• Тұлға
  • 16 Маусым, 2021

«ҚЫРҒЫЗ – ТАУДЫҢ ТАРПАҢЫ, ҚАЗАҚ – ҚЫРДЫҢ ҚҰЛАНЫ»

Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында Шарапат Мұқашқызы деген апамыз тұрады. Ол кісінің қырғыз қызы екенін жақындарынан басқа көп ешкім біле де бермейді. Өйткені апамыз бар болмысымен қазақ болып кеткен. Он сегіз жасында Молдақан әулетіне келін болып түскен Шарапат апа жұбайы Мұқимен қалай танысып, қалай отбасын құрғандары, одан бергі өмір жолы туралы өзі қызықты етіп баяндайды.

– Біздің айыл Тоқмақтың Шүй деген жерінде болатын. 1955 жылы біздің айылға Қытайдан қырғыздармен бірге бір топ қазақ отбасылары көшіп келді. Солардың арасында Молдақын атамның да әулеті болды. Олар жаздың аяғында келді де бізден тоқты бөліп алып, мал бақты. Сол кезде Мұқимен таныстым. Ол сол уақытта жирма үштегі жалындап тұрған жігіт болатын. Өзі көкпаршы, шалмагер, асау үйреткіш нағыз баяғының батырларындай еді. Мені әке-шешем бір қырғыз жігітіне атастырып, жарты қалың малын алып та қойған екен. Бірақ ол жуас жігіт болды да маған ұнамайтын. Анам Айша «соған барасың» деп маған күнде айтып отыратын. Әкемнің әкесі Жаңбыршы айыл атқарушысы еді. Қазіргіше айтқанда ауыл әкімі ғой. Менің анам он екі құрсақ көтерген екен. Бірақ бәрі оба, ­шешектен қайтыс болыпты да мен ғана аман қалыппын. Сондықтан ба әйтеуір ерке болып өстім. Менің сөзімді бәрі тыңдайтын. Мен сабақты да жақсы оқитынмын, биші де болдым. Айылдың айтулы қыздарының бірі едім.
Мұқи да Қытайдан келген соң аз уақытта көзге түсіп, айылдың мықты жігіттерінің бірі болды. Содан Мұқи екеуміз сөз байласқан соң құда түсіп қойған қырғыз жігіттің қалың малын апарып беріп, мені құда түсіп алды. Үйленген соң Мұқи екеуміз Бейшеке колхозының сиырын бақтық. Енем Зура қырғыз қызы екен, мені еркелетіп сіңілім дейтін. Мен кішкентай нәзік едім, сондықтан енем маған самаурынды да көтертпейтін. 1956 жылға дейін сол айылда тұрдық. Сол аралықта Қазақстаннан туыстары іздеп келіп, 1956 жылы Әбдіразақ ата барып бізді осы Сарыжазға көшіріп әкелді. Сарыжазға келген соң да қой бақтық. Ол кезде тұңғы­шым Жантелі өмірге келген болатын. 


Шарапат апамыз бен Мұқи атамыз он екі бала тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Бір кездері колхоздың малын бақса, кейін жылқышы болды. Жылқы бағып Сырт жайлауына баратын. Ол жайлауға Қырғыз мемлекетінің малшыларымен бірге Алматы облысының ­Райымбек, Кеген, Қарадала аудандарының малшылары шығатын. Мұқи атамыз малшылар тойында сол бес аймақтан барған малшылардың палуандарын жеңген жеңімпаз болған. Өзі көкпаршы, елге аты аңыз боп тараған адам еді. Атамыздың сол қасиеті ұрпақтарына дарып, барлық ұл, қызы спортшы болды. Мәселен үлкен ұлы Жантелі қазақ күресі, самбо, дзюдодан республика чемпионы болып, кезіндегі Кеңес үкіметі атынан халықаралық жарыстарға да қатысқан. Кейіннен жаттықтырушы болып, Алматы облысының жастарын республикалық жарыстарға бастап баратын. Республикалық дәрежедегі төреші де болды. Шәкірттері республикалық, халықаралық жарыстардың жеңім­паздары. Жантелі ағамыз Сарыжаз, Қарасаз, Нарынқол аудандарында әкім де болды. Зейнеткерлікке шыққалы бері ата кәсіпті жалғастырып мал шаруа­шылығымен айналысуда. Балалары мен немерелерін спорт пен ата кәсіпке тең баулуда.
Ал екінші ұлы Дүйсенбек Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында жаттықтырушы болып, ­жастарды күреске, шаңғы спортына баулып жүр. Өзі кезінде аудан, облыс асып, республикалық жарыстарға қатысқан жеңімпаз. Шәкірттері республикалық, халықаралық жарыстардың чемпиондары болып, ел намысын қорғап жүр. Өзі Райымбек ауданының құрметті азаматы. Қалған балалары Айдарбек, Жайдарбек, Сапарбек, Болаттар да кезінде аудан, облыстың жеңімпаздары болып, республикалық жарыстарға қатысқан. Бүгінде «Спорт ардагерлері» арасында доп ойнап, аудан, облыс намысын қорғап жүрген спортшылар. 
Мұқи атамыз бен Шарапат апамыз он екі бала тәрбиелеп өсіріп, олардан отыз жеті немере, жиырма бір шөбере сүйген бақытты ата-әже. Мұқи атамыздың өмірден өткеніне біраз жылдың жүзі болса, Шарапат апамыз әлі тың. Сексеннің бесеуіне келген апамыз өз келіндерінен бөлек немере келіндерін тәрбиелеп, шөберелерінің қолынан май жеген ардақты әже. ­Алматы мен ауыл арасына қатынасып, шөберелерінің тәрбиесіне атсалысады. Қырғыздардың салт-дәстүрі туралы сұрасақ: «Ой, айналайын, мен он сегіз жасымда қазақтарға келін болып, бар болмысыммен қазақ болып кеткен адаммын ғой, қырғыздардың ешқандай салтын білмеймін» дейді. Бірақ тілінде әлі де қырғыздардың мақам, сазы қалған. Оны филолог, тілшілерден басқалар байқай да бермейді. Өтініп сұрап едік қырғыздың бір шумақ әнін әрең айтты. «Оданда менен қазақтың әнін сұра» деп, қазақ әндерін шетінен шырқап тұр. Сексеннің бесеуіне келсе де есте сақтау қабілеті мықты. Өткен күндердің естелігін шежірешідей шертеді. Бар болмысымен қазақ болған апамыз қырғыздардың жағдайына да алаңдайды екен. Ол елде әлдеқандай бір жағдай болса алаңдап, уайымдап отырамын дейді. «Құдайым қазақ, қырғызды тең аман етсін» деп дұғасына қосады. Қырғыз Президенті Садыр Жапаров пен Қазақ елі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесудегі сөздерін жаттап алған. Елдің бәріне сол пікірлерді айтып отырады екен. Бізге де айтып берді. 
«Мен қазақпын, қырғыз ол — туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын» деп Садыр Жапаров Жұбан Молдағалиевтің өлеңін айтты ғой. Осы өте рас сөз. Ал Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев төмендегідей байламды пікір айтты.
«Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз — таудың тарпаңы, қазақ — қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады» деді Қазақстан Президенті. 
Осы бірлікті қазақ-қырғыз арасында жалғастырып келе жатқан екі халықтың да аналары баршылық. Солардың бірі де бірегейі Шарапат Мұқашқызы.

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

 

1087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы