• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

ҒИБРАТТЫ ЖЫЛДАР

Бұрын сырттай білетін Түлкібай ­Сапаровты тереңірек танып-білгелі он жылға жуықтапты.Тұңғыш Президент  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен облыстарда және республикалық мәртебесі бар қалаларда «Қоғамдық келісім» деп аталатын коммуналдық-мемлекеттік мекемелер шаңырақ көтерді.Әлем мемлекеттері арасында алғаш рет құрылған  Қазақстан  халқы Ассамблеясының  құрамындағы жаңа  мекеме мақсаты – ел тыныштығын нығайтуға,  ұлттар мен ұлыстар арасында ынтымақ пен бірлікке сызат түсірмей тәуелсіз еліміздің  мәртебесін  биіктетуге ықпал ету. Осындай ауқымды міндетті жүзеге асыруға өз  ұлтымыздан шыққан, көрген-түйгені мол, замана ағысын  түсіне білетін мамандар қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Киелі Ойыл өңірінің тумасы, біздің кейіпкеріміз бұл талаптарға  лайық болып шықты. Кезінде «Ойыл» кеңшарында зоотехник, ферма басқарушысы  қызметтерін атқарып, небәрі  қырық алты жасында  бақилық болған Тыныштың соңындағы  бес  баланың үлкені Түлкібай анасы Ақмейізге серік болып, еңбекке  ерте араласады. Кеңшарда  автокөлік  жүргізушісі болған ол  Кеңес  Армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп, елге оралады. Табиғатынан жігерлі анасының: «Қарағым, біз ел ішіндеміз ғой, қарайып қаларсың, оқып ал»  деген сөзімен  Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетінде  оқуға  талап қылады. Ниеті періштенің құлағына шалынғаны ғой, жоғары білімді мұғалім дипломымен туған ауданындағы Ақшатау сегізжылдық мектебінде еңбек жолын бастайды. Ары қарай абзал кәсіп – ұстаздыққа арналған ұзақ жылдар. Оның ішінде жиырма  жылы Саға орта мектебінде, кейін аудан орталығындағы Н.К.Крупская  атындағы (қазіргі Қ. Жүсібәлиев атындағы – Ж.Қ ) қазақ орта мектебінде  директор қызметіне арналған. Арасында селолық  кәсіптік-техникалық училищеде  комсомол  комитетінің  хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің аппаратында нұсқаушы болып жұмыс істегені және бар.
Қызмет барысында, күнделікті тірлікте Түлкібай Тынышұлымен жиі кездесіп, сырласамыз. Сонда оның қимыл-қозғалысынан, әңгімесінен  кеңестік  дәуір идеологиясымен шыңдалған,  әдептен озбай сақтықпен  сөйлейтін мұғалім сипатын көріп, сүйсінеміз. Өзі жайлы айтуға сараң, көбіне-көп замандастарының  көмек-қолқабысын, шәкірттерінің ілтипатын сөз етеді.
 «Аманкелді» кеңшарының  орталығында Саға орта  мектебін басқарған сегіз жылында  кеңшар директоры марқұм Мырзағұл Балуаниязов білім ордасының материалдық-техникасын базасын нығайтуға  айтарлықтай жәрдем көрсеткен. Кеңшар меншігінен мектептің шаруашылық мақсатына «ГАЗ-52» автокөлігін,  оқушылардың оқып-үйренуі үшін «ДТ-75» тракторы мен «СК-4» комбайнын бөлгізді. Ақтөбедегі «Металллобытремонт» мекемесі арқылы  бес оқу кабинетін жөндеуден өткізіп, қажетті жабдықтар алып берген.
Шаруашылықтағы  басшы азаматтармен тіл табысып, педагогикалық ұжымды ортақ міндеттерге жұмылдыра білген директор Т.Сапаров Крупская  атындағы орта мектеп директоры қызметіне ауыс­тырылды. Кеңес Одағының кенеуі кете бастаған шақ, көп ұзамай Қазақстанның  Тәуелсіздігі жарияланды. Бұрынғы экономикалық байланыстар ыдырады, әсіресе  әлеуметтік  сала мекемелері  үлкен қиындықтарға душар болды. Қаржы тапшылығы айқын сезілді. Орталық жылыту қазандықтары отынның жетіспеуінен  жиі істен шығады. Түлкібай Тынышұлы мектептегі оқу-тәрбие процесінің жүйелі қызметіне   жауапкершілігін  босаңсытпай  жылыту қазандығына қажетті мазут тасымалының басы-қасында  өзі жүрді. Сонда Шұбарқұдық, Кеңкияқ кенттеріндегі, Қарауылкелді ауылындағы азаматтардың өтінішке құлақ асып, қол бергенін жыр қылып айтады. «Жақсымай» кәсіпшілігінде  №6 автокөлік колоннасын басқарған Ұзақбай деген азамат мазутты кідіріссіз жеткізуіме  көлік жағынан  көмектесіп еді» дейді ол.
Кәсібін құлай сүйген мұғалім үшін  ең жоғары мәртебе – шәкіртінің алғысы. Саға  орта мектебінде оқыған Қайрат Алтымов кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында оқып, тамамдаған соң Ойыл ауданының Ш.Берсиев ауылдық округінде  аурухана дәрігері  болып,  еңбек етеді. Мінсіз қызметі үшін  мемлекеттік марапат  алғанда ұстазы ретінде Түлкібай Тынышұлы  құттықтамай ма,  сонда әлгі  азамат  оқушы қызын ертіп әкеліп таныстырып: «Ағай,  бұл медальда сіздің де үлесіңіз бар» депті. Екінші мысал –  Крупская  орта мектебінде оқып, бітіргеніне  жиырма жыл толған түлектер Ақтөбе қаласындағы мәдени-сауықтыру кешендерінің бірінде кездесу кешін өткізіпті. Атырау қаласынан келген  шәкірті Гүлжаһан Көбенова  ризашылық сезімін «Әрбір  мұғалім Түлкібай ағайдай болып, оқушының  жүрегіне жол тапқанын қалаймын, мектеп директоры  бола жүріп, тарих пәнінен терең білім берді» деп жеткізген.
Айта кету керек, Сапаров басқарған тұста Ойыл қазақ орта мектебі облыс  бойынша көзге түскен үш орта мектеп санатында Кеңес  Одағының астанасы Мәскеу  қаласындағы №15 орта  мектептің іс-тәжірибесі  негізінде жасалған Бүкілодақтық бағдарлама бойынша жұмыс істеді.
Ойыл ауданының  әкімдігі  Т.Сапаровтың іскерлігін, адамдармен тіл табысу шеберлігін  бағалап, бастапқыда   аудандық мәдениет бөліміне, кейін ішкі саясат бөліміне жетекшілік  етуді жүктеді. Азамат бұл сындардан да  сүрінбей өтті. 
Педагогикадағы, жалпы әлеуметтік қызмет салаларындағы  ұзақ жылдар бойына  жинақталған тәжірибе  қазіргі  күнде  де  игі нәтижесін беріп келеді. Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасының тікелей қарауына  енгізілген «Қоғамдық келісім»  мекемесі он сегіз этномәдени бірлестіктер қызметін үйлестіреді, бұдан өзге «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, ­Медиация клубы сияқты  қоғамдық ұйымдар бар. Ортақ   ниет-ынтымақ пен бірілікті нығайту, мемлекет басшысының саясатын насихаттау. Түрлі мәдени-бұқаралық шаралардың басы-қасында Түлкібай Тынышұлын көріп жүрміз. Сөзі тиянақты, ойы байсалды азаматтан орыс, украин, неміс, кәріс және басқа  ұлт өкілдері  кеңес алып, пікірлесіп жатады. Ол халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамы облыстық ұйымының басқарма мүшесі ретінде де мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың алдыңғы  легінде келеді. «Қазақстан Республикасы  білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалі, еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хаты – Түлкібай Сапаровтың адал еңбегіне берілген баға.
Қызмет барысында бірге жүрген бірнеше азамат Түлкібай достың үйіне қарт ана Ақмейізге сәлем бере барғанбыз. Қашан да азамат ­шырайын шығаратын – қасындағы зайыбы. Атырауда ­институтта бірге оқып, тіл табысқан жары ­Надежда  Шамсутдинқызы   қасиетті Жайық суынан нәр алып қанаттанғанын, көргенді ортада  тәлім алғанын көрсете білді. Негізгі  мұғалімдік қызметін үзіліссіз атқара жүріп, Тыныш ақсақалдың   шаңырағын берік ұстады, ажарын кіргізді. Енесін аялап бағып, балаша мәпеледі. Ұлдары Мұрат, Қайрат Сағадат, қызы  Жазира жоғары  білім алып, шаңырақ көтерді.
Көңілденген сәтімізде Түлкібайдың есіне биылғы ақпан айында 92 жасында дүние салған анасы туралы айтып тұрып: «Әттең, сенің 70 жасқа толғаныңды көре алмай кетті-ау»  деп әзілдеп қоямыз.Бұл да – тірліктің бір қызығы. Алла бергенінен  айыра көрмесін!

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Ақтөбе 

720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы