• Тіл
  • 11 Қараша, 2021

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ТІЛІ ОРЫС ТІЛІ МЕ?

Нұр-Сұлтан қаласы саяси, инвес­тициялық, саулет құрылысы, әлеуметтік, мәдени және т.б. әртүрлі иннова­ция­лардың орталығына айналғандықтан, әрбір қазақстан­дық дербес мақсатын жүзеге асыруда осы қалаға арман қуып көшіп келуде. Мен де сегіз жыл бұрын астанамызға көшіп келгендердің бірімін. Кезінде мектепте орыс тілінде білім алып, кейіннен ЖОО-да білім алуды қазақ тілінде жалғастырып, біраз жыл бойы өз мамандығым бойынша Қарағанды қаласында мемлекеттік тілде сабақ беретін пән оқытушысы қызметін атқардым. Ғылыми атақ алғаннан кейін еліміздің дамуына бір серпін қосу мақсатында ат басын астанамызға бұрдым. Бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгелі бері мұнда тілдің қолданылуына байланысты қалыптасқан келесі жағдайды байқадым.

Мемлекеттік қызметкерлердің «жұмыс тілі» де және «әңгімелесу тілі» де орыс тілі болып отыр. Өйткені заң шығару процесі міндетті түрде орыс тілінде жүр­гізіледі, ал қазақ тілі ілеспе аударма тілі болып қалуда. Заң жаза білетін «қауым» көпшілігі мемлекеттік тілге шорқақ, не ондай мамандар орыс тілін жетік білмегендіктен жұмысқа тұра алмайды, не астанада жұмыс істеуге қызығушылығы жоқ. Сонымен қатар ауылда өскен, не оңтүстіктен не Батыс Қазақстаннан Нұр-Сұлтанға көшіп келген қазақша «судай» сөй­лейтін бауырларымыз да сол қазақшаға шорқақ қыз­мет­кер­лерге ілесіп, көпшілік ыр­ға­ғымен ана тілін ұмытып, орысша сөйлеуге тырысып бағады.

Мемле­кет­тік тілді іс-жүргізуге енгізу ­жоспарын тек Батыс және Оңтүстік, яғни байырғы заман­нан ха­лықтың көп­­ші­лігін ­қа­зақ ұлты ­құ­райтын өңір­­лер ғана жү­зеге асырады деуге болады. Ал Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан және Солтүстік облыстарында осы күнге дейін іс жүргізу құ­жаттамасы орыс тілінде жүр­гізілуде.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері іргелі реформалар жүргі­зіліп, мемлекеттік қызметке үміткерлердің қызметке тұру барысында қазақ тілінен тест тапсыру міндеті жүктелгені белгілі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Нұр-Сұлтан қаласы ­бойынша департаменті басшы­сының орынбасары Роман Ким­нің айтуынша, «Заңнама және мемлекеттік тіл бойынша үміткердің білімін тексеретін тест тапсырылады, алайда бағалау кезінде «қазақ тілі ­бойынша тест нәтижесі ескерілмейді, яғни балл қойылмайды. Қол­да­ныс­тағы заңнамада бұл көр­сетілмеген». Белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптер мен мамандықтардың, сондай-ақ лауазымдардың тізбесіне сәйкес белгілі бір мамандықтар бойынша үміткерлерден ғана мемлекеттік тіл бойынша тест нәтижесінен жоғары балл алуы талап етіледі екен.

Өз Отанына, ұлтына сүйіс­пеншілік ана сүтімен берілетінін, бала кезден басталатынын білеміз. «Ана тілі» деп қазақ бекерге айтпаған, қазіргі таңдағы ана­ларымыз үйде балаларының тілі шыққан кезден бастап оларға орысша сөйлесе, әрине, қазақ баласына қазақ тілінен гөрі орыс тілі жақын болып көрінері анық.

Бәрінен таңғаларлығы, балаларымызды қазақ сыныбына беріп, үйде олармен қазақша әңгімелессек те, балаларымыз тек орысша сөйлегенді әдетке айналдыруда, себебі сыныпастарының көпшілігі орысша сөйлейді.

Сонымен қатар үлкен қала­ларда, әсіресе астанамызда байқағаным, орыс тілін білмесең, сенің жұмысқа тұруың қиындық туғызады, ақиқаты «қара» ­жұ­мысшы ғана болып жұмыс істей аласың деген сөз. Мысалы, мем­лекеттік қызметте іс-жүргізу орыс тілінде болғандықтан, міндетті түрде орыс тілін еркін меңгеру керек, әсіресе заң алғашында орыс тілінде әзірленіп, кейіннен ғана қазақ тілінде аударылатынын ескерсек. Мемлекеттік қызметтен бөлек жеке секторда жұмыс істеу барысында да орыс тілін жетік білу талап етіледі. Өйт­кені тұ­тыну­шы­ның көпшілік бөлігі орыс тілінде сөй­лей­тіндіктен, оларға сол тілде коммуникация жасау керек. Ауылдан, оңтүстік өңірлерінен жұмыс іздеп келген қаншама азаматтар орыс тілін білмегендіктен өз мамандығына лайық жұмыс таппауда.

Әрине, орыс сыныбын бітір­гендерге ойын орыс тілінде жеткізу, орыс менталитетінде ойлау тән құбылыс. Олардың ішінде орыстілді мектепті тәмамдаған менде бармын, алайда тек орыс тілін ғана емес, қазақ тілін де қатар еркін меңгеріп жүрген абзал деп ойлаймын. Қаншама шетелден келген, не Ресейден келген басқа ұлт өкілдерінің өзі бір жылда қазақ тілін меңгеріп ғана қоймай, қазақ тілін үйренуден әдістемелік құрал шығарып жатқан мысалдар бар. Қазақ тілін үйренемін деген қандастарымыз мемлекеттік тілді үйретудің әдістемелік құралдарының нашар сапасына, қазақша еркін сөйлейтін азаматтарымыз тіл үйренуде қолдау көрсетудің орнына дұрыс айта алмаған сөз­дерін келемеждеуіне шағым айтуда. Осыған орай қазақ тілін үй­рететін сапалы құралдарды шығаруды және қазақ тілін еркін меңгерген қазақтардың білмеген адамдарға тілді үйретуді мақсатқа айналдыруды көздеу қажет деп ойлаймын.

Ләззат ТҰРҒАНБАЕВА,

Заңнама және құқықтық

ақпарат институты

Лингвистика орталығының аға ғылыми қызметкері

1641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы