• Тіл
  • 16 Желтоқсан, 2021

МӘН МЕН МАҒЫНА

Бізде соңғы кездері сөздің лексикалық мағынасын жете түсінбей, оңды-солды қолдана берушілік кең етек алып барады. Мұндай үрдісті кейбір бұқаралық апарат құралдары беттерінен байқап қалуға болады. Ал әлеуметтік желіде ондай қателіктер тіпті көп. Бүгін сондай «шапқыншылыққа» ұшырап жүрген екі жанрға тоқталып өткелі отырмыз.

ӘПСАНА

Әпсана (парсы – әфсәнә. Мағы­насы: мысал, ертегі; аңыз, хикая). Әпсана – негізінен халық наным-сенімі­нен, қиялы мен арзу-арманынан туған аңыз әңгімелер жататын ауызша прозалық шығарма. Әпсана жанрында ертеде орын алған әлдебір тарихи оқиғалар мен жағдаяттарды гиперболалық тәсілдермен, яғни асыра суреттеу, күшейту, әсірелеу секілді стилистикалық фигуралармен жеткізу басым болады. Онда, сондай-ақ ойдан шығарылған, қиялмен құрастырылған сюжеттер, ежелгі діни-мистикалық баяндар мен қиял-ғажайыптар көптеп кездеседі.

Н.Оңдасыновтың «Парсыша-қазақ­ша түсіндірме сөздігінде» әпсанаға «аңыз, миф, фантастикалық әңгіме, өтірік сөз» және «қиял, қияли арман» деген анықтамалар берілген. Бұған бір мысал ретінде Кете Жүсіптің «Әтіметін әпсананың оқып-көріп, Ретін таппадым сөз қайтармасаң» деген жыр жолдары келтіріледі.

Қазақ әдебиетінде әпсана өзінің тақырыптық сипаты жағынан шартты түрде бес реңкке бөлінеді. Олардың географиялық, топонимикалық түрі аспан әлемінің, жердің, көлдер мен елді мекендердің пайда болуы ­жайынан сыр шертеді. Мәселен, Жеті қарақшы шоғыры, Оқжетпес шыңы, Келіншектау шоқысы туралы аңыз-әңгімелер осыған саяды. Халықтар мен тайпалардың шығулары турасындағы әңгіме сарыны оның этногендік сипатына айғақ болады. Дәуіт, Сүлеймен, Мұса пайғамбарлар туралы хикаялар діни, мистикалық әпсананың негізін құрайды. Қорқыт Ата, Асан Қайғы сынды нақты кейіпкерлер қатысқан тарихи оқиғалардан туған аңыздар олардың әлеуметтік-утопиялық мазмұнда екенін білдіреді. Ал тарихи-этнографиялық кескінді әпсаналарға Ескендір Зұл­қарнайын, Бекет ата, Төле би, Едіге, Нәріктің ұлы Ер Шора, Қажымұқан, Иманжүсіп тәрізді тарихи тұлғалар мен Ақтабан шұбырынды іспеттес бүкіл халықтың басынан өткен ірі апатты оқиғалар желісінде пайда болған хикаялар кіреді.

Қазақ тілінде бұл жанр кейде «әфсана» болып та айтыла береді. Түркі халықтарында бұл жанр мынадай нұсқаларда кездеседі: түріктерде – efsane (ефсане), rivayet (ривайет), өзбектерде – afsona (афсона), әзербайжандарда – әfsanә (әфсанә), түрікмендерде – rowaýat (роуайат), башқұрттарда – риүәйәт, сахаларда – номох, былыргы кэпсээ, шуваштарда – халап. Ал қырғыз, татар, алтай, гагауз, хакас, тыва халықтары орыстың «легенда» атауын пайдаланады.

 

ТӘМСІЛ

Тәмсіл (араб – тәмсил. Мағынасы: ұқсату, еліктету). Тәмсіл – әдебиеттің дидактикалық-аллегориялық жанрын­дағы моральдық, адамгершілік тәрбиесі мен өнегесін беруді мақсат етіп ұстанатын шағын әңгіме. Әлем фольклорындағы әмбебап құбылыс. Мазмұны жағынан мысалға жақын. Айырмашылығы, тәмсіл тек қара сөзбен жазылады. Оның эпостық және эпикалық деп аталатын екі түрі бар. Ол эпос түрінде жазылғанда, мысалға қарағанда, тақырыпты анағұрлым кең қамтиды.

Осы жерде бір айта кететін жайт, біздің бәріміз осы кезге дейін әдебиеттегі мысал жанрының негізін қалаушы ретінде санап жүрген ежелгі эллиндердің (ол кезде «грек» деген сондағы бөлек бір тайпаның аты ғана) біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда өмір сүрген жазушысы Эзоптың жазған туындыларының шын мәніндегі жанры тәмсіл еді. Оның сол шығармаларының басым бөлігінің желілерін өлең тілінде жырлаған орыс ақыны Иван Крылов оларды расында мысалға айналдырып шығарды.

Тәмсілдің сюжеттері мысалдағы сияқты адам мен адам, адам мен ­жануар, жануар мен жануар, заттар мен мүліктер, сондай-ақ өсімдіктер мен ағаштар арасындағы оқиғалар мен диалогтар арқылы құрастырылады. Солардың бір-бірлерімен қарым-қатынастары негізінде нақылды, насихатты әңгіменің мазмұны, тәлімді түйіні беріледі. Мысалы, Дәуіт пайғамбар мен құмырсқа туралы шағын әңгімелер ­циклы осы тәмсілдер шоғырын құрайды.

Өкінішке қарай, тәмсілді бізде мақал-мәтел, нақыл сөз, қанатты сөз мағы­насында қабылдап, сол тұрғыда қол­данып жүретін адамдар кездесіп қалады. 

Серік ПІРНАЗАР

 

2379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы