• Тіл
  • 11 Қараша, 2021

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АУЫЛҒА ЖІБЕРУ КЕРЕК»

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Әлемде қазір тіл үшін күрес жүріп жатыр. Тілді сақтап қалу өміріңді сақтап қалумен тең.  Тілі жоқ ел – өлі ел. Басқалай айтуға болмас. Тіл неден жойылады, неден жұтылады? Тәуелсіз ел бола тұрып, өзге тілде сөйлеуден. Бұл – бір. Екіншіден,  отарлықта болған  ел жалтақ келеді. Мұны неге айтып отырмыз? Халқының демографиялық саны өсіп немесе қуатты экономика мен технологияның арқасында басымдыққа ие болған елдің тілі де қарқынды дамиды. Ең қиын нәрсе ана тілің бола тұрып, жойылып кетуінен асқан трагедия жоқ. 

Тарихтан белгілі, талай ұлт жойылды. Отар­лық езгіден, территориясын, тілін сақтай алмағандықтан. Мұның бәрі де «өз тілінде сөй­лемеген, сөйлей алмаған, нақтырақ айтқанда, өзгенің тарихы мен тілін бойына сіңіріп, «бөгде ұлт» болып кеткендіктен» деп жорамал айтуға болады.

Тарихтың өзі дерек пен дәйектен тұрады. Тіл өлсе, онымен бірге ұлт та жоғалады. 1995 жылы әлемдегі касаба тілінде сөйлейтін жалғыз адам өлді. Камерун елінде орын алған бұл оқиғаны бүкіл әлемдік БАҚ жазды. Бұл – үлкен трагедия. Ғарыш жылдамдығымен дамып бара жатқан ғаламдық құбылыс әлсіз ұлтты жұтып қояды.

Адам өмір сүру үшін ғұмыр кешер. Бірақ тіліңді сақтап қала алмаудан асқан трагедия жоқ. Ғалымдар соңғы 10-15 жылда мына бір мәселеге назар аударып, дабыл қағып жатыр. Қазір әр екі апта сайын әлемде бір тіл өледі. «Африкада 1400 тілдің 600-ге жуығы жоғалып кету алдында тұр» дейді дереккөз. Ең қарқынды дамып келе жатқан қытай тілінің басымдығының салдарынан Тайваньда 23 тіл жойылып кеткен. Тарих мұндай мысалдарды жүздеп келтіреді. Мамандардың хабарлауына қарағанда, 2100 жылға дейін әлемде 3500-дей тіл қолданыстан шығатын көрінеді. Тіл өмір сүрудің, қызметтік сервистің немесе қарым-қатынастың құралына айналмаған жерде осындай трагедиялық оқиға орын алып жатады. Қазір әлемде тіл үшін жанталас жүріп жатыр. Өткен ғасырдың басында Австралия құрлығында 400-дей тіл болса, қазір оның 25-і ғана қалған деседі. Сондықтан өз ана тіліңнің басымдығын көрсеткің келсе, өз тіліңде сөйлегеннен басқа абзалы жоқ.

Қазір қарқынды дамып келе жатқан тілдер бар. Халқының саны 100 миллионнан асқан, экономикасы да дамыған елдің тілі де, ұлты да өлмейді. Өмір сүреді. Тілдік қуаты артады. Мамандар бұл ретте әлемде 100 миллионнан артық қолданушысы бар сегіз елді мысалға келтіреді. Олар – испан, қытай, ағылшын, бенгал, хинди, португал, жапон және орыс тілдері. Тіл мамандарының дерегіне қарағанда, аталған сегіз тілде 2 миллиард 500 миллионға жуық адам сөйлейді екен. Гегемондығы ­басым бұл тілдер ешқашан да өлмейді. Дамиды. Тіпті аталған елдердің қанатының астындағы басқа тілдер жойылып, жұтылып кетуі де бек мүмкін. Тарихтан мысал көп. Ұсақ тілдер осылай ұмытыла береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын тіл лингвистерінің назарын аударарлық мынандай бір қызықты дерек жарияланды. Әлем елдерінде ең көп тараған 100 тіл бар екен. Ағылшын, испан, қытай, хинди, француз, араб, испан, орыс, португал, индонезия, жапон тілдері әлемдегі халық ең көп сөйлейтін және көп тараған тілдердің қатарына енген.

Жетістік пе, жетістік! Ұлттың дамуы үшін, ең алдымен, халықтың демографиялық өсімі керек, екіншіден, мемлекет, билік жағдай жасауы керек. Үшіншіден, ұлт та ұтылар жерін білуі керек. Нақты айтқанда, мемлекеттің тілдің мәртебесінің көтерілуіне өзіміз де ықпал етіп, мүдделі болуымыз қажет. Ең бастысы, тілдік саясаттың орындалғаны абзал. Ашық, айқын, басқа этностардың тіліне кедергі жасамайтындай жағдай ­жасалуы қажет.

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесінің кеңеюін құптайтын, қазақ тілінде сөйлейтін өзге этнос өкілдері жетерлік. Бұған қуанамыз. Өйткені қазақ тілінің жыл сайын қарқын алып келе жатқанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазақтай болып кеткен Ирина Тен, Геннадий Шиповских, Виктория ­Трегубова, Майя Веронская, Максим Споткай, ­Асылы ­Осман, Оксана ­Лоскунова, Наталья Дементьева, Анна Данченко, ­Максим ­Рожин, Владислав Тен, Ирина Токматуллина, ­Владимир ­Шепель, Татьяна Бурмистрова, Оксана Петерс және тағы басқалар мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына әсер етіп отыр десек, артық айтқандық емес. Сондықтан еліміздегі өзге этнос өкілдерінің мемлекетқұрушы ұлттың тілінде сөйлей бастауы бұл саладағы жұмыстың қарқынын арттырады және мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейтеді.

Ал интернеттегі деректер көзі айқын көрсеткендей, «әлемде ең көп таралған 100 тіл» рейтингінде қазақтың тілі 70-орында тұр. Бұл қаншалықты ақиқат екенін қайдам, бірақ алғашқы жүздіктің ішінде тұрғанымыз көңіл қуантады. Алғашқы жүздікте өзбек тілі 54-орын, әзербайжан 82-орында тұр. Әрине, көршіміз өзбектің демографиялық даму қарқыны соңғы бес-он жылда тым жоғары. Сондықтан да демографиялық тұрғыдан өзбектің қазақтан жоғары тұруын түсінуіміз керек.

Ал, жалпы әлемде қанша тіл бар? Деректер де әртүрлі. Француз ғалымдары «7 миллиардтан астам халықтың ішінде 6551 тіл бар» десе, ал екінші бір болжам «8500-дей тілдің бар екенін» атап көрсетеді. Қалай айтқанда да, аз емес. Бірақ олардың бірсыпырасы қазірдің өзінде өлі тілге айналған. Рейтингі жоғары 100 тілдің ішінде 70-орында тұрған қазақтың тілі қарқынды дамысын десек, мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейте түсейік. Оның бәрі өз қолымызда.

Жүздеген этнос өкілдерін кезінде бауырына басқан қазақтың тілі көркем, жүзі жарқын. Мұны олар да түсініп келеді.

– Мен қазақ даласында өскен үшінші ұрпақпын. Нағашы әжемнің қолында өскен соң, нағашылардың тарихын жақсы білемін. 1934 жылы әжем мен інісін анасы Саратов маңындағы ауылдан Қазалыға көшіріп алып келеді. Сонда туыстары жоқ олар, жергілікті Серік ағаның үйінің бір бұрышын паналады. Әжемнің анасы жергілікті асханада еден жуып нәпақа ­тауып, күнін көргенде, 6 жастағы әжем мен оның 3 жастағы інісіне Серік ағаның зайыбы қарайлап жүрді. Өздерінің алты баласы болған екен. Сонда әжемнің сол кісілердің жылулығына разы болып, 92 жасында дүние салғанға дейін рақметін айтты.

Әжемнің сөздерін жиі есіме аламын. Нағашыларыма қазақ жерінде сыйлаған қамқорлық пен жылулық көп мысалдың бірі ғана. Ұлты бөлек болса да, жүрегі мейірімге толы талай жан бөтенге жылулық пен көмегін аямады. Бәлкім, қазақ даласының тәуелсіздігі сол мейірімді адамдардың жүрегінде басталған шығар.

Мен үшін солай сияқты. Тәуелсіздік қиын кезде азаматтардың жасай білген жақсылықтары үшін, Сәкен ­Сейфуллин, Әлихан Бөкейханұлы, Мыржақып Дулатов, Нығмет Нұрмақов және жүздеген зиялы азаматтардың әділетсіз құрбан болғандары үшін, өз жерінде қуғынға ұшырап, әділетсіз жазаланғандардың ұрпақтарына Алладан нәсіп етілгені әділеттілік.

Осы қырынан қарасақ, бүгінгі тәуелсіздік әрбір қазақ даласындағы азамат үшін кең ұғым екені хақ, – дейді қазаққа қатысты көзқарасын ашық айтып жүрген Максим Рожин.

– Біз, ең алдымен, туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді ауылға жіберу керек. Әрі тәжірибе алмасып, әрі сондағы апа-аталарымыздан қазақша сөйлеуді үйреніп қайтар еді. Түбі қазақ тілі Ұлы даланың ұлтаралық тілі болатынына сенімдімін! – дейді Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель.

Рас, түбінде Ұлы даланың ұлтаралық тілінің мәртебесі биіктей беретініне біз де бек сенеміз.

Жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқының 92 пайызы орыс тілін, 86 пайызы қазақ тілін білетінін айтты. Өркениет дамып бара жатқан бұл заманда тіл білгеннің артығы жоқ. Алайда ана тіліңде еркін сөйлегеннің жөні бөлек қой.

Қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі артып, шамамен 80 пайызды құрағанын айтты. Соңғы 2 жылда қазақ тілінде жаңадан 46 сайт ашылған. Демек, өсу қарқынымыз өте жоғары. Алдағы бес жылда тілге қажеттілік пен сұраныс тіпті арта түседі. Ал Ұлы даланың ұлтаралық тілін қалай көркейтеміз? Мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне билік қана емес, әрбір қазақ атсалысуы тиіс. Сауаттылық қажет. Талап қоя білген жөн. Ана тілінде сөйлеу ортақ міндетке айналуы тиіс.

 

1676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы