• Тіл
  • 21 Қазан, 2021

БАЛАҒА ТІЛ ҮЙРЕТІП КЕРЕГІ ЖОҚ, ТІЛІН ШЫҒАРУ КЕРЕК

Тіл – мемлекеттің төлқұжаты. Атынан-ақ  қандай ұлттың мемлекеті екенін бірден аңғарамыз. Қазақстан – қазақ елі бола тұра, мемлекеттік тіл – қазақ тілі бола тұра, бөтен тілде дес бермейтін өзіміздің бауырларымыз баршылық. 
Тілі жаңа шығып келе жатқан балалардың бөтен тілде сөйлегендері қинайды.  Санасында, тегінде қазақ сөздері жазылып туатын баланың санасын оятып, тілін шығаратын  сол баланың анасы немесе әжесі, баламен отыратын солар. 

Балаға тіл үйретіп керегі жоқ, тілін шығару керек. Ал сол баланы зорлап орысша үйретуге тырыссаңыз, оның санасында конфликт пайда болады. Санасы қарсыласады. Тілі кеш шығады, тіпті бала ауруға шалдығады. Қазіргі заманда балалардың аутизмге шалдығуы жиі кездеседі. Баланың психикасы тоқырап, 3-4 жаста сөйлеуден қалады. Сондықтан біз бәріміз ата-әжеміз, нәресте туғаннан бастап онымен қазақша сөйлесіп, әлдилеп, есі кіре бастағаннан оның қазақ ұлтының баласы екенін, ана тілі – қазақ тілі екенін барынша түсіндірсек, бөтен тілде сөйлемес еді. Өз тәжірибеммен бөлісіп жатырмын, бес немереме алдымен қазақ екенін ұғындырдым және біздің елде басқа ұлттар да тұратынын, олардың өз тілдері барын түсіндірдім. Бір қызығы, олардың санасы қарсыласпады, бір сөз айтсам тез қағып алатын болды. Сөздердің туғанда санада болатынына күмәнім жоқ. Балабақшада да, мектепте де қиындық көрмеді. Өзімнің ұстаз әпкем: «Сен қалай үйретесің?» деп таңданатын.

Қазақ «Баланы – жастан, қатынды – бастан» деген, егер балаға басынан алғашқы сөздерін қазақша айтқызбасаң, кейін айтпай қояды. Өйткені сіз оны балабақшаға бергеннен кейін бақылай алмайсыз. Ар жағы белгілі, тәрбиешілер сіздің балаңыз біле қойсын демейді. Мектепте де әр баланы қадағалай алмайды. Сондықтан баланың өз тілін білуі тек ата-ана мен ата-әжелеріне тура байланысты. Балаға шын жаны ашитын солар.

Отыз жылда жеткен «жетістігіміз» – орыс тілінде сөйлеу болғаны ма? Айналайын, замандастарым, біз ұлы халықпыз. Сонау біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген грек ақыны Гомер өзінің «Илиада» поэмасында сақтар туралы «Бие сүтін ішетін, өте әділетті жауынгер-көшпелілер» деп жазды. Сақтар біздің ата тегіміз. Сақтардан қазақ болып қалыптасқалы да неше ғасыр өтті, тарихымыз төрт мың жыл деп жазады. Қазақ өз тілін, кең-байтақ жерін батырлығы­мен, батылдығымен, жауынгерлік биік рухымен неше түрлі шапқыншылықтардан аман алып қалған. Біз сол батыр бабалардың ұрпағымыз. Олардың өз ұрпақтарына мирас еткен жерінде қазақ елі құрылған. Біздің тіліміз – Қазақ тілі. Біз өз Отанымызда, өз жерімізде, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеуге міндеттіміз.

Қай уақытта болсын филолог-ғалымдар қазақ тілінің өте бай, ауқымды тіл екенін жазған. Қазақта шешендік өнер керемет дамыған. Сол өнерімізді жоғалттық деуге негіз бар. Өйткені халық алдында көсіліп сөйлеуге тиіс үкімет адамдары, депутаттар, лауазым иелері екі сөздің басын құрай алмайды. Қазақ дауды да, жауды да сөзбен жеңе білген. «Сол қазақтың кейінгі ұрпағы өз тілінен жеритіндей не болды?» деп, ойға қаламын.

Қазақ ұлтын анықтайтын бір ғана асыл құндылық – қазақ тілі.  Қазақ тілінсіз ұлт та, мемлекет те болмайды. Жойылып кеткен кейбір Сібір халықтарының аяғын құшуымыз әбден мүмкін. Орыс идеясы саналарын улап тастағаны соншалық, 70-80 жастағы кейбір қарт қазақтардың өзі бөтен тілде сөйлеуге тырысып жатады. Өздерінің қазақ екенін ұмытып, орыс тіліне мұнша тәуелді болуларына таңғалмасқа болмайды.

Басқа ұлттың тәжрибесіне сүйенсек, Жапонияда балаларды бесінші сыныпқа дейін тек өз тілінде оқытады, өз мәдениетін ғана үйретеді. Жапондықтарды ақымақ деп ойламаймын. Егер мемлекеттік тілдің басқа тілден айырмашылығы жоқ болса, балалар ұлт құндылығын қайдан білмек?

Солтүстік Қазақстанда орыс мектептер отыз жыл бұрын қанша болса, әлі де сонша. Азаймай отырған себебі, қазақтар балаларын орысша оқытуда. Қазақ балалары өз тілінде оқымай қазақ бола алмаймыз. Бөтен тілде білім алған балалар қалған ғұмырында сол тілге тәуелді болып, сол тілге қызмет етеді. Олар өз халқының өгей балалары болып қалады. Өз тілін білмейтін балаң өзіңе жат, анасын баласы, баласын анасы түсінбейтін болады. Сондай болмас үшін баланы бесіктен қазақша тәрбиелейік. Артынан өкінбейік. Орыс балабақшасы, мектебі Ресей идеяларын таратушы мекемелер. Олар ешқашан қазақтың балаларына қазақша тәрбие бермейді.

Біз ұл-қызымызды «Мен Қазақстанның ұлымын, қызымын!»  деп кеуде керіп мақтанатындай етіп тәрбиелемесек, ертең ел тізгінін ұстайтын адам болмайды. Балалар орысқа, батысқа, қытайға, арабқа еліктеп жатыр. Қазаққа тән мінез-құлық жоқ. Жүрген жүрісі, тұрған тұрысына қарасаң, өзгеше ұрпақ өсіп келеді. Қыздарымыздың көбі шетелде білім алғандар, өз тілін, мәдениетін білмейді, ағылшын немесе неміс тілін білсе болды, кете береді. Кейбір ата-ана мақтан көреді. Ұлтымызды сақтағымыз келсе, қызымызға ие болуымыз керек. Қыз – ертеңгі ана.

Ақын Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған. Қазақты патшалы Ресей де, қызылдар да құрта алмады. Енді өлсек, тірілмейміз. Соны түсіну керек.

Мемлекетімізде ұлттық мүдде: тіл, жер, жерүсті, жерасты байлығы көздің қарашығындай сақталып, келесі ұрпаққа аманат етілсе екен деймін. Қазақ тілі – халқымыздың жаны. Жаны шыққан адам тірілмейтіні тәрізді, тілден айырылсақ – ұлт құриды, мемлекет – құлайды. Ұлтымыздың, еліміздің мәңгі жасауына әр қазақ жауапты. Тілімізді ардақтап, қадірлей білейік. Өз тілімізде сөйлеп, өз тілімізде тіршілік жасайық!

Марал ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ

2146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы