек. Публицист дегенде елең ете қалдым. Публицистиканы онда көсіле сөйлер көсемсөз, серпіле сілтер серкесөз деп қана ұғатын жазған басымыз газетке, әсіресе, оның арнаулы нөмірлеріне қажет желпінте жазар желдірмелерге зәруміз. Барымызды асырып, жоғымызды жасырып, азды-көпті қолымыз жеткенді қопақардай қып, жер-көкке сыйғызбай мақтау салтқа айналған кез ғой. Соны кестелі тілмен зерлеп, келістіре көсілтер жергілікті жерде авторлар жоқтың қасы. Қолқа салайын десең, Алматының қаламгерлері республикалық газеттерден де артылмайды. Сондықтан бар салмақ редакцияның өз қызметкерлеріне түсетін. Сырағаң мен Хамаңның, Ғафудың «СҚ»-да кейде қос белдеуге, кейде жарты бетке жайылып жататын мерекелік толғауларын оқығанда публицистика дегеннің өзі қара сөзбен жазылған жыр екен ғой деп, талай таңдана таңдай қаққанымыз бар. Әдебиет газетінің жаңа басшысы публицист болса, олқы соқпағаны ғой. Содан бастап, оның қаламынан шыққан дүниелерді іздеп жүріп оқитын болдым. Алайда оның өзімен жүзбе-жүз кездесіп, ауызба-ауыз сөйлесетін сәт бірден түскен жоқ. Хас жақсының соңынан қуалап, қашанда сыпсың сөз жүретін әдеті ғой. Алматыға қызмет бабымен ауысып келгенімде, сол жылбысқы сыпсың сөздер сүріндіріп, ол «Жетісу – Семиречье» деп екі тілде шығатын облыстық газеттің редакциясына бір бөлімге жіберілген екен. Одан облыстық газеттерге бас редактордың идеология жөніндегі лауазымы берілгенде, астаналық газетті қимай, Шығыс Қазақстан облысындағы сондай орынды ұсыныпты. «Жетісудағы» оған орайластырып жүрген орынбасарлық орын бір жыл бұрын Көкшеден келген маған бұйырды. Жаңа жердің әсері ме, Алтайда Жұмекеңнің жазары көбейді. Ара-тұра су ішкен жерінен сырдақсымай, жазғандарын «Жетісу» газетіне де жіберіп тұрды. Кейде мерекелік нөмірлерге өзіміз де публицистика жазып беріңіз деп қолқа салып жүрдік. Оның осындай бір шалқымасы шыққан газеттің арнаулы бір санын талқылағанда: – Ақын-жазушылардың барлығы Алматыда жүргенде сонау Өскеменнен көсемсөз алдыратынымыз не? – деп бір қаламдасымыз қыңыратқып, бейразы пиғыл танытқанда, редактордың бірінші орынбасары, үзеңгілес әріптесім Кәкімжан Қазыбаевтың оны: – Ақын-жазушылар қызыл сөз қуалап кетіп, кейде тақырыпты аша алмай қалады. Ал Ысмағұлов болса, газетке не керек екенін жақсы білетін қағілез қаламгер. Және осы саламен бірегей шұғылданып жүрген публицист. Жазғандары қашанда тебіреніске толы, ойы ұшқыр, ұтымды болады. Нанбасаңдар, зейін салып тағы бір оқып шығыңыздар, – деп тойтарып тастағаны бар. Сол Жұмекеңмен өз басым Өскеменнен бір келгенінде Кәкеңнің кабинетінде танысқан едім. – Ә, сырттай білемін, «Көкшетаудың Сарбасы, ақындардың жалғасы» деп Ғафу ағаң айтатын Сарбас сен екенсің ғой, – деп Ғабеңше ыңырана сөйлеп, жылыұшырай қарап, жөн-жосығымды сұраған-ды. Біз журналистиканың жуан тобық, еңбек торысы болсақ, ол бәйгеге салар сәйгүлік сияқты көрінген сонда маған. Кешегі Қеңес заманындағы қия бастырмас қызыл саясат публицистиканың да аяғын шідерлеп, адымын шектеп отырғаны әмбеге аян. Оның алдында келеңсіздікті көзге шұқып, күрмеуі қиын күрделі мәселелерді көтеруден гөрі, жеткен жемісімізді жер-жаһанға жария етіп, көрген жемісімізді жер-көкке сыйғызбай көпірте көрсету міндетін ғана қойды. Сондықтан проблемалық публицистика деген ілуде бір шаң беретін алатұяқ ақ қарға сияқты көрінді де, қаламгерлердің көбі мерекелік, мерейтойлық толғаулар мен көсемдердің шашбауын көтеретін шалқымалар жазудан онша асқан жоқ. Журналист-жазушы Жұмағали Ысмағұлов соның өзінде заман ырқына көнбей, әріптестерінен құрық үзіп ұзап кетті, соны өрістерге жеке-дара шықты десек, шындыққа қиянат болар еді. Бірақ мәселе тыңнан жол тартып, дәйім жаңалық ашу емес, бар тақырыптың өзін өзгелерге ұқсатпай, өзіндік әр-нақышпен өрнектеп, мәнін аша білуде ғой. Бұған келгенде, Жұмекеңнің тереңдігіне де, кемелдігіне де тәнті боласың. Мәселен, оның жаңа жыл туралы әр жылдары әр газет-журналда жарияланған бірнеше публицистикалық толғаулары бар. Ол бұл тақырыптағы жазғандарын әр басылымның бағыт-бағдарына қарай түрлендіріп, мың құбылтып отырады. Мысалға, оның «Аспаннан ақ нұр жаусын!» атты толғауын алайық. Ол былай басталады: «Астана аспаны аққылауланып, көксеңгірдің күміс күмбезінен ақ нұр себелейді. Күзгі ылғалдан дертіп бусанған жер-ана торқадай топырағын ақ ұлпаға құндақтап, бөбегін әлдилеген жас арудай албырайды. Аспан мен жердің арасында айқыш-ұйқыш тартылған ақ өрмектей жіңішке ақша қар бағандары жамырай жасырып, көз алдында толассыз бұлдырайды... Айналаның бәрі аппақ. Таңертеңгі тау желінің лебіне бетіңді тосып, кеуде кере дем алсаң, көкірегің көріктей жазылады. «Уф!» десең, жоғарыдан төмен қарай құлаған ақша қар ақ көбелектей қанатын қыпылықтатып, алдыңнан ұша жөнеледі». Әдеттегі, көзіміз үйренген сурет дегенмен, оның алғаш жаңа жыл көрінісі екенін білмей де қаласың. Осы арқылы автор оқырманын толғауды түбегейлі зерделеп, түгел оқуға шақырғандай. Бұл – Жұмекеңнің ресми газеттердің арасында жаттандылыққа онша бой алдырмай, жаңашылдыққа ерте ден қойған «Жетісуға» жазғаны. Ал партиялық бақылаудың қырағы көзі­нен қалт кетпейтін «Қазақстан коммунисі» журналына жазған жаңажылдық толғауының үні бұдан бөлекше. «– Рахмет саған, жетпіс тоғыз! Халықтың ескі ұғымында жеті қазына саналатын өмір игіліктерін жетпіс есе көбейтіп, ол жасауға орайын тоғыздан тоғытып кеткен жомарт жылға ел алғысы, әлбетте, осылай айтылса керек. – Жарайсың, жақсылық мерейің мол бол­ған жайсаң жыл, қуаныш, қызығың ұзағынан сүйіндіріп, өркенін кеңінен жайып кеткен ырысты жыл! Бұл – біздің жыл сайын әрбір жылдың сыбағасына лайықтап айтатын кәделі сөзіміз». Партиялық қалыптан шықпағанымен, қасаңдығы жоқ, қазақылығы мол жолдар емес пе бұл. Осы екі толғаудағы жадыңда жатталып қалатын мына бір жолдарға қарайламай кете алмайсың. «Жыл он екі ай өмірің жол-жөнекей жүріп өткен ауыл-үйдің арасы емес. Сұрауы мен қарызы бар, міндеті мен парызы бар, есесін толтырып есеп берер, емексіп алдан несібе күтер белгілі өмір белесі» немесе «Жүйріктен жүйрік озса жүлде көбейеді, бірақ одан бәйге қызығы бәсеңдемейді. Үдере шапқан үрдіс жарыс қарқынын хас тұлпарлар қашанда үстемелеп, үдесіп отырады» деген жолдар бастан-аяқ кестелі ойлар, дестелі пікірлер емес пе. Бұл – қарымды қаламнан туатын қанатты қисындар. Жұмекеңнің тек өзіне ғана тән осындай орамды ойлары, өрнекті пікірлері оның «Ерте тұрған адамның елден ерек риздығы бар. Ерте тұрған адамға еркін көрер қызық бар» деп басталатын «Азаттық. Арман. Ақиқат», «Елу жылда – ел жаңа» деген бір ғана халық даналығынан қыруар ой өрбітіп, ұланғайыр еліміздің арғы-бергі тарихын алға жайып салатын «Менің Рес­публикам» сияқты мерекелік толғауларында да аз ұшыраспайды. Айтқандай, осы соңғы публицистика «Социалистік Қазақстан» газетінің алпыс жетінші жылғы бәйгесіне ие болған-ды. Жұмекеңнің оқырмандарын алғаш елең еткізіп, дарынды публицист екенін танытқан «Қазақ әдебиеті» газетінде елу жетінші жылы жарияланған «Өмір жұлдызы біздің аспанда» атты публицистика да осылардай мерекелік толғау болатын. Жас публицистің өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, қырандай қияда­ғыны шалатын алғырлығы, даурықпасы жоқ дара дауысы, ой-өрісінің кеңдігі, сауатының молдығы сонда-ақ қылаң берген-ді. Кейінгі кезде Жұмекең дәуір дауысына үн қосатын әбжіл журналист ретінде Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауларында жедел пікір білдіріп, мазмұнды мақалалар жазып жүр. Публицистік сарыны басым, пі­кірі байыпты бұл үнқосуларды Елбасының шашбауын көтеру деп, әсте де ойлауға болмайды. Пайымды публицист Жолдауда қоғам алдында қойылған қадау-қадау міндеттерді жұртшылық санасына сіңіре отырып, сол арқылы өзін толғандырып жүрген ұрымтал ойларын да ортаға салады. Бұрнағы жылы ол «Заман алдындағы ант» атты толғауында Жолдауды арқау ете отырып: «Қазақтың ұлттық идеясы, сөз жоқ, болуға тиіс... Қазақ халқының қазіргі ұлттық идеясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеясына негіз етіп алынса, оның өзегіне өрілсе, одан халық опық жемес еді. Қайта ол бар қазақтың санасына берік орныққан жағдайда халқымыз бүкіл қазақстандықтардың ұйымдасқан ұйытқысы болып қала берер еді» деп жазды. Тіл туралы да осындай ұтқыр пікірлер айтты. Асылы, Жұмағали Ысмағұлов – білімге де, тілге де өте бай публицист. Оның қай шығармасының да тілі жібектей есіліп, төгіліп тұрады. Сол кестелі көркем тілді ол ғылымға да ала келді. Ғылымға бірыңғай бет бұрған соңғы жиырма жылдың алғашқы жеті жылының ішінде-ақ ол кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, әлеуметтік ғылымдар бойынша академик атанса, бұл оның білімдарлық әлеуетінің ерендігі деп білген абзал. Абайдың шығармашылық мұраларын зерттеп, бастыру жөніндегі елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына да ие болды. Со­лардың бәрінде де ол публицистикалық қуатты да құнарлы тілді ғылыми тілмен біте қайнастырып жіберді. Осы арада бір досымның докторлық диссертация қорғауына қатысқаным есіме түсіп отыр. Қасиет тұтар Ғылым академиясының залында-ақ сол бір ғалымның еңбектің тілі ғылыми емес, публицистикалық тіл деп сын таққаны бар. Сонда қазақтың сан қырлы, сүбелі де сырлы тілін ала қойды бөле қы­рыққандай ғылымның, өнердің, әдебиеттің тілі деп паршалағанда не ұтамыз? Қай салада да халықтың құнарлы тілі салтанат құруы керек емес пе? – деп көп толғанғанмын. Бүгінде әл­гіндей оқымыстылар тағы да төбе көрсетсе, Жұмекеңнің «Абай: ақындық тағылымы», «Абай: даналық дәрістері» кітаптарын, Ахмет пен Міржақып жөніндегі библиография­лық очерктерін оқыңыз деп, ақыл берер едім. Сонда ғылымға қандай, өнерге қандай тіл керегін білер еді ол. Қазақта «Мың зауалдың бір сауабы бо­лады» деген қағида бар. Еңбек жолын студенттік кезден «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында бастап, рес­публиканың ең басты ақпарат орталығы – ҚазТАГ-тың директорлығына дейін өскен Жұмекеңнің 1987 жылы жазықсыз жазаға ұшырап, орнынан алынғанын біраз жұрт жақсы біледі. Құрметті демалысқа шығуына бір-ақ жыл қалғанда қызметтен нақақ кетуі оның өзіне қатты батқаны, әлбетте, сөзсіз. Сол кезде қабырғасы қайысып, қатты қиналға­ны да шын. Бір қызығы, соған өз басым тілеу­лес інісі ретінде қазір қуанамын. Қызметі­нен босамай, қадір-құрметімен жасына қарай демалысқа шықса ғой, бүгінде Жұмекең көп зейнеткердің бірі болып, одан асса, тағы да төрт-бес роман аударып, жазу үстелінен тапжылмайтын қатардағы қаламгер ғана болып қалар ма еді, қайтер еді? Бірақ ол өз бойынан қысастыққа қарсы қажыр-қайрат тауып, ғылымға басымен сүңгіп кетті де, аз жылда академик ғалым, профессор боп шыға келді. Бұл өзі – бір сирек кездесетін құбылыс. Баяғыда колхоз басқарып тұрып орталық малын қырып алып, жауапқа тартылатын болған соң Ғарифолла Құрманғалиев ағамыз Жайық бойынан Алматыға тайып тұрып, табиғи өнерімен қайта қауышып, әйдік әртіс болып кеткен екен. Сол сияқты ұлы сазгер Мұқан Төлебаев соғыстан оралған соң ауылда бухгалтер болып мойнына ақша мінгізіп алып, Алматыдан бір-ақ шығып, консерваторияға түскен ғой. Жұмекеңнің тағдыры да сондай ілуде бір кездесетін құбылыс және ерлікке бара-бар жанкештілік. Алшаң басып, арамызда жүре берсе, әлі де талай іс тындырар еді. Алайда тағдырға не шара! Ғабит пен Сәбит, Ілияс пен Бәйкен сияқты бекзат ағалар­мен дәмдес-тұздас, сыйлас-сырлас болған жақ­сылардың көзіндей, қайран Жұмекең-ай! Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

3832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы