• Тіл
  • 04 Қараша, 2021

«БІЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙМІЗ?»

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада радиожурналист, Ақпарат саласының үздігі, «Қазақ радиолары»  қызметкері Оңғар Құралдың «Біз қалай сөйлейміз?» атты кітабының тұсауы кесілді. 
Қазақ радиосында 2002-2005 жылдары журналистің осы аттас авторлық бағдарламасы эфирге шыққан. Ал бүгінгі жинақта аудиохабарлардың мәтіндік нұсқасында тіл тазалығы, дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу,  терминдер мен ұғымдардың аудармасы туралы сөз болады. Аудиохабардың жинақ болып шығуын автордың өзі қажырлы еңбекті талап еткенін атап өтті.

«Менің радиодағы осы «Біз қалай сөйлейміз?» атты хабарым қоғамда резонанс турдырды. Мұның идеясын ұсынған белгілі жазушы, Қазақ радиосының 2002-2006 жылдардағы редакторы Жұмабай Шаштайұлы ағамыз болатын. Хабар әр бейсенбі күні сағат 11:15-те шығатын. Сол кезде бізге көптеген хаттар келетін. Көліктегілер көлігін тоқтатып қойып тыңдаса, оқытушылар аудиторияда радионы қосып студенттермен бірге тыңдаймыз деген хаттар алатынбыз. Енді осы аудиохабарлар архивке өткізгенімізбен, ауада қалады. Ал қағаз жүзінде көп оқырманның көз қуанышы болатынына сенімдіміз. Бір айта кетерлігі, Әбдуәлі Қайдар, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздық, Сәкен Жүнісов, Оразақын Асқар, Сәкен Иманасов, Сабыржан Шүкірұлы сияқты хабарға қатысқан бірқатар авторларымыз бұл күнде дүниеден өтіп кетсе де, олардың бағдарлама барысында айтып кеткен ойлары, дәйекті тұжырымдары әлі күнге  өз құндылығын жойған жоқ», – деді автор Оңғар Құрал.

Биыл қазақтың рухани тірегі, ұлттың үні Қазақ радиосына  100 жыл толып отыр. Қарашаңырақ Қазақ радиосының І ғасырлық мерейтойы аясында ұзақ жылдар бойы осы мекемеде қызмет атқарып келе жатқан журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Оңғар Құралдың аталған кітабы тамаша тарту болды. 2000 жылдардың басында шыққан хабарда айтылған салиқалы ойлар мен дәйекті пікірлер әлі де өз құндылығын жойған жоқ. Бұл туралы академик Дариға Тұранқұлова тұсаукесер жиында өз ойымен бөлісті.

«Қазіргі жастар жалқаулықтан, толық сөйлеуге ерініп, қазақ тілінің қаймағын бұза бастағаны ащы да болса шындық. «–Тұрық, -тырқ» сияқты түсініксіз тіркестермен сөйлей бастады. Мысалы, «бара жатырқ», «келе жатық», «айтыбатыр» сияқты паразит сөздермен сөйлейді. Экран алдында сөйлейтін тележүргізушілердің өзі эфир тілінің мәдениетін білмейтін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі кітаптың мазмұны да, құны да бөлек деп білемін. Бүгін осы залға жиналған 50-60 адам дұрыс сөйлей бастаса, өзгелерге де ақырындап жетеді деп ойлаймыз. Өзімізден бастағанымыз жөн. Мен студенттерімнен де дұрыстап сөйлеуді, толық амандасуды, ашық әрі анық сөйлеуді талап етемін. Бұл біздің қоғамның дертіне айналғалы қашан... Тек оны түзеу бәріміздің міндетіміз», – деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова.

Жиында арнайы сөйлеген Жұмабай Шаштайұлы мен Байынқол Қалиев авторға оң бағасын беріп, «Біз қалай сөйлеймізді?» күн тәртібінен түсірмеген жөн екенін атап өтті. Ал Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев министрдің құттықтау хатын оқып, авторға шапан жапты. Сонымен қатар филология ғылымының докторы аталған басылымға ғылыми талдау жасап, ғылыми бағасын да берді. Кітап жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына, оқытушылар мен мұғалімдерге, әсіресе қолына қалам ұстаған журналистер қауымына аса қажетті көмекші құрал болмақ. Сонымен қатар бұл еңбек тіл тағдырына бейжай қарамайтын, ана тілін ардақ тұтатын және сауатты сөйлеуге ұмтылып, өз тілін түзегісі келетін жалпы оқырман қауымға арналады.

Айта кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында жарық көрген «Біз қалай сөйлейміз?» атты кітаптың шығуына көмек берген, кезінде Қазақ радиосының бас директоры болған Ғалымжан Мелдеш.

– Алғашқы кітап әзірге 2000 данамен шықты. Көп хабар, көп дүние сыймай қалды. Сондықтан егер демеуші табылып жатса, бұл кітаптың жалғасын шығаруды мақсат етіп отырмын», – деді автор.

1785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы