• Тұлға
  • 09 Желтоқсан, 2021

АРТЫНА МОЛ МҰРАСЫ ҚАЛДЫ

Талас Омарбеков егемен еліміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ өзінің жазған еңбектерімен танымал болған тарихшы еді. Ол алғашқы жылдардың өзінде, ең алдымен, тарихты жазудағы теориялық-әдістемелік позицияны өзгертті. Тоқсаныншы жылдарға дейінгі жазылған еңбектердің бәрінде маркстік-лениндік методология негізге алынса, ал тоқсаныншы жылдардан бастап ескі методологияның орнына таптық принципке негізделген жаңаша методология, яғни өркениеттік методологияны алғашқы қолданған тарихшылардың қатарына жатады. Міне, сол арқылы елімізде бұрын айтуға тыйым салынған, тіпті айтылмаған, ақтаңдақ болған мәселелерді, оның ішінде өте өзекті мәселелерді ­шынайы түрде жазды. XX ғасырдың 20-30 жылдардағы елімізде болған аграрлық өзгерістер, оның ішінде қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастыру, одан кейінгі болған жаппай аштық, 30-жылдардағы аштыққа қарсы көтерілістер бұрын тыйым салынып айтылмай келген болса, Талас Омарбековтың зерттеулерінің арқасында бүкіл қазақ өткен тарихын ғылыми негізде білді.

Талас Омарбеков тек қана XX ғасыр мәселелерімен айналысып қана қоймай, 2000 жылдардың басында біз соның командасында бірге жұмыс істеп «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» деген жобамен жұмыс істедік. Бар болғаны 6-7 жылдың ішінде 27 том әрбір қазақ ру-тайпасының тарихын жаздық. Олардың арғы замандардағы тарихы, орта ғасырлардағы, кейінгі заманғы XX ғасырдың 30-жылдарына дейін алып келдік. Олардың көші-қон мәселелері, шежіресі, сол ру-тайпадан шыққан бүкіл елге танымал болған тұлғалар. Осының бәрін методология жағынан бір арнаға салып берген Талас Омарбеков болатын.

Ағамыз кеше өзінің өмір сүруін тоқтатты. Келіп жатқан індет ортамыздан небір адамдарды алып кетіп жатыр. Солардың қатарында біздің көрнекті тарихшымыз Талас Омарбеков те бар. Артына мол мұрасы қалды. Еңбектері ескерткіш болады. Біз тарихшылар, қазақ елі, Талас Омарбековті ешқашан ұмытпаймыз.   

Берекет КӘРІБАЕВ

1468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы