• Тұлға
  • 24 Маусым, 2021

МАҢҒЫСТАУДЫҢ «ҒАРИФОЛЛАСЫ»

Біздің қазақ үшін өнердің жөні бір басқа. Өнерді тыңдау арқылы біздің халық өздеріне рухани ләззат, адами сүйіспеншілік пен махаббат, жан рақатын алып жатады, өмір сүрудегі қиындықтар мен ауыртпалықтарға жан дауасы ретінде де қабылдайтыны хақ. Өнер – таза, мөлдір тұнық бұлақ тәрізді жанға сусын болатын рухани азық. Егер өнер болмаса адам жаны қасаңдықтан азып-тозып кетер ме еді? Міне, сондықтан да әр адам өзіне өнерден рухани таяныш іздейді. Ал сол өнерді жеткізуші адамдарды халық ерекше құрметтеп жататыны да сол өнерді шексіз сүйгендіктен екені белгілі. 

Кейбір өнерпаздар өмір бойы өнер саласында қызмет еткенімен, сахнадан кеткен күні ұмытылып жатады. Ал енді бір өнерпаздар сол халықтың ортасында жүріп, сол халықпен бірге жасай береді. Ондай жандар өмірден өтсе де халық жадында сақталып, өнері қайта жаңғырып жатады. Қазақта мұндай тұлғалар Құдайға шүкір, баршылық.

Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Махамбеттерден қалған жыраулық дәстүр күні бүгінге дейін өз бұйдасын үзген жоқ. Бір ғана Маңғыстау өңірінде Абыл, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Ақтан, Аралбай, Сәттіғұл мен Сүгірлер  салған жыр көшін бүгінде ­Сабыр Адай мен Светқалилар жалғастырып келеді. Айтулы жыр жампоздарының жауһарларын бізге жеткізуші жыршылар кім дегенде, ең алдымен Мұрын жырауды, одан бері Мұрат пен Шамғұл, Жақсылық пен Рейім, Ізбасар Шыртанов, Амандық Көмеков, Жеткізген Сейітов, Мақсат Аяпов, Елдос Емілдерді айтамыз.

Сол қасиетті Маңғыстаудың ХІХ ғасырдағы Досат, Әділ, Шолтаман, Тастемір, Қайып, Жылгелді, Тұрсын, Өскенбайлар салған ән керуенін бүгінгі күнге аманаттап кеткен әншілер кім дегенде, алдымен ауызға алатын әншіміз Күріш Тасболатов. Неге жалғыз Күріш аталады? Бұл осы аймақта Күріштен басқа әнші болмады деген сөз емес. «Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмайды. Қасиетті халқымызда әнші де, өнерпаз да аз болмаған шығар-ау. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, сол халықтың құрметіне бөленетін әншілердің некен-саяқ болатындығында. Міне, сондай бақ қонып, қыдыр дарыған сирек болмысты әнші Күріш ағамыз еді.

Күріш Тасболатовтың өмір жолына көз салсақ, 1941 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында дүниеге келіп, 1960 жылы Ақтөбенің сауда техникумын, 1968 жылы Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербургтың) жоғары сауда мектебін, 1974 жылы Алматыдағы халық шаруашылығы институтының (қазіргі Басқару академиясының) экономикалық факультетін бітірген екен. Оның негізгі мамандығы экономика, сауда саласы болғандықтан, еңбек жолы да сол саламен тығыз байланыс­та болған. Соған қарамастан халық Күріш Тасболатовты әнші деп таныды, құрмет тұтып, төбесіне көтерді. Бұл өнердің құдіреті емей немене?! Ағамыз сауда саласында да нәтижесіз қызмет атқармаған болар. Бірақ халық оның қызметіне емес, өнеріне бас ұрды. Күріш Тасболатов халықты өнерімен тәнті етті. Талай жиын-тойда, жәрмеңке мен фестиваль-концерттерде елдің сүйікті әншісі су төгілмес жорғадай көмекейі бүлкілдеп әннің тиегін ағытқаны анық. Күріш ағамыздың көмейінен төгілген ән маржандары талай жанның кеудесін сырға бөлеп, талай көздің қарашығына мұң ұялатқан болар. Аспандағы аққуға үнін қосқан арқалы әншінің үніне құлақ тосқан талай кеуде жанына сая тапқан болар. Қазақ дейтін халықтың ешкімге ұқсамайтын өршіл әндерін тыңдап талай жастың рухы оянған болар. Әншілік өнерімен халқына қалтқысыз қызмет еткен оның есімі бүгінде ел аузында, әсем үні халық санасында жаңғырық боп қалды.

Күріш Тасболатов атақты Маңғыс­таудың жеті қайқысы мен сол өңірдің ғана әндерінің орындаушысы болған жоқ, ол батыс аймақтағы Мұхит пен Ғарифолла салған шалқар сазды шалқытқан шебер әнші. Оның орындауындағы екінің біріне бұйдасын ұстатпайтын Мұхиттың «Айнамкөзі» мен «Паңкөйлегінің» өзі тыңдай білген құлаққа талай сырдан хабар береді. «Айнамкөз» ән әлемінің «Эвересті». Ал арнайы музыкалық білімі жоқ ел ішіндегі әнші сол «Эвересті» қалай бағындырды? «Айнамкөздің» былай қарағанда, музыкалық құрылысы күрделі емес. Музыка тілімен айтқанда, көлемі бір жарым октавадан аспайтын әннің қиындығы неде? Бұл жөнінде біз бұған дейін де жаздық. ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен қазақ әнін классикалық шырқау биікке көтерген төре тұқымы Мұхит Мерәліұлының қай әнін алсаңыз да өзінің биік рухымен, ой тереңдігімен, сазды ерекшелігімен өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Мұхит шығармашылығын күй өнеріндегі Құрманғазымен теңестіруге болады. Құрманғазы күйлеріндегі кемерінен асып төгіліп жататын сазды әуен, өршіл рух ән өнерінде тек Мұхит шығармашылығында кездесуі кездейсоқ емес. Мұхит Құрманғазы сияқты күрескерлік жолға түспесе де, оның әндеріндегі ақпа-төкпе әуен сол заманның үні, сол дәуірдің сазы. Сол сыршыл сазды бүгінгі күнге жеткізген сұлу үнді саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевпен  қатар Күріш Тасболатовтың орындауындағы «Айнамкөз» ерке назымен ел құлағында қалды. Ол батыс әндерін орындағанда ешкімді қайталаған жоқ. Орындаушылығымен соны із салып, әншілікте өз жолын қалыптастырды.

Біз шәкірттерімізге әнді үйрету барысында әуендік құрылысымен бірге, мәтіндегі ой орамдарын қалай жеткізуді, әнді айтқан кезде демді қалай алу керек, ауызды қалай ашу, дыбысты таңдайға салу, оны қалай ұшыру керектігіне дейін үйретеміз. Ән иірімдерін алу, төменгі дыбыстан жоғарғы нотаға көшкен кездегі ән кульминациясына дыбысты қадау, одан қайта төменге қарай құлдилау, ән бунақтарындағы толқындар мен иірім-қайырымдар, әндегі соңғы дем, мұның бәріне орындаушылық шеберлікпен қатар тыңдаушының жүрегіне жол таба білетін әсем үн мен ой тереңдігі керек. Құлаққа жағымды әсем үні бар әншінің ой тереңдігі таяз болса діттеген мақсатына жете алмайды. Сол сияқты, терең ойлы, сезімге бай әншіде құлаққа жағымды үні болмаса халық жүрегінен орын ала қоюы да неғайбыл. Менің пікірімде, табиғат сыйлаған әсем дауыс­пен қатар ой-өрісі кең, биік парасатты әнші ғана халық жүрегінен орын ала алады. Сондай табиғи талант иесі, биік парасатты, тұлғалы әнші Күріш ­Тасболатов ағамыз еді.

Әншінің халық жүрегінен орын алудағы ең басты қасиеттерінің бірі табиғи талантымен қоса, адами болмысы мен биік адамгершілік қасиетінде жатады. Бір жылы мен өнер сапарымен Маңғыстауға бардым. Алматыдан таңертең ұшатын ұшағымыз ауа райының қолайсыздығына байланысты кешке қарай бір-ақ ұшып, кешкі 7-де Ақтау аэропортына қонды. Айнала көк мұз, қатты аяз. Мені аэропорттан Күріш ағаның өзі күтіп алды. Бір сағаттай жүріп, театрға зорға жеттік. Халық мұз боп қалған, сонда да кетпей күтіп отыр. Менің концертімді ұйымдастырған Маңғыстау телевидениесінің қызметкерлері кешігіп жатқаныма қатты алаңдапты, «Халықтың көзіне түсуге қорқып жүрміз. Кейде есіктен өтіп бара жатқанымызды көріп қалса, ақ жаулықты әжелеріміз: «Әй, келді ме, әлгі қыз?» деп сұрайды. Біз: «Иә, иә келе жатыр, келіп қалды» деп жанұшырып жүрміз» дейді. Суық залда тоңғандарына қарамай, «Сәуленің өнерін көреміз» деп кетпей, бір сағат бойы күтіп отырған халықтың алдында басымды жерге жеткенше иіп, тікемнен тік тұрып екі сағат ән салдым. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын осындай қасиетті елдің алдында қалай басыңды имейсің?! Қалайша садағасы болып кетпейсің?! Міне, осындай тыңдаушысы бар Күріш аға қалай құрметке ие болмайды?! Үлкен басын кішірейтіп, «жас та болса өнерін ел сыйлаған қызымыз келе жатыр ғой» деп, халықпен арамызда алтын көпір болып, адами биік қасиетімен өнерге қызмет еткен ағамыздың алтын жүзін қалайша ұмытайық?! Ондай адам ұмытылмақ емес. Ол жай әнші емес, есімі алтын әріппен жазылатын өнер майталманы, өнер жанашыры.

Жүрегінде иманы бар адамның нұры бетінде тұрады. Ол әрдайым айналасына мейірім шуағын төгіп жүреді, ар-ожданын бәрінен жоғары қояды. Иманы биік, жүзінен шуақ төгіліп тұратын адамды халық бірден таниды. Ондай әншіден халық мейірімін, құрметін аямайды. Осындай тамаша қасиеттерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген әнші Күріш Тасболатовтың есімі ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Ол орындаған Қайыптың «Ақбөбегі» мен «Жадаукөгі» Тастемірдің «Маңғыстауы», Досаттың «Ырғамасы», Шолтаманның «Талкемесі» қазақ тұрғанша тұратын мәңгілік мұралар. Сол мұралармен қатар Күріш Тасболатовтың есімі де бірге аталары сөзсіз. Себебі ол Маңғыстау әндерінің асқан шебер орындаушысы болуымен өзінен кейінгі әншілерге үлгі қалдырған әйгілі әнші, ұлағатты ұстаз.

Ол тума таланттығының арқасында әнді нотамен емес, жанымен сезініп орындайды. Соның нәтижесінде өзінің әншілік мектебін қалыптастырды. Қазақтың батыс аймағындағы әндерді үйренетін әрбір жас өзіне Ғарифолла Құрманғалиевтің орындаушылығын қалай үлгі етсе, Маңғыстау әндерін үйренуші жас талапкерлер Күріш ­Тас­болатовтың орындаушылық үлгісін, дауыс иірімдері мен домбыра қағыстарын айнытпай алуға талпынады. Бүгінде Маңғыстау әндерін шырқайтын жастар желкілдеп өсіп келеді. Бұл күміс көмей әнші Күріш Тасболатов салған әншіліктегі сара жол. Ол өзіне дейінгі ән маржандарын кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен бақытты әнші еді.

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, 

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық консерваториясы

Халық әні кафедрасының доценті,

филология ғылымының кандидаты,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы